Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ЖАН АЗЫҒЫ – ЖАҚСЫ ЖЫР

ЖАН АЗЫҒЫ – ЖАҚСЫ ЖЫР

12 июль 2019, Пятница
1 506
1
*Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма
              ЖАН АЗЫҒЫ – ЖАҚСЫ ЖЫР
Жалпы, әдеби шығарма – адамзаттың жан дүниесiндегi алуан түрлi сапырылысқан ойларды көркем жинақтаумен өрнектейтiн өнернамалық туынды. Көркем шығармалардың суреткер авторлары адамзатқа тән көңiл күйлерiн туындыларында бейнелеуде өзiндiк ой сарабынан өткiзедi. Жан дүниесiндегi тебiренiстердi, толғаныстарды жалпы адамзатқа ортақ әуендермен өрнектеп отырғанын бәлкiм, туындыгердiң өзi сол сәтте аңғармауы мүмкiн. Ал, шынайы өнер туындысы дүниеге келген сәттен бастап, бүкiл адамдардың жан дүниелерiне ортақ ой әуендерi болып төгiледi. Мәселен, ислам әдебиеті мен мәдениеті және философиясы әлемдік өркениетте өзіне лайықты орнын тапты. Ислам әлемінің құндылықтары ұлы даланың: Әл-Фараби, Қожа Ахмет Иассауи және тағы басқа дана перзенттерінің даңқты есімдерімен де тығыз байланысты.
          Бұл ретте, алдымен, әлемге әйгілі шығыстың шамшырақтары Фердоуси, Рудаки, Омар Һаям, Сағди, Руми, Қожа Хафиз, Жәми, Науаи, Маржани, Абай секілді бір туар таланттар ауызға ілінеді.
Ол алыптар мұсылманшылық шығысқа тән нақышы өзгеше, бояуы қанық небір асыл дүниелерді өмірге әкелді. Қазақтың ақын-жыраулары шығармашылығында ислам дініне  байланысты тарихилық негізіндегі көзқарастармен жырлау тұрақты орын алды. Жыраулар қазақ даласы мен ислам дінінің негізгі орталығы Арабстанды, Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың қызметі танылған қалалар Меккені, Мединені, қасиетті мінажат орындарын ардақтай, ұлықтай жырлады.
Осындай ой алыптары мен сөз зергерлерінің еңбектерінің арқасында әрі халықтың рухани күші негізінде ислам діні сақталып қалды. Қазір тәуелсіздігімізді алғалы ислам жапырағын кең жайып, саясында еркін дем алдыруда.
         Шығармашылығын тілге тиек еткелі отырған белгілі ақын Өтеген Оралбайұлы бұдан үш жыл бұрын қасиетті Меккеге қажылық сапар жасап қайтты. Әрине, мұсылмандық парызын өтіп, қажылыққа барып қайтқан жандардың саны қазіргі кезде біршама баршылық. Әсіресе, Қазақстандағы ислам дінінің өкілдерінен бастап, белгілі өнер қайраткерлері мен ақын-жазушылардың көпшілігі бес парыздің бірі – қажылықты өтеуге құштарлық білдіріп, Мекке–Мәдинаға барып қайтқандарын жұртшылық олардың көбінің осы сапардан алған әсерлерінен жазылымдары арқылы хабардармыз. 
Енді «қажы» атанып, қасиетті жерден оралған Өтеген де «өзі бастан кешкен сезім мен сенімнен туған көңіл-күйлерін» қағазға түсіріпті. Алайда, өзі «мен қажылық сапарым туралы журналистік жанрдағы мақала жазбай, жырлар жаздым...Ең бастысы, «қажылығым қабыл болды ма екен?» деген күмән-күдігім сейілді. Алланың шапағаты тиді деп сендім...» деп айтқанындай, бұл жырларын «Қағбаның қарлығаштары» деген атпен жарыққа шығарыпты.
Өтегеннің Аллаға арналған мінажат жырларының әдеби шығармаға тән ең басты ерекшелiгi – лирикалық қаһарманның өзiндiк поэтикалық тұлғасының даралануы. Сөз арқауындағы мінажат өлеңдерi ақынның ислам дiнiн жүрекпен шын берiле қабылдаған рухани шынайылығын дәлелдейдi.  Мысалы, «Мұхамбеттің үмбетімін» өлеңiнде фәни мен бақиды тұтастандырып тұрған ұлы күш иесi Жаратушының адамзатқа жасайтын ықпалдарының барлығы да лирикалық-психологиялық толғаныстармен өрнектеледi:
           «Алхамдулла» деген сөзге ұйығам,
            Сүре сазы – аспан керген биік ән.
            Төрге шықсам иншалла деп күбірлеп,
            Құласам да бір Аллаға сиынам.
         Ақынның софылық дәстүрдегi Жаратушыға арналған махаббат, ғашықтық ғаламаты хақындағы ойлары философиялық-гуманистiк ойдың салмақты тағылымын аңдатады. Ақын шын ғашықтың қандай екенiн тани бiлген, махаббат сезiмi жүрегiне ұялаған жан ретінде тұлғаланады. Шынайы махаббат Жаратушы негiздеген ұлы заңдылық екендiгiн дәлелдей, дәйектей айтады:
                                «Алла – жалғыз» деген сөздер жарқылдап,
                                 Шақырғандай жәми-жұмақ, барқын бақ.
                                 Дін-мұсылман дидарында күн ойнап,
                                 Маңдайларын жатырғандай алтындап.
                                 Сәл қозғалып қисуаның етегі,
                                 Алтын сүре билеп-билеп кетеді.
                                 Қағба сонда жүзіп келе жатқандай,
                                 Теңіз-халық толқынданып кетеді.
Шығыс-түркi халықтарының әдеби шығармашылық мұраларының бастау көзінде махаббат ұғымының түп негiзi жаратушы Алланың адамзатты, бүкiл тiршiлiк иелерiне арналған қамқорлығы, құдiретi болып саналады. Демек, әдебиеттердегi махаббат лирикасы деп жүргенiмiз – Алла негiздеген адамзатқа арналған ұлы махаббаттан туындайтын сезiм әлемiнiң бiр бөлшегi. Ал, Жаратушының адамзатқа арналған ұлы махаббатынан жаратылған Адам Ата мен Хауа Ана екеуiнiң бiр–бiрiне деген сезiмдерi де сол үлкен арнадан нәр алған. Бұл сезім сырлары ақын шығармашылығында былайша өрнектелген:
                      ...Топырақтан жаратылған Адам-Ата,
                         Алламыз жан бітірген – қолдағы нұр.
                     ...”Жалғыздық маған ғана жарасқан” деп,
                       Атамыздың суырған қабырғасын.
                   ...Ой қусаң оралымды пайдаға сыр,
                      Жұмбағын жайып тастар жайма-ғасыр.
                     “Алма” деген алғашқы сөзді айтыпты,
                      Осы сөзге қаламын айран-асыр.
Сөйтіп Құран хикаяларына негізделген өлеңнің композициялық құрылысында қаламгердің өзіндік тұжырымы да айшықталған.
Ақынның басқа да мінажат өлеңдерінде лирикалық қаһарманның өзi ғана сезiнiп басынан кешiрiп отырған көңiл-күй құбылыстары жырланады. Ақын өзi сезініп, бастан кешкен айрықша ықыласты, ынтызарлық сезiмдерiн жалаң түрде алмайды. Өзiне ынтызар еткен, осындай сезiм сыйлаған Жаратушыға, ол негiздеген исламдық ұлы iлiмге деген мінажаты, құрметi үнемi қосыла өрiлiп, егiзделе жырланады.
Ақын махаббат атты ұлы сезiмдi адамның тiршiлiкке деген құштарлығымен тұтастыра жырлайды:
                        Алла дедім,
                        Жанымды жайып салдым,
                        Айдынынан арманның қайық салдым.
                        Мерейіме мерей қос, Жаратушым,
                        Жаңсақ басқан жер болса айып салғын.
                     ...Ұрпағым бар – ұлағат,
                        Ұраным бар – жұрағат.
                        Ұлысым бар ұлы елмін,
                        Ұлттық дәстүр – мұрағат.
                      ...Тілектерім осынау,
                         Қабыл болсын дейінші!
Әрине, ақын – өзiн қоршаған мыңдаған, миллиондаған адамзаттың ортақ сезiмiн жырлаушы. Өтеген осы тұста осы биік деңгейден көрінген.
Махаббат сезiмiне бөленген, Аллаға ессiз–түссiз берiлген нағыз ғашықтың сезiмiн табиғи бояуларымен беру – шебер ақындықтың өнегесi. “Алла дедім” атты өлеңiндегi лирикалық кейiпкердiң күйiп–жанған сезiм әлемi романтикалық сипатпен жырланады. Сезiм толқындарына көмiлген жанның тебiренiстерi мейлiнше әсерлi елестейдi:
                          Алла дедім,
                          Алла дедім,
                          Бір Алла,
                          Тізерледім, тәжім еттім Құранға.
                          Адалдықтың аппақ туын көтердім,
                          Ниетімді қабыл етші, бір Алла!
“Қарлығаштар қағады қанаттарын”, “Жамратқа жеті тас жамыраттым”, “Мұнартып тұрған Минаға келдім” сынды бейнелеулермен өрнектелген жыр жолдары романтикалық сарынмен жырланған.
Ал, мына өлеңде ақынның лирикалық кейiпкерi Алламен дидарласудан туған әсерден ешқашан ажырай алмайтын күйде суреттеледi. Бүкiл рухани әлемiн тұтастай баураған құштарлық, ынтызарлық ғаламаты ақындық көркемдiк таныммен бейнелеу нақыштарымен өрнектеледi:
                      Әл-Харамға қарап едім,
                      Күліп тұр,
                      Сол күлкіні сәттілікпен біріктір.                 
                      Жолдарымды ашып бер де, Жасаған,
                      Қолдарымды ізгілікке іліктір.
Шығыс шайырлары Фирдауси, Омар Һаям, Руми, Жәмидiң, кейiнгi Абай, Шәкәрiм, Мағжан шығармаларында махаббат, ғашықтық ұғымдары әуелi Жаратушы Алланың құдiретiне, одан кейiнгi ойлар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызға, сахабаларға арналды. Сондықтан, Ө. Оралбайұлының жырларындағы табиғат пен адам сезiмiн тұтастыра жырлауы Жаратушы Аллаға, оның жердегi елшiсi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға, оның үмбеттерiнiң сезiмдерi сабақтастығына арналғанын сеземiз. 
          Ақынның мінажаттық сарындағы жырлары қазақ поэзиясындағы исламдық суфизм бағдарымен жырлайтын ақындық арнаны толықтыра түсері анық. Бұл ойымызды кітапқа тілек айтып, пікір қосқан айтулы ел азаматтары мен мемлекет қайраткерлерінің оң сөздері нақтылай түседі. Мәселен, Мұхтар Құл-Мұхаммед: «...Сіздің шын жүректен шыққан жырларыңызда тың теңеу, ойлы образ, шымыр шумақтар мол екен. ...әл-Харамда болып, оның қасиетіне балқыған адам ғана жаза алатын жыр жолдары ерекше әсер қалдырды», – десе, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев: «...Ақын Өтеген Оралбайұлы осы «дәстүрді» одан әрі дамытып, өзінің Алла жар болып, сәті түскен қажылық сапарынан кейін тұтас жыр жинағын жазыпты. Және оларды Аллаға мінажат еткен алтын арқауға айналдырып, тұтас туындылық дүние түзген» – деп, жүрекжарды ой-пікірлерін білдіріпті.
            Шынында да, ақынның «Көгілдір әлем» атты  мінажат жырындағы:
                                Көгілдір әлем,
                                Көңілім де менің көгілдір,
                                Көгілдір әлем – көнеден жеткен тегім бұл,
                                Бөрілі байтақ Құбылаға қарай ұмсынып,
                                Шашылып кеткен таспиғын ойдың теріп жүр.
                                Шым-шымдап тартып шындықтың темір шідерін,
                                Жалғадым жырмен үздірмей үміт күдерін.
                                Құлдырап кеткен,
                                Бұлдырап кеткен күндердің,
                                Құраннан таптым көңілге керек бір емін, –
деген жолдардан сөзбен сурет сала отырып, кестелі ой орамдарын түзгенін айқын аңғарамыз. Бұл секілді – ақындық қыр-қасиет ақын Өтегенге ғана тән қолтаңба екені анық.
          Оның шығармаларындағы Жаратушыға арналған ғашықтық – фәнидегi пенделiк көңiл тiлектерiнен тыс ғарыштық кеңiстiк қозғалыстары аясындағы сезiм құбылыстары да әдемі өрілген. Мысалға «Иә, Алла, аштым саған жүрегімді», «Бер тілекті, Жасаған», «Иә, Алла, бергеніңе қанағат», «Жаратқанға басымды идім, құладым» деген секілді Аллаға арналған мінажаттар жүйесiндегi ой өрiмдерiнiң философиялық тереңдiктерi осындай тағылымды байқатады:
                                 Иә, Алла,
                                 Жалбарындым, жығылдым,
                                 Жығылдым да, міндетімді ұғындым.
                                 Сенің нұрлы шуағыңа жуындым,
                                 Не болса да мен өзіңе сиындым,
                                 Иә, Алла,
                                 Саған мың сан иілдім...
          Махаббат, ғашықтық атты ұлы сезiмдердiң адамзаттың Жаратушы Аллаға арналған шынайы мөлдiр сезiмiнен бастау алатыны аталған ақынның өлеңдерi арқылы дәлелденедi.
                                  Хира-үңгірге көп қарадым үңіліп,
                                  Мінажат қыл, аят оқып, бүгіліп.
                                  Құлағыма Құран үні келгендей,
                                  Жүрек соқты асыққандай жүгіріп –
деген өлең жолдарынан Өтегеннің көргенін көңіл көрігінен өткізіп, көрікті ойға жүгінгенін байқаймыз. Ең ұлы махаббат Аллаға деген махаббат. Кітап осы алтын қазық идеяны өте көркем деңгейде көрсете алған.
Сондай-ақ, басқа да лирикалық өлеңдерiнiң идеялық-композициялық желiсiнде исламға арналған көңiлiнiң лебiздерi негiзгi мағыналарды күшейткен қалпымен ерекшеленедi. Мысалы: “Иә, Алла, бергеніңе қанағат”, “Мың мінажат, Жасаған”, “Жаратқанға басымды идім, құладым”, “Е, Алла, бергеніңе шүкір деймін” атты өлеңдерiнде  эстетикалық-гуманистiк ойлар айтады, пiкiрлерiн исламның қасиеттi түстерiмен байланыстырады:
          Сайып келгенде, ақын Өтеген Оралбайұлының өлең өріміндегі өрнектерді тізбектей келіп, сөз соңында айтарымыз, ел алдындағы ақындық пен азаматтық борышын қатар өргізіп қана қоймай, Алла алдындағы пенделік парызын да өтеп, қажы болып қайтқан ақынның мінажат жырлары қазақ поэзиясында ертеден бар, бірақ бір кездері саябырлап қалған бұл жанр қосылған үлкен үлес деп білеміз. Және келешекте тың да соны осы тақылеттес өлеңдерімен байыта түсеріне нық сенімдіміз.
          Сөз жоқ, жыр жинағы жарыста жүлдегер болуға, қалың оқырманның жан жүрегін сусындатар сүбелі сыбаға болуға әбден лайықты. 
С.Назымбекұлы, 
Филология ғылымдарының докторы, профессор,
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
ПІРДІҢ  СОҢЫ  –  БЕКЕТ АТА
10 июль 2019, Среда
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА
ШАНДОЗДЫ  САҒЫНҒАНДА...
11 июль 2019, Четверг
ШАНДОЗДЫ САҒЫНҒАНДА...
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:15
шары на 23 февраля ---- Кликни на сайт ---- чемодан на колесах интернет магазин недорого ---- Кликните по ссылке для просмотра всех предлодений ---- шары щенячий патруль ---- Шарики воздушные на праздник детям и любимым ---- снять офис в аренду ---- Все для посетителя ---- бц w плаза ----- взгляните на сайт ниже ---- омега плаза бизнес центр ---- Посмотрите дверь ---- купить двери входные металлические цены госуслуги вход через есиа займ экспресс ухта личный кабинет 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры