Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР

ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР

21 март 2019, Четверг
1 885
1

                           

Белгілі ақын, Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ   «Түркістан» газеті тілшісінің сұрақтарына жауап береді


– Өтеген Оралбайұлы, әңгімеміздің  әлқисассын өткен жылдың желтоқсан айында Ақордада өткен айтулы шарадан бастағанды жөн көріп отырмын. Елбасының қолынан алған мәртебелі марапат – Мемлекеттік сыйлық иегері атануыңызбен «Түркістанның» оқырмандары атынан құттықтауға рұқсат етіңіз! 

         -Рахмет, қарындасым, мемлекетіміздің мәртебелі сыйлығы менің 50 жылдық шығармашылық ғұмырымның түйіні болды десем, артық айтқандық болмас.  Бұдан тура елу жыл бұрын, 8-ші сыныпта баспасөзге ең алғашқы өлеңім шығып еді. Жарты ғасырлық жол жақсылықпен аталып өтті. 

– Бәйгеге қосылған «Шуақты шақ» жүзден жүйрік шығарын ақындық түйсік сезді ме? 

         -Ақындық түйсік, қаламгерлік интуиция әрбір қаламгердің жан дүниесінде болатыны рас. Бірақ аламан бәйгеде қалайда озамын деген ой басым түссе, ол ақылға жүгінбегендік болар еді. Жарыстың аты жарыс дегенмен, бұл жерге «қымызды кім ішпейді» деген мәтел жүрмейді. Мұның алдында «Қағбаның қарлығаштары» деген жыр жинағыммен осы бәйгеге түскенім бар. Бұл еңбегім көптің көңілінен де, өзімнің көңілімнен де шыққан еді. Ағымдағы баспасөзде жиырма жеті пікір-қолдаулар жарияланды. Қазақ поэзиясында тек бір тақырыпқа арналған, Алладан пәрмен болған ислам дініне деген мінажат жырлары бұрын жеке жинақ болып шықпаған болатын.  Академик Сейіт Қасқабасов ағам бұл кітапта «тың тақырыптық тұтастық бар» деп бағалаған-ды. Бірақ жинақ жеңіске жете алмады. Оның белгілі-белгісіз себептері бар.  Қадыр Мырза Әли: «Мен жабық жарыстан қорқамын, не болса да жарыстың ашық болғаны жақсы» деп айтпақшы, ат қосқан адам озамын деген үмітпен қосады ғой. Әрине, үйдегі көңілді үйірдегі топ шешеді, қиялыңды қазылар шешеді, жан үмітін жасырын дауыс шешеді. Мемлекеттік сыйлық деп аты айтып тұрғандай, «Шуақты шақ атты бұл жинағымды мемлекетшіл, елшіл, Отаншыл пиғылдағы туындыларыммен тұтастырып, қазіргі заман, адам мен қоғам арасындағы ащы-тұщы көзқарастағы өлеңдеріммен әдіптедім. Көзбен көрген, көңілмен сезінген, қуандырған, өкіндірген сәттер де бойын жасырмай бұйдасынан ұстатты. Үш бөлімнен тұратын кітаптың бірінші бөлімі «Тәуелсіздікке тағзым» деген жалғыз жырдан тұрады. Бұл өлеңім студенттер арасында өлең оқудан өткен республикалық мүшәйрада бас бәйге алып, барлық облыстарға таратылған еді:

                            Кірдім талай теңдік үшін додаға,

                            Қалған жоқпын жанға жайлы жағада. 

                            Қалың елім,

                            Қара орманым, қазағым,

                            Менің жаным сендер үшін садаға, - деп аяқталатын сөзім – сертім де, дертім де. Сондықтан осындай пейілмен бәйгеге түсуге азаматтық қақым бар ғой деген ойда болдым. Осыны түйсінген, түсінген, қолдаған жандарға алғысым шексіз. Үміт үзеңгісін ұсынды.

–Мемлекеттік сыйлықтан әркімнің дәмесі бар. Оның айналасында шу да көп, дау да  көп. Дос боп жүріп, жауласқан көп. Бұл марапат сіздің айналаңызға, шығармашылығыңызға қандай өзгеріс әкелді?

         -Мемлекеттік сыйлық әрбір қаламгердің арманы мен үміті ғой. Тоғандағы балықтардың телегей теңізге ұмтылатыны секілді, әрбір ақын-жазушы өз шығармашылығының қорытындысын, жеткен биігін осы сыйлықпен өлшейді. Бұл – заңдылық. Мен мектеп бітіргенде әкем ауырып жатқан болатын. Үйдегі 8 баланың үлкенімін, арманым Алматы еді. Әкеме аттестатымды әкеліп көрсеткенде: «Балам, қандай ойың бар?» деп сұрады. Қысыла тұрып, Алматыға, журналист болатын оқуға барғым келетінін, ақын болғым келетінін айттым. Анам: «Жер түбінде не бар, мына Гурьевке, мұнайдың, ауылдың оқуына түс» деді. Әкем: «Балам тілегіңе жет, мен жетпеген арман еді, қарайлама, жолың болсын» деп батасын берді. Әкем жыршы-термеші, ақын, сәйгүлік баптаған сейіс, дәулескер домбырашы болған адам. Мінезді кісі еді. 

         Ақордада Елбасының қолынан мемлекеттік сыйлықты алып тұрып, бір қуандым, бір өкіндім. Қуанғаным – әкемнің аманатын орындадым, жолын жалғадым, есімін елге таныттым, туған жерімнің мәртебесін көтердім. Өкінгенім – ұстазым Рымғали Нұрғалиев мен «Лениншіл жас» газетіне қызметке келгенімде қуана құттықтап, «сен әуелі еліміздің комсомол сыйлығын, сонан кейін мемлекеттік сыйлық алуға тиіссің, менің тапсырмам осы» деп еді, ұстазымның тапсырмасын орындадым, бірақ ол кісі мұны көре алмай кетті. Рымғали аға мені туған бауырындай, сырлас досындай, мұңдас қатарындай жанына тартты. Жерге бөлген жоқ, руымды сұраған жоқ.

         Өзің айтқандай, дос болып жүріп, сырт айналған, қатар жүріп, қараулық ойлаған «ескі достарым» бұған дейін де болған, әлі де бар. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезінде үрейлі үндеместерге «үйдей бәлелі» деп домалақ арыз жазған қаламгер қатарластарым сыйлық алғаныма тарылып жатқан болар. Бард ақыны Табылды Досымовтың бір ащы ән-өлеңі бар, дегенмен, мен қазағымды Табылдының туындысына қимаймын. Бұл әнді қазір әнші Лена Әбдіхалықова қарындасым айтып жүр, бірақ «осы әнді айтпай-ақ қойшы» деп өтініш жасағаным бар. Мен қазақтың тек жақсы жағын көргім келеді. Мұстафа Кемал Ата Түрік: «Ей, түрік ұланы, сен түрік болып туғаныңа мақтан» десе, осы сөзді: «Ей, қазақ баласы, сен қазақ болып туғаныңа мақтан» деп қайыра айтатын күнді аңсаймын. Осындай күнге жетсек деп армандаймын. Біз текті халықпыз, тарихы тұғырлы, тағдыры ғұмырлы жұртпыз. Сыйлық маған серпін берді, сенім мен сезімнің сертін берді. Біреуден кейін, біреуден ілгері болармын, қаламым әл-қәдірінше қазаққа қызмет етіп келеді. Әлихан Бөкейханов айтқандай, «ұлтқа қызмет ету – мінезден», бойымда әкемнен дарыған осындай қасиет бар деп ойлаймын. Мемлекеттік қызметте өткен 25 жыл ішінде өз деңгейімде ұлт мәдениетіне, руханиятына қолдан келгенше еңбек еттім. Менің бақытым да, бағым да осында. Халқымыздың «таспен атқанды – аспен ат» деген сөзін бойтұмардай ұстаймын. Пендешілікке  кешіріммен қараймын. Әлсіздік әркімнен де кездеседі ғой.

Ғұмырыңыздың ширек ғасырға жуығын журналистикаға арнаған екенсіз.  Өмірбаяныңыз жылдар мен оқиғаларды жіпке тізгенімен, көргеніңіз бен түйгеніңізді түгендей алмасы анық. Баспасөз десе, ойыңызға түсетін оқшау оқиғалар мен ерек тұлғалар туралы естеліктеріңізді айта кетсеңіз...

         -Бір шешеміз: «қыз күнімді айтсам, алысқа кетемін» деген екен. Ұлт баспасөзінде жиырма жылдан астам қызмет жасадым. Маңғыстаудың облыстық газетінде жүргенімде пассионар азамат, сардар сыншы Сағат Әшімбаев «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа шақырып, 1976 жылдан 1990 жылға дейін осы басылымда қызмет атқардым. Газеттің қатардағы тілшілігінен бастап,  Мәдениет және ғылым, Әдебиет және өнер бөлімдерінде меңгеруші болдым. Біздің толқын газеттің таралымын 100  мыңнан 300 мыңға дейін жеткізді.  Осы жылдар халқымыздың ұлық та заңғар тұлғаларымен аралас-құралас, іні-дос, сапарлас-санаттас, сырлас-сұхбаттас  болдым.  Ғабит Мүсіреповтен бастап,  Рахымжан Отарбаевқа дейін, ақындар Әбділда Тәжібаевтан бастап Ғалым Жайлыбайға дейін, әншілер Роза Бағланова мен Ермек Серкебаевтан бастап, Мәдина Ералиеваға дейін, актерлар Серке Қожамқұловтан бастап Досхан Жолжақсыновқа дейін, журналистер Шерхан Мұртаза мен Ақселеу Сейдімбектен бастап Жаңабек Шағатаевқа дейін, композиторлар Нұрғиса мен Шәмшіден бастап Марат Илясовқа дейін, ғалымдар Әлкей Марғұланнан Асқар Жұмаділдаевқа дейін, спортшылар Шоқыр Бөлтекұлынан Дәулет Тұрлыхановқа, Әбілсейіт Айхановтан Тимур Сегізбаевқа дейін, күйшілер Қаршыға Ахмедияровтан Айгүл Үлкенбаеваға дейін, суретшілер Салахаддин Айтбаевтан Бексейіт Түлкиевке дейін, қысқасы басы мен аяғының ортасы  бірнеше ондықтан тұратын озаттар қатарының бәрімен етене таныс-біліс, пікірлес-пайымдас болдым. Бұл деген аса мазмұнды ғұмыр, өмірлік мектебім болды десем, артық болмас. Бұлардың әрқайсысы туралы көлемді эссе жазуға болар еді. Жазып та жүрмін, 2 том эсселер кітабын шығардым. Талай тағдырды тілге тиек еттім.

         Осылардың ішінде қайыра айналып соға беретін бір кезең бар. Ол – Тәуелсіздігіміздің түндігін түрген Желтоқсан көтерілісі. Әлі күнге дейін бұған көтеріліс деген саяси баға берілген жоқ, бірақ соған қарамастан халқымыз мұны көтеріліс деп орынды санайды. Бұған дейін қазақ даласында 300-ден астам көтеріліс болып, барлығы қантөгіспен, қазақтың қанға бөгуімен аяқталып отырған. Бұл – ащы тарихымыз. Тұщы тарихымыз – осы күнге біздің бүгінгі ұрпақтың жеткені. Желтоқсан туралы айтқанда мен үнемі осы тар кезең, тағдырлы шақта ұлт үшін бастарын бәйгеге тіккен, көзім көрген үш арысты арнайы айта кетемін. Біріншісі – Мәскеуден келген айғыр топ, айқұлақ төрелер Соломенцев пен Разумовский, көлгір Колбин мен жергілікті жандайшаптар қатысқан, 1986 жылғы 20-шы желтоқсан күнгі  Қазақстан комсомолының кеңейтілген бюросында болған талқылауда халқын қасқая тұрып қорғап сөйлеген «Лениншіл жас» газетінің редакторы Сейдахмет Бердіқұлов. Бюроны сол кездегі Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Шулико деген жүргізіп отырған. Сол Шулико: «Әй, Бердіқұлов, отыр орныңа» деп сұқ саусағын безегенде, «Әй, Шулико, тарт саусағыңды, осындай сұқ саусақ бізді осы күнге жеткізді» деп таймай, тайсалмай сөйлеген оқиғаны қазір анығын білместер әрсаққа жүгіртіп, баян сөздің бояуын кетіріп барады. Екіншісі – 1986 жылғы 23-ші желтоқсанда Ғылым академиясында болған бас қосу-талқылауда серпе  сөйлеп, империялық саясаттың бет-пердесін ашқан заңгер академик Салық Зиманов ағамыз. Санаторийде демалып жатқан жерінен келіп қатысқан. Алашорда ардагерлерінің  соңғы тұяғы.

         1991 жылы мен сол кездегі Жоғарғы Кеңес сессиясынан мақала жазатын тілшілер қатарында едім, дәл сол күні, 16-шы желтоқсанда, Салық ағаның үйіне барып, «Қазақстан» коньягін ашып, екеуіміз түрегеліп жылап тұрып, бір-бірімізді құшақтап құттықтап едік. Содан бір күн өткенде менің «Дала дидары» газетінде «Ежелден еркін ел едік» деген Салық Зимановпен екі беттік сұхбатым шыққан. Менің өмірімдегі ең бақытты күнім Тәуелсіздік алған осы күн деп есептеймін. Үшіншісі – 1986 жылғы 31-ші желтоқсанда Жазушылар одағында Колбин қатысқан жиналыста жұртын жылатып сөйлеген жауынгер ақын  Жұбан Молдағалиев. Бұл туралы сол «Дала дидары» газетінде «Мәңгілік қазақ, мәрт ақын» деген көлемді  мақалам шықты. Онда осы газеттің жауапты хатшысы болатынмын. Ақынның айбынды сөзі туралы көп жазылды, көп айтылды, оны қайталап жатпайын. 1991 жылғы 17-ші желтоқсанда шыққан осы мақаламда ағамыздың жұбайы София апаның: «София, балаларға бас-көз бол, мені осы ауруханадан тірі шығармайтын секілді» деген Жұбан ағаның сөзін келтіріп, ақынды Желтоқсан құрбандары қатарына қосқанмын. Бұл бір шешімі табылмаған жұмбақ. Тапсырма беріп, «сөйлейсің» деген Орталық комитеттің жауапты  адамы, айтқанына көнбей, айдағанына жүрмей сөйлеген – Жұбан Молдағалиев. Бұл да біздің тылсым тарихымыз. Сонда өлең түйінін осылай жазып едім:

                            Желтоқсанда жерге қонған қарсың сен,

                            Алаң кернеп алға шыққан арсың сен.

                            Құлпытасың қыр басында тұрғанмен,

                            Құрбандардың қатарында барсың сен.

         Жұбағаңның бұдан жарты ғасырдан астам бұрын жазған «Мен – қазақпын» дастанын былай қойғанда: «Асан боп туып қазақтар, өледі Асан Қайғы боп» деген жыр жолында біздің ұлы даламыздың ұлы қасіреті мен ұлы қасиеті жатыр. Бағзы тарихымызды байыптасақ, тұлпар мініп, ту алған бабаларымыздың ерлігі мен өрлігі атойлап шыға келеді. Кейінгі тарихымыздың кенже қалған бір жоғы осы болса керек.

         Ой түбінде жатқан оқиғалар көп қой, қайсы бірін айтарсың. Сардар редактор Сейдахмет Бердіқұловтың кезінде «Лениншіл жас» газеті жыл сайын 22-ші наурызда «көктем нөмірін» шығаратын. Жасыл бояумен шығатын арнаулы нөмірді басшымыз бекіткен жоспар бойынша жанымызды салып жасайтынбыз. Ойлап отырсам, мен осындай арнаулы нөмірге он рет (он жыл) жетекші болыппын. 1988 жылғы көктем қарсаңында бізде қалыптасқан «Сұхбат-телефон» айдары бойынша Сейдағаң ақын Әділғазы Қайырбеков екеуімізге: «Мұхтар Шахановтан әдейі сұхбат алып, кейін осы сұхбатты ақын арқылы Орталық комитетке жеткіземіз» деген тапсырма берді. Онда мен Әдебиет және өнер бөлімінің, Әділғазы Мәдениет және ғылым бөлімінің меңгерушісі болатынбыз. Сұхбат бір бет болып беріліп, жер-жерден жүздеген қолдаған хаттар келіп, оның бәрін жинап, әлгі сұхбатпен қосып, Мұхтар Шаханов арқылы ЦК-ға жібердік. Бұл жөнінде Мұхтар Шаханов ағамыз өзінің «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабында екеуіміздің есімдерімізді атап көрсетеді. Бұл да менің өмірімдегі жарқын сәттердің бірі болып қалды. Наурызды оралтуға араластық.

Енді бірі, белгілі спорт журналисі, көрнекті қаламгер Несіп Жүнісбаев тек қана қазақ балаларынан тұратын «Намыс» атты футбол командасын құрып, әрине, Сейдахмет ағамыздың басшылығы бойынша, мен сол команданың гимніне сөз жаздым. Гимннің музыкасы композитор Әшір Молдағайыновтікі болатын. «Қайрат» ойнайтын Орталық стадионда қазақ балалары құлдыраңдап доп тебуге шыққанда, гимн шырқалғанда күллі стадион дүрлігіп, қуаныштан жарылып кетіп еді. Ғажап сезімді бастан кештік. Көзімізге жас алдық. Өкінішке орай, бұл керемет бастама уақыт өте келе, Сейдағаң өмірден өткесін, ұмыт болып, талантты балалар балапан басына, тұрымтай тұсына кетті. Тілі мен ділі сырдаң, пейілі ақша мен бойы бұлғаң көзқамандар мен келімсектер салтанатты бастаманың аяғына су құйды. Арман әлі арман күйінде қалып келеді. Қазақтың үміті көп қой, үміт өлмейтіні рас болса, туар әлі жақсы күн.

Жалпы, менің журналистік ғұмырым дүбірлі дәуірмен араласа, жағаласа келді. Азат күндерді аңсаған шақтар мақала, өлең болып туындап жатты. Әліміз келгенше, әддіміз жеткенше елдің сөзін сөйлеуге ұмтылдық. Кең байтақ қазақ жұртының төрт құбыласын, сегіз қиыр шартарабын аралап шықтым. Әлемнің отыздан астам мемлекетінде болған екенмін, талай тамаша жерлерді көрдім, бірақ соның ешқайсысын туған елге теңгерген емеспін. 1994 жылы Жоғарғы  Кеңестің  дептутаттығына түстім. Сонда алты адамның ішінен жеңіп шығып, депутат болғанымда қолдаушым, сүйенерім оқырмандарым болды. Жазған мақалаларым алдымнан шығып отырды. Тілшілік тағдыр – тағылымды, танымпаз тағдыр.

– Жылдар өтсе де ескірмейтін, үйлену тойларында әлі күнге дейін «Жар-жармен» қатар шырқалатын «Жас жұбайлар жырының» сөзі сіздің қаламыңыздан туғанын көпшілік біледі. Сазы мен сөзі келіскен сондай есті әндер неге азайды? Композитордан сұрасаң, тыңдарманның талғамына ысырады...

-Жастар газетінің Әдебиет бөлімінде отырған күндерімнің бірінде сол кезде әнге жазған сөздері жиі сыналып жүрген ақын ағамыз Бәкір Тәжібаев келіп: «Өтеген-ау, қазір жұрттың бәрі менің өлеңімді сынайтын болды, енді 20-30 жылда мұндай сөздерді де таба алмай жұртымыз жылайтын болады» деп мұңайғаны бар еді. Жастық па, әлде аңғырттық па, бұл сөзге терең мән бере қойған жоқпын. Енді сол ағамыздың айтқаны келгенін көріп, бекер қынжылмаған екен деп отырмын. Шіркін, ол кезеңде  Алматыны әсем ән орап, сері саз баурап, ән шалқып, күй балқып, би қалқып, өнер өрісін ашып, жұпарын шашып тұратын. «Жас жұбайлар жыры» да сондай бір сәтті кезеңде туған. Жастар басылымының «Ақ отау» жас жұбайлар клубында берілген Рахымбай Ханалиевтың фотосуретіне жазылған өлең-текстовка әнге айналып, талай жыл жастарға серік, тойға көрік болып келе жатқаны рас. Бұл әнді мен Қытайда, Моңғолияда, Түркияда, Ресейде, Өзбекстан мен Қырғызстанда талай рет тойларда тыңдадым. Бекжігіт Сердалының әні мыңдаған қазақ жастарының басын қосты. Бұл да бағалағанға бақыт.  Ең алғаш мұны халыққа жеткізген шымкенттік Дәрібаевтардың отбасылық ансамблі. Рахмет оларға.

Ән мен сөздің мазмұны мен табиғаты туралы сөзге қайыра келсем, қазіргі әндерді тыңдай алмаймын. Сөзі сұйқыл, әуені қиқыл, орындаушысы олақ, тыңдаушысы салақ. Салақ дегенім, талғамы төмен дегенім. Талғам туралы талас сөз айту қиын, әркімнің өз «көркемдік кеңесі» бар. Мұның дерті мен серті тереңде жатыр. Қазақ тілі халық тіліне айналмай, өз жерімізде өгейлік көруде. Тіл шұбарланды, діл тұманданды, дәстүр даңғазаның, салт еліктеу-солықтаудың тасасында қалды. Композиторлар талғамға сілтегенмен, бағадан басын алып қашу дұрыс болмас, білесіз бе, қазір сазы терең, әуені ерен сазгерлер өте аз. Тапсырыспен ән жазып, таныстықпен эфирге шығып жүрген белгілі топ қана бар. Тойда ән салып, томарша ақша жинап, талғамы әрі-сәрі жұртшылықты жадау шығармаларымен  алдап жүрген әншісымақтар енді азаймайтын шығар деп қауіптенемін. 1987 жылы Атырау облысына бір топ өнерпаздарды алып барғаным  есіме түсіп отыр. Онда Мәдина Ералиеваның енді шығып келе жатқан шағы болатын. Бір кездесуде оны «қазақтың болашақ ұлы әншісі» деп айтамын деп, отырған жұрт өре түрегеліп, мені күстаналап, «көреміз ертең» деп кергігені бар. Сонда кейбіреудің көзі көкірегінде емес, шақшадай басында ғана екен деп ойлағанмын. Көш көрген жерде.

Халық «Қоңырдың», «Мұзарттың», Сәкен мен Майраның, Қарақат пен Тамараның, Тоқтар мен Рамазанның, Лена мен Жұбаныштың, Айжан мен Айгүлдің, Өмірқұл мен Заттыбектің, Жазира мен Жанболаттың, Мақпал мен Розаның әндерін рахаттанып тыңдайды. Неге? Өйткені олар әннің сөзі мен сазына, мазмұны мен айтар ойына мән береді. Халыққа не керегін біледі. Тағы бір топ әншілер бар, сөзі де сұйық, әні де дүдәмал, мүмкін өзгеден ұрланған, өңгеден көшірілген. Ал енді кейбір қарындастарымыз тіпті Шәмші мен Әсеттің, халық әндерін орынсыз бұзып, ойранын шығарып, басын жарып, көзін шығарып айтып жүр. Даусы жоқ, талғамы төмен, секеңдеп билеп, қоянша ырғыған және бір топ бар. Төрді бермейтін той әншілерінің жойқын гвардиясы тағы бар. Әкесінің атымен, анасының атағымен әнші атанып жүрген желіккен жастар және бар. «Бетті басып, қатты сасып, тұра қашып» құтылмасаң, олардан енді құтылу, тіпті қиын секілді. Өкінішке орай, осылар ән салғанда тұра билеп, «арқасы қозып кететін» көбелек көрерменге кейде аяп қарайсың, кейде таяп қарайсың, бірақ сен басқа, олар басқа әлемде. Жаһанданудың  жадағай буы олардың талғамына тас болып түскен секілді. Диагнозы – талғамсыздық, емі – әзір табыла қоймас  сана сырқаты. Сахна бұрын киелі орын еді, енді күйелі орынға айналды. Абай: «тіл өнері – дертпен тең» десе, қазіргі кезде жеңіл жүрісті ән өнері – әулекінің биі, әумесердің күйі болып бара жатыр. Тіпті арамызда жүрген атақты композитор ағаларымыз да жеңіл әннің жетегінде желпілдеп жүр.

– Қырықтан астам елдің ақындарын қазақша сөйлеттіңіз. Өз өлеңдеріңіз де 10-ға жуық тілге аударылды. Аударма ісінің бүгінгі аяқ алысы қалай? 

         -Аударма – қиын өнер. Аударма туралы айту да күрделі. Өйткені аударма, мысалы мемлекеттік органдарда қазақ тілінің өз деңгейіне шығуына үлкен тосқауыл болып отыр. Кез-келген мемлекеттік органда бірен-саран аудармашылар отыр, бәрін соған береді де, басшылары «бізде қазақ тілі жақсы жүріп жатыр» деп, тоқмейілсіп, тобық жұтып отырады. Екіншіден, қазір орыс тілін, ағылшын, неміс, қытай, араб тілдерін білетін жас ұрпақ жетіліп келе жатыр. Олар әр елдің көркем әдебиетін түпнұсқадан оқи алады. Бұрын аударма абыройлы жұмыс еді, енді ол жеңіл ақша табатын қосымша құралға айналды. Кез-келген қалада кез-келген шығармаңды жылдам аударып бере алатын бюролар әбден көбейді. Саны бар, сапасы жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, сенің көз майыңды тауысып, түн ұйқыңды төрт бөліп аударған туындыңды көпшілік орынсыз еңбек, одағай тірлік деп те санайды. Жалпы, қазақ тілінің қағаз жүзінде қалуы аударманың да кінәсінен болды десек, шындықтан алыс кетпейміз. Әрине, көркем аударманың жөні бөлек, бірақ ботаның түйеден аумайтыны рас қой.

         Сондықтан енді біз шетел әдебиетін аударғаннан гөрі, қазақ әдебиетін шет елдерге таныту мақсатында қазақ тілінен өзге тілдерге аударуымыз керек. Бөтен жұрт бізді де білсін, көрсін, танысын, таразыға салсын. Қазір осы мақсатта бірталай жұмыстар қолға алынбақ. Бірақ мұнда да бармақ басты, көз қысты болатыны  байқалып қалып жатыр. Осылай теріс жолға түссе, әлем классиктеріне көңіл тоқтатқан Еуропа мен Америка жұртшылығы қазақты мазаққа айналдыруы да мүмкін. Бұл жерде қазақтың аса талантты қаламгерлерін алаламай аудару қажет. Саясат араласпай, сана самарқау тартпай, бәрі де «қазақ үшін» деген рухани майдан болуы керек. Рухани жаңғыру деген осыдан да бастау алады.

–  Бұрын әдеби ортада жаңа туынды жарық көрсе, қаламгерлер өзара қызу талқылап, шығарманың артық-кемін ортаға салатын әдемі дәстүр болды. Бүгін ше? Ақын-жазушылар бір-бірінің жазып-сызғанына үңіле ме? 

        -Бұл әдет соңғы кездері бәсең тартты. Кезінде, Мұхтар Әуезов заманында, алыптар тобы бар кезде, алдымыздағы бірі бар, бірі жоқ  ағаларымыз Әкім Тарази, Қалихан Ысқақов, Сайын Мұратбеков,  Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков толқыны төрлеп тұрған кезеңде мұндай дәстүр болған. Әдебиет содан өскен, өркендеген. Қазір олардың бірі бар, бірі жоқ, соған орай бір-бірін оқу, пікір айту, сын жазу саябырлады, тіпті тоқтады десе де болар. Қазіргі жастар көбіне өздерін көрсетуге құмар. Қарап отырамын, бір-бірін айтып, сынап, көтермелеу жағы кемшін секілді. Біз де қазіргі жастарды аз оқитын болдық. Кітап саудасы, кітап тарату ісі де шатқаяқтап, шаршап-шалдығып қалды. Мұның да әсері бар. Жалпы, жұрт тіпті көршісінің кім екенін білмейтін заманда, бір-бірін іздеп жүріп қайдан оқысын. Жастар бойында рухани эгоизм бой көрсетуде. Әсіресе, өлеңнің пішімі мен мазмұны тектоникалық толқынға түсті. Ырғақ пен саз ықыласын эстрадалық сахнаға бұрды. Ауа жайылу мен абстракциялық дүмпу постмодернизм деген постулатқа төрін ұсынды. «Измдер» өтпелі, дәстүрлі өлең – мәңгілік.

– «Ағалап» ақыл сұрау, інілік ізет көрсету де – әдебиеттің шоқтығын биіктетіп, қаламгерлердің қадірін арттырған ғибратты ғұрыптардың бірі еді...

         -Ағадан – ақыл, көргеннен – нақыл ежелден бар қасиет еді. Қазір өзім білем деген өктемдік өріске шықты. «Алпысқа келгеннен ақыл сұрайтын» заман емес, төрде отырған төреден, биліктегі ініден, мансабы жоғары немеден ақыл сұрайтын кезең келді. Мансаб мадақ болды, ағалық адақ болды, ғибрат ғарап болды, өзімшілдік тарап болды, самарқаулық сабақ болды. Ағадан ақыл сұрайтын адам азайды, атақ сұрайтындар көбейді. 

– Өкшеңізді басқан іні-қарындастардан кімнің шығармашылығына жанкүйерсіз? 

         -Ақындардан Ғалым Жайлыбайдың, Ертай Ашықбайдың, Светқали Нұржанның, Қасымхан Бегмановтың, Маралтайдың, Дәулеткерей Кәптің, жазушылар Нұрғали Ораздың, Құлтөлеу Мұқаштың, Қанағат Әбілқайырдың, сыншылар Айгүл Кемелбаева мен Оңайгүл Тұржанның, Амангелді Кеңшіліктің, Бағашар Тұрсынбайұлының жазғандарына  ден қойып, әрқашан тілектес болып отырамын. Бұлар – талантты толқын. Төрі – алда, төбе биі – уақыт.

– Өз кітаптарыңызды жиі парақтайсыз ба? Жазғандарыңызға жылдар өткен соң көз жүгірткенде бозбала Өтегенге, жігіт ағасы Өтегенге өкпелеген кезіңіз болды ма? 

         -Әрине, онсыз бола ма?  Әттеген-айлар мен қапы кеткен тұстар үлкейген сайын көзге көбірек түседі. Жігіт Өтеген басқа, аға Өтеген бір басқа, адам үлкейген сайын өкініші көп болады. Бірақ оларды енді түзей алмайсың, қиыны осында, қисыны уақытта.

–  Қазақ әдебиетінің қазіргі сипаты қандай және бұл кезең тарихқа қандай атпен енеді деп ойлайсыз?

         -Қазақ әдебиеті – күрделі әдебиет. Кеңестік кезеңдегі кеңістікті айтпай-ақ қоялық, әлемдік деңгейде сөзі бар әдебиет. Біз де бір кісідей әлем әдебиетін парақтадық, сабақтадық. Кейде мадақтадық, кейде асыра адақтадық. Сөздік қорында екі миллионнан астам сөзі бар әдебиет ешқашан кедей болуы мүмкін емес. Танымай жатса – талғам кінәлі, таныта алмай жатсақ – өзіміз кінәлі. Тағы бір ойлантып жүрген  жайт – латын әліпбиіне көшу. Дау мен далаба әлі жүріп жатыр. Ойдағыны тауып, орнына қоя аламыз ба, әлде қаржы жағын көбірек қаузағандардың теңі басып кете ме, кім білсін? Бөлініп көшіп, бөрісырғаққа тап боламыз ба? Осыған атсалысар әдебиеттің қауқары қандай?

Туған әдебиеттің туы әрқашан биік болған. Ол қазақтың тарихи-рухани санасының  биігінде  желбірей  береді. Қазақ әдебиеті қазіргі кезде ұлттық болмысты танытуға ұмтылыс үстіндегі әдебиет, ұтқаны да бар, ұтылғаны да бар.  Көшін, қазыналы керуенін ұзан жолға шығаратын әдебиет деп сенемін.

– Әр қаламгер – ең әуелі өз халқының болмысын зерттеуші. Сіз таныған, өлеңіңіздің өзегіне айналған қазақ қандай ұлт?

        -Ұлы халықпыз, текті халықпыз, батыр халықпыз, ақын халықпыз, жақсы мен жаңаға жақын халықпыз. «Мың өліп, мың тірілген халықпыз», яғни өлмейтін халықпыз. «Мәңгілік Ел» идеясы – біздің  рухымызда бағзыдан бар. Ежелден еркін елміз, ертеңіне ерлік көзімен қараған жұртпыз. Осы қасиеттер өлмесін деп әрбір қазақ баласы еңбек етуі керек. Жұмылсақ – жеңеміз, бірлік болмаса – өлеміз. Өлмеу үшін өмір сүріп, өлең жазып, ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Өйткені, өлеңнің өзегі – өмір, өмірдің өзегі – тіл мен діл, салт пен дәстүр, халықтық қасиет, елдік өсиет. Мен қазақ өлеңін ханындай қадірлеген, жанындай сүйген, арындай құрметтеген ұлы Абай көшесінің бір тұрғынымын.

– Әркімнің ұғымында әр түрлі бағамдалатын бақыт деген сөз бар. Ақынның бақыты неде? Бақытты ақынсыз ба?

         -Ақынның бақыты – туған елінде. Туған еліңе қызмет етуден артық бақыт бола ма? Әрине, жоқ. Демек мен бақытты ақынмын. Тәуелсіздікке, еліме, туған әдебиетіме  қолдан келгенше қызмет жасап келемін. Өмір бар жерде – өлең бар. Өлеңге әкелген тағдырыма  ризамын. 


Сұхбатты жүргізген   Анар Лепесқызы

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:15
купить шарики гелевые ---- Смотри что тут есть для тебя ---- ручная кладь купить ---- Кликните по ссылке для просмотра всех предлодений ---- шары для мужчины ---- Все для праздника ---- аренда склада в москве ---- Все для посетителя ---- бц савеловский сити ----- вот ещё одно предложение ---- нео гео бц ---- Посмотрите дверь ---- купить металлическую дверь в квартиру госуслуги личный кабинет вход через снилс быстрые займы благовещенск 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры