Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » Еске алу «Мына Рахымбай інім Ленин екен...»

Еске алу «Мына Рахымбай інім Ленин екен...»

01 август 2019, Четверг
1 766
1

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын,

«Лениншіл жас» газетінің бұрынғы қызметкері


* Еске алу



                                    «Мына  Рахымбай інім Ленин екен...»


         Көңілі түскенде даладай, жанын ашқанда баладай, біреуге қамқор болғанда данадай Рахымбай еді-ау ол. Қашан көрсең қой көзі күлім қағып, әзілі мен шыны аралас, оқиғасы мен қызығы аралас әңгімені қызулана айтып, қара торы жүзі бірде нұрланып, бірде жұмбақ жымиысқа түсіп, «атаң қоқи, жүдә бұл қызық болды ғой, тіпті қызық болды өзі» деп кең жайылып, кемелденіп отыратын марқұм.

Өзіңмен көп жыл қатар жүрген, көп жыл сапарлас, жолдас болған жайсаң жігіттердің алқаракөк өмірден асығыс аттанып, бақиға көшкенін көргенде жаның құлазып-ақ қалады. Кейде сондай кездерді сағына еске алып, қазіргі қым-қуыт, алашапқын заманда, біреуге біреудің жақсы сөз, жарым ырыс айтуға мұршасы жоқ кезде қатар жүрген күндерді еске түсіріп, солардың әрқайсысы туралы жеке-жеке сыр шертіп, есімдерін атап-атап, әрқайсысының мінез-құлқы мен кісілігі, атқарған қызметі мен артында қалған жақсы аты жөнінде сыр шерткің келеді. Өкінішке орай, бұған да мұрша бола бермейді. 

         Осылардың ішінде өздерінің өмірлік таңдаған мамандықтары бойынша бір сапта саналатын, бір топта аталатын фототілшілер, бұл өмірден өтіп кетсе де артында сайраған саналы ізі қалған: Рахымбай Ханалы, Алашыбай Есмағамбетов, Съезд Бәсібеков, Сайлау Пернебай секілді жайсаң жігіттердің әрқайсысы хақында эссе жазып, елге ұсынсам деген ой көптен көкейде жүрген. 

         Астана ауып, Алматыдан көшкенімізге де он төрт жылдың жүзі ауды. Қимай қоштасып, артымызға жалтақ-жалтақ қараған күндер де зырлап өтіп жатты. Бірер жылда ат ізін салып, қайта оралардай болғанбыз. Бірақ сол алдамшы үміттің  көкжиегі әлі көрінбейді. Алматыда болған соңғы жылдардағы өзгерістер, үлкен мегаполистің одан да үлкен жаңалықтары енді кейде маған  тосаң, жұмбақ болып көрінеді. Кейбір жаңалықтары көңіліңе жақпай да қалады. 

         Бірақ, бір жаңалық маған етене жақын, ерекше ыстық болып көрінді. Қаланың оңтүстік-батыс жағында бой көтерген шағын аудандардың бірінде келе жатып, бір көшеге түстік. Қарасам, «Р.Ханалы көшесі»  деген жарқыраған жазу тұр. Көзіме оттай басылды. Тіпті көптен көрмеген асыл досымды кездестіргендей болып, көңілім толқып кетті. Бір сәт көшенің арғы басынан баяғысындай аңқылдап, қой көзі күлімдеп Рахымбай шыға келетіндей болып, алды-артыма жалтақ-жалтақ қарадым. Көрінбейді, қайран дос. Бірақ көшесіне келіп, оның өзімен жүздескендей болып, жаным жадырап қалды. Ойыма көп нәрселер түсті. Бірге жүрген, бірге сапарлас болған, бірге ойнап-күлген.

         ...1986 жылдың қазан айының аяғында Қазақстанда Қырғызстан әдебиеті мен өнерінің күндері болып өтті. Көрші республикадан келген үлкен топты әлемге әйгілі қаламгер, кезінде «Лениншіл жас» газеті «Адамзаттың Айтматовы» деп бағалап, жаһанға жар салған Шыңғыс Айтматов бастап келген болатын. Бұл Шыңғыс ағамыздың «Боранды бекетті» жазып, тек әлем оқушылары ғана емес, қазақ оқырмандары да қуанып, ойланып, толғанып жатқан кез еді. Әдетте Айтматов Алматыға келген сайын «Лениншіл жас» газетіне мойын бұрып, уақыт тауып, редакция ұжымымен жүздесіп кететін. Әрине, жыл өткен сайын даңқы асып, кез-келген жанның қолы да, жолы да жете бермейтін Шыңғыс Айтматовты енді газет редакциясына арнайы шақырып, ырғап-жырғап әңгіме дүкен құратын уақыт та тапшы бола бастаған-ды.

         Қашаннан ойы жүйрік, идеясы одан да ұшқыр, тар кезеңде тауып кетер талантты редактор Сейдахмет Бердіқұлов бұл жолы да тосын тапқырлық жасады. Газет ұжымын түгел жұмылдырып, Шыңғыс Айтматовқа қояр сұрақтарымызды дайындатты. Бұған газет оқырмандарын да, көршілес редакцияның тосын тәсілді ешкімге жария ете қоймас деген қызметкерлерін де тартты.  Ұжымдық сұрақ дайын болды. Бұл ұзын сауалдардың саны жүзге жуық болғанмен, Секең өзі әрбір сұрақты қадағалап, ойлана қарап, ішінен 37 сұрақты заңғар жазушыға қоюға болады деп шешті. Сонан соң Шықаңмен кездесіп, өз ойын айту үшін кездесудегі қонаққа тартты. Айтматовпен келісіп, оны жолынан бөгемей, шығарып сала отырып, жүрдек машинаның ішінде осы сұрақтарға жауап алу туралы ұсынысын дос-ағасына жеткізу үшін кетіп бара жатып:

«Бұл бір қызықты сапар. Жолымызды оңғарса, оқырмандарымызды қуантатын дүние туар. Жолға дайын болыңдар, менімен бірге Өтеген, Рахымбай барады»,- деп тапсырма берді. Біз дайын едік.

Алтын күз еді. Ұзын сәскенің кезі. Айнала нұрланып, күн шуағы алтын жалатылған тал-теректің басына сәулесін себездеп, аспан түпсіз көгілдір тұңғиыққа айналып, батыстан баяу соққан самал жанымызды тербеген қуаныш пен үмітті аймалап тұрды. Біз мінген көлік, редакцияның ақ «волгасы» ұзын қара жолдың, ұзан тарихи жолдың бойында алғы кездесуге асығып, қалқып келе жатты. Алматыдан 60 шақырымдай шығып, Ұзынағаштың бергі қайқаңына көтеріліп, қаладан далаға қарай шұбырып, жөңкіліп жатқан үлкенді-кішілі көліктердің бәріне көңіл дүрбісімен қарап, тесіліп тұрмыз.

Көрінді. Шыңғыс аға мінген қара «волга» қара жолдың қошқар мұрын дөңіне көтерілгенде, біз базардан әкесі келе жатқан сәбилердей апаш-құпаш қозғалып, жолдың жиегіне қарай ұмсындық. Қара «волга» қатарымызға келіп тоқтай қалды. 

-Шықа, уәдеміз әуде. Сізді жолдан қалдырмай, машина ішінде отырып, дайындап әкелген сұрақтарымызды бере береміз. Мариям жеңгей Элдар екеуі сіздің машинада болар, қасына мына Рахымбай інім отырып, жолсерік болады. Ал, біз мына Өтеген ініңіз екеуіміз сізге сұрақтарымызды қойып, әңгімені бастай берелік, деді Сейдахмет аға.

-Болсын, осы дұрыс. Талай жерде сұқбат беріп едім, бірақ машинаның ішінде, жол үстінде жүріп келе жатып, сұқбат бермеппін. Сейдахмет, мұның табылған тәсіл болды. Шоң рахмат,- деп қазақша ағылған ағамыз алғысын қырғызша қайырып, редакция көлігіне отырды.

 Бұл бір айтулы сапар, айта жүрер тәлім болды. Қорытындысында «Лениншіл жас» газетінде «Жол мұраты – жету» деген көлемді, бір жарым беттік мақала-сұқбат шықты. Онда Шыңғыс Айтматовтың осы сапардан түсірілген бірнеше суреттері жарияланды. Бұл суреттердің бәрін шапшаң қимылдап, шалт байқап, түсіріп үлгерген фототілші Рахымбай Ханалының еңбегі де ұжым лездемесінде аталып өтті. Шықаңа қойылар сұрақтың бәрін қойдық, бұл сауалдарды қою барысында жүз жетпіс шақырымдай жерді бірге жүрдік, Қордай асуында арнайы дастархан жайып, жаһангер жазушыға жолаяқ бердік. Шықаң ағыл-тегіл ақтарылып, арқайын отырды. Қазақтың қазы-қартасынан құлшына дәм татып, тобылғы күрең «Қазақстан» коньягінен тартынбай алып, «қасиетті Қордай асуы ғой бұл, шіркін, қазақтың байтақ даласы-ай» деп ұлан далаға ұмсына қарап тұрған шағы әлі көз алдымда. 

Бұл да бір дәурен екен. Қырғыз Алатауының етегіне дейін етене жақындап келіп,  сол жерде асыл ағамен құшақтаса қоштасып, қайыра-қайыра суретке түскен сәт те есте. Рахымбайдың тынымсыз сартылдаған фотоаппараты сол кезде тарихтың талай парағын жазып жатқанын енді терең түсініп, толғана күрсінемін. Екі азаматтың ғана емес, екі халықтың арасындағы алтын арқауды әрбір іс-әрекетімен ширатқан, іні мен ағаның арасындағы қалтқысыз көңіл мен алғаусыз пейілді көрсеткен, көрген жанға тағылым-тәлім болғандай үлгі көрсеткен сол аяулы жандар енді ортамызда жоқ. Бірі Қырғыз Алатауының Ата-бейітінде, екіншілері Қазақ Алатауының Көктөбесінде мәңгілік дамылдап жатыр. Бір-біріне биіктен қарап, рухтары сәлем жолдап жатқан болар.

Ағаларға деген ақжарма көңіл айтар әңгімеден алып қашып та кетеді. Сол сапардан Рахымбай досым «Ленин» деген атақ алып оралды. Ленин деген сөздің ол кезде бағасы қандай болатынын бүгінгі аға ұрпақ әлі ұмытқан жоқ. Ондай ат алған Рахымбайдың сол кездегі көңіл күйіне еріксіз қызыққанымызды несіне жасырайық.

Шыңғыс аға редакцияның көлігіне отырғасын, қонақ отырған ақ «волга» теңіздей жүзген ақ кемедей жүйтки жөнелген. Қонақтың көлігі де маңдайын алға бұрған. Содан сан сауалдың жетегінде тарта берген бізді бір кезде Шықаң: «Осы біздің машина көрінбейді ғой, алыста қалғаны ма?» деп серпілтті. Бір дөңнің үстіне шығып, артқа көз салсақ, қара машина көрінбейді. Жүйткіп өтіп жатқан машиналардың арасынан да көзге түспейді. Шықаң аздап мазасызданып қалды. 

Дереу кері оралып, жиырма шақырымдай жерді артқа салғанда, капотын аспанға керіп, қара жолдың бойында қаңтарулы тұрған қара машинаны көрдік. Жүргізушісі жол жиегінде, қаннен-қаперсіз, құдды бір құдалыққа келгенде аяқты айқастырып тастап, шылым шегіп отыр. 

Машинаға жақындап келгенше Рахымбайды көре алмадым. Қасына келіп тоқтағанда барып көрдім. Ашылған капоттың ішінен Рахаңның екі табаны көрінеді. Мотордың ішіне түсіп кетердей болып ұмсынып, ол қаптаған сымдардың бірін қозғап, бірін бұрап, бірін тартып, әлек болып жатыр. Жүгіріп қасына келдім.

-Не болыпты, Раха? Сенің мотордан хабарың бар ма еді?,- деп бастырмалатып жатырмын. Рахаң өзінің әдеттегі күлкісіне салып, аузын басып бір күліп алды.

-Атаң қоқи, түк білмеймін. Өмірімде капотты ашып тұрғаным осы. Мариям жеңгей мазасызданған соң ішіне түсіп кеттім. Әйтуір сымдарын жұлқылап жатырмын. Мына шопыр бұл машинаға отырғаным осы, мен де түк білмеймін дегесін, не істеймін енді, деп бетіне жұққан қара майды алақанымен бір сипап, күллі бетіне жақты да салды. 

Сосын жүгіріп кабинаға кірді. Мен: «Ойбай, Раха, скорстан шығар» деп өз білгенімді асыға жеткіздім. «Атаң қоқи, ол қай жерде, мына бір пәлесі осы ма?» деп Рахаң жылдамдық тетігін ауыстырды. Кілтті бұрап қалғанда, машина гүр етіп от алып, қызды да кетті. «Жарайсың, Раха» деп құшақтап жатырмын, осы кезде машинаға жақындап келген Шыңғыс аға: «Қағылайын, мына Рахымбай інім Ленин екен ғой» деп риза болып, оны кең құшағына алды. Алып аңғал, батыр албырт деген осы. Рахаң, жаңа ғана Ленин атағын алған Рахаң, жан-жағына жымыңдап қарап, қой көзі күлің-күлің етеді. Адамзаттың Айтматовы атанған алып адамнан бата алып, күн көсемнің есімін иеленген адамға енді не айтарсың?! Шамасы, енді біз «Лениннің өзін көрдік» деп  мақтанып жүретін болармыз.

Рахымбай-Ленинмен содан кейін де мен талай рет сапарлас болдым. Күз жақындағанда, әрбір редакция балапан санайды. Біздің балапанымыз – газеттің тиражын көбейту, жазылу науқанын ойдағыдай жүргізу. Ол біздің ортақ мақсатымыз, ортақ абыройымыз. Рахаңмен Қазақстанның көптеген жерлерінде болдым. Соның бәрінде осы азаматтың тапсырылған іске деген жоғары жауапкершілігін, белсенділігін, жанашырлығын көрдім.

Бір жылы газетке жазылу науқанымен Орал облысына бардық. Оның ең қиырдағы Орда ауданында оқырмандармен кездесу өткізіп жатқанда, менің көптен көрмеген досым Бекқали Хамзин жүз шақырым жерден іздеп келіп, біздің барлығымызды ауылына қонаққа шақырды. Ауылы «Ұзынкөл» деп аталады екен. Келдік. Керемет кеш болды. Ағыл-тегіл көңіл, ағыл-тегіл дастархан, ағыл-тегіл ән мен күй. Бір кезде әбден көңілі тасыған Рахаң маған: «Өтеген, сен давай, сөзін жазшы, мен қазір ән шығарамын» десін. Рахымбайдың талай қырын білуші едім, бірақ сазгерлік қырын енді көргелі тұрмын. Шын қуанса, адам ақын да, сазгер де болып кетеді екен. Рахымбай қуанса да, ренжісе де шын көңілі көрінуші еді.

 Басқа-басқа өлеңге кідіріс жоқ, дереу қағаз, қалам алдырып, «Ұзынкөл кештері» деген өлең жаздым. Рахаң қолына аккардеон алды. Бұрын оның ондай өнері барын білмеуші едім, тартты дерсің құлашын ашып. Шәмшіден бастап, Әсетпен қостап, Нұрғисамен жалғап, Ескендірмен самғап, талай ән төгілді. Ұзынкөлдің ұзына бойына дейін ән шалқыған сол кеш те енді тарих жадында.

Біздерге «жарты сағаттай отыра тұрыңдар, менен ән туып келеді» деп, өзі оңаша бөлмеге кетті. Бір кезде қайта оралып, «ал, жаңа ән туды, енді бірігіп айтамыз» деп бәрімізді хорға тұрғызды. Өзі сазгер, өзі дирижер, өзі концертмейстер Рахаңның әнін – «Ұзынкөл кештерін» сол хор таң атқанша шырқады. Үй иесі тіптен бақытты, енді бұл ән біздің ауылдың гимні болады деп аққұба өңі алабұрта күліп, жүгіріп жүр.

Бұл ән, мүмкін Рахымбайдың көңіл түкпірінде қалған болар, мүмкін көп қағаздарының арасында жатқан да болар, бірақ қалай болса да бұл да аяулы азаматтың жарқын қырын танытатын жағдай болатын. 

Рахымбай Ханалы өзінің жаратқан берген жақсы ғұмырында талай жарқын істердің басы-қасында болды. Адал жар сүйді, ұлағатты ұрпақ өсірді. Оның фотоаппараты мәңгілікке бейнелеген мыңдаған фотосуреттер дүниеге келді. Олардың арасында адамға тән мамандықтың бәрі бар десек, асыра айтқандық болмас. Ол суреттер енді егемен еліміздің мәдени-рухани дүниесіндегі қымбат қазына, бағалы дүние болып, тарихтан сыр шертеді. Қазақ елінің фототірлігі жалғасты болып, кейінгі толқын осыны ілгері дамытып жатса, оның алдыңғы бастауында осы Рахаңдар тұрады. Дүрбелең мынау дүниеге фотообъктив көзімен қараған жайсаң дос Рахымбай Ханалы пенде баласын жатсынып көрмеген, кездескен адамға бірден дос-бауыр болып кететін ақжарма азамат болатын.

1987 жылдың қыркүйек айында Жезқазған даласында, әйгілі Ұлытаудың басында, самал жел тербеп, теңіздей толқыған ақселеулі далаға шалқып қарап тұрғанда, қаладан хабар келіп, мен ұлды болғанда, сүйінші сұрап, мені құшақтап, қуанғаннан көзіне жас алған Рахаң еді ол. Тонның ішкі бауындай болған, сырлас дос-інім, сапарлас дос-бауырым Сапаштың, Сапарбай Парманқұлдың өзі туралы айтқан анекдот-әзілдеріне көзінен жас аққанша мәз болып күліп, өзі соған баладай сеніп, балбырап, екі беті албырап отыратын Рахаңның бейнесі әлі де көз алдыма келеді. Оның әрбір сөзі «менің биттейден бірге өскен досым» деп басталып, «атаң қоқи, осылай болды» деп мәз болып отырғанын онымен бірге қызметтес болған жандар әлі ұмыта қоймаған болар. Өзінің бастан кешкенін өзі анекдот етіп айтып, «Африза маған ұрысты ғой» деп мәз-мәйрам болып, «енді қашан шығамыз іссапарға» деп асай-мүсейін дайындап, кәнігі аңшылардай алаңдап тұратын.

Самалы әлі де аңызақ болып соғып тұратын тамыз айында оңтүстік өңірге іссапарға барып, Тәшкен жағына қарай ойысып, Жаңа базар, Абай ауылдарына жолымыз түскенде, жаны қалмай қуанып,  үйінен дәм татқызып, асыл анасымен таныстырып, баладай қуанып, жаны қалмай бәйек болғаны да әлі күнге есте. Сары қауынның әр түрін әкеліп, біздің қарсылығымызға қарамай бәрін жарып, дастархан үстін ағыл-тегіл етіп, шалқып, шаттанып отырғаны да ұмытылған жоқ. Онда да Сапаш інім қасымда, анекдоты аузында, кейіпкері - Рахымбай.

Артында қалған асыл жары Афризаның Рахымбайдың есімін ұмыттырмай, жыл сайын фототілшілердің байқауын өткізіп, өз қаражатына іс-шара өткізіп жатқанын естіп, оқып, шексіз ризашылығымды білдіремін. «Асыл туған әйелді, ханым десең болмай ма?» деген баяғы шалдардың сөзі осындай жайттардан кейін туса керек.

Өткен жылдың маусымы еді. Қадыр ағамды, Қадыр Мырза Әліні шығарып салып, үйіне әкеле жатып, күтпеген жерден Рахымбай Ханалы көшесіне түстім. Жарқ етіп жақсы дос алдымнан шыққандай болды. Көшенің арғы басынан күлімсіреп шыға келетіндей болып, жан-жағыма жалтақ-жалтақ қарадым. Сырбай Мәуленовтің: « Тым мұңайтып жіберген кеше мені, Алматыда ақындар көшелері» деген өлең жолы ойыма оралды. Енді абзал жандардың арқасында Алматымда фототілшілердің де көшесі басталды. Жалғасты болғай жақсы жол.

Қазақ елінің қарапайым перзенті, белгілі фотожурналист Рахымбай Ханалының туғанына 60 жыл. «Алпыс – талтүс» деп еді Шерхан ағамыз. Япыр-ай, Рахымбай дос талтүске жетпей, ұзын сәскеде кетіп қалған екен-ау. Ылғи да асығып жүруші еді. Бұл жолы неге асықты екен?!    

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

АСПАНЫ  БИІК   АТАЖҰРТ
23 июль 2019, Вторник
АСПАНЫ БИІК АТАЖҰРТ
ҚАҒБАНЫҢ  ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
22 июль 2019, Понедельник
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:15
воздушные шары москва недорого ---- Кликай по ссылочке! ---- Чемодан для ручной клади купить недорого Москва ---- Кликните по ссылке для просмотра всех предлодений ---- шарики лол ---- Шарики воздушные на праздник детям и любимым ---- снять офис ---- Все для посетителя ---- аренда офиса 9 Акров ----- каталог сайтов посмотреть ---- бц омега плаза адрес ---- Посмотрите дверь ---- входная металлическая дверь в квартиру госуслуги займ экспресс первоуральск 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры