Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » Жаңсаққа нансақ... немесе «Жас Алашқа» хат

Жаңсаққа нансақ... немесе «Жас Алашқа» хат

10 июль 2019, Среда
1 578
1
 Қадірлі «жасалаштық» әріптестер!

  Үстіміздегі жылғы 7-ші желтоқсан күнгі өздеріңіз жариялаған «Президенттің қызы мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды» деген сілтемелі хабардағы мен туралы айтылған «президент әкімшілігінде еңбек ететін Өтеген Оралбаевқа «Шуақты шақ» жыр жинағы үшін берілді» деген сөйлемге орай деректемелік дәйек білдіруді жөн көрдім.

   Мұның екі түрлі себебі бар: Біріншісі, мен өзімді қазіргі «Жас Алаш» мұрагері болған, кезіндегі «Лениншіл жас» газетінің түлегімін деп санаймын. Өйткені, осы басылымда аттай 12 жыл қызмет атқардым. Сардар редактор Сейдахмет Бердіқұлов басқарған жылдарда біздің буын осы жерде тізе қосып қызмет атқарды. Ұлтжанды ұлық тұлғаның қарауында өсіп, жетілдік. Желтоқсан көтерілісі кезінде басшымен бірге күйіп, бірге қиналған кезеңдерді бастан кештік. Сейдағаң Мәскеуден келген әпербақан топқа ел тарихында бірінші болып, 20-ші желтоқсан күнгі кеңейтілген бюрода қарсы сөйлеген қаһарман еді. Одан кейін осы көзқарасты ұстанып қара күшке қасқайып қарсы тұрған екі ағамыз: бірі – академик Салық Зиманов (23.12.1986 ж.) және ақын Жұбан Молдағалиев (31.12.1986 ж.) болатын. Мен Сейдағаң туралы, сол желтоқсан жайында бұдан 15 жыл бұрын «Оттай жанған он жылым» деген мақала жазғанмын. Онда сол кездегі болған оқиғаларды, кімдердің қандай жалтақтық пен жағымпаздық жасағанын айтқанмын. Өйткені, Сейдахмет ағам маған «осының бәрін көрдің ғой, кезі келгенде айтуың керек» деген болатын.
         1994 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайландым. (Атырау облысынан бір орынға 6 адам бәйгеге түскенбіз) Бұл депутаттық корпустың 1995 жылы Т.Квятковская деген әйелдің айла-шарғысынан кейін таратылғанын білесіздер. Халқымыздың: «суын ішкен құдығыңа түкірме» деген мақалын әлім келгенше адал ұстауға талпынып келемін. «Лениншіл жас» менің жастық шағым, ең қымбат күндерім еді. Ең бастысы, менің туған төркінім. Кейінгі жылдарда, әрқилы кезеңдерде бұл басылым туралы ғайбат айтып, қадірін кетіруге тырысқан жерім жоқ. Кейінгі жылдарда Президент Әкімшілігінде қызмет жасағаным рас. Бірақ мен үлкен саясатқа елеулі ықпал жасай алатын деңгейдегі қызметкер болған жоқпын. Қатардағы аппарат жұмысын атқардым. Кейбір тұстарда басылымда жарияланған өткір мақалаларды қолдай қоймаған сәттерім болды. Мысалы, ұлтымыздың көрнекті ұл-қыздары туралы үздіксіз жарияланған сын мақалалардың олардың жан-дүниесіне аса ауыр тигенін көрген кезде, «әттеген-ай, осы жерлерін сәл жұмсартса болмас па еді?» деп өкінген жерлерім болған. Бүгін  ұшқан ұяма  базына білдіріп отырмын.
         Екіншісі, Мемлекеттік сыйлық алуыма орай мені «президент әкімшілігінде еңбек ететін» деп берген екенсіздер. Бұл сөйлемнің астарында «қызмет бабын пайдаланып мемлекеттік сыйлық алды» деген астарлы ой жатқандай.  Оны мен түсініп отырмын, кейбір жаңсақ пиғылдағы жандар да осылай ойлап қалулары кәдік. Мен 2015 жылы зейнет жасына толуыма орай және жаңадан шыққан зейнеткерлік туралы заңға сәйкес Президент Әкімшілігінен кетіп, яғни қызметімді ауыстырып, 3 жылдан бері Елбасының атындағы кітапханада ғылыми қызметкер болып жұмыс жасап жатырмын. Бұл – мүлде басқа мекеме. Демек, деректе жаңсақтық бар дегенім осы. Біліп жазған, анықтап жазған әділдік  болатынын Сіздер жақсы білесіздер.
Енді  тағы да нақты деректер келтірейін:
Президент Әкімшілігінде жүргенде, соңғы жылдарда, поэзияда 5 жинақ, деректі прозада 4 кітап шығардым. Қазіргі қазақ поэзиясы жөнінде 2 әдеби-ғылыми монография жарияладым. Соңғы 5 жыл көлемінде халқымыздың қадірлі перзенттері: Бекет Ата, Әбділда Тәжібаев, Нұрғиса Тілендиев,  Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғалиев, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Фариза Оңғарсынова, Сағи Жиенбаев, Мұқағали Мақатаев, Тұманбай Молдағалиев, Сағат Әшімбаев, Кеңшілік Мырзабеков марқұмдар туралы, Сәбит Досанов, Марфуға Айтқожина, Күләш Ахметова, Темірхан Медетбек, Нұрлан Оразалин, Ақұштап Бақтыгереева, Уалихан Қалижанов, Құлбек Ергөбек, Әлібек Асқаров, Қасымхан Бегмановтар туралы әдеби эсселер, мақалалар жазып, «Егемен Қазақстан» газетінде, басқа басылымдарда, жинақтарда жариялап отырдым. Бұларға қосымша қырғыз ақын-жазушылары Тоқтағұл, Шыңғыс Айтматов, Сауранбай Жусеев, Мархабай Ааматов туралы жазғандарым да жарияланды. Мемлекеттік қызметтің қат-қабат, қарбалас тірлігінде қаламымды тастамай әдеби процестерге, мәдени өмірге үнемі өз үнімді жеткізіп отырдым. Бұлар да бағалаған адамға аз еңбек емес екені белгілі. Мұның сыртында ағымдағы қоғамдық-саяси өмірдің маңызды кезеңдері жөнінде «Егемен Қазақстанда» 15 мақала жариялаппын. Қалам суытпай, әдеби-мәдени қайрат көрсетіп жүргенімді өзіме мәртебе көремін. Бұларға қосымша ел әдебиеті мен өнеріне еңбек сіңірген қайраткерлер мен талантты топ өкілдеріне қал-қадірімше Елбасы стипендиясын, мәдениет стипендиясын, «Дарын» жастар сыйлығын, құрметті атақтар мен марапаттар алуына барынша үлес қостым. Алғандардың барлығы осы процестің қалай болғанын өздері жақсы біледі. Айтпай жүрсе, айта алмай жүрсе, мен оған кінәлі емеспін. Жарысқа түскен адам озғанды мақсат тұтады. «Жеңген палуанға жөнсіз сөз жүрмейді»  деген де бар.
         Айта берсем, әңгіме ұзап кетер, осымен түйіндейін. Бұл хатымды жариялап жіберсеңіздер, көп жайт көпшіліктің  көңіліне аян болар еді.
Құрметпен,          Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

БӘЙТЕРЕК
01 август 2019, Четверг
БӘЙТЕРЕК
АЙСҰЛУДЫҢ    АЛАҚАНЫ
10 июль 2019, Среда
АЙСҰЛУДЫҢ АЛАҚАНЫ
ӨМІРБАЯН
09 июль 2019, Вторник
ӨМІРБАЯН
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:15
шары фольгированные ---- Смотри что тут есть для тебя ---- купить чемодан со скидкой в москве ---- Кликните по ссылке для просмотра всех предлодений ---- https://vozdushnye-shariki.ru/ ---- Все для праздника ---- купить склад ---- Ну как круто то ---- купить офис в бц бела площадь аренда офиса город столиц ----- взгляните на сайт ниже ---- аренда империя тауэр ---- Посмотрите дверь ---- входные стальные двери паспорт через госуслуги лучшие быстрые займы 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры