Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ШАНДОЗДЫ САҒЫНҒАНДА...

ШАНДОЗДЫ САҒЫНҒАНДА...

11 июль 2019, Четверг
1 320
0
Халқымыздың біртуар перзенті Әбіш Кекілбайұлын еске алғанда жадыма түскен жазбалар
                                                   
                                  *  *  *
         Астанадағы Ұлттық  академиялық кітапханада халық жазушысы,  Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевты еске алу кеші өтті. Кешке зиялы қауым өкілдері, қарасы мол оқырман, қарапайым жұртшылық көптеп келген екен. Бас қосудың бұйдасын ұстаған  Мырзатай аға Жолдасбеков заңғардың заман алдындағы зайырлы қызметі туралы әріден әңгіме қозғап, жақсы әсерге жетелеп отырды. Менің де айтарым аз емес еді, бірақ сөз кезегі тие қоймады.  

Әрине, Әбекеңді білетіндер көп, сөйлейтіндер де баршылық. Мен Әбіш ағаның жанында отыз жылдан астам бірде інісіндей, бірде баласындай, реті келгенде кеңесшісіндей болып ере жүрдім. Сол жерде айта кететін, айтылуы тиіс, кезеңі келген жайттар бар еді. Солардың бір парасын қағазға түсіріп, көпке жеткізген жөн болар деген ойға келдім.
                                               *  *  *
Біз, әдетте, қаламгер Әбіш Кекілбаевты тек жазушы ретінде ғана көріп, барлық әңгіменің ауанын да, аумағын да осы төңіректен іздейміз. Әрине, оның қаламгерлік қуаты, суреткерлік ерекше стилі туралы айту қажет. Тіпті ол заңдылық та. Бірақ Әбіш әлемі бірізді дүниеден де күрделі. Ол сан ізді сүрлеудің бәрінде кекілбаевтық келбетін көрсеткен  кемел адам еді. Мұхит талантты Мұхаңды – Мұхтар Омарханұлын исі қазақ әлі күнге таңдайын қағып, маңдайын бағып мәртебелейді. Бір ғана қаламгерлігі үшін емес. Оның даланың өзіндей дархан диапазонын білгендіктен. Көкірегіндегі ұлан-асыр байлығын бауырына басып жатып алмай, ұлтына ұлағат етіп ұсынғаны үшін. Халқын сүйген қасиеті үшін. Кекілбайұлы кемеңгердің тәлімін алған талант. Абыздың алдын көрген шәкірт. Ақылын көкірегіне құйған азамат. Жаратқан оған да жан-жақтылық сыйлаған.


         Әбіш Кекілбайұлы, алдымен, ақын. Сосын проза, драматургия, әдебиеттану, әдебиет сыны, тарих, философия, эстетика, сценарий салаларында қаламгерлік қуат танытқан тұлға болды. Сонымен қатар энциклопедист, архивариус, өлкетанушы, жаратылыстанушы, қоғамтанушы, әлеуметттанушы, халықтанушы, саясаткер, мемлекеттанушы, дінтанушы, сәулеттанушы, өнертанушы,  аудармашы, публицист, редактор, гуманист, интернационалист, депутат, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде де өзінің дара қолтаңбасын, аса ауқымды білімін толық таныта алған қайраткер еді.  Тәуелсіздікке тізесі бүгілгенше қызмет еткен азамат. Ежелден еркіндік аңсаған Ұлы Дала Елінің парасатты перзенті. Сан қырында да саңлақ бола алған сайыпқыран. Болашақта оның осынау жан-жақты жақсы қырларын жас толқын жарасымын тауып ашып, жаңғыртып түзіп, жұртының жүрегіне жеткізер деген сенімдеміз. Бұларды таратып айтып, талдау жасау үшін де күш керек, білім керек, дайындық керек, құштарлық пен ізденіс керек. Ең бастысы, әділ пайым, әділетті көзқарас қажет.
         Бір адамның бойына осыншама білім мен білікті, ой мен зейінді кім берді деген сұрақ көп жанның қызығушылығын тудыратыны рас. Әдебиеттегі жолын ақындықтан бастаған Әбекеңнің ұлттық мектебі тарихы талайға кететін, жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен киелі Маңғыстаудың бағзы баянынан да, жаңғырған жапан даланың заман ашқан аянынан да тәлім алған. Ислам діні алғашқы сүрлеуін осынау маң даладан бастаған. Ислам ілімін таратуға келген үш жүз алпыс машайық – діндарлар  ұлы даланың әр қиырына имани бағыт алып, осы жерден асатаяғын жолбасшы, Ұлы пайғамбардың өсиетін қолбасшы етіп, қазақ даласының жаңа рухани тынысына адамгершілік самалын жеткізген. Содан бері бұл аймақ «үш жүз алпыс әулиелі Маңғыстау» атанған. 



         Кейін келе, замандар өте, «үш жүз алпыс әулие» тіркесі азды көбейтуге, көпті кеңейтуге әуес қазақ жұрты үш жүз алпыс екі әулие деген тың теңеуге де тыныс ашқан. Бұл санға тағы да сан қосып, сан-саққа жүгіртіп жатқандар да бар. Бірақ қалай болғанда да, киелі Маңғыстаудың ислам дінін таратуға алып сахна, ауқымды айдын болғанын жоққа шығара алмаймыз. Жер бедері басқа аймақтарға ұқсамайтын, бұрын келіп көрмеген адам алғаш көргенде ай бетінде жүргендей болып, айран-асыр күй кешетін, сағымды даласындағы сарғайған обалардың тылсымы мен тынысы пенденің таңданысы мен құштарлығын оятатын, аласа, ақ борық таулардың аңыздары адамның сенімі мен сезімін қатар тербейтін мұндай машырықты мекен жер бетінде некен-саяқ болар. Содан да болар, бұл жерде әулие деген сөз бала жастан құлаққа сіңіп, жүрекке тұнады.

         Әбіш Кекілбаевтың рухани болмысы мен заманауи тұлғасын тереңірек тану үшін Маңғыстаудың табиғаты мен тарихын жете білген жөн. Қаламгер қашанда туған топырағына тартады. Туған елінің тарихына тартады. Бала жастан көкірегіне сіңген шежіре мен өзі көріп, біліп өскен жайттарға етене ден қойғандықтан, оның дүние тану болмысы өзгеден оқшау, өзіндік ерекшелікке ие болатыны содан. Осы тұрғыдан келгенде, Кекілбаевты тану үшін Маңғыстауды тану керек, Маңғыстауды тану үшін Кекілбаевты түсіну керек. Дала философиясының дәні де, мәні де ұлы даламызда жатыр. Әбіш әлемі осынау тарихи аймақтың талайлы шежіресі мен талғамды танымын көрсететін көрнекі құрал секілді. Әбіш әлемі деген теңеуге орынды баға беру үшін әуелі ұлы даланың ұланғайыр тарихын көңілге қондыру керек. Осынау даланы тануға деген азаматтық парасат керек.
         Осыны барынша байыпты сезінген Мырзатай ағамыз 1992 жылдың қыркүйек айында «Қазақ әдебиеті» газетінде Әбіш Кекілбаевты «Әулие» деп жазды. Үкіметтің адамы, ғылыми коммунизмнің дәрістерін де кезінде бойына сіңірген, мемлекеттік қызметтің мәртебесін көтеріп келе жатқан Мырзатай Жолдасбеков қаламынан туған сол теңеу біреулердің апшысын қуырып, біреулердің ашуын туғызғанын да білеміз. Маңғыстау жұртшылығы машайықтардың ұлы көшіне қосылған жерлестерін жаңадан көргендей болып, оған «үш жүз алпыс үшінші» деген нөмірді өздері бергендей қуанды.



 1982 жылы әдебиеттің ғасырлық кезеңін саралап отырған Еуропаның белді бір ұйымы «соңғы жүз жылдықтың атақты жүз қаламгері» деген портрет-плакат шығарды. Олардың ішінде Толстой, Әуезов, Достаевский, Чехов, Маркес, Хэмингуей, Борхес, Паустовский, Федин, Шыңғыс Айтматов, Расул Ғамзатов, тағы басқа даңқтылар бар. Осылардың ішінде екі қазақтың бірі болып Әбіш Кекілбаев тұрды. Мақтандық. Әлі де мақтанамыз. Жұдырығы жойқын деп былғары қолғап шеберлерін төбемізге көтеріп, той-тойлап жатқанда, қаламгерлік қуаты жойқын деп мақтанып, ой-ойлап жатсақ, қазаққа сол жараспай ма?
         Бұл жазылғандардың бәрі жоғарыда айтылған кездесу барысында көкейде көлденеңдеп тұрған-ды. Айтылған жайлардың әуені Әбіш ағаның шығармашылық қуатын жан-жақты ашып тастай алған жоқ. Ол мүмкін емес те еді. Бұл жазушыны дүниеден озғаннан кейінгі ең алғашқы еске алу кеші болғандықтан, айтылған жайлар, әрине, алып қаламгердің ауқымын бірден қамти  алмайтыны да белгілі. Сөз, негізінен, оның өмірдегі болмысы, мінез-құлқы, әдеби ортадағы орны мен рөлі, білімдарлығы мен біліктілігі хақында өрбіді. Сырттай шолу мен сырдаң пікірлер де бой көрсетіп қалды. Әрине, әркімнің өз Әбіші бар. Әбіш әлемінің ішіне кірген әрбір жан өз биігінде сөз қозғайды. Даңқ пен дақпырт та осындай кезде қатар жүреді. 
                                                         *  *  * 
         Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында, біздің толқынның студенттік шақтарында, Әбіш Кекілбаев есімі әдеби ортада дүрілдеп тұрды. Сол жылдары жиі болып жататын әдеби кештерде ақындар: Ғафу Қайырбековтің, Жұмекен Нәжімеденовтің, Қадыр Мырзалиевтің, Тұманбай Молдағалиевтің, Мұқағали Мақатаевтың, Сағи Жиенбаевтың, Сабырхан Асановтың, Фариза Оңғарсынованың, Оспанхан Әубәкіровтің, Асқар Оразақынның, Мұхтар Шахановтың, Бекен Әбдіразақовтың, Дүйсенбек Қанатбаевтың,  сыншылар Асқар Сүлейменовтің, Төлеген Тоқбергеновтің, Сағат Әшімбаевтың аттары Алматыны ұстап тұрды. Осылардың ішінде Әбіш Кекілбаев есімі әдебиет тамыршысы ретінде ерекше құрметпен аталатын. Сол жылдарда Әбіш Кекілбаевтың «Дәуірмен бетпе-бет» деген айырықша ақындық, эстеттік, сыншылық парасатпен жазылған кітабы қолдан-қолға өтіп, мұқабасы ақжемденіп кеткені өз алдына бір хиқая. Әбіш әлемі осылай басталып бара жатты.



         1975 жылы, Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газетінде тілшілік қызметте жүргенімде, күз айында, іс-сапармен Әбіш ағаның туған ауылы Оңдыға арнайы бардым. Оңды Маңғыстау ауданының Каспий теңізіне қарай сүйірлене ұмсынған Түпқараған түбегінің аймағындағы шағын ауылдың бірі екен. Желке тұсында Таушық, кәдімгі соғыс жылдарында көмір қазған, жаудың бомбалаушы ұшағы келіп, бірер бомба бастап, жұрттың үрейін алған жер. Осы жерде Әбіш ағамыздың анасы, қазақтың киелі аналарының бірі атанып, «Әбіштің анасы» деген халықтық құрметке ие болған Айсәуле апамыз шахтада көмір қазып, жеңіске үлесін қосқан. Сталинград қоршауындағы қиян-кескі ұрыста қазаға ұшыраған Кекілбай ағамыз батысқа аттанғанда екі жасар Әбішін арқалаған Айсәуле анамыз оны көш жерге ұзатып салып, көзінің жасы боталап, қыр басында қарайып қалған екен. Енді Айсәуле анамыз сол қырдың басында қазақ аналарының атынан ескерткіш болып, батысқа үмітпен қарап әлі отыр. Осы Оңдының аты алдағы күндерде «Әбіш Кекілбаев ауылы» деп аталатын болар деген үміт те көп көкіректе бас көтеріп қояды.
         Оңдыда Әбіш ағаның кластастарымен кездестім. Олардан Әбекеңнің мектептегі жылдары, отбасы, балаң жігіт кезіндегі өмірі, жалпы ауылдағы адами болмысы, арман-мақсаты туралы әңгіме сұрадым. Олар да білгенін жасырған жоқ, әрі мақтана, әрі өзімсіне отырып, талай қызықты да әсерлі сәттерді ортаға салды. Соның бірі, ұмытпасам, ол кісінің де есімі Әбіш болса керек, мына жайды айтып берді: «Бір жолы кеңседен кештеу шығып, үйге қайтып келе жаттым. Күн суық еді. Қар жауып, борандатып тұрған. Боран ішінде бір бала бара жатты. Қолтығына қысқан заты бар. Боран кезінде далада жүрген  кім екен деп, дауыстап тоқтаттым. Шамасы, он үш – он төрт жасар оқушы екен. Қолтығындағысы кітаптар болып шықты. Алып қарасам, Белинскийдің толық шығармалар жинағы екен. Таңданып қалдым. «Мына кітапты кімге апара жатырсың» дедім. «Өзім оқимын» деді. «Қай кластасың?» деп сұрадым. «Жетінші кластамын» деді сыпайы жауап беріп. Бұл бала ауылдағы қадірлі апамыз Айсәуленің ұлы Әбіш еді. Сәт-сапар тілеп ұзатып салып, соңынан қарап тұрдым. Тегін бала болмас, мына жасында алып Белинскийді оқып жатқан бұл бала деп сүйсініп те тұрдым. Сол кезден Әбішті сырттай бағумен болдым».
         Сәл кейін, сегізінші класта жүргенде, белгілі жазушының жарияланған кітабының әдеби ұрлығын жан-жақты дәлелдеп, сол кездегі «Лениншіл жас» газетіне көлемді мақала жазып, көпті таң қалдырған Әбіш Кекілбаев әдеби ортаға өзіндік ізденісімен осылай келген еді. Жалпы, Әбекең өзінің алғашқы жазбаларын сыннан бастаған. Мектепте оқып жүргенде «Екпінді егін екпей ме?» деген сын мақаласы аудандық «Жаңа өмір» газетінде жарияланып, ол мақала аудандық партия комитетінің арнайы бюросында қаралып, Әбіш аға сол талқылауға мақала авторы ретінде қатысқан екен. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қарауындағыларға, әлгі «Екпінді» ауылының басшылығына қатты шүйіліп, қайта-қайта «Кекілбаев жолдастың мақаласы өте дұрыс жазылған, әділ сын» деп оны орнынан тұрғызғанда, бюрода отырғандар тіпті таңғалып, естіген сындарын да естен шығарыпты. Ауылға келгесін бір жамағайыны: «балам, өмірден жақсылықты көбірек ізде, өмірдің қуанышын көбірек көр, сапарың игілікті» болсын деп ақылын айтыпты. «Сол кезден бастап ащы сын жазуды тоқтаттым» деп отыратын Әбіш ағам сол кезді еске алғанда.     
                                                     *  *  *
         Жалпы, Әбекең өзінің іс-әрекеттерінен, тіпті болмашы қателіктерінен де қатты сабақ алып отырған адам еді. Бұл жағынан келгенде, Абай атасын ертерек ежіктеп оқығасын болу керек, өз ісіне үнемі сын көзбен қарап, өткеніне есеп беріп отыратын. Алпысыншы жылдардың басында сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінде фельетон болып жарияланып, күллі қазақ даласына тарап кеткен бір тарихи оқиғаны да Әбекең күле отырып еске алатыны бар. Оны біз ағамыз жайдары жағдайда жарқылдап отырған сәтінде әзілге орап, сәтімен жеткізіп те жүрдік.


         Қазақ әдебиетінің тарихын таразылауда, әсіресе ақын-жыраулардың асыл мұраларын елге жаңаша жеткізуде ерен еңбек сіңірген көрнекті ғалым Қабиболла Сыдиықов ағамыз Алматы облысының бір аруымен танысып, үйленетін болып сөз байласып, көңілге тоқ санап, демалысқа елге кетіпті. Елі алыс қиырда жатқан Атырау аймағы. Қыз да шетел тілдері институтының түлегі болып, дипломын алып, ауылға, Нарынқолға барады. Сол жерде жеңгесіне жіңішкелеп сырын жеткізіп, сөз байласып келген адамым бар деп баян етеді. Жеңге сөзі желдей ұшып, ата-ананың құлағына жетіп, Атырауды жердің түбі деп «қорқып» кеткен ата-ана қызды көрші ауылға апыл-ғұпыл ұзатудың қамына кіріседі. Құдалар да қаздиып келіп қалып, қыздың басына шындап қауіп төнеді.
         Ол кезде қол телефон сірә жоқ, жай телефонның өзі ауылда қат кезең. Араға хат түседі. Үшбу хат бір қиырда жатқан Атырауға жеткенше, асығыс хабарды алған бір топ жерлес жігіттер атқа қонып, Нарынқолға тартады. Әрі тарт, бері тарт болып жатқанда, әрең дегенде үлгеріп, күйеу жігіт те жетеді. Содан бір топ жігіт қызды алып қашады. Намыс қысқан Нарынқол атқа мінеді. Қашқындар тау бөктерлеп тартады. Жер жағдайын жақсы білетін нарынқолдықтар ұзатпай жетіп те қалады. Сол кезде Әбекең тосқауылда қалып, қуғыншы топты күтіп алады. Үш қыздың ортасында, өзі айтқандай, «қуыршақ ойнап өскен» Әбекең төбелестің тәсілін, сірә білмейді. Алқын-жұлқын жеткен алғашқы жігітті кеудеден қыздар секілді итеріп кеп қалғанда, ол өз екпінімен құлап, басы тасқа тиіп, қан бұрқ ете қалады. Сол кезде қуғыншылар да толық жетіп, басы жарылған «баһадүрін» қаумалап қалып қояды. 

Осы ұрымтал сәтті ұғымтал пайдаланған Әбекең қоршаудан сытылып шығып, ұзап кете барыпты. Әбекеңнің онда сидаң, сыпа кезі, қуа түскендерге қара шалдырмай кеткен тәрізді. Бұл Әбіш ағамыздың республикалық деңгейдегі төбелеске бірінші және соңғы рет қатысқаны екен. «Содан кейін төбелес болатын жерден аулақ жүретін болдым» дейтін Әбіш аға бейне бір қан майданның ортасынан қаһармандықпен аман шыққан батырлардай жан-жағына күлімсірей қарап. Сосын төбелестен гөрі қаламға икемді оң қолымен маңдайдан тартып, жел қайдан соғар екен деп жан-жағына алаңдаған, ақ шулан тарта бастаған бұйра шашын бір қайырып тастап, селкілдей күлетін. Ағамыздың сол кездегі батырлық қимылынан енді бүгін бекем белгі таба алмасақ та, біз де мәз болып қалушы едік.
Әбекең Елбасымыздың сенімді серігі болып ұзақ жылдар аса жоғары лауазымды қызметтерде еселі еңбек етті. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі атаулы жылдарды қалыптастыруда, Жоғарғы Кеңестің төрағасы кезінде астана ауыстырудың тарихи күндерінде, одан кейінгі ғасырлық оқиға болып ел егемендігінің шежіресінде қалған ұлы көште, Сарыарқа даласында ірге көтерген жаңа Астананың қаз тұрып, қадам басу шақтарында ол үнемі Мемлекет басшысының оң қолында, қамшылар жақ тұсында болды. Әбекең дүниеден озғанда оның отбасына жолдаған көңіл айту жеделхатында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осыны ерекше атап өтіп, оның шын мәнінде ретті жерінде ақылшы, кезі келгенде кеңесші, орайы келгенде орындаушы болғандығын ілтипатпен атап өтті. Көзі тірісінде құрметтеп, омырауына Еңбек Ерінің алтын белгісін таққаны да осының айқын көрінісі еді.
Осынау жылдарда, қазақ елордасының ірге көтеріп, еңсе тіктеген шақтарында Әбекең көркем прозаның көшін сәл доғарып, көсемсөзге көбірек жүгінді. Адамзат тарихында қашанда осылай болған. Ілгері-кейінді ғұмыр кешкен қайраткерлердің көбі, әсіресе қаламгерлік тағдыры халықпен етене жандардың көбі, тар кезең, талайлы тұстарда көсемсөздің көрігін қыздырған. Әрине, оны олар тіл безеудің, немесе сөз саптаудың мақсатында емес, елге жөн сілтеу, жұртымен жүректестігін таныту тұрғысында ақыл-парасатпен солай шешкен. Жаңа тұрпатты мемлекет қалыптасу кезеңінде мұндай айтулы тұлғалар атажұртында болып жатқан, болуы мүмкін тарихи жағдайларды өз халқына жеткізуді ең басты борыш деп есептеп, уақыт трибунасын уағыз мінберіне айналдырған. Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздік кезеңіндегі «әдеби сараңдығын» әлеми дамудың дүбірінен іздеуіміз қажет. Сол уақыт ырғағында оның өзіндік үні көсем сөздеріндегі көшелі ой, көркем баяндауларында бой көрсетеді. Мұны жай ғана авторлық көзқарас ретінде емес, ел дамуындағы ердің елге арнаған елеулі үндеулері деп қабылдаған орынды.
Әр дәуірдің өз әдебиеті бар. Соған сай қаламгерлері бар. Оқырмандары бар. Жұртының жақсы күндері үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңкеу-еңкеу жер шалып, егеулі ойды қолға алған Әбіш Кекілбаевтың тәуелсіздік жылдарында жазған көсемсөздерін, эсселері мен еске алуларын, алаштың айбынды ұлдарының ерен еңбектерін сан қырынан жарқырата көрсеткен жарияланымдарын діттеп оқып, көкірегіне түйіп жүрген оқырман осы кезеңдерде Әбіш аудиториясының алғыр шәкірттері болды деп айтсақ, асыра айтқандық болмас. Қай тақырыпқа салса да қақыратып әкететін, қай қиырға салса да Кекілбаев қаламын қапысыз көрсететін сол көлемді де, кемелді мақалалары тәуелсіздікке тұрлаулы түрде қызмет жасады. Қаламгердің хас таланты мен энциклопедиялық білімдарлығы саясаттың сыны мен сырына қаныққан сайын ол мемлекеттік жауапкершілікті биік деңгейде ұстайтын тұлғаға айналып келе жатты. Тәуелсіздік қалыптастырған тұлғалардың бірі де, бірегейі де бола алды ол.
Табиғат сыйлаған ақындық ұшқырлық пен ақындық алғырлық оның уақыт мінбесіндегі әлеуетін барынша кемелдендіре көрсетіп, заман тудырған тұлғалық болмысы туған халқының бүгіні мен ертеңіне аса алаңдаулы азаматтың адами портретіне парасат бояуларын тұндырды. Мәдениет алаңындағы мылтықсыз майданда ол әрі жолбасшылық, әрі қолбасшылық міндетті қатар атқарып, өз тұрғыластарының қатарында иығы озып, иіні тұлғалана түсті. Өмірде барынша қарапайым, өнерде барынша кірпияз, тұрмыста барынша тоқмейіл, қызметте барынша зерделі Әбіш Кекілбаев азаматтық автобиографиясын ұлтқа қызмет етудің ерен үлгісін ұстанған алаш арыстарының мақсат-мүдделеріне адал қалпында ғұмырдан озды. Бір қарағанда, сырт көзге қарапайым да сабырлы Әбекеңнің ішкі жан дүниесіндегі ағыстар мен қағыстарды сезіну де оңай емес-ті.
Ол түлеп ұшқан «Лениншіл жас» газетіне 70-ші жылдардың ортасы ауа біздің толқын келді. Елуінші жылдардың ұрпақтары. Ол отырған бөлімде, Әдебиет және өнер бөлімінде, мен де жетекші болдым. Әдеби ортаға араластық. Әбекеңдер салған сүрлеуді одан әрі жалғастырдық. Сол кезде олардың толқындарынан да бұрын осы басылымға келген аға толқынның өкілі - Бүбіхан апамыз бен Бағдат ағамыз Әбіш көкеміз туралы не бір нұрлы да сырлы пікірлерін ортаға салып, бізге тәлім-тәрбие бергендей болып отыратын. Бүбіхан апамыз: «Әбіш жұмыста отырып ойланған сәтінде ботаның даусына салып, боздап отыратын, шамасы елін сағынатын болу керек, жаны да ботадай нәзік еді» деп айтатын. Бағдат ағамыз: «Пәлі, Әбіштің кезіндегі редакция араның ұясындай қайнап жатушы еді, бәрінің ортасында Әбіш әдебиетті де, өнерді де жілікше шағып, дауды басып, төрелік айтып, төбе би болып отыратын, білімі ұшан-теңіз, қайран қалушы едік» деп тамсанғанда біздің Әбекеңе деген құрметіміздің қызуы одан әрі көтеріліп кететін.
Жаны ботадай нәзік демекші, 1992-1993 жылдары Әбекең «Егеменді Қазақстан» газетінде бас редактор болып қызмет атқарды. Бас басылымның «ді» деген жалғауын жұлып тастаған да осы Әбекең. Сол кезден бастап газет «Егемен Қазақстан» деген қазіргі атымен шыға бастады. Осы кезеңде елде ықшамдау (оптимизация) деген науқан жүрді. Бас редактордың атқосшылары зейнет  жасына жеткен бірнеше адамның тізімін Әбекеңе алып кіреді. Қысқарту керек. Әбекең қатты қиналады. Тізімге қол қояйын десе, оларды аяп, қолы батпайды. Жоғары жақтың пәрмені де күшті. Содан ұзақ жыл газетте істеген Күлтай деген апамыз Әбекеңнің алдына келеді. Жағдайын айтады, көзіне жас келіп отырғанда, басшының түсіністікпен қарағанын сезініп, ағыл-тегіл жылайды. Жауапты қызметкерлер оның сыртқа шығуын күте-күте төзімі таусылып, ішке кірсе, Әбіш ағамыз да әлгі апамызбен қосыла жылап отырған көрінеді. «Тимеңдерші, жүре берсін, өзім жауабын берем» депті көз жасын сүртіп жатып. 
Осы газетте болған екінші бір оқиға да еске түсе кетті. Қысқарту жүріп жатады. Әлекедей жаланған жастар қоя ма, тізімнің қарасы да молая түседі. Сол тізімге ұзақ жыл басылымда қызмет атқарған белгілі журналист Тәжібай Битаев та кіреді. Ертеңіне бүкілқалалық сенбілік болып, Әбекең бастаған егемендіктер еңбек етуге жиналады. Тәкеңнің кіші ұлы әлі мектепте, он жастағы шамасы болса керек. Сенбілікке ерке ұлын ала келген Тәкең баласына: «Әбіш көкеңе сәлем бер» деп жөн сілтеп жібереді. Бала келіп, үлкендерше сәлем беріп, қос қолын бірдей ұсынады. «Кімнің баласысың, атың кім?» деп Әбекең үйіріле түседі. Сосын жымиып күліп тұрған Тәжібайға қарап: «Тәке, немереңіз бе?» деп сұрайды. «Жоқ, Әбеке, кенжем ғой, ағасына сәлем берсін деп ертіп келіп едім» дейді елгезек Тәкең. Ертеңіне орынбасарын шақырып алған Әбіш аға: «Тәкеңнің баласы әлі жас екен, буыны қатсын, обал болар, Тәкеңді қысқартпайық, жүре тұрсын" деп және шешім шығарады. Тәжібай ағамыз осыны айтқанда оның да жанары боталап кетуші еді. Бір-бірін қадірлеген, қайран ағалар. Адами сыйластықтың алтын арқауын Алланың пәрменіндей ұстаған әз ағалар.


                                                       
                                             *  *  *
         Әлі есімде, 2009 жылдың 7-ші қарашасы. Ол кезде Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев болатын. Ол кісі әрі Сыртқы істер министрі қызметін қоса атқаратын. Он күнге демалыс алып, Көкшетау аймағындағы «Оқжетпес» санаториясына бару үшін жолға жиналып жаттым. Таңертеңгі мезгіл. Автокөлігімді ауладан шығарып жатыр едім, қол телефоным сыңғырлап қоя берді. Тыңдасам, Әбіш ағам екен.
         -Өтеген, қайдасың, біздің үйге келе аласың ба, ақылдасатын жай бар еді, - деді ол сәл абыржыңқы үнмен. Жолға жиналып жатқанымды, егер мүмкін болса, айтар сөзіңізді телефонмен айта берсеңіз бола ма деп өтіндім. Сәл кідіріп барып: «Өзің білесің, желтоқсанда жетпіске толамын ғой, осыдан бір ай бұрын Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы қабылдап, «Әбеке, үлкен жасқа келесіз, Сізді еліміздің ең үлкен марапаттарының біріне ұсынамын, алаң болмаңыз» деп еді. Маған түскен мәлімет бойынша біреулер «Кекілбаевтың соңғы награда алған уақытына әлі бес жыл толған жоқ, заң көтермейді» деп, Ақорда жаққа тоқтау салған секілді. Менің соңғы награда алғаныма тура бес жыл толды. Айтушылар адасқан секілді. Осыны ақылдасайын деп едім» деп тоқтады.

         -Аға, мен бүгін жолға шыға берейін, дүйсенбі күні қайтып келіп, Қанекеңе кіремін, барлық жайды жан-жақты айтамын, - дедім. Әбекең келісімін берді.
         Дүйсенбі күні, 10-шы қарашада, Сыртқы істер министрлігіндегі қызмет кабинетінде отырған Қанат Бекмырзаұлына келіп кірдім. «Сен демалыста емессің бе, неғып жүрсің?» деген сұраумен қарсы алды. Болған жайды толық баяндадым.
         -Мен бұл туралы білмейді екенмін, Әбекең қайда, ренжіп жатыр ма, ренжімесін, қазір барып сәлем айт, мен үлкен кісіге кіремін, жағдайды түсіндіріп, қолдан келгеннің бәрін жасаймын, ал сен Әбекеңнің құжаттарын шұғыл дайында,- деді Қанекең әдетінше жылдам шешім қабылдап. Сосын сәл кідіріп барып, «қазір Әбекеңмен қос, телефонмен сөйлесейін» деді. Қостым. Екеуі емен-жарқын сөйлесті, Мемлекеттік хатшы әлгі сөзін сол күйінде қайталап, маған құжаттарды дайындауға тапсырма бергенін айтты. Сосын «дереу Әбекеңе бар, құжаттарын дайында» деп тапсырды. Он минуттан кейін Әбекеңнің үйінде отырдым. Айттым бәрін. Сол кезде ағаның үй телефоны қоңыраулап, тұтқаны көтерген Клара жеңгем: «Әбіш, сені Қанат Саудабаев сұрап тұр» деп телефонды ағаға берді.
         Қанекеңмен біраз сөйлесті. Әбекеңнің қабағында күн күліп, ай туып келе жатты. Көңілденген кезіндегі әдеті бойынша: «асықпай шәй ішелік, Клара» деп жеңгемізге шуақтана қарайтын әдетімен төрге  озды. Сол күні кешке қарай Қанат Бекмырзаұлы мені шақырып: «Нұрсұлтан Әбішұлында болдым, бәрін айттым, Елбасы толық құптады, жақсы қабылдады. Әбекеңді 19-шы қараша күні сағат үште өзі қабылдайтын болды, енді ағаңды дайында» деді жадырай күліп. Жақсы хабар алған Әбекеңнің үйінде ұзақ шәй іштік. Жақсы хабардың жоралғысы деп басқа да сусындар «бас киімін» шешті.
         Айтылған күні Ақордада Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Әбекеңді қабылдады. Ағаны үйінен ертерек алып шығып, қолтығынан  демеп, Ақордаға алып кірдім. Көңілді шықты. «Нұрекең өте жақсы қабылдады, талай әңгіменің тиегі де ағытылды, алды кең азамат қой, аман жүрсін. Менің туған күнім 6-шы желтоқсан болғанмен, ол күні Елбасы шет елге ресми сапармен жол жүреді екен, «туған күнге арналған салтанатты мәжілісіңе өзім қатысамын, сөйлеймін, елдің ең жоғары марапатын аласың, бірақ тойыңды 5-ші желтоқсанға ауыстырайық» деп өтінді. Той осы күні болады, енді соған дайындалайық, Қанатқа сәлем айт, менің рахметімді жеткіз»  деді аға жайдарлана сөйлеп. Дайындық бұған дейін де жүріп жатқан. 


         Уақыт та зулап өтіп жатты. Той дайындығы, әсіресе Салтанат сарайында жайылатын дастарханның мәзірі мен әзірі қат-қабат келіп, аға екеуіміз тізімге отырдық. Қазақ тойының хаттамасы қандай қиын, шақырылатын бес жүз адамды столға отырғызудың мехнаты мен машақатын аға тартудай-ақ тартты. Күнде Елбасы кеңсесі жақтан хабар күтіп, құлақ тосып отырамыз. Күткен күн де келді-ау. Тойға бір күн қалғанда Елбасы жазушы Әбіш Кекілбаевқа Қазақстанның Еңбек Ері жоғары атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды. Ақжарылқап күн, алақайлап қуанған көңіл. Кешкі сағат жеті шамасында ағаның үйіне телефон шалып, сүйінші сұрадым. Жүгіріп жетуге жұмыстан шыға алмай жаттым.
Салтанатты мәжілісте Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы әріптес досы, сенімді серігі туралы ел есінде әлі күнге жүрген ерекше сөзін айтып, Әбекеңнің омырауына Еңбек Ерінің Алтын жұлдызын қадады. «Мұхаң бастаған алыптар жетпей кеткен жоғары атақ маған бұйырды» деп толқып, Жаратқан иеміз жанын жұмсақ материалдан жаратқан Әбіш ағаның толқып, жанары боталап тұрып, жұртына, Мемлекет басшысына айтқан рахметі де көптің көкірек мұражайында әлі қаттаулы тұр. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген елдің баласымыз ғой, Әбекеңнің осы жоғары атақ алуына тікелей себепші болып, азаматтық қайрат танытқан Қанат Саудабаевтың еңбегін біреу білер, біреу білмес деп, орайы келгенде ортаға салдым. 
Осынау ізгі ниетті бастаманың ойдағыдай орындалуының басы-қасында болып, қабылдау мен салтанатты іс-шараның жай жапсарын жанашыр азаматтықпен жүзеге асыруға әрі інілік, әрі мемлекеттік хаттамалық жағынан қызмет көрсетіп, мәдени кештің жоғары дәрежеде өтуіне тікелей басшылық жасаған белгілі мемлекет қайраткері Махмуд Қасымбековтің еңбегін де риза көңілмен көпке жеткізу парыз деп ойлаймын.  
Болған шындық осы. Әрине, тарихи шешімді қабылдаған Президентіміз – Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы тарапынан  берілген бұл атақ оның Әбекеңе деген құрметінің шынайы көрінісі. Ел тұлғасының ерен еңбегін бағалауы. Осы жерден де ұпай алғысы келіп, ұрынып жүргендердің де бар екенін білгендіктен, «айтпаса, сөздің атасы өлер» деген тәмсілді ұстанып, тілге тиек бердім.

                                                    *  *  *
         Әбіш Кекілбаев әлемі – күрделі әлем. Осы әлемнің ішінде болғандар ақиқатқа жүгініп, айтарын айтар. Оның рухы бізге енді алыс ғарыштан қарап тұрғандай. Жазушының жан дүниесіндегі жұмбақтар мен тылсымдарды да таратып айтудың кезегі келеді. Шандоздық ғұмырдың шындығы уақыт өткен сайын ашыла береді.
                   
        
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
БӘЙТЕРЕК
01 август 2019, Четверг
БӘЙТЕРЕК
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры