Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » МАХАББАТ МҰНАРАСЫ. 1983 жыл.

МАХАББАТ МҰНАРАСЫ. 1983 жыл.

02 август 2019, Пятница
1 440
1

Аңыз бен ақиқаттың анасы - жүрек


Шағала келген шақ едi,

Самала келген шақ едi.

Теңiзден соққан тентек жел

Жағаға келген шақ едi.


Жусанға жұпар гүл бiткен,

Жапырақтарға тiл бiткен.

Жұлдыздар - жауһар қанаттар

Жапырлап ұшқан түндiктен.


Елгезек сәуле себелеп,

Еркiңдi алар керемет.

Елтидi ерке желменен

Ертелеу шыққан ебелек.


Ойнайды шуақ санада,

Орамын жырдың таба ма?

Отыңды бершi, табиғат,

Ойланып тұрған далаға.


Жусанды жапан жаңғырып,

Жаңбыры жатқан сән құрып.

Жастық тұр жасыл көйлектi

Жүрегi - жалын мәңгiлiк.


Табиғат тiлi - ән шығар,

Тебiренбей қалай жан шыдар.

Тереңiн ойдың тербейдi

Тырсылдап түскен тамшылар.


Қазбауыр бұлттар - қорғасын,

Қанатын қиял қомдасын.

Қапалы күндер тар шақта

Қайырылмай кеткен жолдасың...




                 ***   

... Қақ тұрған шақта сауырға,

Қуаныш кiрдi қауымға.

Қос өрiм келдi көмекке

Қарақұм деген ауылға.


Кез едi көркем, шырайлы,

Көңiлiң кесте құрайды.

Астана жақтан екi жас

Ауылға келдi мұнайлы.


Маусымда келдi бiр леп,

Мәуелi шақтың нұры боп.

Маздаған асау жастықтың

Мерейлi сыры, жыры боп.


Бұл жердiң малы - мұнара,

Жайылған тақыр, жыраға.

Ат iзiн олар салады

Ауылға ылғи күнара.


Жұмыс та қызу, қарбалас,

Ойлары өнiм, ”жанталас”.

Қуанды ауыл келдi деп,-

- Екi жас ерен - шаршамас.


Керектi шағы күштiң көп,

Орайын табар iстiң бек.

Болашақ мұнай маманы

Болатын олар студент.


Алыстан шуақ таралып,

Ауылға келдi жаңалық.

Аяулы күнiн оятты

Алыста қалған балалық.

Күн келдi көркем ауылға,

Күншуақ келдi жауында.

Келгеннен олар ұнады

Көңiлi  маржан қауымға.


Терең  ғой, терең ой неткен,

Тебiрентiп тiлдi сөйлеткен.

Екi жас - бiрi  бозбала,

Ал, ендi бiрi бойжеткен.


Айналды ауыл абатқа,

Ажары алуан жанатқа.

Арудың аты Айнұр-ды,

Арыстың аты Марат та.


Есесiн бермес ен жұмыс,

Екi жас келiп ендi күш.

Ел айтты: Ендi аз күнде -

Еңсесiн тiктер өндiрiс.


Еңбектiң лаулап көрiгi,

Ерiншек ойлар ”ерiдi”.

Елгезек жастар қашан да -

Ертеңгi күннiң сенiмi.


Өтуде күндер тым тәттi,

Өлеңдей сырлы, қымбатты!

Өндiрдей жастық осылай

Өлмейтiн күнге тiл қатты.


Бұл өмiр, шiркiн, бiр жұмбақ,

Сиқыр ғой тартқан сыңғырлап.

Қуанған шақта - ақ нөсер,

Қапалы шақта - мұңды ырғақ.


             ***


...Дидары мұңға тола тым,

Демалыс күнi болатын.

Клубта болған сол кеште

Жоғалтты бiр жас тағатын.


Болғанын бiлдi кеселдiң,

Баласы едi ол осы елдiң.

Бақытын жаңа көрер ме,

Көшер ме көзден нөсер - мұң.



Марат пен Айнұр тым жақын,

Қосыла iздер  қымбатын.

Бiрақ та сұлу секемшiл

Сезiмiн жеңген нұрлы ақыл.


Айнұрмен билеп жүр Марат,

Ал, Айдын оған тұр қарап.

Аруға жанар салады ол

Айтарын көзбен ”ымдамақ”.


Жақсы бiр iске қайырымды,

Жарқылдап жүрер айбынды.

Жаутаңдар тұрған сол қызға

Жiгiттiң аты Айдын-ды.


Үзе алмай жiбiн үмiттiң,

Тағатын құртып жiгiттiң.

Басынан ердiң бұлағай

Бұлттары көштi күдiктiң.


Бiр ойы iштей жүндейдi,

Бiр ойы оны күндейдi.

Кетпек те болды ауылдан

Жүрекке әмiр жүрмейдi.


Жүрегiн қайтер өртеген,

Махаббат деген дерт екен.

Суырар кезде зiл батпан

Семсердей суық серт екен.


Бойжеткен келдi қайғы алып,

Басына ердiң байланып.

Бұрымын өрдi көп күндер

Болашақ таңға айналып.


Өлең де жазды, бермедi,

Өртендi талай сенгенi.


Шаршатты ойы шартарап,

Шыдамның сынды шөлмегi.


Кеш едi. Жастар нық басқан,

Көңiлдi биге жұптасқан.

Айнұрды биге шақырды ол

Қараған көзден ықпастан.


Тәуекел, жiгiт емес пе, 

Төзбейдi ендi елеске.

”Сүйемiн, дедi мен сенi”,-

Ар жағы сосын жоқ есте.


Қинайды ұят арлыны,

Қинайды жоқтық жарлыны.

Ғашығы қалып алдында,

Ғайып боп кеттi барлығы.


Жүк басып оны мың батпан,

Жаңылды аяқ ырғақтан.

Жiгiт тұр қыздың алдында

Жүрегiн ғана тыңдатқан.


Басқа айтар сөзi жоқ едi,

Ой деген зымыран оқ едi.

Аузынан шықты ақ жалын

Не бақыт,

Не сор – дегенi.


Ауыр ең қандай, махаббат,

Болар ма жауап қатал-ақ.

Шыдамның жiбiн быт-шыт қып,

Шарт ете қалды шапалақ... 


         Айдын далаға атып шықты. Көзi - тұман, көңiлi - соқыр. Бiр кезде барып суыды. Ол сонда Айнұрды, әлгiнде өзiн  аямай ұрған Айнұрды, мұны шапалақпен жағынан шарт еткiзiп, сонан соң аяғын тәкаппар басып барып Мараттың қолтығынан ұстаған Айнұрды, өзiн астаналық студентпiн деп жоғары ұстайтын Айнұрды қаншалықты қалтқысыз сүйетiнiн ұқты. Соны ұққан сәт ол өзiн Бақытты санады. Өйткенi ол шын сүйе алатын едi. Онда Адамға ғашық жүрек бар едi.



              ***


Кiм ұғар жiгiт зар-мұңын,

Кiм ұғар жанын арлының.

Көкiрегi таза сол жiгiт

Кешiрдi қыздың ”жарлығын”.


Ұрымтал күндер ұзады,

Ұмытты жiгiт ызаны.

Мұнара басын тербеген -

Мұратын тапқан қыз әнi.


Болатын барқын екiндi,

Қыз ойы соған бекiндi.

Айдынға айтып мән-жайды

Айнұр кеп ғафу өтiндi.


Жастық-ай, кейде әңгүдiк,

Желкiлдеп өтер сән құрып.

Жайсаң бiр кеште қол берiп,

Дос болды олар мәңгiлiк.


Түсiндi Айдын барлығын,

Жүректiң ұқты жарлығын.

Iшiнде қалды арманы

Айтылмай қалды алғы мұң.


Маусым да өттi достардан,

Мiнезi жұмбақ басталған.

Мұнара көштi тағы да

Жамбасын жонның жастанған.


Үшеуi бiрге жүредi,

Үмiтi - бiрге, тiлегi.

Жұмыла жүрсе үшеуi

Жұмыстың жөнiн бiледi.


Жаз да өттi жарқын қабағы,

Желдетiп, тербеп даланы.

Жусанды жайнақ өлкенiң

Жұпары сиреп барады.


Атырау желi айбатты,

Арыстан - жүрек, қайратты.

Ағыл да тегiл аңқылдап,

Аямай дауыл ойнатты.


Құм борап, қиқу салады,

Қанатын дауыл қағады.

Қасқайып тұрған мұнара

Қасарып ылғи бағады.


Құм дауыл күштi, дегенмен,

Қозғайды оны көгеннен.

Қасарып тұрған мұнара

Қолдарын созған төменге…


Тәкаппар желi тұлданар,

Табиғат бердi бiр хабар.

Теп-тегiс дала үстiмен

Тыраулап ұшты тырналар.


Қалдырып артқа өлеңiн,

Хабарлап күздiң дерегiн.

Қанатын қақты қыркүйек

Бiлдiрiп мезгiл беделiн.


Күй тербеп асқақ даланы,

Жұлдыздар жерге тамады.

Қазбауыр бұлтты қолтықтап

Мұнара көшiп барады.


Теңiзден соқты ғаламат,

Айқай жел, бәлкiм, жаманат.

Аспан мен жердiң қайсы шаң

Айыру қиын шамалап.


Құйын ба қатер төндiрген,

Қайғы ма жанды көндiрген.

Қатер ме келiп кенеттен

Қуаныш отын сөндiрген.


Жарқылдап келген жасында,

Жаман ой бар-ау расында.

Осы бiр сәтте Айнұр қыз

Болатын мұнара басында.


Барады биiк тербелiп,

Басына түсiп пенделiк.

Бұл сәтте Марат, Айдын да

Болатын сонау жерде нық.


Бiлмедi олар не дерiн,

Бiлмедi қалай жеберiн.

Бастарына түскен зауалға

Бере алмай тұрды көмегiн.


Үрейден қалды үндемей,

Байланып қалды тiл-көмей.

Ал, Айдын солай ұмтылды

Маратқа бiрге жүр демей.


Қабарып кеттi күн нұры,

Құлақта - темiр сыңғыры.

Белiне қыздың байлаған

Босаңдау едi шынжыры.


Тұратын кейде жүз үмiт,

О, өмiр - уақыт бiр үзiк.

Шайқалған шақта мұнара

Шынжыры кеттi үзiлiп.


БИIКТЕН АДАМ ҚҰЛАП КЕЛЕ ЖАТТЫ

Ұмтылды Айдын сол жаққа,

Ұрымтал жерден алмаққа.

Айнұры құлап келедi

Айналып аппақ қаңбаққа.


Жiгiттiң жалғыз бiлерi,

Жақсылық өмiр сүредi!

Айдынды алға шақырған

Адам деп соққан жүрегi.


Тәуекел етiп табанда,

Құйындай жеттi алаңға.

Құтқару үшiн ұмтылды

Құлаған сол бiр адамға.


Алсаң да кейде шапалақ,

Алдамас жүрек - шапағат.

Аман боп тұрса мәңгiлiк

Адамға деген  махаббат.


Құйыннан құлақ тұнады,

Қайғының бұлты жылады.

Құлдилап келiп қыз Айнұр

Қолына ердiң құлады.


Ажалға шапты!

Кiм үшiн?

Адамдық деймiз дұрысын.

Ақырғы рет сездi Айдын

Арудың ақтық тынысын.


Арамза ажал талады,

Қабағын түйiп қарады.

Айдынды көрген Айнұрдың

Жарқ ете қалды жанары.


Жарқ ете қалды жанары,

Осы ма тағдыр тауаны.

Жүректiң ұққан лүпiлiн

Жiгiтке күлiп қарады.


Ажалдың соқты сағаты,

Адыра қалды жар аты.

Айнұрдың  жанын ауыртты

Арзандап қалған Мараты.


Қанаты ердiң қайрылды,

Атырау тегiс қайғырды.

Ақындай бұрқ-сарқ Атырау

Айдыннан және айрылды.


О, тағдыр, үзiк жүз үмiт,

Осылай кеттi сызылып.

Сорғалап келген салмақтан

Жұлыны кеткен үзiлiп.


Азынап ерлiк даласы,

Артында қалды жарасы.

Ақ нөсер болып жөнелдi

Аспан мен жердiң арасы.


Аспаннан құлап мың бұлақ,

Ағады қырды ұрғылап.

Адамға ғашық табиғат

Ағыл да тегiл тұр жылап.


Өмiрдiң мәнiн бағамдар,

Осындай жандар, жарандар.

Сүйемiн сенi қаншалық

Ажалды жеңген Адамдар.


Арлы едi ол! Қалай босасын,

Алдынан шықты аса сын.

Ажалдан биiк әрқашан

Адамдар мәңгi жасасын!


                                         1983

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

СОҒЫС БАЛАЛАРЫ.  Әлқисса. 1988 жыл
02 август 2019, Пятница
СОҒЫС БАЛАЛАРЫ. Әлқисса. 1988 жыл
ҚАҒБАНЫҢ  ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
22 июль 2019, Понедельник
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ПІРДІҢ  СОҢЫ  –  БЕКЕТ АТА
10 июль 2019, Среда
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры