Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА

ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА

10 июль 2019, Среда
2 520
1
Халқымыздың  қастерлі  өңірлерінің  бірі – Ақмешітте туған абыз, сәруар көреген, сопылық ілімнің сардары, қасиетті Құл Қожа Ахмет Яссауи бабаның жолын жалғаған шандоз шәкірті, дәргейлі дінпаз,  дауалы емші, дін сүйген елші БЕКЕТ АТА МЫРЗАҒҰЛҰЛЫ  туралы жазылғандарға жалғасты сөз.
                                       
 1.ТУҒАН  ЕЛДІҢ  ТҮЛЕГІ
Руханият абызы  Пір Бекет Ата Мырзағұлұлы – ғибратты ғұмыр кешкен, 
ел арасында әулие атанған тарихи тұлға.
Нұрсұлтан  Назарбаев.
(09.2010 жыл).
*  *  *
         Сол жылы көктем ерте шықты. Жайсаң жазғытұрының жарқын жырын, барқын нұрын, талшын сырын әуелі ақ тамақ қарлығаштар жеткізген. Жем бойының балапан талдары да ерте көктемнен қалғысы келмей бүрін балалатып, жас жусанның жұпарын аралатып, балдырған бәйшешектері «жас жүрек жайып саусағын, талпынған анау күнге алыс». «Аспан күлімсіреп», жер жымиып, су жарқылдап, қаз қаңқылдап,  самал сөйлеген бір сәтті күні біздің үй Аманбай тоғайының Жемге ұмсынған жеріне келіп, бақан көтерген. Соңғы үш-төрт жылдағы әдет осы. Қыр бойын қоңыраулатқан қозы-лақ – біздің меншігіміз. Жалаңаяқ жүгіріп, алдын қайырып, енелерінен айырып, мігір таппаймыз. Осында күнделікті күйбеңнің  ұлыжіңгір тірлігі қызады.
 Жем жағалай түндік ашқан ақшаңқан үйлер айдынға төсін малған аққулардай болып қаз-қатар қонады. Аманбай тоғайының арқа жағы Шеңгелтоғай, оның шығыс беткейінде ордалы жыланның ошағы болып жататын Жыңғылтоғай. Кәдімгі, екінші «Алтын адам» табылған Жыңғылтоғай, атақты  Аралтөбе. Осы екі ортада Сарматтың сардары мәңгілік қонысқа жамбас тигізген. Киелі, қасиетті жер. Аманбайдың атын білгенмен, затын білмейміз ол кезде. Білгізбеген. Жарықтық ол да қасиет қонған көреген, емші, аңыз бойынша қажет кезінде шапанының екі етегін жайып жіберіп, ұшып кете беретін әулие болыпты. Осы тоғайда отырады екен. Бекет Атаның тұстасы. Жақындығы да бар көрінеді.Бірақ есімі елге жайылмай, тоғайда аты қалған. Тоғайдың батыс бетінде Құлшан әруақтының бейіті. Әлі күнге дейін ел түнеп, бата тілеп жатады. Одан түстікке  қарай маңдай тіресең,  Қырғын әруақтының қорымы. Шығысқа қарай мойынұсынсаң, әйгілі  Ақмешіт.  Демек, осы бір Бермуд ұштағаны секілді аумақта талай аңыз-абыздар дүниеге келіп, ғибратты ғұмыр кешкен. Бұлардың бәрі қазір «Қазақтың қасиетті жерлері» картасына түскен. 
Осылардың  атақтысы –  Ақмешіт. Ақ борық аласа таудың беткейі көне қорым. Араб әріптерімен әдіптелген, ескі, жел мен жаңбыр мүжіген құлпытастар, нардай шөккен қайрақ тастар мен қиюы кетіп, құлап жатқан қозықұйрық тастар. Осы жерде, қасиетті өзен – Жем бойында, бір кездері Шат деп аталып, талай ұрпаққа қоныс, сусын болған өзен бойында, ақ борық аласа таулардың етегінде Бекет Атамыз 1750 жылы дүние есігін ашқан. 1813 жылы 63 жасында өмірден өткен. Осында Бекет Атамның атасы Жаналы, анасы Жәния, әкесі Мырзағұл, баласы Тоғай мәңгілік дамылдап жатыр. 
1867 жылы осы өңірде болған ғылыми экспедиция мүшесі А.О.Дюгамель Бекет Атаның осы жердегі мешіті туралы: «Ақбор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, үңгірмен үш құлаштай жүргенде ені екі жарым құлаш, биіктігі кісі бойындай дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдық бар. Оның оң қапталында тағы бір бөлме. Осылардың арасында сырық тұр. Жемдегі Ақмешітті бұдан 50 жыл бұрын салған, Бекет қайтыс болған соң Оғландыға қойылған» деп жазып кеткен. (Русский архив. 1885 жыл, №2, 184-187 беттер).



Баяғы баянсыз күндерде  осынау жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен, бағзы заманда «жембойылық»  деген атауға ие болған Алтыұл тайпалары тарихи тар кезеңде бұл мекеннен ығысып, 1622 жылы Қажы Тарханға қоныс аударып, ол жақта да жағдайлары болмаған соң үлкен тобы 1626 жылы қайта оралып, қоныс тепкен. Бұлар да қасиетті бабамыздың арғы жұрағаттары болса керек. Жөргекті  жұрттан жырақ кеткен жембойылықтардың қазіргі заманда қай елдің құрамында, қай жұрттың ұранында жүргені бір Аллаға аян. Еділ бойында қалған ескі жұртқа қайырыла қарап, қамырыға өкініп, көз жастарын бұлап, есіл ерлеріміз талай өксіген ғой.
Жем жерінде, тарихтың төрінде қалды. Кезінде, көктемде тасығанда, аттылыны ағысымен батырып, түйеліні толқынымен төңкерген, асу бермес асау су бұл күнде, кешегі кеңестік жүйе кезіндегі қолдан бөген салып, шідерлеген кезде, әбден жуасып, жазда тілерсектен аспай кешіп өтер, тамызда тартылып үзіле бастар, қыркүйекте  жылап аққан жылға болып қалар жағдайға жетті. Сұмырай келсе су құрыған, найсап келсе ну құрыған кезеңде Жем бойындағы Ақмешіт те көзден қағыс, ниеттен алыс қалды. Әулекі адыраң, «әпербақан бес бөрі» біреулер мешітті қиратып,  талан-таражға да салған. Қызыл қырғынның сол «айда-шап» атжалмандары абырой таппады. Оңғаны жоқ.



Тарих тапжылмайды. Қасиет қасіретке айналмайды. Өсиет өлмейді. Тарихтың талай ғасырлық осынау күре жолында Ақмешіт те сапар шеккен жандарға медет-сая болып, пейілі тазаға жебеуші, парасаты молға демеуші болып жата берді. Нар шөккен, нараду болған көне мекеннің назы да, жазы да Тәуелсіздік келгенде қайта жаңғырып, көненің күре жолы көңілдің төріне, ықыластың беліне, жақсылықтың жеріне айналды. Жымы жұмбақ жалғызаяқ жолдар енді айдынды даңғыл болып сайрап жатыр. Сол даңғылдар ниет еткен жанды Атаның туған жеріне алаламай алып келіп жатады.
Бекет Ата  жиырма тоғыз таңбалы кіші жүз елінің ішіндегі он екі ата Байұлының  Адай тайпасының Мұңал тармағынан тарайды. Атаның әкесі – Мырзағұл, анасы – Жәния. Жәния анамыз, жарықтық, қасиетті Назар қожаның қызы екен. (Назар қожа атақты Әбіш Кекілбайдың бабасы Жаңайға бата берген абыз. Сол батадан кейін туған ұлына Жаңай баба Қожаназар деп ат қойған. Әбіш ағамыздың ұрпақтары қазір Қожаназар деген текпен жүр). Мұңалдан Жаулы бөлімі, одан Атамыздың Қосқұлағы шығады. Бекет Атадан Жайлау, Бәйтелі, Тоғай, Байнияз, Қодар есімді бес ұл және Маңдайлы, Ақмаңдай деген екі қыз тарайды. Олардан тараған ұрпақтар қазақ жерінің төрткүлінде тірлік кешіп жатыр. 
Менің анам да Мұңал-Жарының қызы, яғни Бекет Ата маған ұлы нағашы болып келеді. Менің де кіндігім осы жерде кесілген. Жаз айларында осы жерде алаңсыз ойнап, қой қайырып, қозы айырып, қармақ салып өстім.  Бұрын мұны мақтан етіп айтушы едім, енді «тәубе» деп ниет етіп, қасиетті жердің, қастерлі ердің есімін елге үлгі, өмірге өнеге, пейілге кереге ететін жасқа келдім. Бұл мақаланы да сондай шынайы пейілдің  мысалы ретінде жазып отырмын. Атаға арнаған арзу жырларым – өз алдына бір көш.
Жылғалардан басталып, жайылып ағатын Жем өзені Ақтөбе жеріндегі  Мұңал-Жары тауларынан бастау алады. Демек, ежелден бұл өңір Мұңал-Жарылардың атақонысы болса керек. Ақтөбе облысының  Байғанин ауданында көптеп тұратын адай жұртының: «Бұл біздің атажұртымыз» деп айбынданып отыратыны осыдан болар.  Кезінде қазақ жерінің атауларын аударып жазып, қулық ұстанған орыс жаратылыс тану ғылымы саласының тіміскі мамандары картаға Мугаджар (Мұғаджар) деп жазып жіберіп, байырғы ізден адастырған. Еліміздің картасында да осы жазу әлі тапжылмай тұр. Бекет Атаның нағашысы, «Ердің соңы – Есет» атанған баһадүр батыр бабамыз Есет Көкіұлының Жеммен төркіндес Елек өзені бойындағы дөңде өз өсиеті бойынша: «Аяғымды  құбылаға беріп жерлеңдер, жауларымды жеріме жібермей тіреп жатайын» деп, аманатының орындалуында да талай тылсым жатыр. Қазасы қаһармандықпен ұштасқан, өлімі де өміршең болған қайран, Бабаларым-ай. Олардың ерлік жолында етігімен су кешкен, белінде бес қаруы дайын тұрған, қазанаттары түрегеліп тұрып ұйықтаған заманнан тартқан ұлы жолы азаттыққа алып келді ғой, тәубә! Соның бірі жүректен шыққан – сопылық жол.


Қазақ даласына кең тараған сопылық жолды ауқымды көлемде таратуда ерекше еңбек сіңірген әулие, абыз ақын  Қожа Ахметтің  ілімін жалғастырған Бекет Атаның сопылық жолы біздің ата-бабаның діни дәстүрімен рухани-имани жағынан терең тамырласады. Кезінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ислам діні кейін 73 тармаққа бөлініп, әртүрлі теріс ағымдардың жетегіне түседі. Соның біреуі ғана – ақиқат. Бірақ кейін олардың бәрі жойылып, мен ұстанған мазһаб қайтадан орнайды» деп кеткен. Діни сауатсыздық дүмшелікті, діни әсірелік әулекілікті, діни еліктеушілік  рухани соқырлықты көрсетіп жатқан қазіргі кезеңде сопылық жолдың сындарлы да, сәруар бағыты саналық жаңғыруға ұласса деген үміт пен арман бар. Ұлы ұстаздың ұлағатты сөзі ұранымыз да, құралымыз да болсын деп қызмет жасайтын дін мамандарының алдында тұрған парыз бен қарыз осы.
Әулие – уәли (уәлі) араб сөзі екені белгілі. Құранның араб тілінде түсуінің өзінде тылсым құпия мен ерекше қасиет бар. Оның негізін салған Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) ұстанған ұлы бағыты – суфизм. Сопылық ілімнің алғашқы кезеңінде (ІХ ғ.) бұл атау теософиялық мазмұнда қолданылды. Осы ретте оны ерекше меңгерген жанды әулие деп бағалау орын алды. Алланың нұр дидарын көрген ұлық Пайғамбардың (с.а.с.) да сенімді өкілі – әулиелер деген ұғым осы әулие атанғандарға берілген діни баға еді. Хаким Термезидің пайымдауы бойынша: «Пайғамбар Аллаға ғана емес, әулиенің де демеуіне сүйенеді». Қазіргі ұғымға салғанда, әулие – пайғамбардың жергілікті жердегі өкілі, хакім. Х ғасырда сопылық ілімдегі әулие иерархиясы белгілі жүйеге түсіп, олардың сопы аталуы осыны дәлелдейді. Біздің заманымызға жеткен «Маңғыстауда 360 әулие» деген тіркес осыдан келіп шыққан. Осылар арқылы ХІІІ ғасырда сопылық  ілім ислам дүниетанымының тірекші ұстынына айналған.
Қазақ даласына ислам дінін таратушы қожа әулетінің тұлғалары: Баба Түкті Шашты Әзиз, Арыстан Баб, Ысқақ Баб, Сайрамдағы сансыз Бабтар, Шайхы Ибраһим, Қожа Ахмет Иассауи, Шопан Ата,  Масат Ата, т.б. болса, халыққа ислам дінінің сопылық жолын таратқан жергілікті халықтан шыққан Бекет Ата, Бұғра Қара хан, Бахауиддин Нақышбанд, Науан хазірет, Марал ишан, Қалжан Ахун, Мәшһүр Жүсіп, Оңай Ата секілді тұлғалар әулиелік жолды жалғастырып, халқының қадір-құрметіне бөленген. Ұлттық ортада этникалық болмысқа айналып, ислам агиологиясында есімдері түзілген, аңыз-әфсанаға, мифопоэтикалық  бейнеге бейімделген олар жергілікті халықтың сиынар тірегіне, зиярат етер орнына айналған. Сопылық ілім, сопылық жол осылай орныққан. Өйткені сопылық жол қазақ халқының көшпелі өмір салтына, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне рухани жағынан етене жақын. Оның басты түсінігі – анимизм, яғни адамның жан мен рухқа сенімі. Ортодоксиялық  ұстаным діни ауқымда дәстүрдің тұрақтылығын білдіреді. Имам Ағзамның жолы – сонда «хақ, тура жол» деген сөз. 


         Сопылық жолдың пірі, әулиелік қасиеті жұртының көз алдында көрінген, абыз Абай айтқан «кемел адам» дәрежесіне жеткен Бекет Атаның өмірі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ғана емес, мәртебелі мектеп, мінажатты дәріс болса, қазақ жастарының адасып, ауа жайылып, ата-бабаның діни дәстүріне кереғар келуі ақырында ақылға жүгініп, өз сүрлеуіне қайта түсуіне көмекші болар. «Шындық сонда» деп шығандап Шамға кетіп, жат жерде пұшайман болып жүрген бауырларымыздың туған ел жаққа телміре қарап жанарынан тамған  көз жастары ақиқат пен тарихаттың үстемдік құруында ғана құрғайды. Абай тәспірлеп кеткен «кемел адам» ілімін толық меңгерген Бекет Ата бір мезгілде бірнеше өлшемде өмір сүрген. Бізге жеткен аңыздарда Бекет Атаның мойны қара аққу болып ұшуы, шын мәнінде, оның осы өлшемдер дәргейіне жеткенін білдіреді. 
         Қазақ тарихында тосын да тосқауыл пікірлерімен көрініп жүрген қаламгер-тарихшы Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы бір дерегінде әйгілі академик А.Д.Сахаровтың: «Мен атом энергиясымен бекер айналысыппын. Мен сопылықтың «Кратовый нара» теориясымен шұғылдануым керек еді. Оны меңгергендер бір құрлықтан екінші құрлыққа, бір планетадан екінші планетаға көзді ашып-жұмғанша бара алады. Құрлықтың әр жерінде бір мезгілде көрінуге болады. Өмірдегі өкінішім осы» деген сөзін келтіреді. Бекет Ата сонау қиырдан жатқан Маңғыстаудың ойынан Бұқарадағы таңғы намазға аққу болып ұшып келіп қатысып, жұрттың бәріне көрініп, қайтадан ұшып кетіп отырған. Демек, академик айтқан теория бойынша «кемел адам»,  қазақ айтатын «әулие» бір мезгілде бірнеше жерде бой көрсете алады. Мұндай мысалдар таулы Тибеттің әйгілі монақтарында да болған. Ел арасында «қара суды теріс ағызған», немесе «аспанда ұшқан құсты қолға қондырған» деген аңыз-әфсаналар көптеп айтылады. Бекет Атаның жайылып жүрген киіктерді қолымен ишара жасап қайырып әкеліп, сауып алып, сауырынан сипап қайта жіберуі туралы аңыздардың да астарында ақиқат жатпасына кім кепіл? 
Өткен жылы тамызда барған кезекті мінажаттық сапарымда Атаның мешітінен шыққан кезде оң жағымнан көрініп, шыңның ұшар басына шыққанша қапталымнан еріп жүріп отырып, жиырма метрдей жерге үш рет келіп алдымда қарап тұрып, шығарып салған бес арқарды Атаның малы деп жақсылыққа жорып, жанымның жұпар шашқаны бар. Атамыздың мәңгілік мекені – Оғланды тауы географиялық-тектоникалық жағынан да жұмбаққа толы. Мұндағы ауа райы да, тасты жарып шығып жатқан бұлақ та, сан алуан түсті жартастар да, бір-біріне ұқсамайтын өсімдектер әлемі де  тылсым тіршіліктің ерекше болмысы болып сезіледі.
Осындай ғажайып сезімді 2011 жылы Алла сәтін салып, Меккеде болған кезімде, Ұлық пайғамбарымызға (с.а.с.) Құранның алғашқы аяттары түскен Нұр тауындағы Хира үңгірі жанында болған шақта бастан кешкен едім. Адамдар секілді таулар да ұқсас болады ғой. Оғланды тауы мен Нұр тауының пішіні мен пішімі, түсі мен түрі бір-бірін қайталайды. Хира үңгірінде Жаратқанның  жарлығымен түскен аян аяттар «оқы» деген сөзден басталса, Оғланды тауындағы Бекет Атаның  имани тірлігі «оқытудан» басталған. «Оқы» мен «оқыту» деген төркіндес сөздерінің арасында «кратовый нара» теориясының өмірде жүзеге асуының тылсым құпиясы бар секілді. Тегі бір тел сөздер «әуелі сөз болған» деген Ұлы Кітаптағы тұжырымға тиянақ емес пе?
Қажылық сапардан оралған соң, 2012 жылы, «Қағбаның қарлығаштары» деген атпен  мінажаттық жыр жинағын шығардым. Сол жинақта әйгілі Нұр тауы мен Хира үңгірі туралы:
                   Жақпар тастың әжімінен сырғанап,
                   Нұр тауынан тарап жатқан нұр ғажап.
                   Күллі әлемдік мұсылманның бірі боп,
                   Тауға қарап телміреді бір қазақ.
                   Хира-үңгірге көп қарадым үңіліп,
                   Мінажат қып, аят оқып, бүгіліп.
                   Құлағыма Құран үні келгендей,
                   Жүрек соқты асыққандай жүгіріп...
                   Құран бізді оңдырады оңдырса,
                   Жылытады кәпір демі тоңдырса.
                   Құран емес, ең болмаса жыр түсер,
                   Нұр тауына қонар едім қондырса,- деп жаздым. Әрине, әрбір мұсылман Нұр тауына түнеуге құштар екен, бірақ қалыптасқан тәртіп бойынша оған рұқсат берілмейді. Біз де мұндай мүмкіндікке ие бола алмадық. Бірақ жырымды қалдырғандай күй кешкенім аян. 
«Шариғат базарында сайрандағам, Мағрипат бақшасында жайраңдағам, Тарихат сарайында тайраңдағам, Хақиқат есігін аштым, міне» деп Қожа Ахмет Яссауи бабамыз жазып кеткендей, ( Қожа Ахмет Иассауи, «Хикметтер», 41-ші хикмет, 102-ші бет. Ақын Есенбай Дүйсенбаевтың аудармасы) дүние төрттігінің төріне шыққан Бекет Атаның сопылық жолдағы қасиетті қызметі бүгінгі ұрпаққа үлгі болса керек-ті. Хорезмде атақты діндар, ғұлама Бақыржан қажының (Фахраддин) дәрісін алып, үздік шәкірті болған,  оның алысқа лақтырғанда ұшып келіп Оғланды тауына шаншылған көк асатаяғына ерекше қасиетімен ие болған Бекет Атаның аты аңыз бен ақиқаттың арасындағы алтын көпір сияқты. Аңыздың астарында ақиқат жататыны даусыз. Аққу болып ұшып, ақиданы ұстанып, ақиқатты сопылық жолмен жалғаған  Бекет Атаның осы киелі құсты таңдауында да тарихи мән бар.
Ежелгі Эллада елінде «Сван» атты Құдай мүсіні болыпты. Орысша «Сван», ағылшын тілінде«swan» (қазақша айтылуы «суан») «аққу» деген сөз екен. Қазақ шежіресіндегі «суан» руын еске салатын осы сөздің аққу сөзіне қатысы бар шығар деген қызық ой келіп те қалады. Ат қойғыш қазақ сан құстың атын қойған ғой ұрпақтарына. Эллада жерінде де байырғы бабалардың ізі бар.  Анау  Еуропа құрлығының терістігінде тебіндеп жатқан Скандинавия елінде, әсіресе Норвегияда аққу киелі құс саналады. Оны атпайды, етін жемейді, үйлерінде тұмар етіп тағады. Оның астанасы Ослодағы ең үлкен, салтанатты алаң «Аққулар алаңы» деп аталады. Осы аққулар мен біздің байтақ даламыздың өзен-көлдеріне көктемде келіп, қанатын жайып, балапан өргізетін аққулардың арасында көзге көрінбес, бірақ көңілге  түбірлес бір байланыс жатқан шығар деген ой бар.
Өтеген   ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстан  Республикасы
Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты
                   2.ТҰМАР  БОЛҒАН  ТІЛЕГІ
...Осы аңыз естігенде есімді алған,
Сондай бір ел жадында есім қалған.
Адайлар: «Иә, Бекет» деп сыйынғанда,
Кеңейіп сала берген есіл жалған.
Ғафу  Қайырбеков.
 1981 жылғы қыркүйек айында Норвегияда болған сапарымда баудай жамырап жатқан субұрқақтардың айдынында жүзген аққуларға қарап,  қаланың батыс бетіндегі түркілік нақышта салынған көне қорғанды көріп, Осло деген қала атауының төркінінде түркінің «Асылы» деген сөзі жатқанына қиял жүгірттім. Солтүстік теңізінде жүзіп келе жатқан біздің кеменің үстімен сұңқылдап ұшып өткен аққулар тобына қарап тұрып, туған даламды тебірене еске алғаным бар. Тасқа қашалған түбі түркілік өркениеттің тарихына лексикалық-семантикалық сараптама негізінде ғылыми-зерделік көзқарас бағыштаған, тасқа бәдізделген беймәлім сөздердің төркінін түрткен сөзгер ақын Олжас Сүлейменовтің уәжіне жүгінсек – «сөз – ең дәлелді, ең құнды  айғақ». Ежелгі викингтердің арғы түбінде де протүркілік тамыр жатқаны ғылыми дәлелденген. «Аққу» тотемі бізден барған шығар деп, кеудені мақтаныш пен өкініш қатар кернегені әлі есте. Орта Азиядан барған аққу тотемінің Бекет Атаның аққуына да қатысы бар шығар  деп қиялдасақ, жұртымыз жазғыра қоймас.  Киелі құстың адалдық ұстанымындай сопылық жол Бекет Атаның есімін ғасырдан ғасырға әз күйінде алып келе жатыр. Бұл жолды Пайғамбар (с.а.с) жолы деп тану арқылы діни сенімнің маржани мазһабын  көреміз.



Тура мағынасында жол жөнінде айтсақ, Батысында Сарайшыққа дейін, Шығысында Үргенішке дейін, Түстігінде Қожа елі – Қоңыратқа дейін, Терістігінде бергі Арқаға дейін кең жайылған Кең Жылыой қонысында дүниеге келіп, есімін еліне тәу етер кие, тағзым етер қасиет етіп қалдырған ұлы бабаның Хазар теңізіне ұмтыла жеткен Жем бойында жұртының қадірлісіне айналғаны ақиқат. Дешті Қыпшақ атанған алып өңірде ғұмыр кешкен Ноғайлы жұрты «Ел айырылған» еңкілдек заманда бірі Қырымға, бірі Ұрымға кетіп, одан әрі Бұлғар асқан. Қарға бойлы Қазтуғанның атажұртын, Бозтуған ананың келін болып түскенде оң аяқпен аттаған адал табалдырығын ғасырлардың құмы жұтты. Бірақ олардың соңында қалған аңыз бен деректің бір ұшы Бекет Атаның да өмір сүрген кезеңіне шүлен тартып, аңсар аудартады. 
Бекет Ата туралы аңыздар мен әфсаналарды ой сарабына салғанда, аттың жалында, түйенің қомында ғұмыр кешіп, алдаспан жастанып, қалқан жамылып, ерулі аттың ертоқымын алмай алаң көңіл болған аламан жұртымыздың білімге сусар арманын жүзеге асыруға ерекше еңбек, ерен пейіл танытқан Бекет Атаның қырық жасқа дейінгі жауынгерлік рухы одан кейін рухани сардарлыққа айналып, ең қуатты қару – білім екенін туған жұртына ұқтырудағы іс-әрекеті кемел адамның деңгейін танытады. Әбу Ханафия мазһабының сопылық жолын ұстанған баба ілімі оның пірлік парасатын терең танытып, халқына осы бағыттың дұрыстығын көрсетіп кеткен. Қара жамылып, бетін тұмшалаған діни әсірешілдіктің бізге жат екенін ол өз өмірімен де көрсетіп кеткені аян. Ешбір деректе Атаның тұмшалана киініп жүру туралы айтқан сөзі жоқ. Өкініштісі, ілімді – ұққанға, ақылды – жұққанға айту керек деп осындайда айтса керек. Алланың үйін халқына қажетті жерден тұрғызып, сансыз сауап алған пірәдардың парасатын кейде науқанға айналдырып, байыса мешіт салдырып, сонымен көп күнәмізді жоямыз деген пиғылдағы  пендешілік кейде бой көрсетіп қалады.
Бір қызығы, Бекет Ата өзінің мешіттерін Ұлы Жібек жолының бойына салып отырған. Біріншіден, ол  әрлі-берлі жүрген жолаушылар тоқтап, танысып, көріп, сезініп, сеніп кету үшін қолайлылық жағын ойластырған. Екіншіден, ұзақ жолдан шаршап келе жатқан жолаушылардың жол бойындағы керуен сарайда болған кезінде олардың жарнамалық-насихаттық рөл атқаруы ескерілген. Үшіншіден, өзі де сапар кешіп келе жатқан сан алуан керуеншілерден керекті жаңалығын естіп, ақпарат алмасып отырған. Төртіншіден, су бойын сағалап, Үстірттің әр құдығын жағалап жүріп отыратын өзге елдің жиһангездеріне жолығып,  өзі ұстанып, жүргізіп отырған дін жолы туралы мәлімет беріп, халқының өзгеге танылуына септік жасаған.
 Жем бойындағы Қарағай деп аталатын жерде кезінде керуен сарайы болған. Оның құм басқан орны әлі де көрер көзге байқалады. Осы жердегі қауым Бақашы әулие аталады. Судағы сан алуан бақаларды ұстап, бағып, түрлі ауруларды емдеуге қолданған кейуананың есімі ұмытылса да, өнегелі ісі ұмытылмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатыр. Бір ауызша деректерде ол кетелердің түпанасы Кетебике деген кісі екен деп те аталып қалып жүр. Дәл осылай деп айтуға даққа қалам, бірақ аңыз  астарында алғаусыз дән жататыны  бар ғой. Тіпті бұл адам Бекет Атамен тұстас болып, бір-бірін біліп, қатар ғұмыр кешкен болуы да мүмкін. Дүрлеп жатқан керуен сарайы, дүмеп жатқан керуеншілер, малын пұлдаған жергілікті жұрт, алыс-берістің қозғалысы болған жердің тылсым тілін озған ғасырлар байлап кеткенмен, бір күні тілін тапқан ер табылса, сөйлеп кетер.
Бекет Атаның қазақ жерінің әр қиырында: Сыр бойында, Жем бойында, Бейнеу бойында, Бозащыда және Оғландыда, жалпы 5 мешіті бар деп жазылып жүр. Белгілі ғалым, әдебиет нұсқаларын зерттеуші Қабиболла Сыдиықовтың 1994 жылы шыққан «Бекет Ата» кітабында осының төртеуі аталып өтеді. Мешіттің әр жерде болуы кезінде жас ұрпаққа сопылық ілімнің мән-мақсатын үйреткен Атаның ұстаздық ұлағатынан толық хабар береді. Қазір осы мешіттердің бәріне жан-жақтан жұрт шұбырып келіп, зиярат жасап, түнеп, бата тілеп жатады. Жүректі баураған сенім, пейілді баураған сезім екеуі астасқан тұста адам жанының жаңа энергетикалық қуатқа ие болатыны дәлелденген. Қасиетті адамнан осы күнге дейін жеткен сенім шұғыласы кемел адамның кемеңгерлік болмысын білдіреді. 
«Бұл қауымның ұраны «Бекет» болып қалыптасқанға дейінгі төл атауы Ата (Ада) Ноғайлының құрамында болған тайпа» деп жазады көрнекті қаламгер Әнес Сарай. Жазушының 1982 жылы Мәскеу қаласында шыққан белгілі ғалым Т.Сұлтановтың: «Кочевые племени Приаралье в 15-17 веков» деген ғылыми зерттеуіне сүйенген мақаласында «ад-гу оғлы» және «ад-лу оғлы» деген атаумен аталып, қазіргі шежіре бойынша Құдайке мен Келімберді атанып жүрген адайдың негізгі екі арысы екенін дәйектейді. Еділ мен Аралдың арасында көшіп-қонып жүрген көне тайпалардың ізі осы еңбекте біршама тиянақталған. Солардың арасында Бекет Ата да болған. Оның Арал маңында, одан кейін Жем бойында мешіт салуы осы деректің түбінде тарихи негіз жатқанын да білдірсе керек. Әйтпесе жалғыз адам жапан далада мешіт салып, бейнетке ұшырамас еді.
«Ұстаздық – ұлы нәрсе» деп сөз зергері Зейнолла Қабдолов жазғандай, Бекет Ата, шын мәнінде ұлы ұстаз. Өмірге сәби болып келген және сәбилік тазалағын ғұмыр бойы сақтай алған сәруар. «Құдай – жүректе» деген имани қағиданы ұстанған Лев Толстой да ислам дінінен тек қана тазалық пен пәктікті түйсінген. Оның ұстанымында ислами бағыттың басым болғаны осыны дәлелдейді. Жүрек тазалығы – сопылық ілімнің ең басты шарты. Жаратқанға мейілінше жақындаудың да басты ережесі осында. Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деуінде ұлы тәмсіл жатыр. «Рас сөз ешқашанда жалған болмас» деген діни-философиялық тұжырым оның абыздық-хакімдік болмысын сомдаған. Бір қарағанда жай ғана тіркес ретінде естілетін «рас сөз ешқашанда жалған болмас» деген философиялық тұжырымды талдау үшін терең теологиялық теорияны практикалық парасатпен шендестіру қажет. Бекет Ата осы қисынды ілім жүзінде жүзеге асырған адам. Атаның ерекше қасиеттерінің негізі – оның терең діни білімінде, Алла берген ерен қабілетінде, тылсым теологиялық танымында, дидактикалық-философиялық әлеуетінде, телепатиялық тылсымында, кемелдік келбетінде жатыр. Оның ғажайып қасиеттерін біз тек өз мақсатымызға қарай бейімдейміз, алайда Атаның ерекшелігін ғылыми-сараптамалық, діни-танымдық жағынан үңіле  індеткеніміз жоқ. Діндидары мен ділдидарын жүрек айнасында тең ұстаған тектінің ізіне түсер ізгер келер уақыт болды.
 Бекет Ата – ел таныған әулие. Неге әулие демеске? Бекет Атаның туғанына 260 жыл толуы қарсаңында оның Ақмешіттегі кесенесінде шырақшы болып отырған, атаның тікелей ұрпағы Ислам қажы Мырзабекұлы көлемі 650 беттік «Бекет Ата» атты жинақ шығарды. Сонда Атаның әулиелік қасиеті туралы жүздеген мысалдар, аңыз-қисындар, ел аузынан жеткен әңгімелер бар. 

«Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөзіміз бар. «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пір Бекет» деген тұрақты тіркесті шығарған да халқымыз. Ислам әлемінің есімдері бір-біріне жалғасқан үш перзентінің әз аттары қазір діни ұғым мен діни ұстанымның түпқазығы секілді қабылданатын болды. Әрине, қазақ даласында ерекше қасиет пен мүмкіндікке ие талай жандар болған. Бірі емші, бірі көреген, бірі дұғашыл, бірі баташыл, бірі болжампаз сол жандардың барлығы дерлік ислам дінінің ата-баба дәстүрімен астасқан бағытын ұстанған. Қажет кезінде қарапайым пенде, қажет кезінде тылсым күшке ие  болған олар туралы аңыз-дақпырттар да жеткілікті. Бірақ олардың қай-қайсысы да осы үштіктің тұспалды тіркесіне кірген емес. Демек, Бекет Атаның әулиелік қасиеті, пір деген атағы аса жоғары діни  деңгейдегі жалпыхалықтық титул болғанын көрсетеді. Пайғамбарлық пен машайықтық секілді аса жоғары жалпыисламдық  діни атаққа жақындаған пірлік атақты қазақта екі адам иеленген. Оның бірі Бекет Атадан да бұрын Сыр бойында ғұмыр кешкен руы керейт Мүсірәлі Жәдікұлы деген кісі. Ол Тәуке ханның заманында, 1676 жылы үш жүздің баласы жиналған жиында жалпыхалықтық сайлауға түсіп, кереметін көрсетіп, исі қазақтың пірі атанған. Мүсірәлі осыдан кейін софы әзиз атанған. Ал Бекет Ата мұндай сайысқа түспей, өзінің ерен қасиеті мен керемет іс-әрекеті арқылы пір атанған. Мүсірәліден кейін қазақта пір сайланбаған.
Пір деген аса қадірлі атақты халық, уақыт береді. Ата туралы аңыздардың бәрінің астарында ерекше қасиетке иелік басты орында тұрады. Екінші ұстаздық, тәлімгерлік тұрады. Сосын көрегендік пен емшілік қатар теңдеседі. Сөз орайында Бекет Ата қажет кезінде ұшады екен дегенді тілге тиек еттік. Өзінің ұлы ұстазы, көреген Бақыржан қажы (Фахраддин) ауырып, Алланың аманатын берер сәт жақындағанда: «менің жаназамды Бекет келіп шығарады, асықпай соны күтіңдер» депті. Қайтыс болғаннан кейін біршама уақыт өтсе керек. Бекет көрінбейді. Пірәдардың сүйегін жер қойнына беруге жиналған жұрт елеңдеп, келер адам келетін емес, не істейміз деп дағдарып, қайта-қайта сыртқа шығып қарай берсе керек. Ұстазының қайтыс болғанын Бекет Ата  аян арқылы біліп, жолға шығады. Ауыл адамдары кезекті рет далаға  шықса, батыстан дауылдатып үлкен бір қарақұс ұшып келе жатыр екен. Жұрт бір қараса, анадай жерде Бекет жаяу келе жатады. Келіп, жұртшылықты намазға тұрғызып, ұстазының жаназасын шығарып, пәктеп, жер қойнына беріп, кейін аттанады. Бұл жоғарыда айтылғандай, рухтың бір мезгілде бірнеше жерде көрінуі, тылсым телепортация. Көрген ел оны әулие демей қалай тұрсын.
Әулиелі жерде әсерлі әңгіме көп болады. Жалпы, әулиелердің ұстанған бір дәстүрі болған. Ол - ұстазын ерекше құрметтеп, қадірлеуі. Маңғыстау түбегінің түркімен тұсында жатқан Бекет Атаның басына барып, сиынып дұға жасап, түнеу үшін әуелі кезінде аян беріп, жол сілтеген рухани ұстазы Шопан Атаға барып, дұға жасап, рұқсатын алу керек. Ақтөбенің қасындағы ұлы дөңде жатқан Есет батырға зиярат жасау үшін, әуелі осы өңірдің күнбатысында жатқан Бекқұлы  Атаға зиярат жасау керек. Мүмкіндік болса, сол маңда жатқан Ойсылқара әулиеге де зиярат жасап, дұға бағыштау керек деген қағида бар. 
Қой атасы – Шопан ата, түйе атасы – Ойсылқара өмірде болған киелі жандар. Тарихи деректерде Қамбар ата, Зеңгі баба, Шекшек (Сексек) атаның да жатқан жерлері де белгілі деп айтылады. Мухлисшілер (ықыластанытушылар) мен мүридтер (діни шәкірттер) аузынан жеткен сөз бойынша Зеңгі Бабаның жатқан жері Шаш (Тәшкен) қаласының маңы. Оның кесенесін Әмір Темір салдырған дейді. Қамбар Ата Әзірет Әлінің атбегісі болған деген аңыз бар. Оның жатқан жері Сыр бойының Жаңадария жанындағы Қамбар қорғаны деген сөз бар. Шекшек ата өзіміздің Қазықжұрт тауында жатыр деген дерек бар. Тарих тұңғиығына үңілсек, бұл кезең мезолит, неолит дәуірлеріне тартады. Демек, аңыз бен ақиқаттың араласып, бір-бірін толықтырып жататынын кім теріске шығармақ? Бекет Ата: «Егер жер шалғай болып, келуге мүмкіндік болмай қиналсаң, онда туған жерім – Ақмешіттегі ата-анам жатқан жерге барып, зиярат етіп, тілек тілеулеріңе болады, оны да біліп, қолдап жатамын» деп өсиет айтып кеткен дейді. Ақмешіт Атырау облысындағы Жылыой ауданының аймағында, Құлсарыдан шығыста 70 шақырым жерде. Бұл жер – Ақкиізтоғайдың аумағына  қарайды.
Ақкиізтоғай ауылы – алтын бесігім, асыл ұям. Төрт құбыласында төрт әулие жатқан, төрт жағында төрт тоғай шулаған, кезінде Ойыл, Қайнар, Жем Сағыз атты төрт өзен тепсінген, кеңес заманында «Коммунизм таңы» атанып, еліміз бойынша алғашқылардың бірі болып «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған, қазір «Жаңа таң» деп аталатын ауыл – мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басқан жерім. Он алты жасымда «Иә, Бекет» деп арман қуып Алматыға аттанып кетіп едім. Қайда жүрсем де туған ауылым – жүрегімнің төрінде. Тарихы талайға кететін, сан әулиеге атажұрт болған, кеңестік кезеңнің небір қилы шақтарын көрген мархабатты мекен. Түтіні түзу атакүлдік.
Бір кездерде, кеңес дәуірінде, бір ауданнан отызға жуық Еңбек Ері шықты, немесе он депутат шықты, я болмаса жиырма ұшқыш шықты деп мақтанатын болсақ, бұл ауылдан бір қызығы, 25 ақын шыққан.  Ақын болғанда да өлеңдері баспа бетін көрген, алды жиырма, соңы бір кітап шығарған, үлгермегендері елдің аузында ақын деген ардақты атқа ие болғандар. Бұлардың ішінде соғыс кезінде ерлікпен қаза тапқан дархан дарын Далабай Жазықбаев, ақжарма жырдың иесі Меңдекеш Сатыбалдиев, әрі ақын, әрі ғалым Қабиболла Сыдиықов, Аманғали Сеңгірбаев,  Аман Жанкеев  марқұмдар, сау-саламат жүрген Аманқос Ершуов, Айтуар Өтегенов, Қонаш Қалдыоразов, Мақсот Қуатбаев, Маржан Ершу, Сәулеш Шәтенова, Бүркіт Базарбаев, Әбдіхалық Сисенбердиев секілді, т.б. ақындар бар. Әрі би, әрі ақын-жыршы Әжібай, Аралды, Жем бойына жойқын жырымен келіп  дүрілдетіп кететін әйгілі Қашаған ақынды, мұңды жырдың мұнары Аралбайды, көзі көрмесе де көкірегі көреген Құмарды айтсақ, ақиқаттан алшақ кетпейміз. Осы топқа Жылыойдың жүйрік ақыны Аманқос Ершуовқа ұстаздық ықпал жасаған әкем Мұздақұлы Оралбай мен Аманқос ағамның шәкірті – өзімді де қосуға рұқсат етіңіздер. 
Бұдан сегіз жыл бұрын осы Ақмешітте Бекет Атаның туғанына 260 жыл толып, дүбірлі ас, дүлдүл іс-шара болғанын еске алудың да реті келді. Сол ұлан-асырда ата сөздің абызы Әбіш Кекілбаев ағам ай маңдайы жарқырап, асқаралы сөз толғап, халқымыздың қадірлі ақын қызы Фариза Оңғарсынова апам жыр бәйгесіне төрелік жасап еді. Амал нешік, аймаңдай аға, ақжелең ападан адасып қалдық.  Сонда алыс-жақыннан келген аламан жұрт алаң көңілін айшықты көңіл күйге бөлеп, айбынданып, айдынданып, келер күндерге «Иә, Бекет» деп қуана аттанып кетіп еді. Алда, Алла қаласа, Атаның 270 жылдығы жақындап келеді. Бәрімізді киелі Бекет Атаның асыл есімі бір жерге жинаушы еді. Тағы да жинар. Туған жерге қуана келіп, қунап аттанармыз. Жүрек түлеп, тілек тілеп аттанармыз. Ұлы Даланың жеті қыры жаңғыра түсер.
Дүние тұрғанша Тәуелсіздігіміз тұғырлы, дамуымыз ғұмырлы, даңқымыз дүбірлі, еңсеміз ерен, бауырымыз берен, бақытымыз кенен болуына  Бекет Ата жар болғай!
 Өтеген   ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Қазақстан  Республикасы
Мемлекеттік  сыйлығының  лауреаты
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ШАНДОЗДЫ  САҒЫНҒАНДА...
11 июль 2019, Четверг
ШАНДОЗДЫ САҒЫНҒАНДА...
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:15
воздушные шарики заказать ---- Смотри что тут есть для тебя ---- Чемодан для ручной клади в самолете ---- Чемоданы всем нужны ---- шарики на день рождения недорого москва ---- Все для праздника ---- аренда офиса ---- Все для посетителя ---- аренда гранд сетунь плаза ----- каталог сайтов посмотреть ---- башня империя ---- Поговорим про двери ---- купить железную дверь госуслуги-личный кабинет вход займ экспресс сухой лог октябрьская 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры