Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАНАРТАУЫ

ЖАСТЫҚТЫҢ ЖАНАРТАУЫ

19 апрель 2020, Воскресенье
1 007
0
«Жас  Алаш» – 100
Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты,
Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері

            ЖАСТЫҚТЫҢ    ЖАНАРТАУЫ
Тұсауын кескенде  «Жас  қайрат» болып жолын бастаған, кеңестік кезеңде  «Лениншіл жас» атанған,  Желтоқсан жаңғырығынан кейін  «Жас Алаш» атын иеленген  қайраткер басылымның  қабырғасында  жүрген жарқын күндер мен жалаулы жылдар туралы сыр мен сымбат

    Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасы. Алаш баласына армандай болған, өмір университетінің өркенді мектебі атанған «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұру  екінің бірін, егіздің сыңарын шынайы бақытқа бөлейтін шақ еді. 1974 жылы ҚазГУ-ды бітіріп, екі жыл Маңғыстау облысының Телестудиясы мен облыстық «Коммунистік жол» газетінде тілшілік қызмет атқардым. 1976 жылғы маусым айында сол кездегі «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасары, қазақтың қайраткер перзенті, пассионар  азамат Сағат Әшімбаев  іс-сапармен Маңғыстауға келді. Басылым ұжымымен болған кездесуде мені көрген бойда: «Сен мұнда қайдан жүрсің, облыстық  газет ақынды жеп қояды, қарайып қаласың, Алматыға, әдеби ортаға кел, жастар басылымында жұмыс жасауың керек, еңбек демалысын алған бойда маған тарт, қолдау көрсетемін» деп бастырмалатып айтып тастады. Шапшаң, шешімді, елгезек жан еді. Сағат аға бесінші курста оқып жүргенде мен бірінші курсқа келіп түскенмін, әдеби кештерде, кездесулерде  оның алдында өлең оқыған, кездесіп сөйлескен, ақылын тыңдаған кездерім аз емес болған-ды. Өзім де Алматыны сағынып, елеңдеп жүргенмін. Еңбек демалысын ала сала Алматыға тарттым. Сәкең қуана қарсы алды. Газетке жұмысқа тұру конкурс негізінде болады екен, құдды абитуриент секілді болып сынға түстік.  Сонымен бос тұрған бір тілшілік орынға алты адам бақ сынайтын болдық. Жазған-сызғандарымызды үш күн бойы оқыған комиссия мүшелері дауыс беру арқылы осы алтаудан екі адамды таңдап алды. Екінің бірі болып қатарға қосылдым. Бұл 1976 жылдың қыркүйек айы болатын. Осылайша Алматыға, әдеби ортаға оралдым.
    Әрине жастар басылымының шаңырағында өткен он төрт жылдың бәрін санамалаудың қажеті болмас, әр кезеңде, әрқилы жағдайларда бастан кешкен сәттер, газет араласқан тағдырлар мен болған оқиғалар арқылы жас ұжымның жарқын жолын айтсам, мұның өзі талай әңгімеге жүк боларлық. «Лениншіл жас» газетінің алғашқы редакторы, жалынды қайраткер Ғани Мұратбаевтан бастап, өзіміз қызмет атқарған жылдардағы сайыпқыран сардар редактор, ұлтжанды азамат, аса танымал спорт журналисі Сейдахмет Бердіқұлов пен  белгілі жазушы, академик Уалихан Қалижанға дейінгі кезеңнің өзінде жастар басылымы талай қилы заман, қысталаң шақтарды да, жеңісті де жемісті жылдарды да бастан кешті. Қай кезде де, қандай жағдайда да газет рухани майданның ортасында, ар мен намыстың алғы шебінде, ақиқат пен шындықтың жүзінде, әділдік пен туралықтың ізінде болды. Қиналған кезі болды, қорыққан жоқ, тұйыққа тірелген кезі болды, торыққан жоқ. Біздің буын осы мектептен өтті. Газеттің рухани күшін сезініп, оның басшысы Сейдахмет ағамыздың тәлім-тәрбиесін көріп, арқамызды арға сүйеп, пейілімізді халыққа арнап қызмет атқардық. Осы кезеңде газет кеңес одағы бойынша ұлттық республикалардың ішінде таралымы жөнінен ең алдыңғы қатарға шықты. Таралымы 300 мыңға жеткен ғажайып жаңалықты дүниеге әкелген, сол ұжымда еңбек еткен азаматтардың есімдерін реті келгенде айта кету парызым деп есептеймін. Аттары алашқа танымал болған қаламгерлер, бөлім меңгерушілері мен әдеби қызметкерлер: Жарылқап Бейсенбаев, Жақыпжан Нұрғожаев, Ерғали Сағатов, Жұмагүл Солтиева, Несіп Жүнісбаев, Жанболат Аупбаев, Балтабай Әбдіғазиев, Қамбар Керейқұлов, Құлбек Ергөбеков, Қасым Әзімханов, Қуаныш Жиенбаев, Ертай Айғалиев, Нұрлытай Үркімбаева, Баянғали Әлімжанов, Сапарбай Парманқұлов, Гүлзия Пірәлиева, Баян Болатханова, Алма Мұқамбетжанова, Баян Тәңірбергенова, Бағдат Нұрекеева, Оңласын Әмірқұлов, Қали Сәрсенбаев, Бауыржан Омаров, Бейбіт Исабаев, Дүрәлі Дүйсебаев, Болат Үсенбаев, Әділбек Ыбырайымов, Дос Қапасов, Қыдырбек Рысбеков, Серік Рәсілов, Қонысбек Ботбаев, марқұмдар Шәкизада Құттаяқов, Ержұман Смайылов, Саттар Сапарбеков,  Қайрат Әлімбеков, Рахымбай Ханалиев, Мұхтар Наушабаев, Гүлзира Молдажаппарова, Алашыбай Есмағамбетовтер  жастар газетінің тарихында лайықты қолтаңбаларын қалдырды. Жастардың анасындай болған Бүбіхан апам, панасындай  болған Бағдат ағам қандай еді!  Осы топ  сардар сарапшы Сейдахметтің сайыпқыран сарбаздары бола білді.  
    Бірер мысал келтірсем:  Жарылқап Бейсенбаевтың қазақтың ұлы перзенті Шоқан Уәлихановтың  ізімен жүрген тарихи-ғылыми сапарнамасы, Несіп Жүнісбаевтың тек қана қазақ ұландарынан құралған «Намыс» атты футбол командасын құрудағы еңбегі, Жанболат Аупбаевтың тарихи тұлғалар мен табиғи құбылыстарды зерделеп жазған мақалалар дестесі, Нұрлытай Үркімбаеваның Мұқағали Мақатаевтың керемет эссе-күнделігін тауып  жариялауы, міне осылардың бәрі жастар газетінің даңқына даңқ, атағына атақ қосты. Несіп Жүнісбаевтың бас болуымен құрылған «Намыс» футбол командасының мен әнұраны сөзін, композитор Әшір Молдағайынов музыкасын жазып, ол Орталық стадионда дүйім халықтың алдында радио торабы арқылы орындалғанда  дүр көтерілген жұртымыз бен жүздері қуаныштан алабұртқан балғындардың ғажайып келбеттерін әлі көз алдыма келтіремін. Қалғып бара жатқан ұлт намысын қайраған қымбат шақ еді ол. Осының бәрі жастар газетінде жарқырап жарияланып жатты. Кейін қызметте билігі бар, қолында бишігі бар, бірақ түйсігі тар пенделер ақыры осы «Намыс» командасын таратып жібергенін естігенде, қатаң ауырып,  екі дүниенің арасында  жатқан Сейдахмет ағамыздың соңғы күшін жинап, кеудесін жастықтан жұлып алып: «намысы жоқ қандай сорлы халық едік» деп ақырғаны  өмірі естен шықпайды. Амал нешік, сол дауыс әлі стадиондарға жетер емес.    Есте қалған ерекше шуақты сәттерді еске алғанымда, ең алдымен газеттің 10 мыңдық  санының жарық көруін айтар едім. Бұл еліміздің рухани-қоғамдық өміріндегі жаңа бір жарқын белес болып тарихта қалды. Сол кездегі арнаулы нөмірімізді оқырман қуанышпен қарсы алды, киоскілердегі газет бір сағатта сатылып кетіп, талай адам редакцияға келіп, қолдағы таралымды талап әкетті. Бұл бір қуанышты күндер еді. Салтанатты мәжілістер мен арнайы бас қосуларда жастар газетінің мәртебесі өсіп, мерейі тасыды. Күллі қазақ жұрты мұны өз мерекесіндей қабылдады. Мұның өзі газеттің беделі мен мәртебесіне өлшеусіз үлес қосты әрі басылымның ел алдындағы абыройы мен еңбегін ерекше көрсетті. Он мыңдық нөміріміздің салтанатты дастарханына 500 адам шақырылып, халқымыздың ұлы тұлғалары, жақсылары мен жайсаңдары бас қосқан тойда алғаш рет асаба болған, ұлтымыздың ұлағатты тұлғаларынан жақсы баға, тілеулес бата алған шағымды  сағынышпен еске аламын. Сейдахмет ағамыздың сол күнгі бақытты жүзін ұмытқан жоқпын. Ерекше қуанған сәтте «Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын» деп шаттана әнге басқаны әлі көз алдымда. Жұбайы Күләтай апа  Баянауыл өңіріндегі  «Маралды» деген жердің  қызы еді, ол да ағамызға қосылып осы әнді шырқайтын.
    1980 жылы жазда Тілші хаттары бөліміне, бір жылдан соң Мәдениет және ғылым бөліміне  меңгеруші болып бекідім. Осы бөлімде жүрген кезеңде ұлтымыздың небір ұлы тұлғалары мен атақты дарындарымен танысып, бірлесе жұмыс жасаудың, ақылдасудың, сапарлас, сырлас болудың сәттерін бастан кештім. «Маздақ» деген мәдениет саласы туралы айдардың аясында әншілер Әлібек Дінішев,  Роза Рымбаева, Мәдина Ералиева,  Баян Сағымбаева, Мақпал Жүнісова, Майра Илясова, Сембек Жұмағалиев, сазгер-әнші Жақсыкелді Сейілов, атақты айтыс ақындары Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілев, Әсия Беркенова, Ерік Асқаров, Қатимолла Бердіғалиев, Әзімбек Жанқұлиев, Жадыра Құтжанова, сиқыршы Сұлтанғали Шүкіров, Қажымұқан рөлін сомдаған Әлеухан Бекболатов, жыршы Алмас Алматов, домбырашылар Айгүл Үлкенбаева, Анар Мұздаханова секілді таланттардың тұсауын кестік.  Ерболат Төлепбай, Бексейіт Түлкиев бастаған суретшілер өз алдына бір шоғыр.Әдебиет және өнер бөліміне меңгеруші  болып бекігесін жас ақындарды кеңінен таныту мақсатында «Қанат қақты» деген атпен газеттің поэзиялық кітапшасын шығардық. Бұл бірінші беттен басталып, соңғы бетінде қайшымен қиып алғанда 8 беттік жыр кітапшасы болатын. Мұны қалың оқырман өте жақсы қарсы алды, келесі нөмірі қашан шығады деп күтіп отыратын болды. Осы кітапшада ең алдымен  талантты ақындар, жыр жүйріктері Ғалым Жайлыбайдың, Шәкизада Әбдікәрімовтың, Нұрлан Мәукенұлының, Серік Томановтың, Аманхан Әлімовтің, Қайрат Әлімбековтің, Болат Үсенбаевтың, Ғайсағали Сейтақовтың, Артығали Ыбыраевтың, Серік Қалиевтың, Ертай Ашықбаевтың, Шәмшия Жұбатованың, Мәди Қайыңбаевтың, т.б. өлеңдері жарияланды. Бұлар бір күнде елімізге танымал болып шыға келді, өйткені кітапшаның да  таралымы 300 мың болатын. 
Жас прозашылар Дидахмет Әшімханов, Қуандық Түменбаев, Рахымжан Отарбаев бастатқан топ та осы кезеңде танымал болды.  Және бір жағдай еске түсіп отыр. Газеттің әдебиет бөліміне жыл сайын орта есеппен 10 мың хат келетін. Әрине оның бәріне жауап берудің өзі оңай емес, қолымыз хат жазудан да босай бермейтін. Әрқайсысына дәлелді сөз, дәйекті пікір керек, арасында арызқойлар да аз емес. Соның бірін айтсам, сол кездегі Гурьев облысынан С.деген әуесқой ақын апта сайын өлең жібереді де жатады.  Нашар, көркемдік талаптарға жауап бермейді. Жауап хатқа және тоқтамайды. Сол Орталық комитетке арыз жазып, «өлеңдерімді жершілдікпен баспай отыр» деген уәжбен мені кінәлапты. Мен де сол облыстанмын. Редактор шақырып, «Бұл хатқа не деп жауап береміз, ЦК күтіп отыр» деді. Ойлана келе оның өлеңдерін Жұмекен Нәжімеденовке беріп, адал пікірін жазып беруін сұрайтын болдық. Жұм ағама хабарласып, жай-күйін айттым, әуелі уақытым жоқ деп қашырғанмен, мән-жайды толық айтқасын келісті. Сонда С.-ның өлеңдерін оқыған ұлы ақын «егер осы С.-дан ақын шығатын болса, мен екі қолымды тас төбеме қойып, айдалаға безіп кетуге дайынмын» деп бір ғана сөйлем жазыпты. Әлгі әуесқойға осы жауапты жіберіп, көзіміз ашылды. 
Бұдан 35 жыл бұрын, егер табандап санасақ, одан да бұрынырақ болар, «Ақшам» деген сөз әуелі «Лениншіл жас» газетінде пайда болды. Жастар басылымы сенбі күнгі санына барынша мән беріп, оның оқылуына қатты назар аударатын. Қашанда қиядағы идеяны қағып түсетін, алам деген асуын алып түсетін, алдыма қара салмаймын деп жанып түсетін редакторымыз Сейдахмет Бердіқұлов бір күні біздерді – бөлім меңгерушілерін,  жинап алып, «Ақшам» деген сөзге қалай қарайсыңдар деп ортаға ой тастады. 
    «Газеттің сенбі күнгі санының соңғы бетін, яғни төртінші бетінің «бас киімін» (бет тақырыбын) «Ақшам» деп берелік. Онда тек оқылатын материалдар болсын, безендірілуі де басқаша болуы керек. Әрине, «Үлкен үй» бұл сөзге үрке қарауы мүмкін, сондықтан айлаға бағып, ақшам сөзін екі буынға бөліп берелік. Және қырағы көздерді адастыру үшін «Ақ» сөзі мен «Шам» сөзінің арасын бөліп, шамның клишесін салып берсек, артық сөзден дәлелмен құтылуға болады» деп өз ойын нақтылады.  Бұл сөзді тірілтіп, одан әрі қаузаған бөлім меңгерушілері өз пікірлерін білдірді. «Ақшамның» алғашқы санын шығаруды  Сейдағаң маған, жауапты хатшы Ерғали Сағатов пен жүйрік журналист Сапарбай Парманқұловқа жүктеді. Алғашқы макетін  Сапарбай  сызды. Мен онда Әдебиет және өнер бөлімінің  меңгерушісі едім, «Ақшам» бетіне біздің бөлім мен Тілші хаттары бөлімі тұрақты түрде жауапты болып тағайындалды. Әдеби қызметкерім, талантты ақын  Қайрат Әлімбек үшеуіміз белсене кірістік. Осылайша бір күні «Ақ» - «Шам» деген сөз «Лениншіл жас» газетінің төртінші бетінде жарқ етіп шығып, мыңдаған оқырмандардың қуана қостаған көзайымына айналып жүре берді. Жаңа газеттің атауын белгілеу кезінде «Үлкен үйде» болған үркулерде сардар ағамыз Сейдахметтің айтқаны келіп, діни астар іздегендер жарқырап жанып тұрған шамға «Неге жанып тұр?» деп кінә қоя алмапты. Сөйтіп, «Ақшам» сөзі жадымыздан жырақтап, жанымыздан алыстап бара жатқанда, ғажайып сөзді қайта тірілткен Сейдахмет Бердіқұлов бастаған «Лениншіл жас» газетінің ұжымы нәтижесінде төрімізден орын алып, тұғырын бекітіп еді. Бүгінгі  «Алматы ақшамы» газетіне жол әуелі осылай салынған болатын. «Ақшам» бетін шығаруға белсене араласқан белгілі қаламгер, майталман мәдениеттанушы Қали Сәрсенбай қазір осы басылымды үркердей жайнатып, үкілеп ұстап отыр. Мұндай жарқын мысалдар жастар газетінің өмірінде аз емес.  
Жылдар жалғасып жатты. Газет қалың оқырманның сүйікті басылымы болумен  қатар, ұлттық руханияттың да ұстаханасы атанды. «Лениншіл жас» газетіне қызметке тұру әрбір жас талапкердің арманы мен мұраты болды. Ұлт үшін жүзеге асқан талай игіліктің іс-шараның басында жүрдік, Сейдағаң үшін, біз үшін екінші болу намысқа тең еді. Жұртымызға арналып, әр айтулы датаны пайдалана отырып, арнаулы нөмірлер шығару берік дәстүрге енді. Осындай әр нөмір үшін барымызды салатын едік, өйткені басылым басшысы мұның сыртында халқымыздың тағдыры мен келешегі тұр деп санайтын. 
1986 жылдың  қыркүйек айының басында жаңалықшыл басшымыз  Сейдағаң мені өзіне шақырып, «Сұхбат-телефон» деген жаңа айдар ашу идеясын ортаға салды. Идеяны талқылай келе оны «Лениншіл жас» газеті 50 жасқа толған мүшелтойы қарсаңында «Адамзаттың  Айтматовы» деп  өзі атаған  Шыңғыс Айтматовтан бастауды хош көріп,  редактордың  құпия  тапсырмасы бойынша дайындықты бастауға кірістік. Өйткені мұның орайы келетіні, енді бір айдан соң Қазақстанда қырғыз әдебиетінің күндері басталатын еді. Ертеңіне Секең шұғыл қайыра шақырды. «Менің Шықаң туралы пікірім сол пікір, өзгермейді. Бірақ аруақ аттағандай болып отырмын. Түнімен ойландым. Әуелі өзімізден бастайық, өз жұртымыз өкпелеп қалар, қане, кім бар?"» деп  әдетінше шаншыла қарады. Бірнеше ағаларымыздың атын атадым. «Әбекең дұрыс, арыстан жал ақын, атағы  да бар, абыройы да аспандап тұр, ендеше Әбекеңнің үйіне тарт, келісімін алып кел» деп шұғыл тапсырма берді.
 Әбекең (Әбділда Тәжібаев –Ө.О.)  жайдары, жақсы қарсы алды. Жазу кабинетінде бұрқыратып өлең жазып отыр екен. Ақын ақ қағазға өлеңді араб әліпбиімен жазатын еді. Қысқа сәлемдесуден соң, «ал, шалдың мына өлеңін тыңдап көрші» деп арқаланып жыр оқып кетті. Сара апамыз да Әбекеңнің қуанған түрін көріп, шай дастарханын тездетті. Біраз сырластық. Әдеби процесстер туралы ақжал ақынның талай өткір де ойлы пікірлерін тыңдап, ғибратты дәріс тыңдағандай болдым.   Ұсынысқа қуана келісті. 
Арыстан жалды ақын ағамыз 4 сағат бойы еліміздің барлық өңірінен қоңыраулап жеткен жүздеген сұраққа жалықпай, шаршамай жауап беріп, өзі де шабыттың шалқұйрығына мініп, бір жасап қалды. Әрине біз де алдын-ала қам жасап, кейбір өткір сұрақтарды бөлек дайындап, қоятын адамдарға беріп те қойған едік. Сондай бір сұрақты ақын досым Ибрагим Исаевқа бергенмін. Ол елімізде, соның ішінде Алматыда қазақ мектептерінің жоққа жуық екенін, қазақ тілінде жалғыз ғана балабақша бар екенін, іс-қағаздарының бәрі тек қана орыс тілінде дайындалатынын, қазақ тілінің күн санап есіктен де шығуға таяп қалғанын айтып, дабыл көтергендей болды. Осы сұраққа Әбділда ақын қатты қиналып, жасып, жанарын жас буып, күйініп кетті. Айтарын да аямай, абайламай ашық айтып, Үлкен үйге деген өкпесін жан-жақты жеткізді. Осындай өткір сұрақтарды айтқызып, біз де серпіліп қалдық.
«Қаламмен жазылған, қарумен өшпейді» деген атпен газеттің бірінші бетінен басталып, үшінші бетін тұтас алған сол сұхбатымды «Правда» газетінің Қазақстандағы тілшісі Төлеужан Есілбаев аталған басылымда «Паутина» деген атпен кейіпкер мен автордың аттарын атамай жазып көрсетіпті. Аттарымыз аталмағандықтан аман қалдық, бірақ соның өзінде үш әріптің тезінен сан рет өтуге тура келді. 
 Сол жылы қазан айының аяғында Қырғызстан әдебиеті мен мәдениетінің күндері Алматыда өтті. Біз алдын-ала дайындалып, Шыңғыс Айтматовпен «Сұхбат-телефонның» тосын  нұсқасын жасадық. Шыңғыс ағаны жолынан қалдырмай оны Алматыдан Фрунзеге дейін шығарып сала отырып, сұхбатты жол үстінде алуға келістік. Сұхбатты мен жүргізетін болдым да, суреттерін фототілшіміз  Рахымбай Ханалы түсіретін болды. Сол тосын сапар-сұхбат ел жадынан әлі өшкен жоқ.
Бұл сұхбатым  1986 жылғы 1 қарашада  «Лениншіл жас» газетінде «Жол мұраты – жету» деген атпен жарияланды. Сұхбат шыққан арнаулы жасыл  нөмірді Сейдағаң Фрунзеге барып, Шыңғыс ағаның өз қолына табыстап келді.   Оқырман ыстық ықыласпен қабылдады. Редакцияға жүздеген хаттар келді, сан рет телефондар шалынды. Орыс тілді оқырмандардың сұрауы бойынша бұл сұхбатты белгілі  жазушы  Бақытжан  Момышұлы орысшаға аударып, «Ленинская смена» газетінде жарияланды. Бұл мақала да Желтоқсан дүрбелеңінде суық мекеменің назарына ілініп, біраз қиындық көруге тура келгені бар. Шыңғыс аға сол сапарында екінші жары Мариям апай және кіші ұлы Элдармен келген еді. Қордай асуының үстінде дастархан жайып, үш сағатқа созылған емен-жарқын әңгіме болды. Қордай асуындағы сұхбат екі елдің  достығы, ұлттық-рухани байланыстары, тарихи кезеңдердегі қатынастар, кеңестік кезеңдегі күрделі мәселелер, жас буын тәрбиесі, қандай жағдайда  да екі ел арасындағы достық пен бауырмалдық арқауын қолдан шығармау жөнінде болды. Ол кезде алда не күтіп тұрғанын білген жоқпыз.
СССР-дің соңғы басшысы М.Горбачевтің пәрменімен берілген тоңмойын тапсырмалар Қазақстанды бидайдай қуырған сол кезеңде туған халқын кеудесін оққа  тосып қорғайтын азаматтар да арамызда аз емес болып шықты. Сөзге тірек, айтылғанға дәйек болсын, сол қилы кезеңде әділетсіздікке  қаймықпай қарсы тұрған қайраткерлердің ең алғашқы тізімі былай түзілді: 1986 жылғы 20-шы желтоқсанда комсомолдың Орталық комитетінің  кеңейтілген бюросында қарау шешімге қарсы сөйлеген Сейдахмет Бердіқұлов, 23-ші желтоқсанда Ғылым Академиясында өткен талқылауда ұлтын қорғап сөйлеген академик Салық Зиманов, 31-ші желтоқсанда Қазақстан жазушылар одағының мәжіліс залында сөйлеген ақын Жұбан Молдағалиев, қаңтар айында   жазушылар одағында өткен шығармашылық жастармен кездесуде республика комсомолы  бірінші хатшысының теріс пікіріне қарсы сөйлеген ақын Бақытжан Қанапиянов, сәуір айында Колбинмен кездесуде өткір сөзін сөйлеген жазушы Сафуан Шәймерденов,  бұлардың алдында комсомолдың орталық комитетінің  бюросында «Лениншіл жас» газетінің қоғамдық-саяси   қателіктері туралы қаралған отырыста өз пікірлерін табандап қорғаған, сол үшін сөгіс алған  газеттің редакторы бастаған бөлім меңгерушілері – Несіп Жүнісбаев, Жанболат Аупбаев, Қамбар Керейқұлов  және осы жолдардың авторы еді. Бұлардың бәрі біздің жадымыздан өшпек емес. 
Орталықтың озбыр қаулысынан кейін үдеген ұр да жық жалақорлық пен жаппай жазалаудың  кезінде  Шыңғыс аға Төреқұлұлы айтқан сөзін ақтап, қазақ халқын жақтап, «Правда» газетіне тарихи мақаласын бергеннен кейін ғана Мәскеу майданы саябырлай бастады. Кезінде бұл мақаланың жазылуына дәнекер болған үш азамат – Әбіш Кекілбаев, Қанат  Саудабаев,  Нұрлан Оразалин екенін де  айта кеткенді парызым деп санаймын. Желтоқсан көтерілісінің алдында жастар газетін 16 жыл басқарып, намыс найзағайына  айналдырған Сейдахмет Бердіқұловты «Жалын» баспасына директор етіп ауыстырды. Атап айтарлығы,  жоғары жақтан жасырын дайындалып, қазақтың танымал ұл-қыздарын  ұлтшыл деп қорлайтын мақалалар легін Сейдағаң  мұнда отырғанда жариялау оңай емес болатын. 
Сонымен, Сейдахмет Бердіқұловтың орнына басшы болып 1986 жылғы 22 желтоқсанда «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан» газеті) газетінің редакторы Уалихан Қалижан келді. Сейдағаңның рухани інісі, әрі шәкірті ретінде қалыптасқан Уалихан Қалижан  желтоқсан көтерілісінен кейінгі дүрбелеңде қолдан келген амал-әрекеттің  бәрін салып, ұлт жанына тиетін мақалалардың топан легін аса дарытпады. Қазақтың әйгілі театр режиссері Асқар Тоқпановты ұлтшыл деп жазу жөніндегі құпия да қатаң тапсырманы жақсының жанын ауыртпай қалай қиыннан қиялап шыққанымызды талай рет жазды, жақында «Жас Алашқа» берген сұхбатында оны тағы  байыптап айтып өтіпті. 
Уәлекеңмен арадағы қызметтік қарым-қатынас солақай саяси шабуылдар кезеңінде өзара түсіністік, іштей ұғысқандық жағдайында қалыптасты. Бірде тікелей телефонмен өзіне шақырды. Кірсем оның алдында орта бойлы, ақ шашты, жүзі ресмилеу, адамға тінте қарайтын бір ақсақал отыр екен. Сәлемдесіп, қарсы алдына отырдым. Уәлекең алдында жатқан қағазды маған қарай ысырып, «мына жігіт бөлім меңгерушісі, мақалаңызды осыған беремін, қарап  пікірін айтады, сосын арғы жағын ойластырамыз, сіз бара беріңіз, хабарласамыз» деді. Әлгі кісі біздерге шаншыла, шытына  қарап, құлықсыздау  шығып кетті. «Таныдың ба?» деді Уалихан сәл шамырыққан үнмен. Танымадым. «Өзің білетіндей, баяғыда қазаққа домбыра неге керек?» дегендей пікір айтып, ұлттық өнерге тұсау салған, содан бері басынан осы сөз арылмай келе жатқан Нұрымбек Жандилдин деген ағаң осы» деді. Әрине, білемін, кезіндегі Орталық партия комитетінің хатшысы. Мақаласын сол жерде оқып шықтым, өзін ақтауға талпынған тәсілі екен. Уәлекең орнынан тұрып, сейфін ашып: «Сен біліп жүрсін дедім, бұл мақала осы темір сандықтың түбінде жатқаны жатқан, басылмайды, бір жауабын берерміз» деді сенімді үнмен. 
Жастар газетінің ұзақ жылдардан бері үзілмей, үлгілі үрдіс ретінде атқарып келе жатқан аса абыройлы бір міндеті бар. Ол жыл сайын 22 наурыз күні «Көктем нөмірін» шығару. Біз бұған алдын-ала дайындаламыз, атқару тобы құрылады. Ол әбден талқыланып бекітілген соң ешкімге дабыра қылмай жұмысқа кірісеміз. Бұл ұзақ жылдардан бергі қалыптасқан дәстүр болғандықтан қалың оқырман қауым осы күнді, осы нөмірді күтіп отырады. «Лениншіл жас» деген газеттің атауының астына жасыл түспен «Көктем нөмірі» деп жазылады. Тиым салынған Наурыз мейрамы  жастар газетінде осылай жарнамаланып, жұртымыздың жадына ұлы дәстүрді үнемі салып отырды. Орталық комитетте басылымды  бағып  отырғандар да мұның астарын біліп отырады, бірақ тіктеп, кінәлап шара қолдана алмайды. Өйткені бұл көктем нөмірі, еңбек көктемі, ел көктемі, жыл басының жарқын күні. Газет қабырғасында мұндай нөмірдің 14-ін шығаруға қатыстым, мұны да  өмірімнің сәулелі шақтарының бірі деп есептеймін. 
Уалихан Қалижан Сейдағаң салған бұл дәстүрді бұзған жоқ, қайта оны дамыта түсті. 1988 жылы ол Мәдениет бөлімінің меңгерушісі, бүгінгі белгілі ақын Әділғазы Қайырбеков пен маған тікелей тапсырма беріп, Наурызды бүкілхалықтық мейрамға айналдыру үшін ақын Мұхтар Шахановпен «Сұхбат-телефон» жасап, оның жалпы жазбасын Г.Колбинге жеткізу жөнінде жоспар құрылды. Іздегенге – сұраған дегендей, Әділғазы екеуіміздің күткеніміз осы еді, құмбыл кірістік. Осының нәтижесінде «Тамырыңды тереңге жібер» деген бір беттік сұхбат дайындалып, жарияланды да, оны Мұхтар ағамыз Колбиннің тікелей өзіне жеткізді. Колбин халық уәжімен келісуге мәжбүр болды. Сұхбатқа халқымыз орасан зор ынтамен қатысты. Осылайша 1988 жылғы көктемде, озбыр саясаттың одағай бұйрығынан кейін, 62 жыл тұтқында болған Наурыз мейрамы халқымызбен  қайта қауышты. Бұл біздер үшін, жастар газетінің ұжымы үшін, ең бір бақытты сәттер еді. Мұхтар Шаханов өзінің «Желтоқсан эпопеясы» атты деректі романында «Бұл жастар газетінің керемет идеясы болды, осыны іске асыруға қатысып, сұхбат жасағандар» деп Әділғазы Қайырбеков екеуіміздің аты-жөндерімізді арнайы атап өткен.(М.Шаханов. «Желтоқсан эпопеясы», 646-бет). Қоғамдық пікірдің қозғаушы сәттерін тап басатын осындай жарқын ұмтылыстар жастар газетінің тарихында жетіп жатыр.
Қазіргі «Жас Алаш» сол біздің буынның, біздің алдымыздағы сандаған толқынның заңды жалғасы, рухани мұрагері, жолдарын жалғастырушы жалаугер. Қазіргі таңда, «Біз біргеміз» деген жалпыұлттық  ұран  жағдайында,  жаһанды  жалмап бара жатқан жаман індет – планетарлық пандемияға қарсы майданда  «Жас  Алаш» тағы да алдыңғы шепте жүр. Тәуелсіздік тағдырында  оның қапысыз қолтаңбасы бар екені және ақиқат. Ел мүддесін көздеген, туған халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ұзан  жолда уақыт сынына төтеп беріп келе жатқан «Жас  Алаштың» 100 жылдық белесі – Қазақ Халқының талайлы тағдырындағы тарихи кезең. 
Жүзге жетсе де Жастық  Жанартауы сөнбейді! 


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ҚАҒБАНЫҢ  ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
22 июль 2019, Понедельник
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры