Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » «АҚМАРЖАН ҚАЛА – АҚТАУЫМ» ӘНІНІҢ АҚИҚАТЫ ҚАНДАЙ?

«АҚМАРЖАН ҚАЛА – АҚТАУЫМ» ӘНІНІҢ АҚИҚАТЫ ҚАНДАЙ?

10 август 2019, Суббота
1 165
0

Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын,

Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты,

Қазақстанның  еңбек  сіңірген қайраткері


«АҚМАРЖАН  ҚАЛА – АҚТАУЫМ»  ӘНІНІҢ   АҚИҚАТЫ  ҚАНДАЙ?


         Өткен, 2018 жылғы, тамыз айында «Маңғыстау» облыстық газетінде менің «Ақмаржан  қала, айдынды дала» деген мақалам жарық көрген болатын. Онда жасымнан жан дүниемде жарқын ізін қалдырып, жүрегімнен орын алған жастар қаласы, кеңестік кезеңде ресми түрде Шевченко атанған қала туралы жазғанмын. Сол мақаланың соңында бұдан 45 жыл бұрын, яғни 1974 жылдың күзінде жазылып, талай жылдар бойы Маңғыстаудың рухани әнұраны секілді болған «Ақмаржан қала – Ақтауым» деген әннің жазылу, жариялану, орындалу жағдайы жөнінде әңгіме қозғағанмын.  

        Арада біршама уақыт өткенде осы өңірге белгілі талантты әнші, марқұм Ыбырай Ізімовтің жұбайы хабарласып, (атын есімде сақтап қалмағаным үшін ол кісіден ғафу өтінемін) бұл әнді алғаш орындаған Ыбырай Ізімов, сол туралы анық-қанығын жазыңыз деп өтінген. Мен алдағы уақытта бұл мәселеге қайта айналып соғамын деп сөз бергенмін. Бұл әнді республикалық деңгейге алып шыққан бүгінгі талантты әнші қарындасым Тамара Асар деп жазғаным рас. Өйткені Тамараның орындауында бұл ән елімізге тарап, кезінде оны Ескендір Хасанғалиев ағамыздың орындауында Қазақ радиосына жазылғаны да шындық. Бұл ән қазірдің өзінде тетелес екі облыс – Маңғыстау мен Атырауда кеңінен орындалады. Бір-бірінен енші алған бауырлас облыстардың әншілері бұл әнді өзінікі санаса, автор үшін бұл үлкен марапат, қошемет құрмет.

         Қазақтың мың әнінің тарихында емшектес елге етене ортақ болып кеткен жүздеген ән бар. Оның кейбір сөздері өзгеріп те айтылып жатады, бірақ қалай болғанда да халық құрметіне бөленген, жұрт көкейіне ұялаған ән қашанда ортақ қазына. Ол үшін «анаған кетті, мынаған кетті» деп көкпарға салудың да қажеті жоқ.  Қазақ әндерінің тарихын айтып жатқаным, бұл әнді ғажайып халықтық шығармалар болған қасиетті әндер қатарына қосып, бағамды байыптап жатқаным жоқ. Алда айтылар сөздің мазмұнын ашу үшін тілге тиек етіп жатырмын. Бұл әнді досым, талантты сазгер, Атыраудың Балықшы ауданындағы Еркінқала ауылының тумасы,  марқұм Мұхидден Ғаббасов екеуіміз шығарғанмен, тыңдаушы жүрегіне жеткеннен кейін ол – көпшіліктікі, халықтыкі.  Бұл ән -  Маңғыстаудың төл туындысы.

         Әнші азамат Ыбырай Ізімовтің бұл әнді алғаш орындаушы болғаны рас. Бәйгеден  екі жүйріктің мойындасып қатар келетіні сияқты, талантты әнші  марқұм Асқар Харесов те бұл әнді алғашқы орындаушы еді. Бұл ағаларым да Атырау облысының түлектері еді.  Екеуі де осы туындыны төл баласындай қабылдады. Дәл қазір мен «ең бірінші кім?» деген сұраққа жауап беруден қиналып та қаламын, дегенмен дүниеден өтіп кеткен аруақтардың рухтарын сыйлай отырып, екеуі де «бірінші» деген жауапты дұрыс көремін. Сонымен, Ақтаудан телефон шалып, нақтылап пікір білдірген жеңгемнің сөзіне дес бере отырып, жастық кезінде жаңғыртып әнге басатын  жұбайының  ғұмырбаянын менен  гөрі жақсырақ білетін шығар деп те ойға батамын. Қалай болғанда да, бұл әнді халқына жеткізген Ыбырай мен Асқар ағаларымның еңбегі екені даусыз. Атырау өңіріне де таратты.

         Әңгіменің қызығы тағы да бас көтерді. Бұдан біршама уақыт бұрын әнші Тамара Асар қарындасым арнайы хабарласып, «Аға, сіздің кезінде Шевченко шаттығы» деп аталған, кейінгі кезде «Ақмаржан қала – Ақтауым» деп аталып жүрген әнге бейнебаян (клип) түсірсем деген ойым бар, бұған қалай қарайсыз» деді. «Әрине, бұған қарсылық жоқ, әннің авторы Мұхидден Ғаббасов досым өмірден өтіп кетті, тірі болса да ол да қарсы болмас еді, бірақ бұл әннің жазылғанына қырық жылдан асты ғой, оның кейбір сөздеріне уақыттың өзі түзету енгізгені жөн секілді, ойланайық» дедім. Жылдар өте келе кейбір әндердің сөзіне түзетулер енгені біздің мәдени-рухани тарихымызда баршылық. Атылып кеткен арыстардың, Сталин зұлматы кезінде сотталған халық әндерінің трагедиялық талайында көп кездескен жайт болғаны да шындық.  Мысалы, Мағжан Жұмабаевтың «Бәрінен де сен сұлуы» сөзін сәл өңдеп, сақтап қалған қарапайым журналист Мақсұтбек Майшекиннің  ерлігін,  Ахмет Байтұрсыновтың  «Аққұмы» халық әні деп қорғалғанын, көптеген халық әндерінің сөзін кеңестік саясатқа орай ресми теңеулермен өзгерткенін енді біліп, ес жиып жатырмыз.

         Осы жерде бұл әннің туындау тарихын айта кетейін. 1974 жылы ҚазГУ-дың тіл-әдебиет факультетін бітіріп, қыркүйек айында Ақтау қаласына келдім. Алдында осы жерге келіп, облыстық «Коммунистік жол» газетіне қызметке тұратын болып, оның редакторы Рысхан Мусинмен  келісіп кеткенмін.  Бірақ Рысхан ағам бос орынға басқа адам алып қойыпты. Сол жерде облыстық Телестудияда қызмет атқарып жүрген курстас досым Бисен Марабаев кездесіп, сол күні осы ұжымға редактор деген лауазыммен қызметке кірдім. Бас редактор, жылыойлық азамат Жоламан Бошалақов маған мәдени-рухани мәселелермен айналысу бағытын берді. Жаңа күндер басталып кетті. Осы жерде Атырау облысынан келген музыкант, әуесқой сазгер, жерлесім Мұхидден Ғаббасовпен танысып, дос-жар болып бірге жүрдік. Ол кез-келген музыкалық  аспапта шебер ойнайтын талантты жігіт болатын. Сол кезде әлі жұртшылыққа кеңінен таныла қоймаған бірнеше әндері бар екенін, лайықты сөз таппай жүргенін айтып, танысқанына қатты қуанып қалды. Мен де ағеділ дос, жанашыр бауыр таптым. Мұхидден екеуіміз бұдан басқа 4-5 әнді бірге жаздық.

         Ол кезде Ақтауда орыс, кавказ этностарының көп кезі. Қалада қазақ сиректеу кездеседі, көбіне оларды Маңғышлақ станциясына барғанда көреміз. Сол жерде жолаушы болып жүрген қазақтарды көргенде шұрқырап кездесіп қалушы едік. Бүгінгі Абай атындағы Мәдениет үйі енді ашылып жатты, бірақ оған әлі абыз ақынның есімі берілмеген-ді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Тұтқабай Әшімбаев деген ағамыз болатын. Сол кісінің келуімен ұлттық руханиятқа жайлап жан кіре бастады. 1975 жылғы мамыр айында халық ақыны Сәттіғұл Жанғабыловтың 100 жылдық тойы болып, Алматыдан Әбу Сәрсенбаев бастаған белгілі ақындар келіп, елдің еңсесін бір көтеріп тастаған-ды. 

         Осындай,  руханиятқа  ізгішуақ  түсе бастағаны Мұхидден екеуіміз үшін жаңа армандардың бас көтеруіне алып келді. Уақыт жылжып, сол кезде қызу тойланатын комсомолдар күні жақындап келе жатты. Қазан айының басында Мұхидден екеуіміз оның жұмыс орнында кездесіп, Маңғышлақ облысында әлі күнге қазақ мәдениетін насихаттайтын вокальді-аспапты ансамбль жоқ екенін айтып, сондай бір өнер ұжымын құрсақ деп қиялдадық. Ол кезде мұндай ансамблдер Алматыда, басқа үлкен қалаларда кеңінен көріне бастаған еді. Олар ұлттық өнерге сусаған жұртымыздың жүрегіне мәдениет мәйегін себе бастаған-ды. Біз де сондай ұжым құрсақ деп ойланып, әуелі гитарада ойнайтын жігіттерді табу керек болды, оларды да байқау арқылы іріктеп алдық.  Мұхидден музыкалық жетекші,  мен болашақ ансамблдің атқарушысы, бағдарламасын түзіп, сценарийін жазушы, әдеби жетекшісі  болдым.

         Енді жаңадан қаз тұра бастаған өнер ұжымының атын қою қажет. Алда комсомолдар тойы да жақындап келе жатты. Мұхидден: «сен ақынсың ғой, ансамблдің атын сен тап» деп тапсырма берді. Оның менен 2-3 жас үлкендігі бар болатын. Соны пайдаланып кейде маған әмір беріп қоятыны бар еді. Ойлана келе жаңа ұжымның атын «Самал» деп ұсындым. Бұл да кенеттен келген идея болатын. Демалыс күні екеуіміз теңіз жағасында отырып, ауылымыз туралы сағынышты әңгіме айтып отырғанда, теңіз жақтан тамаша бір леп – самал соғып тұрды. Сол самал жаңа ансамблдің атын ала келді.  Осылайша 1974 жылғы қазан айында сол кездегі Маңғышлақ облысында тұңғыш рет «Самал» атты вокальді-аспапты ансамбль өмірге келді. Бұл да естен кетпес тарихи, деректі сәт болатын. 

         Мұхидден екеуіміз кездескен сайын, «шіркін, қалада қазақ көбейсе, ұлттық өнеріміз қанатын жайса, ән-күйіміз ауқымын жазса, жас таланттар танылса» деген арманда болушы едік. Мұхидден мұндайда қызуқандылық танытып, «осыған біздер атсалысуымыз керек»  деп жігерленіп кететін. Сол жылы комсомолдар күнінде – 29-шы қазанда «Самал» ансамблі бірінші рет телеарна эфиріне шығып, өнер көрсетті.  Хабардың авторы әрі жүргізушісі  ретінде мен жаңа өнер ұжымының атын «Самал» деп қойғанымызды айтып, «Ақ маржан қала – Ақтауым» деген жаңа  әнді ансамбль мүшелері жандары жарқырап тұрып орындаған болатын.

         Ал бұл ән қалай туды? 1974 жылдың қыркүйек айының аяғында, демалыс күндерінің бірінде үйде ән мәтіні өмірге келді. Бұған дейін Мұхидден екеуіміз енді жаңа ансамблдің беташар әнін жазуымыз керек деп ойластырып жүрдік. Бірақ қала әнұранын жазамыз деген нақты ой болған жоқ. Бірақ күтпеген жерден ән тексі осылай, қала туралы ән болып туды. Мәтінді ұқыптап жазып, Мұхидденнің жұмыс орнына келсем, ол бір жаққа шығып кеткен екен. Ансамбль мүшелері өз істерімен әуре болып жатты. Мен өлеңімді оның столының үстіне қойып, сол жерде шетіне «марш екпініндегі жігерлі ән болсын» деп жазып, қолымды қойып кеттім. 

Ертеңіне Мұхидден телефон соғып тұр. «Тез жет, бұйрығыңды орындадым, ән де тез шықты, жаман емес секілді» деді қуана сөйлеп. Жүгіріп жеттім. «Өзің тіпті марш екпінінде болсын деп, үш леп белгісін қойып кетіпсің ғой» деді мені құшақтай қарсы алып. Сөйтті де баянды алып, бір беймәлім әнді құлаштап тарта жөнелді. Мен де, ансамбль мүшелері де орнымыздан тұрып кеттік. Ән шалқып, шарықтап, бәрімізді баурап кетті. Бір қызығы, осы ән қай жерде, қандай жағдайда айтылса да, тыңдарман орындарынан тұрып кетеді. Осындай дәстүрлі ән өмірге келді. Бір жолы Астанада Маңғыстау облысының күндері өтіп, қорытынды кеште 250 адам қатысқан салтанатты шайда маңғыстаулық әнші Жоламан орындағанда сол жерде отырған Әбіш ағам да орынынан тұрып, ән біткенше қол соғып тұрғаны көз алдымызда қалды. Осы ән орындалғанда менің әлі күнге жанарым жасаурап,  жан дүнием жарқылдап,  жастық шағым еске түсіп, тебіреніп кетемін. Ән алғаш туғанда да осы сезім бойыма келген еді.

Жаңа ән жарты арал жұртына тез тарады. Жастар іліп әкетті. Арада бір жылдай уақыт өткенде, 1975 жылы, мен облыстық «Коммунистік жол» газетіне қызметке ауыстым. Бұл кезде ән облыс көлеміне тегістей тарап, аудандарда да жаппай орындала бастаған. Сол кезде облыстық газетке оның сөзі мен нотасын сұраған өтініш хаттар көптеп келе бастады. Бұл әннің өмірге етене араласуының көрінісі еді. Оқырмандардың өтінішіне орай әннің сөзі мен нотасын дайындап, «Коммунистік жол» газетінің сенбілік нөміріне беруге дайындалдық. Әннің аты – Ақмаржан қала – Ақтауым болатын. Газет басшылығы оған қол қояр кезде саяси сақтық танытып: «біз облыстық партия комитетінің органымыз, қаланың аты ресми түрде Шевченко аталады, осы атаумен бергеніміз жөн» деген пікір ұстанды. Әннің өмірге жолдама  алуы кідіріс таппасын деп келісіп,  мен енді әннің атын «Шевченко шаттығы» деп қойдым. Шындығында, бұл туған ел туралы шаттық болатын. Ойда жүрген арман болатын. Үкілі үмітіміз еді. Енді батырлық танытпай-ақ қоялық, бірақ бұл ішкі күресіміз еді.

Әннің сондағы сөзі мынау болатын:

         АҚ МАРЖАН ҚАЛА – АҚТАУЫМ

         Ақ маржан қала теңізге төсеп бауырын,

         Қарсы алған күнде Каспийдің нөсер, дауылын.

         Көшесі жастық, көңілі шаттық гүл толы,

         Ақ моншақ қала Ақтауың осы, бауырым.

         Қайырмасы:    Ақ маржан қала,

                                      Ақ арман қала,

                                      Ерліктің нағыз ертеңі,

                                      Мұнайлы қала,

                                      Шырайлы қала,

                                      Махаббат сазын шертеді.

         Бүлдіршін қала бақыт деп соққан жүрегі,

         Атыңды сенің шартарап Отан біледі.

         Келеді сені көтеріп бүгін жас ұрпақ,

         Жүздері басқа, бірақ та ортақ тілегі.

         Қайырмасы.

         Мұнда кел, досым, өмірді сүйсең сен егер,

         Болашақ күнге бастайды жорық кемелер.

         Дауылдың жырын, дәуірдің жырын айтатын,

         Дәл осы қала, дәл осы қала, сене бер!

Қайырмасы.

Елу жылда – ел жаңа деген сөз бар. Ғасырлар бойы ата-бабамыз армандаған азаттыққа біздің ұрпақ, біздер жеттік. Тәубе, тағдырға! Арманымыз асқақ  ақиқатқа айналды.  Ақтау қаласы туған еліміздің сәні мен сәулетін көтерген, өз ұлтымыз ұлағатын да, ұранын да тапқан қалаға айналды. Ел де орнында, жер де орнында, теңіз де шалқып жатыр ақмоншақ қаланы аймалап. Сол кездегі арманшыл әннің сөзін жазған 22 жастағы балаң жігіт мен де ағалық жастан асып, ақсақалдық кезеңге қарай иек артып барамын. Бірақ сол кезде туған «Ақмаржан қала – Ақтауым» әні әлі жас, жігерлі күйінде. Ол бүгінде тәуелсіз елдің ұрпақтарына жігер мен қуат, салтанат пен шуақ сыйлап, алғы күндерге қанат қағып барады. Маңғыстауда жүрген екі жылдық қызметтік кезеңімде жазған өлеңдерім 1978 жылы «Тұңғыш» деген атпен жарыққа шықты. Ондағы жырлардың дені қасиетті Маңғыстауыма арналған,  оның сан қилы шақтары мен жан дүниемді тербеген сәттері. Соның ішінде осы әнге айналған сөзімнің салмағы бәрінен жоғары болды деп үлкен шүкіршілік қыламын. Бұл ән менің жастық шағымның жарқын көрінісі, жас қала Ақтаудың да арманшыл кезеңінің көрінісі.

Халқымыздың ұлы ақыны Жұмекеннің: «алынған соң бәрі арзан, ашылған соң бәрі ескі» деген жыр жолы еске түсіп отыр. Сонау 70-ші жылдары Ақтауда көшеде қазақ жастарын көрсек танысып, табысып, шұрқырасып қалушы едік. Бір үйдің баласындай бауырмал едік. Арада өткен елу жыл шамасында дүниетаным да, бауырмалдық та, өз қарындасыңа деген құшақжайды құштарлық та, ағайыншыл арқайын көңіл де басқа ауанға түсті. Әрине, жат жұрттық көзқарас пайда болды деп айтуға болмас, бірақ бала өзі өскендей, келін өзі түскендей, қала өзі салынғандай, мәдениет өзі орнағандай, бәрі дап-дайын болғандай көңіл-күйдің бары рас. Сондай көңіл-күйдің көші кейде осы әнді де, әннің авторларын  да ұмыттырып жібергендей болады. 

Ән өзінің төріне шықты, төркінін тапты. Жарты ғасырдай уақыт бойы Маңғыстау жұртын тербеп, жүрегін қуаныш пен мәртебеге бөлеп келеді. Әнді бұдан 15 жыл бұрын заңды түрде Қазақ авторлар қоғамына ресми түрде тіркеткен кезде сол жерде отырған жігіттер: «бұл әнді біз де білеміз, естігенбіз, қала туралы әндердің ішіндегі баршаның көкейіне қона кететін керемет әсерлі ән» деп баға берді. Мен осы жылдарда 32 әнге сөз жазған екенмін, соның ішінде халықтық құрметке ие болған екеуі ерекше айтылып жүр. Бірі – Ақмаржан қала – Ақтауым, екіншісі: «Сендерге әрдайым орын бар» деп қайырмасы айтылатын «Жас жұбайлар жыры». Екеуін де Тамара қарындасым келістіріп орындайды.

Сөзімнің тоқ етеріне келгенде айтарым, Тамара Асар қарындасым жаңадан жаздырып, бейнебаян түсіріп жазған «Ақмаржан қала – Ақтауым» әуелде осы атпен жазылған. Жаңа заманға байланысты барлық жағдайларды ескере келе өзімнің келісімім бойынша әннің мәтініне кейбір өзгерістер енгіздім. Бұған менің авторлық  қақым бар деп ойлаймын және ол заңды болмақ. Тамараның орындауындағы жаңа бейнебаянды тыңдаған, осы әнге рухани қатысы бар кейбір бауырларым «әннің авторлары қайтыс болған, енді сөзіне кім өзгеріс енгізген?» деп жатқан көрінеді. Аллаға шүкір, мен – әннің сөзін жазған ақын Өтеген Оралбайұлы тірімін, Елорда қаласында аман-есен жүріп жатырмын. Менің атымды, қаламгерлік құқығымды қорғаған бауырларыма шынайы көңілден ризашылығымды білдіріп, рахмет айтамын. Енді бұл әнді осылай айтсаңыздар болады:    

                   АҚ МАРЖАН ҚАЛА – АҚТАУЫМ

Өлеңін жазған Өтеген  Оралбайұлы,

Әнін жазған  Мұхидден Ғаббасов

         Ақ маржан қала теңізге төсеп бауырын,

         Қарсы алған күнде Каспийдің нөсер, дауылын.

         Көшесі жастық, көңілі шаттық, шуақты,

         Ақ моншақ қала – Ақтауың осы, бауырым.


         Қайырмасы:    Ақ маржан қала,

                                      Ақ арман қала,

                                      Ақтауым – елдің ертеңі,

                                      Мұнайлы қала,

                                      Шырайлы қала,

                                      Маңғыстау сазын шертеді.


         Бүлдіршін қала бақыт деп соққан жүрегі,

         Атыңды сенің шартарап Отан біледі.

         Асқары биік, күн нұрын сүйген Ақтауым,

         Егемен шақта еліммен бірге түледі. 

         Қайырмасы.

         Мұнда кел, досым, өмірді сүйсең сен егер,

         Болашақ күнге бастайды жорық кемелер.

         Дауылдың жырын, дәуірдің жырын айтатын,

         Ақ маржан қала – Ақтауым осы, сене бер! 

Қайырмасы:    

                                     Ақ маржан қала,

                                      Ақ арман қала,

                                      Ақтауым – елдің ертеңі,

                                      Мұнайлы қала,

                                      Шырайлы қала,

                                      Маңғыстау сазын шертеді.

         Жас  кезінен жақсы ән жанына жақын жұртшылық, менің асыл аға-апаларым, замандастарым-құрдастарым бұрынғы мәтін бойынша да айта берсе, оның да ерсілігі болмас, тіпті заңды, зайырлы болар. Ал Тамар Асардың жаңа орындауындағы музыкалық әрлеу мен өңдеуден кейін, ән мәтіндеріне өзгерістер енгеннен соң әннің рухани болмысы, мәдени мәйегі тәуелсіздік талабына сай өз орнын тапты десем, онымды  ағат деп санамассыздар, қадірлі ағайын.

         Ән ортақ, арман ортақ, мақсат ортақ заманда, бірге шырқайтын әуеніміз әуелей бергей!

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

АСПАНЫ  БИІК   АТАЖҰРТ
23 июль 2019, Вторник
АСПАНЫ БИІК АТАЖҰРТ
ҚАҒБАНЫҢ  ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
22 июль 2019, Понедельник
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ПІРДІҢ  СОҢЫ  –  БЕКЕТ АТА
10 июль 2019, Среда
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры