Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » АСПАНЫ БИІК АТАЖҰРТ

АСПАНЫ БИІК АТАЖҰРТ

23 июль 2019, Вторник
753
0

Белгілі ақын, танымал публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік  қызметтің үздігі, Елбасы сыйлығының және   Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Журналистика Академиясының академигі, Филология ғылымдарының кандидаты, Жазушылар одағының Басқарма мүшесі, «Жылыой ауданының  құрметті азаматы», мәдениет және қоғам қайраткері  Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫМЕН  сұхбат туған жердің қасиеті мен құдіреті туралы сындарлы сөзден басталып, бүгінгі өмірдің болмыс-бітімі   ашық әңгіме болып ортаға түсті.


         -Сіз кезінде еліміздің ең белгілі басылымдары – «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш» деп қабылдауға болады), «Егемен Қазақстан» газеттерінде қызмет атқардыңыз. Әсіресе, кеңестік кезеңде ұлттың рухани ұстаханасы атанған жастар газетіндегі ұзақ жылдық қаламгерлік жұмысыңызда ұлттық руханият, тіл мен діл мәселесін көп көтердіңіз. «Егемен Қазақстандағы» тәуелсіздіктің алғашқы арайындағы азаматтық көзқарасыңыз да оқырмен есінен шыға қойған жоқ. Қалың қауымның жүрек лүпілін дәл басқан сол журналистік  мақалаларыңыздың  алтын арқауы туған ел, туған жер қасиетін сезіндіруде жастарға ізашар игілік  болды деп айтсақ болады. Туған жердің құдіреті неде деп айтар едіңіз? Туған жеріңізді еске алып көріңізші...

         -Кіндігің кесілген, тағдырың шешілген, өзіңді  өсірген туған жердің құдіретіне не жетеді? Жер бетіндегі өмір сапарын бастағанда оның киелі топырағынан адам жанына кие мен құт қонады. Онда сенің ең қымбат күндерің жатыр, балғын да бақытты шақтарың жатыр, сені өмірге әкелген ардақты ата-анаң жатыр, бағзы бабаларыңның  рухы жатыр. Әркім туған жерін «Мысыр шаһары» санайды деген сөз бар. Мысырдың мысы басып тұрған кезде шыққан сөз болар. Меніңше, әркімнің туған жері – оның қасиетті астанасы. Мәртебелі Меккесі деп айтуыма да болады. Жершілдік емес, елшілдік пиғылмен айтсақ, әркім туған жерін сүю арқылы тұтас Отанды сүйеді. Әр жер ұлы қазақ елін құрайды. Сондықтан еліміздің әр ауылы, елді мекені, сай-саласы, тау-тасы, өзен-көлі, теңізі мен жазығы – біздің ұлы құжатымыз. Біз бұл құжатты өмір бойы жүрек тұсында ұстаймыз. Туған жер – жүрек қазынасы. Алла берген байлығың, бақытың, барың, жаның мен арың.

         Қазақ ақындарының қай-қайсысын алып қарасақ та, олардың ең сұлу, ең әсерлі, ең жүрек тебірентерлік  терең жырлары туған жерге арналған. Батырлар жырын еске алсақ, жері үшін қабырғадан қан кешкен, толарсақтан саз кешкен ерліктің тоғысар тұсы – туған жер, қасиетті атакүлдік. Жер – анамыз, жер – панамыз, ұлттың ұлы кодын сақтаған данамыз. Қазір қоғамда ұлттың рухани жаңғыру процесі жүріп жатыр. Қазақтың әр өңіріндегі қасиетті, сакральды жерлеріне тәу етер ғылыми-танымдық үрдіс көшін түзді. Әрбір қазақ баласы  мұны ұлттық, мемлекеттік саясат деп бағалауы керек. 

         Мен мысалы ұлан-байтақ қазақ даласының бір қиыры – Атырау өлкесінің Ақкиізтоғай деген шағын ауылында дүниеге келдім. Әрине, «дәл осы жер» деп түртіп көрсетудің реті келмес, бірақ осы ауылға қарасты Ақмешіт-Қайнар деген жерде кіндігім кесілген. Ақкиізтоғайдан бар болғаны 40 шақырымдай жер. Шешем марқұм құдық қазып жатқан кезде тудың деп отыратын. Біздің елдің жазба тарихы осы құдықтар болған, шығыр салып, су шығарған, шылбыр саумалаған шыңыраулар болған. Қоңыр даланы қақ жарып, ақ құмақты еспелеп, тал-жыңғылды теспелеп Жем өзені ағып жатады. Байырғы тарихта бұл өзенді Шат деп атаған. Жем бойының тарихы – өз алдына ұланғайыр шежіре.

         Осы өзеннің құмағы табаныма майдай жағады, суы балдай татиды, мамырда маужырап, бүр жарған қызыл жыңғылдың  кермек жұпары жүрек тынысын ашады. Талай жылдар республикалық басылымдарда қызмет атқарған кезімде туған жерге келіп, мақала жазбаған жылдарым кемде-кем. Мұнайшылар мен геологтар, теміржолшылар мен шопандар туралы  онға жуық деректі дастан жаздым. Осы жерден түлеп ұшқан әз ағаларым  хақында арнау өлеңдер мен сұхбаттар туындаттым. Ұстаздарым жайында тебірене қалам тербедім. Сонда да әлі күнге ауылым, туған өлкем туралы аз жаздым-ау деген күмән бас көтеретіні бар.

         Өзің жақсы білесің, мен 1994 жылы Атырау облысының Мақат сайлау округінен Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайландым. Бұл округке Жылыой және Қызылқоға аудандары да кірді. Сол жылы қыс ерекше қатты болды, боран терістіктегідей тентек мінез танытты. Соның өзінде үш ауданда 55 кездесу өткіздім. Сонда ең соңында Ақкиізтоғайға келіп, кездесу өткізгенде бір ғана сөз айттым. «Туған ауылымнан бата алайын деп келдім» дедім. Бұл сөзді жанарым боталап, тамағым булығып зорға айтқаным есімде. Залда отырған жерлестерім де жандары толқып қабылдады. Тік тұрып батасын берді. Көп сөз болған жоқ, бір-бірімізді үнсіз түсіндік. Мұндай сәттерді ұмытуға бола ма, әрине жоқ. Ол Жоғарғы Кеңес талапшыл да, тегеурінді болды. Бұл – тарихи шындық. Мықты азаматтар қатарға келді. Сол депутаттық корпустың негізгі тобының халық алдындағы ар-иманы таза деп санаймын. Бір қызығы, 1994 жылғы 6-ші шілдеде, Елбасының туған күнінде, біздер астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөнінде дауыс бердік. Бұл да – ақиқат.

         Бұдан жиырма жылдай бұрын шыққан жыр жинағыма «Аспаны биік атажұрт» деген атау бердім. Мен үшін Ақкиізтоғайдың аспаны қашанда биік, қашанда ашық, қашанда ата-анамның мейірбан қабағындай жайдары. Жүйрік жылдар алып қашып, ауылыма соңғы он бес жыл көлемінде келе алмай кеттім. Қызмет те, басқа жағдайлар да қолбайлау болды. Қайда жүрсем де туған жерімнің тынысын сезініп жүремін. Түсіме Жем бойындағы қамсыз да жайсаң күндер кіреді.

         -«Аспаны биік атажұрт» деген сөз қандай әсерлі, қандай мазмұнды. Мұнда ақын жанының ең қымбат толқындары бар деп ойлаймын. Егер осы сұхбаттың тақырыбын «Аспаны биік атажұрт» деп алсақ, жарасып кеткендей емес пе? Келісесіз бе?

         -Әрине, қуана келісемін. 

         -Алғашқы өлеңіңіз қашан, неше жасыңызда  және қай жерде басылды? Әдебиетке қалай келдіңіз? Ақындық рахат па, әлде азап па, өйткені Сіздің осындай да бір өлеңіңіз бар ғой?

         -Осы сұрақты қойғанда менің есіме әйгілі әзілпаз Хазановтың бір сөзі  түседі. «Сатираға қалай келдіңіз?» дегенде «училищеден келдім» дейтіні бар ғой. Сол айтқандай, әдебиетке интернаттан  келдім. Алғашқы өлеңім сегізінші класта, бұдан аттай 50 жыл бұрын, қыркүйек айында аудандық «Ембі» газетінде жарық көрді. Оны ең алғаш айтып, газетті әкеліп, сүйінші сұраған кластасым Лиза деген қыз еді. Өлеңнің аты «Өмір туралы ой» болатын. Сегізінші кластың баласы өмір туралы не айтсын, шамасы арман жөніндегі сезім болса керек. Ал ең алғаш өлеңімді алтыншы класта жаздым, оның аты «Октябрь туралы ой» болатын. Бір нәрсе жазғым келіп, ұйықтай алмай булығып, екі шумақ жазғаным есімде. Кейін қабырға газетінде шыққанда апайым мақтады. Содан қанаттанып, жаза бастадым, алғашқы басылымым мектептің қабырға газеттері болды. Алғашқы редакторым – класс жетекшіміз, мектеп тілімен айтқанда «неміс ағай»  Құсайын Қазбенов.

         Кейін ойлап қарасам, әдебиетке әкем әкелген екен. Ол кісі ақын, әнші, күйші-термеші болатын. Қазақтың белгілі ақыны, ұстазым Аманқос Ершуов жетпіске толған кезінде «поэзияға келуіме себепкер болғандардың бірі шәкіртім Өтегеннің  әкесі Оралбай аға болды» деп жазды. Мен ес білгелі әкем ауылға түскен келіндердің бәрінің бетін жырмен ашты. Мұның да әсері болған шығар. Төртінші кластан бастап бүкіл батырлар жырын оқып шықтым, оны да әкем күнде кешке ретімен дауыстап оқытып отырды. Үйге жиналған ана-әжелер жаулықтарының ұшымен көздерін сүртіп, бірде күліп, бірде жылап, дуылдасып  отыратын. Мұның да әсері болған шығар.

         Өлеңді жазуын жазғанмен, әкемнен қатты қысылушы едім. «Өмір туралы ой» деген өлеңімді ол кісі аудандық газеттен оқыған екен, каникулға ауылға келгенімде: «балам, өлеңіңнің тақырыбы ауыр екен, бірден осыдан бастағаның қалай?» деп сұрады. Жауап бере алмадым. Әлі де жауап бере алмайтын сияқтымын. Кейін «Шопан» деген өлеңім шыққанда «мына өлеңің Назардың баласының өлеңіндей болыпты» деп бір ауыз сөз айтты. Назар ағай – Аманқос ұстазымның әкесі. Бұл мен үшін ең жоғары баға еді. Мектепте, тоғызыншы класта «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма жаздық. Сонда «журналист боламын» деп жазғанмын.  Кейін КазГУ-дың журналистика факультетіне оқуға келгенмен, газеттен кепілдік алмай келгендіктен құжатымды қабылдамады. Сол кездегі журфактың деканы Тауман Амандосов ағай: «сен бала енді анау жер түбіндегі Гурьевтен кепілдік алып келуге үлгермейсің, журналист боламын десең, филология факультетіне түсіп те болуға мүмкіндік бар, құжатыңды сонда тапсыр» деді. Тапсырдым, түстім, бәрібір журналист болдым.

           Бұрынғылардан жеткен: «Ақындық – тәтті тамұқ, әдемі азап» деген сөз бар. «Деді біреу: жыр жазбау бақыттылық, аузыңды бұзайын ба атып тұрып» дейтіні бар Жұмекен ағамның. Және де: «Бұл адамды жаратқанда ақын ғып, Құдайға да біткен шығар батырлық» дейтіні тағы бар. Абай хакім: «мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деп қайырады. Ешбір ақын өлеңді ермек үшін жазбайды. Ол – тағдырың, бақытың, баяның, кейде трагедияң, кейде комедияң. Ақынның өмірі – тұнып тұрған драма. Құранда: «пайғамбарлардан кейін ақындар келеді» деген сүре бар. Демек, Алланың өзі де ақындар туралы теріс айтпаған болар деп ойлаймын. Тіпті мен Жаратушының өзі Ұлы ақын шығар деп те әнтек, тентек ойлайтыным бар. Ақындық жауапкершілік – адамзат алдындағы жауапкершілік. Алланың рахымы түскен адам ақын болатын шығар деп көңіл бірлеймін.

         Абайға қайта айналып соға береміз. Ол – біздің маржан сөздің мұхитындағы маягымыз. Ұлттың ұстазы. Бас ақын ғана емес, мәңгі жас ақын. Уақытпен бірге түлеп, өзгеріп, өсіп, өсіріп отыратын ақын. Жамбыл оны құрдан-құр: «Ол ақын емес – пайғамбар» демеген. Абайдың еліне – әдебиет еліне құр атқа мініп, құйғытып шауып келе алмайсың, нар мая жетелеп найқалып жете алмайсың. Кезінде Меккеге жеткендей қиналып, маңдай терің моншақтап, жүрек терің шүмектеп, темір етігің теңгедей болып, арқа етің арша, борбай етің борша болып жетесің, егер жете алсаң. Ғұмыр бойы жете алмауың да мүмкін.  Онда шұбырынды іздің шаңын жұтып, күшік-ойыңды қыңсылатып, ескі жұртқа қайтасың. 

         Ал, Махамбеттің жөні мүлде бөлек. Оның  жауынгер жырларын әлемнің ешбір поэтикалық антологиясынан таба алмайсың. Аударам деп келіп, ауыш болып кеткен Евгений Евтушенконың  екпінін басқан ерлік патетикасы  төңкерістері төбеге соққан талай елдің түсіне де кіріп шықпайды. Махамбет – алдаспан. Ар алдаспаны, ақиқаттың ақ селебесі. Найзасының ұшында намысы лаулаған, жыры жаулаған, күйі саулаған, бұйығып жатқан өмірдің бүйірін түртіп баураған  мұндай ақыны бар әдебиетке келудің өзі қорқынышты әрі бақыт. Абайы мен Махамбеті бар елдің баласы болғаным үшін Жаратқанға мың рет тағзым етемін. Ақынмын деп арқамды кеңге салмаймын, сөздің дәмі мен мәніне құлақ түрген бір құлмын деп қуанамын.

         Бізде ұлы ақындар болған, болды әлі де болады, «туады, туады әлі нағыз ақын» (Мұқағали). Әдебиет деген қызды ауылдың қызығындай нәрсе емес. Жаныңды солқылдатып, жүрегіңді жұлмалап, көмейіңді қоздырып, көкейіңді оздырып, отқа да, суға да салады. Әр ақын әліне қарап жазады, алуан-алуан жүйрік бар деген сөз біздерге де жарасады. Қазақ поэзиясы көркемдік деңгейге көтеріліп кеткен, күн астындағы Күнікейіне жеткен, өзінен бұрынғылардан өткен – поэзия. Біздің ғажайып ауыз әдебиетіміздегі ұлы сарын, дала философиясы, әлеуметтік  әрі, ұлттық нәрі, жаны мен қаны  поэзияда тұнып тұр. Әлем әдебиетін азды-көпті оқыдық. Поэзияны біршама аңдадық. Қазақ поэзиясы – ұлы поэзия. Халқымыз қандай ұлы болса, оның әдебиеті де сондай ұлық. Мұндай әдебиетке келмеуге, қызықпауға, ішіне ентелеп кірмеуге, өз даусыңды өзгеге тыңдатып, өзегіңді жарған ой-өрісіңді танытпауға бола ма? Әрине, жоқ. Әр қазақ – ақын, әр қазақ – ұлттық сөз өнерінің шәкірті әрі ұстазы. Біздің сөздік қорымыздағы екі миллиондай  сөздің бәрі бір-бірімен ұйқасады. Ғажап емес пе!

         -Ақындар туралы біршама тоқталған тұста, Ақкиізтоғай ауылынан ақындар көп шыққан деген сөз есіме түсе кеткені. Осы жерде оны да тілге тиек ете кетсек, артық болмас.

         -Қазақстанның қилы тарихында талай жақсы деректер бар. Бір ауданнан, мысалы бір Мойынқұм ауданынан  48 Еңбек Ері шыққан. Арал ауданының Қаратерең деген ауылынан 30-дан астам ұшқыш шыққан, Атырау өлкесінде бір әулеттен шыққан жүзге жуық мұнайшы бар. Мұндай қызықты деректер жетерлік. Ал, біздің Ақкиізтоғай ауылынан жиырма бес ақын шыққан. Дерекке дәйек те керек қой, мысалға жүгінейін. Санай беріңіз: Далабай  Жазықбаев, Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла  Сыдиықов, Аманқос  Ершуов, Айтуар  Өтегенов, Қонаш  Қалдыоразов, Оралбай Мұздақов, Өтеген  Оралбаев, Мақсот  Қуатбаев, Аманғали  Сеңгірбаев, Аман  Жанкеев, Сәулеш Шәтенова, Бүркіт  Базарбаев, Маржан  Ершуова, Әбдіхалық  Сисенбердиев, Құлжан  Бөлекбаев, Амангелді  Тайпозов, Қыдырша  Досжанов, Мейрамбай  Ғазимов, Сансызбай  Естеков, Қоғаш  Сағымбаев, Амантай  Ақаев, Дәрмен  Төлегенов, Сәттіғұл  Жаңбырбаев. Бұлардың ішінде елімізге есімдері  етене таныстары да, ауыл-аудан көлемінде белгілі болғандары да бар. Бірақ бәрі де жұрты ақын деп мойындаған жандар. Топырақтан ба, тағдырдан ба, шамасы екеуі егіз болар. Бірақ қалай болғанда да, бұлар да ақындықтың азабы мен ғажабын қатар сезінген адамдар. Бірі ерте, бірі кеш өмірден өткендері бар. Бірақ артында аты мен заты қалды, елге айтқан даты қалды. Кейде Ақкиізтоғай ақындарының антологиясын шығарса деп ойлайтыным бар. Бұл да туған жерді жақсы көрудің бір нышаны болар.

         -Жалпы, Атыраудан ақындар көп шыққан ғой. Бұл үрдіс пе, әлде дәстүрлі сабақтастық па?

         -Атыраудың арғы тарихына көз жіберсек, 15-18 ғасырлардағы ақын-жырауларға барып кезігеміз. Сыпыра мен Шалкиіздің,  Асан Қайғы мен Қазтуғанның, Досмамбет пен Жиембеттің,  Махамбет пен Мұраттың, Қубала (Сұлтанғали) мен Құлманбеттің далалық жойқын сарындары демін баспай, дендеп бой көрсетіп, ноғайлы жұртының нышаны болып кейінге жетті. Біз жыр мұхитынан дәм татқан елміз. Атыраудан ақындар көп шыққаны содан болар.  Мұны бір қайырып қоялық.

         Көз көрген, көңіл жеткен жерден қайырсақ, кешегі Құмар Жүсіпов, Хамит Ерғалиев, Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Жұмекен Нәжімеденов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Қабиболла Сыдиықов, Фариза Оңғарсынова, Марат Отаралиев, Сағат Әбдуғалиев, Нұралы Әжіғалиев, Жанаш Нұрмақанов, Табылды Досымов, тағы басқа дүниеден өтіп кеткен ақындар тек Атырау елінің ғана емес, күллі қазақ елінің белгілі ақындары болып танылды. Менің бақытым – осылардың бәрімен етене таныс, ерекше қатынаста болдым. Тұздас, дәмдес, сырлас-мұңдас болған да жайым бар. Өкінішке орай, олар енді ортамызда жоқ, бірақ соңында өлмес туындылары қалды. Ол туындылар әлі де туған елге қалтқысыз қызмет етіп жатыр. Ақын бақыты деген, мүмкін осы шығар. Ал жалпы еліміз бойынша алсақ, байтақ елдің бар ақын-жазушыларымен таныс болып қана қоймай, аралас-құралас, сапарлас-саптас, қанаттас-қатарлас бола алдым. Бұл да – үлкен мектеп.Мысалы, Фариза апамның қасына қырық жыл ердім. Әбіш ағаммен отыз жыл араластым. Әбу ағамның батасын алдым. Қос Зейнолла ағалармен іні болып сырластым, Хамит ағамен құрдастай әзілдестім. Осының бәрі енді көрген түстей, көңіл құлазиды.

         2010 жылы «Қазіргі қазақ поэзиясы: дәстүрлі сабақтастық және көркемдік ізденістер» деген көлемді ғылыми монография жазып, шығардым. Онда қазіргі заманғы қазақ поэзиясының дәстүрі мен іргелі ізденістері жайында жан-жақты зерделеу, сараптау жасадым. Бұл үрдіс десең – үрдіс, дәстүр десең – дәстүр. Ұлтымыздың басқа халықтарға ұқсамайтын ерекше дәстүрі. Меніңше, қазақ даласында ана сүтін адал емген қазақ баласының ақын болмауға қақысы жоқ секілді. Бұл қанда бар дәстүр, текте бар тарих. Қадыр Мырза Әли айтқандай: «Айтысатын ақсақалмен, қызбенен, ақын халық екенбіз ғой біз деген». Арғы ақын-жыраулық дәстүр есімдері аталған аға ақындарымызда жаңғыра жалғасты. Дәстүр дамиды, салт сапқа тұрады. Поэзияда да солай. Рухани жаңғыру халқымыздың ұлы поэтикасында мәңгілік жүріп жатыр. Ол бүгін басталған жоқ. Ертең аяқталмайды. Бұл науқандық нәрсе емес, даламыз қандай мәңгілік болса, ол да сондай мәңгілік қозғалыста. Мәңгілік қозғалысты мәңгүрттік  пиғыл тоқтата алмайды. Рух пен сана бірлігі – сапаға жол.

         -Сөзіңіз аузыңызда, Атырау ақындары туралы да, әсіресе жастары  туралы айта кетсеңіз? 

         Қазіргі қазақ поэзиясы – өсіп, өркендеп келе жатқан өршіл поэзия. Жалпы, прозадан гөрі поэзия өмірдің, заманның қай кезде де алдыңғы авангардтық сапында жүреді. Кеудесін заман оғына төсейді, басын бәйгеге тігеді. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Ұлы дәстүр деген осы. Жастар поэзиясы жарқырап өсуде. Әрине, түр мен пішін арасындағы «күрес» бірде сәтті, бірде қатты көрінуі мүмкін. Пішін қуған жырлар да кейде атойлап алға шығып кетіп жататыны бар. Поэзия эстрада емес. Есі бар оқырман оны да танып, біліп отырады.

         Жалпылыққа ұрынбау үшін, тек Атырау аймағы туралы айтсам, қазір атыраулық қыздарымыз мықты келеді. Гүлзада Ниетқалиева, Маржан Ершу, Әлия Дәулетбаева, Бақытгүл Бабаш секілді қарындастарымның «екпіні» қатты. Талантты қыздарымыздың поэзиясы уақыттың қандай сынына да толық төтеп береді. Тіпті олардың сөз саптауы мен сөйлем құбылтуының өзі ақын-жыраулардың алыстан жеткен сарыны секілді болып сезіледі. Оқимын да, қуанамын. Фариза апамның жолын жаңылмай жалғап келе жатқан қарындастарымның қадамына қай кезде де қарайлап, абайлап отырамын. Сүрініп кетпесе екен деп сүйеуге, албырттыққа ұрынбаса екен деп алаңдауға дайынмын. Ағаларының аузынан артық-кем шыққан сөздерді оқиғалы өлеңге айналдырған бір талантты інім бар. Өсетін, құлашын жаятын жігіт еді. Бірақ ішкі жан дүниесінің кеңдігі жетпей қалды-ау деп өкінемін. Поэзия – парасат өлшемі. Ал ол адал ақылға келеді. Бірақ ақылды болу бір басқа, әділ болу тіпті басқа. 

         1969 жылы КазГУ-де Сәбит Мұқановпен кездесу болды. Ине шаншар жер жоқ. Кешті Зейнолла Қабдолов ағамыз жүргізіп отырды. Кеш қызу жүріп жатты. Соңына таман бірінші курстың студенті Аманжол сөз сұрап алып, мінбеге шыққан соң: «Сәбе, сіз ақын емессіз» деген  ауыр сөз айтып мінбеден түсіп кетті. Зал гулеп кетті. Зекең қызара түсіп, тершіген маңдайын сүртті. Сәбең сөз сұрап алып: «жаңағы бала дұрыс айтып тұр, өмірде бәрі болады, сол баланың жасында мен де Абайды ақын емес дегенмін» деп жауап берді. Қандай тапқыр, әдемі әрі қиыннан қиысқан жауап. Зал жадырап сала берді. Аманжолдікі  албырт сөз еді, бірақ жаны бар пікір болатын. Меніңше, поэзия туралы сөз қашанда әділ, ақиқат болғаны ләзім. Сәбең үлкен прозаик қой, халықшыл ақылдың адамы. Тағы да Жұмекен ағамның: «ұлы ақындар жазғанмен, өлең итің, жаман болып тууға ұялмайды» деген сөзінде астар жатқаны шындық. Бірақ қалай болғанда да, қазақтың өзіндей болған Сәбит Мұқановқа әлгіндей пікір айтуды  қолдай қою қиын. Жастар әдепті болса дейтінім содан.

         -Әдебиет туралы біршама айттық. Енді бүгінгі уақыт туралы да сөзге кезек берсек.Туған жеріңізде өтетін әдеби кешіңіздің басты ұстанымы қандай? 

         -1995  жылы Жоғарғы Кеңес күтпеген жерден таратылған соң Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөліміне қызметке шақырылдым. Міне, осы Әкімшілікте қызмет жасап келе жатқаныма жиырма екі жыл болды. Соңғы он екі жылда Мемлекеттік Хатшының ішкі саясат мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқардым. Биыл екінші жыл (зейнет жасына жетуіме байланысты) келісім шарт бойынша әрі қарай қызмет жасап жатырмын. Енді негізінен, Президент Кеңсесі қызметкерінің тікелей  міндетімен айналысамын. Бұл – арнаулы жобалар бойынша жұмыс. Осы жылдарда талай-талай қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғалар, өзгерістер болды. Ел жаңа астанаға орнықты. Есейді, әлеуеттік қуаты да, рухани деңгейі де, экономикалық-тұрмыстық дәрежесі де жаңа биікке көтерілді. Осылардың ішінде менің де азды-көпті қолтаңбам бар. Ел тарихына аз да болса өз үлесімді қосқанымды тағдырымның сыйы деп ойлаймын.

         Оқырмандарым, дос-жаран мені осы жүйрік жылдарда поэзиялық партадан сирек көргені рас. Бірақ ақын өлең жазбай тұра алмайды, жазбаймын десең де жазасың. Бұл – тағдыр үкімі. Жалпы осы кезге дейін 22 кітап шығардым. Оның он төрті жыр жинағы, алтауы деректі проза, екеуі ғылыми монография. Оның сыртында күнделікті баспасөзде  жүзге тарта мақала, эссе, публицистика жарияладым. Газеттерде жүргенде мыңға тарта мақала жазыппын. Әлемнің 47 ақынын орыс және өз тілдерінен қазақшаға аудардым. Мұның өзі тұтас бір том болып тұр. Жарыққа шығармақ ойым бар.

         Бір өкінішім, осы жылдарда ауылыма, туған өлкеме ат ізін сирек салдым. Оның да әртүрлі себептері болды, бірі маған байланысты болса, енді бірі маған байланысты болған жоқ. Өңірді әртүрі азаматтар басқарды. Әрқайсысы өз қолтаңбаларын, атақ-абыройларын қалдырды. Қандай жағдайда да әрқашан бәріне тілектес көңілде болдым. Елу жасқа толғанымда ойланып жүр едім, сол жылы анам қайтыс болды. Сол себепті елге келіп, атап өтуді өзім біржолата тоқтаттым. Бұлай етпеу анамның  аруағын сыйламағандық болар еді. Менің елге соңғы он бес жыл бедерінде келмей кетуімді өкпелеп жүр деп топшылайтындар бар. Олар қателеседі. Ешкімге өкпем жоқ. Тіпті сол жылы «елуіңді атап өтелік» деп шақырса да, рахмет айтып, келе алмайтын едім. Бұл жел сөзді пенделіктің  ауылына ат байлағысы келетін кейбір қатарластарымның  ар-иманына қалдырдым.

         Қайда жүрсем де Атырауыма алаңдап, алыстан қарап жүремін. Қалыңмалға ұзатылған қыздай болып сағынып, тілектес көңілімді жырмен жеткіземін, ақ қағазға ашылып сыр айтамын. Менің туған жер туралы өлеңдерімнің өзі тұтас бір том болды. Оны шығару да келер күннің еншісінде. Атырау соңғы жылдары қатты өсті. Кезінде «құдай байытпағанды, мұнай байытты» деген сөз болатын. Үндесуі үлгілі сөз деп бағалағандар бар. Бірақ мен мұнайды берген құдай, дәулетті де, сәулетті де берді, оны ұқсатып, ұқыптап жұмсауды азаматтар жүзеге асырды деген ойдамын. Ел бюджетінің отыз проценттен астамын беретін Атырау облысы – қазақ елінің күретамырын ұстап тұрған өлке. Байлықты бағалай алатындар бақытты болады. Байлық – бақтың үзеңгісі. Бақ – тағдыр еншісі. Елдің еншісі азаймасын деп тілеймін.

         Атырауда өткелі тұрған әдеби-өнер кешімді той тойлау деп түсінбеймін. Бұл ой ойлау кеші болады деп үміттенемін. Туған жерге келіп, бауырларыммен жүздесу – мен үшін ең негізгі мақсат. «Туған жерге тағзым» деген атауының өзі көп нәрсені айтып тұр деп ойлаймын. Ақыл айтуға келген жоқпын, ата-анамның құшағына енуге келгендеймін. Атыраудың іргесінде орналасқан Қарабатан деген алып мекеме жеріндегі көне қауымда менің атам Мұздақ жатыр. Әкеммен бірге туған бауырларының ұрпақтары да Атырау өңірінде өніп-өсуде. Кезінде Құранның қуатты сүресін оқып, Жайықтың бетімен жалаңаяқ, көшемен жүргендей болып келесі бетке өте шығатын Шашты әулие де (шын аты Ұзақбай екен) әкемнің немере бауыры болатын. Демек мен ұзақ іссапардан туған жеріне сағына оралып келе жатқан бір ұлмын.

         Атырау елінде болып жатқан рухани-мәдени жаңалықтар көңіл қошымды көтереді. Тек соңғы бір жылдың өзінде осында болған небір өнер, мәдениет, әдебиет саңлақтарының кештері мен кездесулері үшін қуанамын. Қазақтың баласын "ана жердікі, мына жердікі» деп бөлмей, арнайы келгендерді құшақ жая қарсы алып жатқан ел ағасы, жас болса да көпті көрген, көшелі пікірлі, жаны кең, жайсаң інім Нұрлан Асқарұлының еңбегіне табыс пен сәттілік тілеймін. «Ағамыз елге келсін, кешін өткізейік» деп ілтипат білдіргені үшін Нұрлан ініме, оның серіктес, үзеңгілес жолдастарына шынайы ниеттен алғыс айтамын.

         Туған жерге тағзым етудің  мақсатын туған елге рахмет айту, өзіңнің  бітірген ісіңді көрсету, жеткен жеріңді белгілеу және алда барар сапарыңды сараптау деп түсінемін. Әркім туған жеріне қарыздар. Мен алда болатын кеште осы бағыттағы туындыларымды көп алдына шығармақпын. Жансарайлы  кештен жаныма жаңа бір жігер, шуақ пен қуат алып кетемін деп үміттенемін. Сол қуат пен шуақ мені келер биіктерге жетелей береді. Дүниеде ақыннан бақытты жан бар ма екен! Және ол тәуелсіз еліңнің бақытымен ұштасса, одан артық қандай сыйлық, мәртебелі марапат болуы мүмкін. Ақын азаттыққа мәңгілік қызмет етуі шарт. Өнерімен де, өлеңімен де, өмірімен де!

         -Ашық әңгіме, жан сырыңыз үшін рахмет, кешіңіз көңілді, өнегелі,  өмірлі болуына тілектеспін.



Әңгімелескен  Исатай  БАЛМАҒАМБЕТОВ

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ҚАҒБАНЫҢ  ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
22 июль 2019, Понедельник
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры