Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » АҚЫНДЫҚТЫҢ АЗАМАТТЫҚ БОЛМЫСЫ

АҚЫНДЫҚТЫҢ АЗАМАТТЫҚ БОЛМЫСЫ

12 июль 2019, Пятница
1 448
1

Мемлекеттік  сыйлыққа  ұсынылған  шығармалар


                   АҚЫНДЫҚТЫҢ  АЗАМАТТЫҚ  БОЛМЫСЫ


Қазіргі қазақ әдебиетінің  белгілі  тұлғаларының  бірі  Өтеген  Оралбайұлының  «Шуақты шақ»  атты жыр жинағы  азаматтық поэзияның  ақындық болмыспен көркем көрінуіне нақты мысал бола алады.


     Әр дәуірде ақын – заман тамыршысы, сыншысы, әрі оның рухани өмірінің жазбагері.Өйткені, ақын жүрек  - сезімтал, аңғарымпаз өнер иесі. Осы бір қасиеттерді табиғат  ақынға сыйлаған. Қай дәуірде болмасын жыраулар мен жыршылар, ақындар халықтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, шындықты шырқырата айтып, әділет жолындағы  күрескер болып қана қоймай, жеме-жемге келгенде бес қаруын асынып атқа қонған. Біздің тарихымызда мұндай ақындар да жетіп артылады. Байырғы сөз өнерінің дәстүрі мен салтын сақтап, жұртшылық көкейіндегі ортақ ойды көпке жеткізуде ақындық болмыстың рөлі қашанда маңызды болған.Біз кітабын парақтап отырған ақынымыз Өтеген Оралбайұлы – сол дәстүрді жалғастырушы, ел көкейіндегі сөзді айтушы. Оқып қараңыз:

                   Мен айтпасам, сен айтпасаң, кім айтар,

                   Өгей айтар, өтірігі мұңайтар.

                   Мысық тілеу мақтағандар есепшіл,

                   Ақын айтса адал айтар, шын айтар,-дейді ол кітаптың алғашқы ашылуындағы «Тәуелсіздікке тағзым» атты салтанатты, сындарлы өлеңінде.

         Ақын осы кредоны  Құбылаға  ала отырып, бодандықтың қамытын қалай кигенімізді жырға қосып, өткеннің өкініші мен бүгіннің қажетті қарекетін, қазіргі таңдағы тәуелсіздіктің тұғырын бекітудің баянын барынша жеткізген.Бүгінде әлемде бізге көз тіккен үлкенді-кішілі елдердің бар екендігін ескертіп, олардың қазақ жұртына сын көзімен қарап отырғанын назарға бере отырып, «тек намысың қалғып-ұйықтап кетпесін» -деп, тарихтың сабағын ұмытпауға, қоғамдық-саяси сергектікке шақырады:

                    Озған жылдар өнегесін жолдайды,

                   Отқа жансын, суға батсын сол қайғы.

                   Тәуелсіздік болу үшін мәңгілік,

                   Ұмытпасты ұмытуға болмайды!  

         Рас қой, «өткенді ұмытсаң, келешек саған тас атар» деген тәмсілді айтқан да осындай алмағайып ауыр кезеңді бастан кешкен халықтың өкілі болар. Біз  көріп отырған бүгінгі қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтыр мен кемшіліктер ақын жүрегін мазалайды, ренжітеді, ойға салады.Ел аңсаған тәуелсіздік,ел еншілеген еркіндік, теңдік, әділдік, шындық сияқты рухани ұғымдардың кейдежалаң ұранға айналғанына назаланып, астарлы ойды аңдатып,  шебер сарказммен сын нысанасына іледі:

Сыңқ етіп, сыпсыңдап сауысқан,

(Қулықтың оқуын тауысқан).

Аққуға қарайды мысқылмен,

Дегендей: Сұлулық ауысқан.


Барлығы, баршасы ауысты,

Ақиқат аңызбен қауышты.

Кешегі коммунист молда боп,

Оқудың төтесін тауысты.

Бұл шындықты көбіміз біліп, іштен тынып қалатын жағдайлар да бар екенін жасыруға бола ма? Әрине, жоқ. Шындық ащы, бірақ оның кермек дәмі ақын жүрегі арқылы өтіп жатыр.

«Мен сені Құбылам деп Хақтан етемін», -деп сөз сертін берген ақын ел сенген шенділер мен шекпенділер халқына адал еңбек етсе, ел несібесі молайып, ырыздығы арта түсер еді азаматтық көзқарасын ақиқат тілімен береді. Өкінішке қарай, бесенеден белгілі «заманың түлкі болса, тазы боп шал» қағидасына имандай ұйығандардың ерсі қылықтарын бетіне баса отырып, айшықты жолдармен жеріне жеткізе суреттегені халық ойынан шығары хақ:

«Күштінің арты диірмен,

Тартады» деп айтады ел.

Мансаптылар иірген,

Асық – алшы, байқады ел.


Зорлық  болды мақтаныш,

Қорлық болды дәстүрлі.

Бай болуға аттаныс,

Бос байлады қасқырды.


Қой сорлыда не амал,

Маңырағаны, болғаны.

Қан-қан  ұртта жоғалар,

Қолжаулық қой қолдағы.

          Сөз қозғап отырған ақынымыз, қоғамдағы болып жатқан қайшылықтарды сырттан байқап,  жадағай тон пішуші емес, саясаттың қазанында қайнағанқоғам қайраткері,  өз көзімен көріп, құлағымен естіп, бетпе-бет келген келеңсіздіктерді «шекпенім су болып қалар» демей, ашық айтады. Ақын жинағында мұндай ащы болса да ақиқат жырлар баршылық.

         Ақиқатты тайсалмай айтып салса да, бір сәт өткен тарихқа көз салып, елеп екшеп, «батыр аңқау, ер күдек» дегендей, әрідегі Қазтуған мен Шалкиіздің, одан берідегі  Махамбет пен Исатайдың,  қаһарлы күндерде  басын берсе де, намысын бермеген Кенесарының, кеңестік кезеңнің кермек дәмін жұтқан Қасым мен Мұқағалидың, берідегі шындықты шырқыратқандардың кейінгі тағдырлары ақынды  қатты толғандырған:

Біреулер бар келеңсіз,

Біреулер бар еренсіз.

Батыр деген бір оқтық,

Өлтіре алмай, өлерсіз,- дейді ол бір жырында. 

Ақындық жолдың ауырлығын «Өлең мені алып шықты сан төрге,өлең мені салды кейде күйікке» дей келе,  қазақ жырының, ұлт сөзінің ұлағаты алдында қашанда арға жүгінгенін ашып айтады. Жинақтағы мұндай намысты, аршынды жолдар оқырман рухын оятып, қазіргі Рухани жаңғыру процесіне парасат пернесі болып қосылған.

          Ақын өршіл, рухшыл, асқақтап шығандап кеткен шақтарда ешкімге дес бермейтіндігі тағы бар. Осындай бір ешкімге бой бермей атойлап, аласұрған шақтарда, шарасыздан алыста қалған достарына наз артады:

Қайда достар жаныңды ұғар, жай ұғар,

Жақсы ісіңді елеп, екшеп айырар.

Ақындықпен  артық кеткен жеріңде,

Әзілменен  әдемілеп қайырар.

         Шындықты айтқан ақын көңіл бір сәт жабырқау тартып, сонау бір алыста қалған алаңсыз күндерді аңсайды :

Күн төбеде тұрғанда, бәрі жарық,

Жақсылықты жатушы ек танып алып.

Дос та бізде көп еді, қас жоқ еді,

Сағынсақ біз сол күнді сағыналық

         Ақын көңіл қызық, табиғат сыйға тартқан  жыл мезгілдері сияқты, 

аумалы төқпелі, ләзде өзгеріп сала береді, бірақ достықты «өкпеге қиса да, өлімге қимайды»:

Досқа сендім. Ақаусыз, алаңдамай,

Жанымды алып жетуші ем оған қарай

Атым озып келгенде араз болды,

Үн қатпастан кеттім мен жамандамай.

 Бұл жерде азаматтық арлылық, жолдастық парасаттылық көрінеді. Жел сөзге иық бермейтін мінездің көркем көрінісі бар. Мархабатты мінез бар. 

Қандай ақын болса да туған жерінде бала, ата-анасының алдындағы сәбидей пәк. Туған жері Ақкиізтоғайыныңдария даласынан, шуағы мол табиғатынан, ақкөңіл адамдарынан, айнымас достарынан нәр алып өскен ақын көңілі бұл тақырыпта жаймашуақ, жарқын бояулы.Туған жерін жырлаған кешенді өлеңдерін оқып отырсаң, сағыныш пен сезім, сыр мен сымбат мөлдіреген моншақтай болып, жан дүниеңнің сарайына сәуле құяды. 

Туған жерге келгенде жаны нәзік ақын қоғамдағы әлеуметтік кемшілікті көргенде, жатырқанып, шамданып, жең ұшынан жалғасып, дүниені жалпағынан басып жүрген даңғойлықтың ерсі қылықтары менрухани жұтаңдығын ашып көрсетіп, қоғам үшін оның салдарының аса қауіпті екендігін ескертіп, қанағат пен тәубеге шақырады:

Тәкаппарсып, тасынып, талтаңдаған,

Мынау кім-ей, бармағы бал таңдаған?

Араны үлкен анау ғой, таныдың ба,

Зорды көрсе қорынып,  жалпаңдаған.


Пәленшенің балдызы, жиендері,

Пәленшенің жалғызы, күйеулері.

Ішкендері алдында, ішпегі артта,

Анау үйде, ана үйде сүйеулері.


Соны айтам деп ұрынған қасқа шығар,

Шындық деген шыңғырып тасқа шығар.

Бар оларда барлығы: байлық, билік,

Тек, әйтеуір ұяттан басқасы бар.


Соны айтам деп ұрынған қасқа шығар.

Сен емессің, мен емес, басқа шығар.

Бар оларда барлығы: алтын, күміс,

Қанағат пен тәубеден басқасы бар.

         Ақын – заман перзенті. «Ақын болу мақсат емес, азамат болу парыз» деген қағиданы көп айтамыз. Осы тұрғыдан келгенде ақын Өтеген Оралбайұлының «Шуақты шақ» атты жыр жинағы ақындықтың азаматтық болмысын қапысыз танытқан қазыналы сыбаға екенін айтуды өзіме парыз санадым.Біз ақынның өлең кітабын парақтағанда, қайраткерлік қырын танытқан өлеңдеріне деген бек сүйіспеншілігімізді арқау еттік. Ақынның махаббат, табиғат лирикаларының өзі бөлек әңгіме.

         Мен тарихшы ғалым ретінде оның «Нығмет айы – Наурыз» және «Соғыс балалары» деген дастандары қазақ әдебиетіне тың тақырыпты ала келген туындылар деген пікірдемін. Оның бұл шығармалары туралы сөз келер күндердегі әдеби сыншылар мен зерттеушілердің тақырыбы деген ойдамын. Қазіргі кезде дастан жанры бәсең тартты. Оның әрқилы себептері де бар шығар. Бірақ ақын дастандары сол бәсең тартқан әдеби жанрдың бағын ашуға септігі тиетін сындарлы туындылар екені даусыз. 

Бір ғана «Ұлт ұраны -  Ұлытау» дастанының көтеріп тұрған жүгі қаншама кітаптарға татырлық қазына. Қазақ жерінің батысында туып-өскен ақынның бүкіл қазаққа ортақ Ұлытауды осынша білгірлікпен, ділгірлікпен, дәйектілікпен, аса зор сүйіспеншілікпен, заманға ұштастырып, жоғары пафоспен жырлауы Отанға деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.Ел алдындағы парызы мен қарызын шыншылдықты ту етіп, адал орындап келе жатқан отаншыл ақынның «Шуақты шақ» атты жыр жинағы әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықпен аталып өтугеәбденлайықты деп сенеміз.

Абат  Үржанов,

Ө.Байқоңыров атындағы  Жезқазған  университетінің доценті,

Тарих ғылымдарының кандидаты, 

Қарағанды облысы.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:15
воздушные шары на год ---- Смотри что тут есть для тебя ---- купить пластиковый чемодан на колесах ---- Кликните по ссылке для просмотра всех предлодений ---- На сайте ---- Шарики воздушные на праздник детям и любимым ---- ареда склада ---- Ну как круто то ---- w плаза бц ----- каталог сайтов посмотреть ---- neo geo бц ---- Поговорим про двери ---- входные двери бульдорс госуслуги-личный кабинет вход быстрый займ на карту без почты 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры