Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » АҚЫН – ӘКІММЕН АЙТЫС (Қаз-қалпында)

АҚЫН – ӘКІММЕН АЙТЫС (Қаз-қалпында)

05 июль 2018, Четверг
763
0
Ит жылы иір-қиыр жолдарды басып өтіп, тарих қойнауына барып кірудің қамында. Қашанда қарбалас тіршілік қапаш-құпаш қимылға басты. Табыс пен қалыс, арман мен аңсар, үміт пен күдік ию-қию араласқан ит жылының келер жылға есік ашқан өлара тұсында әдетте қол телефонға қуат бітеді. Сымсыз телефон тылсым ғарышты көктей өтіп, өзің іздеген, көңіліңе жақын жандарға қарай қанат қағады. Қазақы пейіл мен ниет осы кештерде қанатын қомдап, айшылық алыс жерлерге, тіпті жаныңдағы көршіге қарай құстай ұшады. Уатсап уәлі сөзді жеткізеді. Қолбала қызметіндегі қол телефон қағылез қимылда.

Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омаров – ниеттес інім. Қасиетті Ұлытаудың төл тумасы. Кезінде ақындар айтысына қатысып, асығы алшысынан түсіп, домбырасын бұлғап, жырын пұлдап, талай бәйгені қанжығасына басқан азамат. Басқа айтыс ақындарынан ерекшелігі – іскер, ізденімпаз, ізашар. Бұған дейін Ұлытау ауданының әкімі болып, денсаулығына байланысты өз еркімен қызметін тапсырып, жүрегін жөнге салғасын жол көрген жеріне қайыра келген. Бұл да екінің бірінің қолынан келе беретін қимыл емес. Әкімдігі мен ақындығы қол ұстасқасын жұртына жақын. Әкімдігі  өтпейтін жерде ақындығы көмекке келеді. Жөн-жоралғыны, үлкен-кішіні, жақсы-жаманды білетін, танитын жігіт. Осындай әкімдер көбейе берсе, ортамыз толады.
Жаңа жылда жақсы тілегін жеткізді. Тілегінің тұтастығы, сөзінің самалы, ниетінің жамалы жаныма жаққасын, ақындығын еске алып былай деп жауап жолдадым:
Рахмет, Әнуар,
Сөздеріңнің мәні бар,
Аман жүрсе інілер,
Ойлағаның табылар.
Жедел жауап келді. Өлеңмен. Әкім ақын болып сөйлеп қоя берді. Осылайша, аға мен іні арасындағы сөз самалы  басталып кетті:
Аман болса ағалар,
Інілерін бағалар,
Ағасы жоқ інілер,
Көрінгенді паналар.
Сыйламаса ағасын,
Екі санын сабалар,
Жақсы ағаның панасы,
Асқар тауға бара-пар.
Өлеңі ойды қозғап кетті. Жырмен жауап беру ләзім. Жаздым:
Ағып тұр екенсің,
Асқарды бағып тұр екенсің,
Ұлытауда ұлық болып,
Қырдағыны қағып тұр екенсің,
Әкім-ақын көп емес,
Халқыңа жағып тұр екенсің. 
Аузы уәлі, сөзі дуалы уатсап жедел жетті. Өлеңмен:
Шыдадық арыққа да,
Нарыққа да,
Кенеліп қарыққа да,
Сарыққа да,
Бас идік табытқа да,
Алыпқа да,
Жүгірдік қараңғы мен жарыққа да,
Сол халыққа етеміз қызметті,
Мәңгілік есте сақтар халық қана. 
Жақсы сөз жанды жетелей жөнелді. Жауабы былай түсті:
Әкімде өзің дарасың,
Сөз қойнауын табасың,
Жұртыңның отын жағасың,
Тірліктің тауып жаңасын,
Қиындық – ердің қайрағы,
Тайдырмас ердің тағасын,
Маңдайдың тері – марапат,
Сыйлықтың нарын аласың. 
Жауап тағы да жырмен жетті:
Егерде Сіз тікелей қолдасаңыз,
Нар сыйлық мына маған болмас аңыз.
Қолдан келген сәттерде демесеңіз,
Әлі талай бірлесе жол басамыз.
Өлеңнің мен қорқамын киесінен,
Жаңылып көрген емес жүйесінен.
Айтыста шабыт қысса сан қарсылас,
Түсіп сәлем беретін түйесінен,
Тоқтадым, бұдан әрі тартыспаймын,
Мемлекеттік сыйлықтың иесімен. 
Әдемі жауап, әзілі де жарасқан, әдебі де жарасқан. Түйінін түйдім:
Інімсің әрқашанда жөн білетін,
Сөздерін жүрегіне көндіретін.
Қолдауға дайын тұрған бір ағаңмын,
Кеудеңе орден тағар келді ретің.
Сөзімді серттей көріп қабылдарсың,
Жігітсің жеңілместі жеңдіретін.
Жаңа Жылдың алғашқы күнінде осылайша жақсы ініммен жырмен жоралғы жасап, жан дүнием жаңа жауған қарға шомылғандай болды. 
Шіркін, халқымның қадірлі сөзі, білгенге – маржан, білмеске – арзан. Тілдің киесінен, сөздің жүйесінен жаңылмайықшы.
Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
Таланты кенен Тоқтағұл
11 июль 2019, Четверг
Таланты кенен Тоқтағұл
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры