Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)

ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)

25 август 2014, Понедельник
1 750
1
                

         Қазақ жырының қайраткері Фариза Оңғарсынқызының әрі шәкірті әрі інісі болып қырық жылдан астам қасында жүрген белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ өзінің «Текті өнердің тұмары» атты эссе-естелігінде кейіпкерінің өмірдегі, өнердегі болмыс-бітімі туралы жүрекжарды ой қозғап, оны көркем тілмен кестелейді.

         Жинақ жырдың өзіндей болып жеңіл оқылып, қазақтың ардақты қызының жан дүниесін қалың жұртшылыққа жайып салады.


                                      ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ

                   


...Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы...

Абай.


...Ақынға керек ақыл көп,

Асаулық керек аздаған.

Қадыр.


...Талантты болу қауіпті,

Талантсыздардың ішінде.

Фариза.




Қазақ поэзиясының аса көрнекті ақыны, мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынова туралы осы эссе-естелікті жазу өзімнің қаламгерлік борышым деп түсіндім.


1972 жылдың күз айында Алматыдағы қазіргі Жібек жолы деп аталатын үйдің 6-шы қабатындағы сол кезде «Қазақстан пионері» деп аталатын ұландар газетінің редакторы Фариза апама сәлем беріп, таныса келдім. Ол кезде мен Қазақ университетінің филология факультетінің 3-ші курс студенті болатынмын. Апам жұмыс орнында екен. «Бұл кім, неге келді?» дегендей болып, ресмилеу қарсы алды. Түсініп отырмын, оның алдына қазақ елінің әр жерінен әртүрлі талапкерлер көп келеді, көбі арыз-өтінішпен де келіп жатады. Солардың бірі деп қабылдап отырған да болу керек.

Қысыла сәлемдесіп, өзімнің кім екенімді қысқаша айттым. Апамның жүзі бірден жылып сала берді. Сол жағында тұрған телефондардың бірін алдына қарай жақындатып, бір жерге қоңырау шалды. Тыңдап отырмын.

-Меңдекеш аға, қолыңыз бос болса, маған келіңіз, сіздің ауылдан бір бала келіп отыр, сәлем беріп келген екен,- деп көңілдене сөйледі. Бірден түсіндім, шақырып отырғаны қазақтың аса талантты ақындарының бірі, менің туған ауылымның түлегі, Жылыой жұртының мақтанышы Меңдекеш Сатыбалдиев болатын. Бұл ағамды мектепте 9-шы сыныпта оқып жүргенде көргенмін. Сол жылы ауылға келіп, аунап-қунап, мектепте кездесу өткізіп, мен ақын ағамның алдында алғашқы өлеңдерімнің бірін оқығанмын.

Жайраңдап, жанып жүретін жақсы аға көп кешікпей кіріп келді. Мен орнымнан ұшып тұрып, сәлемдестім. Жақсыда жаттық жоқ деген қазақтың сөзі қандай шындық, аға менің бірден туған бауырындай бауырына тартып, құшақтап: «менің ауылымнан да бір жол шыққан екен ғой, қуаныштымын, айналайын жақсы келдің» деп арқа-жарқа болды да қалды. «Кімнің баласысың, қайда оқисың?» деп бастырмалатып сұрап жатыр. Әке-шешемнің аты-жөндерін естіген соң одан әрі шалқып, шаттанып кетті. «Бәсе, бәсе, есіме енді түстің, маған өлең арнаған баласың ғой, қош келдің, інім» деп асты-үстіме түсті де қалды. Фариза апам бізге көңілдене қарап тұрды.

-Бұл баланы Алматыда алып қалу керек, ауылға барса ана Аманқос сияқты жалқау болып жатып қалады ғой» деп Факеңе қарады Меңдекеш ағам. «Сол үшін Сізді шақырып отырмын ғой» деді апам. Меңдекеш аға сағатына бір қарап жіберіп, «мен жұмыстан кешкі 6-да шығамын, осы уақытта тура сыртқы есіктің алдында мені күт» деді өзімсіне тіл қатып. Мен мақұлдап, шығып кеттім.

Кешкі сағат 6-да айтылған жерде ағамды күтіп тұрдым. Өзі шықты да, жан-жағына қарап, аз-кем тұрып қалып еді, анадай жерден оған қарай екі адам қарсы жүрді. Екеуі де Меңдекеш ағамен жарқылдай амандасып, маған да қолдарын ұсынды. Ағам бірден үйіне бастады. Көк базардың тура қасындағы жаңадан салынған бес қабатты үйлердің біріне келіп кірдік. Есікті ашқан жеңгеме ағам: «Рузия, інімді таптым, барыңды қазанға сал, елден қонақ келді» деп таныстырып жатыр. Екі қонақты да ішке кірген соң таныстырды, бірі белгілі жазушы Қажығали Мұқамбетқалиев екен де, екіншісі белгілі домбырашы Шәміл Әбілтаев болып шықты.

Сол күнгі Меңдекеш ағаның шаңырағындағы оқылған жырлар мен шалқыған күйлер, айтылған термелер мен ақжарқын әзілдер менің есімнен еш шыққан емес. Бұл мен үшін бір керемет кеш болды, өзімді азамат санатында қосылған адам көріп, төбем көкке жетіп еді. Ал бұл кешке мұрындық болған, аға мен ініні табыстырған, таныстырған Фариза апам болатын. Сөйтсем, адамдарды таныстырып, табыстырып, қауыштырып жүретін апамның ең ізгі қасиеттерінің бірі екен. Сол күннен бастап мен Фариза апамды өзімнің туған апамдай жақын тұттым. Оған міне, қырық екі жыл болды.

Осынау қырық екі жылда мен апамның қасында өмір сабағын алдым, жақсылармен таныстым, орта көрдім, елге танылдым, қаламгер, ақын атанып, кейде апаммен бірге поэзия кештерінде өлең оқу бақытына ие болдым. Өкінішке орай, Меңдекеш аға бұл күндерге жете алмады. Сол кездесуде Меңдекеш ағам Фариза қарындасына еркелеп: «Ай, Фариза, мен соңғы кездері өлең жаза алмай жүрмін, қаламым жүрмей қойды, маған оншақты өлең қарызға берсеңші, кейін қайтарармын» деп әзілдегенін, оған Фариза қарындасының: «Ту, Меңдекеш аға, сіз де айтасыз-ау, мен де жаза алмай жүрмін, қайта қарызды мен сізден сұрайын деп жүр едім» деп жауап қайтарып, екеуі де мәз болып күлгенін әлі ұмытқан жоқпын. Аға мен қарындастың ақжарқын әзілдері сондай жарасып тұр еді.

1976 жылдың қыркүйек айында қиын конкурстан өтіп, (ол кезде атағы жер жарып тұрған жастар басылымы «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа тұру конкурспен болатын еді) қызметке келдім. Арада екі-үш күн өткенде Фариза апам телефон шалып, «сен неге маған сәлем бермейсің!» деп ұрсып бастап, «жақсы болған екен, қуаныштымын, кел, сөйлеселік» деп шақырды. Бардым жүрексініп, бірақ кіргесін ұрыспады, жұмсақ жымиып, қай бөлімге барғанымды сұрап, ауылдағы анамның жағдайын біліп, бірталай ақыл-ойларын айтты.  

Алматыдағы шығармашылық өмір осылай басталып кетті. Апама барып тұрамын, жазғандарымды жібермей оқып, ой-пікірлерін айтып отырады.

Сондай күндердің бірінде, жыл ағына таман, 1976 жылдың желтоқсан айында, апам телефон соғып: «кешке жұмыстан соң үйге кел» деп  шақырды. Бойдақ кезім, КазПИ-дің жатақханасында тұрамын. Мұнда менің кластасым Абат Үржанов бар, соның бөлмесінен орын алғанмын. Кешкісін тарих факультетінің студенттері мені ортаға алады, әңгімеміз өлең, өнер туралы. 

Ақындар туралы айтқандарымды ұйып тыңдайтын жастар көбіне Фариза апам, атақты ақындар Тұманбай, Мұқағали, Сағи, Мұхтар, Кеңшілік туралы сұрақтарын жаудырады. Көбі Фариза апаммен танысуға, қолтаңба алуға құмар. Іздегенге сұраған, «Фариза ақыннан қолтаңба алсам» деп жүрген кластасым Абатты Факеңнің үйіне ертіп барайын дедім.

Айтылған уақытта апамыздың есігін қақтық. Есікті өзі ашты. Бізге түксиіп бір қарады да, ештеңе айтпастан бір бөлмеге кіріп кетті. Не болса да деп, аяқ киімімізді шешіп, төрге оздық. Диванда отырмыз, апам жоқ, шықпайды. Бір сағаттан астам отырдық. Бір кезде келіні Гүлнәр ортадағы столға ет әкеліп қойып, апам кірген бөлмеге енді. Апам шықты, өңі салқын, «мына табақты әкет» деді келініне өктем үнмен. Келіні табақты алып кетті. «Әкел аналарды» деді тағы да өктем үнмен. Келіні бір шыны арақ, екі стақан алып келді. «Құй толтырып» деді бұйыра тіл қатып. Екі стақанға арақ толтыра құйылды. «Ал алыңдар» деді апам сосын бізге бұйыра тіл қатып. Абат маған қарады, мен де ширығып отыр едім, «тайсалма, тарт» дедім. Абат та, мен де араққа әуестенбеген жандар едік. Бірақ мына жерде ішпесек болмайтын секілді болып көрінді. Тәуекел деп тауыса тартып жібердік.

Үнсіз отырмыз. Тіске басар жоқ. «Құй тағы да» деді апам. Келіні қалған арақты бөліп құйды. Тағы да тартып жібердік. Енді ештеңеден қайтатын түріміз жоқ. Өзіміз жұмыстан соң келгенбіз, масайдық та қалдық. Апам тағы да ым қақты. Келіні екінші шөлмекті алып келді. Арақты құямын деп ыңғайлана бергенде: «Абат, бас Ақжайыққа» дедім дауыстап. Абат диванда сүйеулі тұрған домбыраны алып, «Ақжайыққа» аңырата басты. Апам кірпік қақпай қарап отыр. Ән бітті. Апам күрт жадырап: «әкет мыналарды, әкел табақты» деді орнынан ұшып түрегеліп. «Айналайындар, өздерің екенсіңдер ғой» деп столға келіп отырды. 

Содан әңгіме де қызып жүре берді, қызып отырған біз де іркілген жоқпыз, әнге де, күйге де бастық. Бірте-бірте апамның да арқасы қызды, әуелі күмбірлетіп күй тартты, содан кейін өзінің әдемі де әсерлі, музыкалық теноры қойылған даусымен халық әндерін орындады. Домбыра қолдан қолға өтіп, арасында мен де Қауеннің күйі «Сән-ау» мен Тоқсанбайдың «Комсомолын» тарттым. Апамның үйінен түн ортасы ауа шықтық. Қолтаңба сірә, бар. Кейін түсінгенімдей, апам мені үйіне көшеден біреуді ертіп келген екен деп қабылдап, ашуланып қалған екен. 

Қасында жүрген қырық жылдан астам уақыттың ішінде апамның мұндай тосын мінездерінің талайын көрдік қой. Ашуы шәй орамал кепкенше ақынның жасын мінезін жұрт кейде түсінбей жатады. Содан әртүрлі алып-қашпа әңгіме де туып қалады. Апамның мінезі тап-таза ақындық мінез, құдай берген мінез. Оны қырнап, сырлап жатпайды, келген жерінде айтады, білдіреді. Бірақ бүлдірмейді. Орнымен айтып, ойып түскен кезде кез-келген адам абдырап, сасып, пұшайман болып қалады. Көңіліне жақпаған нәрсені сол күйінде қиып айтып, қағып тастайтын қырғи мінез өзіне ғана жарасып тұратын.

Апамыз туралы осынау шағын естелікке мойын бұрған кезде талай нәрсе ойға оралды. Оның бәрін кеңінен айтып, көсіле жазу келер күндердің еншісі болар. Орайы келгенде бір-екеуін тілге тиек етейін. Бір жолы Орал қаласына ұшақпен ұшып шықтық. Жол бастаушы еліміздің мемлекеттік хатшысы, апамның өзі «Даладай дархан» деп арнайы мақала жазған Оралбай Әбдікәрімов ағамыз. Мен сол кісінің – Мемлекеттік хатшының кеңесшісімін. 

Күз айы болатын, күн де суық, ұшақтың іші де өте салқын екен. Ерте кіргендер ұшақтағы жамылғыны тегіс таратып алған, апам жаурай бастады. Басы артық жамылғы жоқ. Апам мені дауыстап шақырды. «Айт ана Оралбайға, мен қазір түсіп қаламын, тоқтатсын самолетті» деді ашуланып. Айттым Орекеңе. Кеңпейіл ағамыз кеңкілдеп күліп: «Өйтпесе Фариза бола ма, дереу жамылғы табыңдар, сол оңай самолет тоқтатқаннан» деді. Таптық, біреулерден тартып алдық. Кейін бір отырыста осыны айтып, елдің қыран-топан күлгені бар. Ұшып келе жатқан самолеттен түсіп қаламын деп қорқытқан адамды бірінші рет көрдім деп сол жерде отырған Оралбай ағам да рахаттана күлген.

Апамның кейде қонақ шақырғаны да қызық болатын. Бір жолы үйге қонақ шақырып жатырмын, Нағима екеуің келіп, қолғабыс жасаңдар деп тапсырма берді. Келдік. Келсек шақырған қонақтары қазақтың белгілі зиялы тұлғалары: көрнекті мемлекет қайраткері, жазушы, ғалым Жәрдем Кейкин, Орталық партия комитетінің екінші хатшысы болған, мемлекет қайраткері Сағидолла Құбашев, академик Зейнолла Қабдолов,  мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, мұнайшы ардагер Бөлекбай Сағынғалиев, белгілі мұнайшы, қоғам қайраткері Беркін Ізтелеуов, кейін еліміздің Премьер-министрі болған Нұрлан Балғымбаевтар екен. Нұрлан ағамыз сапарда екен, ол жолы келе алмады. Қалғандары тегіс болды. Бәрі де Бәйтеректің ұрпақтары. Мен де Бәйтеректің ұрпағы. Зекең: «Өтеген-ау, мына шақырыстың  жөні бөлек секілді ғой» деп жұмбақ күлімсірейді.

Апам: «Өтеген, дастарханды сен жүргізіп отырасың» деп бұйырды. Жүргіздім. Өте мәнді, мазмұнды, есте қаларлық отырыс болды, көп сыр айтылып, келелі әңгіме болды. Осы жайт кейде ойға түскенде, апам неге осылай жасады екен деп ойға қаламын. Тегі мұның да бір себебі болған болу керек, бірақ оны апамнан сұрауды артық көрдім. 

1989 жылы желтоқсан айында апам 50 жасқа толды. Сол кездегі Алматыдағы ең беделді үкіметтік ресторан – дөңгелек мейрамханада апамның тойы болатын болып, қызу дайындыққа кірістік. Тойға бес жүз адам шақырылды. Арнайы тапсырыспен апамның барлық кітаптарының мұқабасын үлкен көлемде салғызып, оларды балалар залды аралап жүріп, көрсетіп шығатын болды. Бұл көрініс сондай әсерлі шықты, жұрт түрегеліп тұрып, адам-кітаптарға қол соғып тұрды. 

Тойдың басталуына бір апта қалғанда апам: «тойды сен басқарасың» деп бұйырды. Шошып кеттім, шақырылғандардың ішінде қазақтың ең атақты аса көрнекті қайраткерлері бар, аузымен құс тістеген, екі аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеген майталмандар ылғи. Шегінетін жер жоқ, тәуекел деп бастап кеттім. Бірінші сөз ақындар ағасы атанған, қазақтың арыстан жал ақыны Әбділдә Тәжібаевқа берілді. Сонда атақты ақын бір шалқып еді-ау, Фариза поэзиясын биікке көтеріп, заңғар қаламгер сөз маржанын түйдектеткен-ді. Ол да енді тарих. Сөз басын Зекең – Зейнолла Қабдолов ағам бастап берді. Одан әрі мен кеттім.

Тойға ылғи атақты әншілер мен күйшілер шақырылған, олар да барын салды. Олардың көп болғаны соншалық, сол кезде енді таныла бастаған Мәдина Ералиеваның өзіне ән кезегі әрең тиген болатын. Өмірі ән салып көрмеген, бірақ көңілі ән салып тұрған Балғабек Қыдырбекұлы ағам ортаға шығып, Мұхиттың «Үлкен Айдайын» айтамын деп кезек сұрағаны бар. Балалыққа салынып: «Басқа әнді айтсаңызшы» деп айтып, ол кісі өкпелеп қалып, апам келіп маған: «нең бар, айтса айта берсін» деп ұрысқаны бар.

    Бұл да енді тарих. Сол кеште жұлынып тұрған жас жігіт Иманғали Тасмағамбетов тұңғыш рет осындай көпшілік арасына шығып, гитарамен ән салып, жұрттың ыстық ықыласына бөленген. Бұл да тарих енді. Ой, несін айтасың, тарих қой енді солардың бәрі.

Жалпы, апамның жүрген жерінің бәрі тарих. Бірде мынадай да оқиға болған. Онда Факең сол кездегі «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналының бас редакторы болатын. Әдеттегі жұмыс күндерінің бірінде оның қабылдауына бір қарт кісі келеді. Апам жақсылап қарсы алып, төрге шығарып, келген шаруасын сұрайды. 

-Е,Фариза шырағым, қазір зейнеткермін, ұзақ жылдар үкімет жұмысында болдық. Ол кезде қызметтен қол тимеді. Енді қол босады, уақыт көп, үйде жатып қағаз қараймын, өлең жазамын, соның бірнешеуін сенің журналыңа алып келдім, - дейді. Апам қарияның өлеңдерін қараса, дүмбілез, мәні де мазмұны да жадағай дүниелер екен. Қарап отырып: «аға, өлеңді не үшін жазасыз?» деп сұрайды.

-Не үшін дерің бар ма, қол бос болғасын ішім пысады, сосын өлеңді ермек етемін, оның үстіне газет-журналға беріп, аз да болса ақша тауып, нәпақа болсын деймін депті. Сол кезде алдында сайрап абайсыз отырған шалды апам шапалақпен тартып жіберіпті. Ондай оқыс қылықты күтпеген шал шалқасынан түсіпті. Тұра сала қашып шығыпты. Осы кезде ішке шуды естіп кіріп келген қызметкерлеріне: «сендер қайда жүрсіңдер, ана шал тұра келе менімен төбелессе қайтесіңдер» деп ұрсыпты. Кейін мұны біздер «апамның аламан төбелесі» деп айтып, әзілдеп күліп жүрдік. (Бұл оқиға туралы «Серпер сезім» деген төменде келтіретін мақаламда да жазғанмын, бірақ әңгіменің ағымы осылай болғасын, қысқартпай осы жерде де келтіріп отымын).

1994 жылы Атырау облысының Мақат сайлау округінен Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайландым. Алты адам болып бәсекеге түсіп, жеңіп шығып, Алматыға депутат болып оралдым. Апам да Атырау облысындағы Құрманғазы ауданынан депутаттыққа түсіп жатқан. Хабарын естіп жатамыз. Бірақ сайлау қорытындысында ол ауданнан депутаттыққа Ғазиз Алдамжаров өтті. Алматыға келгесін бірер күн апама кірудің ретін таппай ойланып жүрдім. Апам өте алмай, менің өтіп кеткенім ыңғайсыз болды-ау деген сезім бар еді.

Содан бір күні апама кірдім. Кабинетінде отыр екен. Ұшып тұрып құшақтап, бетімнен сүйді. «Өтеген-ау, мен құлап қалдым ғой, өткізбеді ғой мені» деп әрі ашулана әрі қамыға сөйледі. «Апа, алда талай реті келер, ренжімеңіз, сіз онсыз да халық сайлаған депутатсыз ғой» деп басу айтып жатырмын. Көңілденіп қалды, елдің, үй-ішінің амандығын сұрап, сәлден кейін өзінің фаризалық қалпына түсті.

 Біздің депутаттық мерзімім ұзаққа созылған жоқ, Квятковская деген даукес әйелдің арызының арты үлкен жанжалға ұласып, 13-ші шақырылған Жоғарғы Кеңес тарап тынды. Орыс халқы ұнатпайтын 13 деген сан сол орысың үшін бұл жолы сәтті болып шықты. 

Біздің Жоғарғы Кеңес таратылғанда апам менің жағдайымды ойлап қатты уайымдады. Сол күні теледидардан «бір топ депутат аштық жариялап, Жоғарғы Кеңес ғимаратынан шықпай жатыр» деген хабар тарап кетті. Мен үйге ертерек кетіп қалып, елден келген енем – Ахатай апамның әңгімесін тыңдап, ет жеп отырғанда осы хабарды естіп, көңілі қобалжыған апам телефон шалып, жағдайды сұрағанда: «апа, мен аштық жариялағандардың қатарында жоқпын, үйде етке тойып отырмын» деп әзілдей жауап бердім. Шындығы да солай болатын. Әр жағдайдан өздерінің есебін толтыруға құмар кейбір айғайшыл депутаттар мені де сыртымнан сол тізімге қосып жіберіпті.

Келер жылы Жоғарғы Кеңеске жаңадан сайлау өтетін болып, Елбасының Жарлығы шықты. Мен тағы да өзім өткен аудандардан Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа үміткер болып тіркелуге дайындалдым. Елдегі жігіттер де тас-түйін болып қамданып, «қашан келесің» деп күтіп отырды. Апам да үміткер болып тіркелетін болды деген хабар жетті. Және ол кісі мен өткен аудандардан, менің округімнен тіркелетін болып облыс басшылығымен келіскен болып шықты. Елдегі жігіттер: «бұл жарыс қой, апамыз ренжімесін, біз дайынбыз, сен де түсе бер» деп ұсыныстарын қызу білдірді.

Мен Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласына келіп, бастамашыл топтың адамдарымен кездесіп, бәріне рахмет айтып: «апам түсіп жатыр, ол кісімен жағаласып алдын орағаным ыңғайсыз болар, жолымды сол кісіге беремін» деп өз жоспарымнан бас тарттым. Марқұм апам менің осы шешіміме өмір бойы риза болып, реті келген жердің бәрінде айтумен өтті. 

Тіпті қатаң ауырып жатқан күндерінің бірінде көңілін сұрай барған бір топ таныс-білістердің алдында: «мына Өтегенжан, маған жолын беріп, апасын сыйлап еді, мұның маған көрсеткен ілтипатын ешқашан ұмытпаймын, осыны біліп жүріңдер» деп жан-жағына тапсырма бергендей қарап еді. Мен мұны міндет етіп, апама да, басқаларға да ешқашан айтқан емеспін. Бірақ шынында  осылай болған-ды. 

Бір жылы бір болмашы нәрсеге бола апам маған артықтау сөз айтып жіберді. Астанада тұрамыз. Өкпелеп қалдым. Содан бір жылдай апама жолықпай, сырдаң жүрдім. Ол да мені кейде байқамаған болып өтіп кетеді, не мен оны көрмеген болып, сырттап кетемін.

 Апамның алпыс жылдығы жақындап келе жатты. Атырау облысы шақырып, апам елде тойын атап өтетін болып, ауылға жиналды. Хабарын естіп жатырмын. Бұл жолы ол да маған хабар бере қоймады. Содан бір күні «Астана хабары» газетінен бір тілші келіп, Фариза апама жолығып, «сіз туралы мақала берейік деп едік, кімге тапсырма бергенді мақұл көресіз» деп сұрағанда «мен туралы біліп жазса, Өтеген жазады, соған өтініш жасаңдар» деп айтты деп сәлем айтты. 

«Әрине, мен жазбағанда кім жазады? Жазамын» дедім. Содан «Жалғанда жалғыз болмас ақын деген» мақала жаздым, жаман шықпаған секілді. Лирикалық ыңғайдағы інілік ізет, қаламгерлік құрмет болып шықты. Мұқағалидың «өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деген апама арналған атақты өлеңіне қарсы демей-ақ қояйын, бірақ оның екінші қырынан келіп, ақындар халқы барда ешқашан жалғыз болмайды деген кредо ұсынып, соны оймен өрнектедім.

 Шынында да солай ғой. (Етікші қапелімде бізін жоғалтып алады дегендей, сол мақала осы естелікті жазу барысында қолыма түспей қалды, осы жерге келтіре кеткенімде орнын тапқан болар еді). Ақын аламан жұртынан ешқашан бөлек ғұмыр кешпейді, ол өз жұртымен, өз оқырманымен мәңгі бірге, мәңгі етене. Ал Фариза Оңғарсынқызының өмірі өз халқымен мәңгі бірге. Ол мәңгіліктің ақыны.

Апам ауылдан келген соң үйіне шақырды. Көңілді. Арамызда ешнәрсе болмағандай арқа-жарқа араласып кеттік. Алпыс жылдық мерейтойында да асаба болып, аламан жұрттың алдында тұрдым. Содан кейін тіпті бұрынғыдан  бетер, бір-бірімізге бірге туған апа-бауырдай  жақындадық. Одан кейін екі арада бір керемет сыйластық пен ынтымақ пайда болды. Апам әркезде менің әкемді айтып: «жездеміз құр кісі емес қой, басына ел түнейтін болыпты» деп айта жүретін. Оның әкеме деген ерекше көзқарасы мен үшін керемет ғанибет болатын.

Жұрттың бәрі апамды меншіктеп, «мен досы болдым, мен сырласы болдым, мен анау едім, мен мынау едім» деп айтып, жазып, сөйлеп жатыр. Олардың ешқайсысына оларың артық дей алмаймын, әркімнің патша көңілі өзінде ғой. Ал менің жөнім солардың бәрінен де өзгеше деп ойлаймын. Апам елуге, елу беске, алпысқа, алпыс беске, жетпіске толғанда, ұлы Айбар үйленгенде, сіңлісі Алмагүл тұрмысқа шыққанда, ең қымбатты немересі Анита тұрмыс құрғанда апамның өз қалауы бойынша тойларын басқардым, арнайы асаба болдым. Бұл тұрғыдан келгенде мұндай дерекпен менімен ешкім таласа алмайды.

Мен үшін ерекше есте қалар сәт – апамның менің алпыс жылдық тойымда асаба болғаны. 2012 жылдың қазан айында Астанадағы Салтанат сарайында өзімнің 60 жасқа толу мерейтойымды атап өтуге қам жасадым. Әуелі шақырылатын қонақтардың тізімін жасадық. Ол төрт жүзге дейін шырқап кетті. Алыс-жақын ағайын тума өкпелейді деген қазақы ұғыммен бәрінің көңіліне қарап, жазып жатырмыз. Тізім одан да көбейіп барады. Сондай күндердің бірінде апам хабарласты телефонмен. Менің хабарымды естіп, тікелей хабарласып тұр.

«Өтегенжан, келе жатқан жасың құтты болсын, иә, не істеп жатырсыңдар? Дайындық қалай?» деп сұрақты төтесінен қойды. Хабарымды айттым. «Сонша адамның керегі не, тым көп қой, өзіңді құрметтейтін, бағаңды білетін, орынсыз сынамайтын адамдарды шақыр, тізіміңді қысқарт, сосын маған оқып бересің» деді тапсырма берген үнмен. Тізім 350 адамға түсті. Айттым. Апам көнбеді. Тағы да қысқарт деді. Тізім 280 адамға түсті. Апам тағы да көнбеді. Тізім 250 адамға түсті. Енді тізімді Нағима екеуіміз апамның үйіне алып бардық. Енді біз де көнбейміз деген ойда отырмыз.

Асықпай қарап шықты. «Мына біреуді де танисыңдар ма, бұл қайдан жүр» деп қояды арасында. Әр адамды қорғап жатырмыз. Ауылдан келетін ағайын көп екен. Олармен бірге артық сөз де ере жүреді. Қазақ солай ғой деп бір қойды. Онысы рас енді. «Ал, жақсы, тойды кім басқарады?» деп бізге тіктеле қарады. «Апа, бір мықты, республикаға танымал тамада таптым, тамаша тамада» дедім дауысымды көтере сөйлеп. 

«Кім ол, мен білем бе, қандай мықты ол?» деп апам бізге шаншыла қарады. «Сіз оны жақсы білесіз, ол – Фариза Оңғарсынова» дедім мен. Апам әуелі  абдырап қалды да, «несі бар, сенің тойыңды мен басқармағанда кім басқарады, менің барлық тойымды басқарып келе жатырсың, айналайын, мен дайынмын, басқарамын, тіпті мен басқаруым керек қой» деп ағынан жарылып, қатты көңілденді. Апам тойды керемет басқарды, шалқып, жадырап, барынша көңілденіп, жұртты үйіріп, емен-жарқын әзілдеп, тойдың мәнін де, сәнін де көкке көтеріп кетті.

Шығып сөйлегендер «бұл той Фариза ақын тұңғыш рет тамада болған той деген атпен тарихқа кіретін болды» деп қайта-қайта айтып, шынайы ризашылығын білдірді. Апам басқа ақын інілерінің бірде-біреуінің тойында асаба болған жоқ еді, бұл мен үшін, менің отбасым үшін керемет тарихи оқиға болып есте қалды. Сол тойда түсірілген киносюжет – енді біздің шаңырақтың ең бір қымбатты қазынасы. Бұл жөнінен мақтансам, менімен ешкім де бәсекеге түсе алмайды. Бұл апамның мен дегендегі жүрек түбіндегі шынайы туыстық сезімі деп ойлаймын. Оның ақындық жүрегінің ең жоғары марапаты деп есептеймін.

Апам менің отбасымды ерекше жақсы көрді. Қызым Әселді қызметке орналастыруға тікелей араласты, ортаншы баламыз Әсетті сабырлы, салмақты жігіт болады деп үнемі айтып отыратын. Ал кенжеміз Дәуірді тіпті керемет жақсы көрді, оны «кілей» деп атап, қатты еркелететін, «Дәуірді ұрмаңдар, бетінен қақпай өсіріңдер» деп үнемі бізге бұйырып отыратын. Қашан хабарласса да ылғи Дәуірді сұрайтын. Ең жауапты тапсырмасын, ең нәзік сырлары мен ойларын келіні Нағимаға бүкпесіз айтып, өзіне сенгендей сенетін. Түскен келіндерінің қолтығынан ылғи Нағимаға ұстататын. Бұл біз үшін үлкен сенім, жауапкершілік еді.

Апам 1989 жылы елу жасқа толғанда Маңғыстау елі арнайы шақырды. Факең қасына екі інісі – Мереке Құлкенов пен мені ертті. Алғашқы сапарымыз Маңғыстау облысымен шектес Атырау облысының Жылыой ауданында басталды. Көптеген кездесулер өтті. Апам сапар барысын кестелегенде Жылыой ауданындағы Ақкиізтоғай ауылын жоспарлаған екен. Бұл менің туған ауылым, мектеп бітірген алтын бесігім. Қатты қуандым. Бұл ауылдан жиырма ақын шыққан. Бұл сирек кездесетін жағдай. Киелі мекен, қасиетті аймақ. Соның ішінде апам үшін ерекше құрметті екі тұлға – қазақтың көрнекті ғалымы, ақын, ұстаз Қабиболла Сыдиықов пен айбоз ақын Меңдекеш Сатыбалдиев осы ауылдың түлектері. 

Апам Қаби ағадан дәріс тыңдап, батасын алған, Меңдекешпен бірге жарысып жыр жазған, әрі аға тұтып, алдын кесе өтпеген. Апам іс-сапарда жүргенде жеке адамның үйіне қонбайды, қандай қашықтық болса да, қандай ауа райы болса да қонақ үйге түседі. Бірақ сол жолы Ақкиізтоғай ауылына арнап, келіп, осы ауылға қонып, ағаларының атажұртына аунап-қунап кетті. Бұл да тәлім алар өнеге, айта жүрер айшықты дерек. Сол күнгі жарқын жүздесулер менің әлі есімде. Апам туған ауылына келгендей болып ашылып, әрі еркелеп, әрі өзіне тән мінезбен назын айтып, жаны жарқырап отырды.

Кейін, 1994 жылы апам екеуіміз Қаби ағаның 60 жылдық мерейтойына орай елге бірге ере келдік. Тағы да атақты Ақкиізтоғай ауылына жол түсті. Ел керемет қарсы алды. Мен онда жоғарғы Кеңестің депутаты едім. Әкемнің көзін көргендер, анаммен құрбы болып, сырлас атанғандар алдымнан шығып, маңдайымнан сүйіп, батасын беріп, бауырларына тартып жатты. Осыны көріп тұрған апам қатты қуанып: «Өтегенжан-ау, ауылың сені қатты сағынып қалыпты ғой, керемет жақсы көреді екен ғой» деп балаша қуанды. Қаби ағам да балаша мәз болып, елмен қауышып, жарқырап, түлеп қалып еді. Енді ол ағамыз туралы өткен шақпен айтып жатқанымыз жанымызды жабырқатады. Амал бар ма, өмірдің қатал заңына кім көнбес?!

...Содан елдегі сапарымыз Маңғыстау ауданының Бейнеу ауданында жалғасты. Мұнда да елдің ағеділ тілегі, ашық жүрегі, кеңпейіл ниеті апамның көңілін көкке көтеріп, бұл сапарда ол барынша көңілді, шалқыған шатты сезімде жүрді. Ол кезде ауылдық жерлердегі жағдай онша мәз емес, нарықтың қысып жатқан кезі. Ауылдық клубтардың ішіне от жағылмаған суық, салқын, ыза. Соған қарамастан халық кездесуге тайлы-таяғы қалмай келеді. Тікесінен тік тұрып көреді, кездесу біткесін апамнан кемінде бірер сағат қолтаңба алады. 

Біз Мереке екеуіміз салқынға әзер шыдаймыз. Сыртқы киімімізді жамылып отырамыз. Ал апам бір ғана көйлекпен отырып, 3-4 сағатқа созылып кететін кездесулерде сыр бермей отыра береді. Одан кейін қолтаңба бергенде де сол күйінен бір аумайды. Бұл да бір тектіліктің көрінісі болатын.

Кездесулерде апама сұрақтар жаңбырдай жауады. Ол бәріне ашық жауап береді. Жұрт қыран жапқандай күліп, сергіп, сергектеніп қалады. Ондай кезде апам да одан әрі жарқылдап, жайнай түседі. «Кеш қалай болып жатыр» деп менен үңіле сұрап қояды, бірақ оның өзі кештің әдемі әсермен өтіп жатқанын сезініп, көзі күліп, қабағы жазылып тұрады. Ретті жерінде отты әзілді жарқ еткізіп, залды бір дүркіретіп, өзі соған қуана қарап тұратыны бар. 

Сол Бейнеудегі кездесуде бір оқырман Иса мен Досан көтерілісі туралы сұрап, екі батырға баға беруін сұрағанда: «олар секілді мен де орысты ұнатпаймын» деп жауап қайтарып, зал керемет дүрлігіп, бірталай уақыт қол шапалақтап тұрып алды. Сонда көпшілікке мейірлене қараған ақын: «сендер де орысты ұнатпайды екенсіңдер ғой, бірақ ол орыстар басқа болатын» деп аяғын бейбіт райға қарай бұрды.

Мен апам туралы жалпы, үш мақала, үш өлең жазыппын. Барлығын да апама оқып, беріп көрсеттім, тыңдаттым. Соның бірі – «Серпер сезім» деген көлемді мақала болатын. Апамның ауырып жүрген кезі. 14 наурыз біздің елдің наурыз мейрамы, көрісу күні, амал күні. Апама әртүрлі себеппен көптен көрісе алмай жүр едім, соның өтеуі, кешірімі ретінде бұл мақаланы «Егемен Қазақстан» газетінде тура 14 наурыз күні (2013 жыл) жарияладым. Сол күні Астанада қалыптасқан дәстүр бойынша ардақты аға-апаларымызға көрісіп, мейрамханадан дәм татқызушы едік.

Денсаулық жағдайына байланысты бұл жолы апам ортамызға келе алмады. Жиналған қауымның көбі менің мақаламды оқыған екен, өте жақсы пікірлер айтты. Бұл пікірлердің көбі апамның денсаулығы туралы алаңдаушылыққа ұласып, бәріміз де қоңырайып қалдық.

Кешке апам телефон шалды. Шошып кеттім. Маған мүлде беймәлім, шаршаңқы, қарлығыңқы дауыс естілді. Әуелі бұл кім деп абдырап қалдым. Апам екен. Бірақ даусы да, көңілі де көтеріңкі екен. «Өтегенжан, мақалаңды оқыдым. Керемет. Мен туралы бұлай ешкім жазған жоқ. Келген адамдардың бәріне көрсетіп, мақтанып жатырмын. Алла жарылқасын, айналайын, Нағима, балалар аман ба? Көптен келмей кеттіңдер ғой, жағдайың қалай? деп  сұрақты жаудырып жатыр. «Апа, шаршап қаласыз, бәрі жақсы, көптен бара алмай жүргесін, мына мақала кешірім-мақала деп ақталып жатырмын.

«Жоқ, Өтегенжан, мақалаң шынында керемет мақала. Мен туралы елу жылдан бері талай мақала шықты ғой, сен бірінші орындасың» деді апам сәл ентіге сөйлеп. Тағы бір үлкен теңеулерді айтты, мен «апа, естіген басқалар ренжіп қалар, олай деп айтпай-ақ қойыңызшы» деп қаша жауап бердім.

Сол мақаланы енді Сіздердің назарларыңызға берейін.


Серпер сезім


Фариза Оңғарсынқызының ақындық қайраткерлігі  туралы  сөз


(Бұл мақала 2013 жылғы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды).


«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» деп Әсет ақын айтқандай, қазақ жырының қайраткері Фариза ақынның шығармашылық ғұмыры туралы көсіле бастап айту да оңай емес. Қай қиырдан, қай еңіс пен өрістен қадам жасауды білмей аяқ асты абдырап, Құрманғазының төкпе күйі мен Дәулеткерейдің шер қозғаған шертпесін шатастырып, біріне-бірін жамап, тал қармап, талықсып шаршап, ағынды жырдың ақ Жайық жағалауына әрең жетесің. Қабылдау құлашың талып, Нарыннан жеткен нар желге маңдайыңды тосып, азу тісі шықырлап, маңдайы әжімденіп, жылжыған жылдардың әуенін нақышты нотасына сызып жатқан сиыр таңдай сусыған құмдардың сазынан әлдебір жаныңа жақын сырды сезесің. Сезетін себебің  де бар.

Дара күндерімнің,

Нала түндерімнің

Серігі болғаның үшін,

Сенімі болғаның үшін

Мен сені аялаймын.


Біреудің пасықтығынан,

Біреудің жасып мұңынан

Жүрегім сыздаған кезде,

Жаным мұздаған кезде

Мен сені саялаймын...


Өмірдің өткелдерінен,

Қиындық көп көргенімнен,

Өртеніп от басқаныммен,

Өзіңмен қоштаспадым мен.


Күлкімді, жайлы күнімді,

Азапты, қайғы-мұңымды

Өзіңмен бөліскенің үшін,

Қатем мен жеңістерім үшін,

Менің мынау қиындау тағдырым болып

О баста көріскенің үшін,

Өлең, мен сені аялап өтем! 

Бұл жыр жолдары - Фариза ақынның  өмірлік кредосы. Өмірлік позициясы. Жыр майданының үнемі алдыңғы шебіндегі комиссар көңілдің транзиттік тұғырнамасы. Өзгермелі дүниенің сан құбылған бояуы мен санаға салмақ салған сан алуан сынақтары ақынның ғұмырнамасына қаншама өзгеріс пен толықтырулар салғанымен, әуел бастағы принципті байлам, позициялық  ұстаным еш өзгермейді. Транзитты уақыттың тектоникалық жарылыстары мен құбылыстары да оның әуел бастағы дидактикалық дидарына парфюмериялық болса да рең қоса алмайды.

Қайсар ақын қайбір жылдары: «Қартаяды ақындар да, тағдыр-тезге көнбейтін хақың бар ма?» деп жазғанмен, Шерхан ағамыз айтқан шындыққа жүгінуге тура келеді: жүрекке әжім түспейді. Әсіресе, ақынның жүрегіне. Бұл пікірді ақынның өзі одан әрі бекіте түседі: «нұрлы жүзден ақиқат әр таяры, мәңгі жас боп қалар тек жырларымен». Ақын туралы айтқаны, яғни өзі туралы жазғаны. Жазғанынан жазбай келе жатқан жампоздың  жазба пікірі. 

Әуелі сөз болған. Жаратқанның жанды лебізі - осы. Демек, ақын - адамзаттың алдыңғы перзенті. Осы ойды қарапайым мысалға айналдырсақ: ақынның құлағы өзінен бұрын туады. Бұл тіркесті сәл сипай қамшыласақ: ақынның жүрек-құлағы өзінен бұрын туады. «Өнер алды - қызыл тіл» деп  бабаларымыз содан айтқан. Бабадан асырып, данадан оздырып қалай айтарсың. 

Фариза ақын данамен үндесіп, бабамен тілдесіп, даламен бірлесіп, жаңамен үйлесіп, санамен күн кешіп өз биігіне жеткен ақын. Өзінің шың-құзы бар, жыр аспанында жұлдызы бар, айдай ажары, жарқыраған күндізі бар ақын. Халқына арқа сүйеп қайсар болған, еліне еркелеп жауһар болған, оқырманына сүйеніп гауһар болған ақын. Ердің орнына ер болған, азаматпен тең болған, намысқа шапса өр болған, анаға бақса кең болған, қызға бақса қырмызы, қызылға бақса өң болған ақын. Айдан алтын алдырып, ажарлы өлең туғызған, күннен күміс алдырып, жырмен бетін жуғызған ақын. Құлагер-жырдың құлағын қайшылатып, от-жүрегінің жалынын тамшылатып, намыс пен жігерін қамшылатып, даланың жігіттерін өрлікке шақырған ақын. Аласаға алдырмай, қуғандарға шалдырмай, еңістен салса, төске озып, болдырмай келе жатқан жүйрік. Серпер сезімді саңлақ.

Өрлікке шақырмай қайтеді, ол мәңгі майданның алдаспаны Махамбетпен кездескен ақын. Уақыт белдеуін бұзып өтіп, бабасымен бетпе-бет келіп, одан жасын жырының бір уыс лапылын алып, намысын тұтатқан Фариза ақынның автобиографиялық антологиясын қарасаңыз, Исатай баһадүрдің ақтабанының жер тітіреткен дүрсілі мен Махамбеттің ала өгіздей өкіріп, Еділ-Жайық - екі судан зырқырай өткен бір тартарының  нар қамысты жапырған суылы естіледі. Содан да болар кезінде Тахауи Ахтанов Фариза ақынды: «Махамбет в юбке» деген-ді. Әрине, юбка киген Махамбетті көзге елестету оңай емес, бірақ  Тахаңның бұл сөзін тауып айтылған тіркеске қосқанның еш айыбы жоқ.

Сонымен, басымызға бошалап келген тұмса пікірдің бұйдасын қақсақ, Фариза ұлы даланың ұлы жырауларынан жеткен ұлы сарынды бүгінгі қазақ поэзиясына үкілеп қосып, үзеңгісін түзеген ақын. Қазақ жырының байырғы бойында бар отты леп пен өршіл пафосты  тылсым уақыттан тартып алып, қазақ даласына самал ғып жүгірткен, қоламтада қалған шоғын үрлеп тірілткен ақындардың бірі, бірегейі. Сарыны бөлек Сыпыра мен шамырқанған Шәлгездің, қазып айтатын Қарға бойлы Қазтуғанның, желмаясының жез бұйдасынан географиялық-дидактикалық, этнографиялық-этногенездік  асыл сөз саулаған Асан Қайғының  философиялық трактаттарын өршіл өлеңге, намысты жырға көшірген таңдаулы таланттардың төрінде ақын қыздың алқызыл орамалы тынбай желбірейді.

Шыңғыс Айтматовтың «Боранды бекеті» армян халқының ойшылы Григор Наракацийдің: «Бұл кітап менің тәнім дегейсің, бұл кітап менің жаным дегейсің» деген сөзімен ашылады. Бұл сөз - қаламгердің жауапкершілік статусы. Фариза Оңғарсынқызы да мұндай пікірді өмір бойы ұстанып келе жатқан тұлға. Ақынның заман, қоғам, уақыт алдындағы шынайы жауапкершілігін сезіну тұрғысында ақын үнемі өз биігінен түспестен келеді. Не жазса да, нені жырласа да, қай жанрда қалам тербесе де Факең ақындық жауапкершілікті алдыңғы орынға қойып, парасат гармониясының жеті нотасын жаңылмай табады. Көп векторлы жанрда қалам тербесе де, өзінің авторлық монополиясынан ешқашан айнымай келе жатқан талант. Бұл не сонда? Бұл – мінез.

Ақынның мінезді жырларын оқып отырып, оның қазақ жырының антологиялық сандығына салған үздік үлгілері мен озық ізденістерін анық байқайсың. Мазмұндық тереңдік пен формалық ізденістер, ырғақ пен өлшемдегі өзгешеліктер мен жаңалықтар, ақындық қабылдауларындағы оқыс түйіндер мен күрт бұрылыстар оның поэтикалық полотносын басқалардан оқшауландырып тұрады.

Әсіресе, жыраулық сарындарға иық беріп тұратын өлеңдер шоғыры, мысалы мемлекеттік сыйлықпен аталып өткен «Маңғыстау маржандары»  топтамасы кеңдік пен кемелдіктің көрінісі болып көкейде қалды. «Әйел» атты циклды жырлары, яғни түйдек топтамасы қазақ әйелінің адами-рухани қайсар келбетін сомдап, адамгершілік пен тазалықтың көркем галереясын түзді. «Менің планетам» шоғыры қазақ даласының кешегісін, бүгінін, ертеңін кескіндеген кенен де кемел жырлардан түзілді.

Бір айтар нәрсе, осы шоғыр шумақтарда елгезек самалдай болып, егемендіктің желі еседі. Аңсарлы азаттықтың ақеділ самалы алға ұмсындырады. Мұнда жалған пафос, жалаң шарықтау, рабайсыз риторика  жоқ. Шымырлап аққан ішкі толғаныс бар. Какофониядан ада кернеуі жоғары күш бар.  Шамырқанған шындық бар. Ақынның азаматтық тұлғасы бар. 

Қазақ поэзиясының кеңестік кезеңдерде кемиек сөзге иық беріп, кемсеңдеп қалған шағында, Қадыр ақын тұстастар: «өтірік қостым азырақ, өткізу үшін шындықты» деп  жазған кезеңдерде шаршаңқы шаблон мен тұйыққа тірелген трафаретті бұзып, бірде өзі, бірде кейіпкері болып, атойлап алған шыққан ақынның қазақ жырындағы елеулі, ерекше қолтаңбасын айту әрбірімізге парыз болса керек.  Ол ортақ  жыр, ордалы қазынаға өз қолтаңбасын қапысыз құйған ақын. 

Мұқағалидың Фаризаға мұң шағуы тектен-тек емес. Бұл арнау жыр ғана емес, арзу жыр. Шерлі арнау. Беріден ойлаған біреулер: «Мұқағали Фаризаға ғашық болып, содан жазған өлеңі» екен деп көңірсіткені бар. Рас, Мұқағали Фаризаға ғашық болған. Бірақ әйел ретінде емес, қайраткер ретінде. Жігіт ретінде. Азамат ретінде. Қарындасы ретінде. Мойындай отырып, мұңын айтқан. Бұл жыр эпистолярлық элегия жанры ретінде қазақ өлеңінің тарихына кірді. Кейіпкері Фариза болғандықтан да осынау мұңды да асқақ туынды қазақ даласына ән болып тарап, саз болып самғады. Әбиірбектің де абыройын көтеріп кеткен бұл реквием-саз санаға жеткелі қашан.

Өйткені Фариза қашанда қазақ өлеңіне азаматтық қайраткерлікті алып келген ақындардың алдыңғы қатарында тұрады. Бұл ретте ұлы ұстаз Зекенің – Зейнолла Қабдоловтың әр қаламгер қапысыз білетін, бірақ әркез орынды-орынсыз қайталап айтып, құлақты сарсылтқандай да болып кететін «әдебиет – ардың ісі» деген сөзі Фариза поэзиясына өзі сұранып тұрғандай. 

Әдеби ар алдында әрқашан адалдығын сақтағандықтан да кейде адам айта жүрер оқиғаға да араласып кететіні бар. Осы орайда бір болған оқиға жадымызға оралып, жаз деп сұранып отыр. Бұл өткен ғасырдың 70-ші жылдарының ортасында болған жайт. Факең ол кезде «Пионер» журналының бас редакторы. Қабылдауына бір ақсақал келеді. Қолында бір топ өлеңі бар. Факең оның өлеңдерін оқып, көңілі толмай: «Аға, өлеңді не үшін жазасыз?» деп сұрайды. Ақсақал: «Фаризажан, мен қазір зейнеткермін, қолым бос, ішім пысады, сосын өлеңді ермек қыламын. Бір жағынан осыларды жариялап, бала-шағаға нәпақа болатын тиын-тебен тапсам ба деп ойлаймын» дейді. Сол кезде әңгімесін айтып, бейқам отырған ақсақалды Факең шапалақпен тартып жібереді. Мұндай жайды күтпеген ақсақал шошып кетіп, шалқасынан түседі. Құлап қана қоймай өлеңдерін тастай қашады. Содан қайтып ол редакциялардың маңынан көрінбепті.

Осы әңгімедегі әлгі шал сөз зергері Зейнолла Қабдоловтың алдын көрмеген кісі. Демек, әдебиетті ардың ісі деп бағалауға оның  қабілет, мүмкіндігі жоқ. Сондықтан әдебиетіміздегі, тағы да, Зекеңше айтсақ, «қаптаған сұрқай ағыс пен шөп-шаламның» авторлары Фаризаның үлкен азаматтық болмысын танығандықтан, бұған да рахмет, ақыннан алыс, топтан қалыс жүреді. Ақын отырған жерге аяғының ұшымен кіріп, аяғының ұшымен шығады. Сондықтан Фариза ақынның поэтикалық кредосын шын өнердің бағасын білдіріп, парқын жеткізер интерактивті тақта деп қабылдау қажет. Салығы мен нарығын бағамдап, жақсы жолға салып жіберер кемел кеден тәрізді ақын шығармашылығын сол себепті де оқырманы орынды бағалайды. Ақынның халықтық тұлғасы осылай қалыптасқан.

Бұл күнде сыбайлас жемқорлық деген сөз жалпы жұртшылықтың әбден меңгерген тақырыбы болып кетті. «Ит қорыған жерге өш» дегендей, онымен күресеміз деген сайын, бұл дерт асқынып, ушығып барады. Бұл кесапат өмірдің барлық ендіктері мен бойлықтарына дендеп кіріп, батпандап еніп, елді еңсеріп барады. Бұл дерт өнерге де, әдебиетке де келді. Өнерге кірген өңезі бітеу бұл жара әдебиетіміздің айтулы ақсақалдарына да әмірін жүргізіп, «күлшелі бала сүймекке жақсы» болып, жыр жетімдік көрген кезде Фариза ақынның қайраткерлік, қаламгерлік ұстанымы әркез ашық, бізде қалыптасып кеткен орысша туатын заң тілімен айтқанда - «прозрачный». Жақсы жырға балаша қуанып, жасық жырға сыртын беріп, айтар ойын алдаспандай жарқ еткізіп айтып тастау – ақынның ең басты ұстанымы. Ол сырбаз өнерге сыбайластық жүрмейтінін өз өмірімен дәлелдеген.

Ойдан ой туады. Әлгі «прозрачный» деген сөзді басқа бір қырынан аунатсақ, Фариза ақын қазақ поэзиясына осы еркіндік пен ашықтықты жасқанбай әкеліп, жатсынбай қосқан шайыр. Қыз баланың, қазақ әйелінің сезімі мен төзімін, мұңы мен шерін, сағынышы мен аңсарын, махаббаты мен мархабатын, жан дүниесіндегі жұмбақ бұлқынысын өзінің жан жүрегінен өткізгендей ашық, ақтара беруі қазақ жырына жаңаша ажар, жаңаша өң, жаңаша көрік қосты. «Шеш-дағы етігіңді байпақшаң кел, көрейін ұстап алса өз сорымнан» деп баяғы апаларымыз айтқан алғаусыз сыр үзіліп кете жаздаған тұста, ақын «Қыз Данайдың қырғыны» қайдан шыққанына назар аударды. Қазынасы қырық нарға жүк болатын халық әндеріндегі сыр мен сезім, бұлқынған көңіл-күй Фариза жырларында теңнің ауызын ашып, төгіле жырланып, балаң бойжеткендер таласа оқитын шығармаларға айналды.

Табыстық. Екеуміз де көктем едік,

Бір кештік су демедік, от демедік.

Соншалық ұғысқаннан бірімізге,

Біріміз тіл қатпай-ақ өкпеледік.


Оянып сүйіскенде ала таңнан,

Сезімдер мөлдір шықтай жаңа тамған.

Ұғамыз қос жүректің тіл қатысын,

Иыққа тиіп кеткен алақаннан. Бұл шынайы жырлар сол кездегі жас оқырманның  махаббат декларациясы сияқты болды. Солай қабылданды. Әдемі, ашық, бірақ ашық-шашық емес. 


Сен бір албырт жігітсің, білемін мен,

Бір нәзіктік еседі жүрегіңнен.

Сен кірбіңсіз, көңілді болсаң дәйім,

Жаным сая тапқандай жүремін мен.


Сен мұңайсаң сан ойлар қоршап мені,

Деп қаламын: «Жүр екен аңсап нені?»

Жалт етіп бір қараған жанарыңнан,

Жай-күйіңді ұғамын сол сәттегі.

 Алпысыншы жылдары өмірге келген  мұндай жырлар, сәл кейін, жетпісінші жылдардың басында онан сайын ажарын ашып, құшағын жайып, ақынның асау сезімін алаш жұртына жаңа қырынан танытты. Осы кезеңде жас ақын қыздардың бұйығы тірлік кешкен тұнық өмірлерінің көлі толқындап, жанарлары ашыла түсті. Қыз сезімін жаңаша, ашық, алғаусыз, асау сезімді ауыздықтамай жеткізу үрдісі Фариза Оңғарсынқызының  шоғы қызу шоғыр жырларынан кейін ұшқыннан жалынға айналды. 

Осылайша қазақ поэзиясында Фаризаша жырлау, Фаризаша ойлау, Фаризаша жазу жолы басталды. Өкініштісі, осынау албырт та асау сезімдер, адуын да асқақ армандар қазіргі күнде Мөңке бидің сөзінен асып түсіп, мөңкіп барады, таңын жарқыратып, жөңкіп барады. Эротикалық есер сезімдер өлеңге келіп еркін араласып, басқа шығып, төске өрлеп барады. Осындайда Қадыр Мырза Әлінің қаламынан туған мына жолдар еске түседі де тұрады: «Сұлулар өте бергенде, қиылып келіп қарайсың,  ажарлы қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың». Ақыл қалыс, сезім шалыс болған заман-ай деп бас шайқап, алдағы алыс күндерге жасқаншақ жанармен үңілесің. «Қызды қыз деп сүймеймін, сұлулық ол, ал сұлулық қашаннан арман маған» деп еді Жұм ағам – Жұмекен Нәжімеденов. Сұлулық жалаңаштанып бара жатқан мына заманда асау сезімін адамгершілік қалыбында ақылмен ұстап, ақмаржан жыр жазатын қыз ақындардың қатары сиремесе екен дейді иманшыл оқырман. 

Фариза ақынның өлеңдерін, яғни асау сезімді жырларын оқығанда адам жанының тылсымы мен жұмбағы жаныңды баурап, асыл сезімді құрметтеп, қастерлеуге  жетелейді. Оқыс ойлап, опық жеп, одағай пішіп, олақтық таныта алмайсың. Өткір, ашық, бірақ намысы мен жігері бойын тіктеп, ойын оздырып тұрады. Шіркін, парасатқа тұндырылған «прозрачныйдың» да көңіл көзі ғана көре алар пердесі бар екен-ау. Содан болар апам мәстек жырды аямайды, қамшы ұрып, меселін қайтарып, бас жібін түріп жібереді. Кем таланттардың кең таланттар алдында күмілжіп тұратыны да содан.

Ақын бұл тұрғыдан келгенде – жалғыз. Мұқағали: «Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» дегенде, апама араша түсіп, бұдан он-он бес жыл бұрын, «Жалғанда жалғыз болмас ақын деген» деп қалам ұштағаным  бар еді. Осы сөзіме енді сәл ғана редакциялық өңдеу жасап: «Фариза жырда жалғыз, бірақ халықпен көп» деп айтар едім. Өйткені ақын қай кезде де өз жұртының ортасында. Көппен бірге. Сондықтан да ол қашанда халық алдында кішік, аға алдында ерке, ана алдында сәби. Бөрілік  арығын білдірмей, әрқашан жолбарыс-жырының жалын күдірейтіп келе жатқан жырдағы жаужүрек Фаризаға елдің әркез мақтана, кейде жасқана қарайтыны да сондықтан. Одан беріде Фариза апам туралы «асау өнердің Афродитасы, текті өлеңнің Тұмар ханымы» дегенім және бар. Тауып айттым ба, ауып айттым ба, біле бермеймін. Бірақ осы сөзге куә болып отырған көпшіліктің қол соққанын өзіме қабылдап қалған жайым бар. (Артық кетсем айып менен, оқырман).

«Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп абыз Абай жазғандай, көпшілік ақынды кейде шалт мінез  шалдуар, тентек мінез талант деп те ойлап қалып жатады. Факең жырларында адуынданып, атойлап, кейде шалқып, кейде толқып, кейде самғақ, кейде маздақ болып көрінгенімен, жанын түсініп, жағдайын сезінсең сәбидей сенгіш, баладай аңғал, анадай жұмсақ, данадай шыншыл, жеңгедей сыршыл, досыңдай жақын, апаңдай аяулы. Сырттай сәл ызбарланып, ызғарланып тұрғанмен, іштей көңілі мөлдіреп, толқып-толқынданып жатады. Оның маңына жақындаған жандар осындай қасиеттерін сезініп, бірде назын айтып, бірде базына айтып, ақынның алтын уақытын алып, ойға-қырға жүгіртіп жіберетіні де бар.

Жүгіртіп жіберетіні бар дегендей, жақында апам да бәрімізді жүгіртіп жіберді. Жұмыста отыр едім, Алматыдан аптығып ақын ағам Нұрлан Оразалин телефон шалды: «Өтеш, бізді қара басып, көптен бері хабар алыспай, қапы қалып, аса абыржып отырмын. «Егемен Қазақстанда» Факеңнің елге аманат хаты жарияланыпты деп халық шулап жатыр. Мен сол нөмірін жіберіп алыппын. Факең шет елде ауыр операция алдында жатыр екен. Елге хат жазыпты. Көрдің бе, естідің бе?» деп  бастырмалатты. 

Жалпы хабарды білсем де, Нұрлан ағамыз айтқан аманат хатты көрмей қалыппын. Мен де абыржып, тіпті терлеп кеттім. Дереу ұлы Алмасқа хабарласып, жағдайды білсем, ол апамның өзін қолдаған, жанашыр болған, қамқорлық көрсеткен жандарға, жалпы өз оқырмандарына, тілеулестеріне жазған ризашылық хаты болып шықты. Жақында елге оралуға қамданып жатыр екен. Нұрлан ағамнан сүйінші сұрадым. Оның да жағасы жайлау болып, жадырап қалды. Осы күндерде халқы онымен бірге болды, жанкүйер болды. Неміс жеріне назарларын тіктеп, алыстан ақжолтай хабар күтіп отырды. Апам, Алла шүкір, ортамызға аман-сау оралды. Сол күндерде халқы оны қатты іздеді, күтті. Бұл да халқымыздың бойында бар елдік қасиет. Үзілмей келе жатқан үлгі.

Ақын қай кезде де елдік үлгіден, халықтық қасиеттен бойын аулақ салған емес. Аллаға мадақ айтып, аруаққа шек келтірмеу жөнінен де ол әрқашан биіктен көрінеді. Құранға көңілімен құлап, Мұхаммед пайғамбардың, с.ғ.а., өмірі мен ұлы ілімі туралы кітап түзуінің өзі оның жан дүниесінің тереңдегі мен кемелдігін қапысыз көрсетеді. Ұлы пайғамбарлардың ұлағатты жолын жалғаған әулие-әмбиелердің әзіз есімдері мен ардақты істерін танып, білудегі болмысын оның шығармаларынан үнемі көресің де отырасың. Бұл тек өлеңде ғана көрініс таппайды, өмірде де солай. Жаза басып жаңылып, асып-сасып сабылып жүрген жандар да оның жанына жиылып, талантына тәу етіп жатады. Өзі де осы үрдістен айныған емес. 

Екінші бір оқиға еске түседі. Фариза апам 50 жасқа толуына орай 1989 жылдың ақпан айында Маңғыстау облысы азаматтарының шақыруы бойынша елге барды. Екі інісін: Жазушы Мереке Құлкенов пен мені қасына ертті. Осы облыстың Бейнеу ауданы аумағындағы Бекет Ата мешітіне барып, зиярат еттік. Қыстың қақаған аязында да қатпай, буы бұрқырап жататын Ата құдығынан су алып, дәм таттық. Ақтауға жүрер күні сол аудандағы есімі белгілі бір ақын Фариза апамды үйіне қонаққа шақырды. Ақын бармаймын деп бас тартты. «Мұндай ақынды білмеймін» дейді апам. Жергілікті ақын қатты абыржыды. Мал сойылған, қонақ шақырылған, дастархан жасаулы.

Содан әлгі ағамыз абыржып, енді не істеймін деп маған келді. Қиналып кеткен. Содан оған былай деп жол көрсеттім: «Сен дереу Бекет Ата құдығынан бір фляга су алып кел. Сол сумен шайыңды қайнат, етіңді ас, қалғанын өзім реттейін. Осы шаруаны ыңғайлап болып, бізге кел». Ол 18 шақырым жердегі Ата мешітіне ұшты да кетті. Келді. Сосын мен: «Апа, мына ақын бауырыңыз бұрын-соңды болмаған бір игі  іс бастапты. Сізге Ата суын арнайы алдырып, содан дәм-тұзын дайындап, қонаққа шақырып отыр. Бармасаңыз болмайды-ау» деп салмақты өзіне салдым. Апам бірден жадырап: «Өй, сен ақылды жігіт екенсің ғой. Білмей жүр екенмін. Мынау ғажап шақырыс болды ғой. Ата аруағын қалай аттап кетеміз, баста үйіңе» деп ағыл-тегіл болды да қалды. Сөйтіп, Ақтауға асығып отырған апам алты-жеті сағат отырып, әбден риза болып аттанды. Мінез бе? Әрине, мінез. Ақындық мінез. Бүкпесі, бұрылысы жоқ мінез. Содан әлгі ақынды жақсы көріп кетті.

Фариза апамның  халыққа ән болып кең тараған «Жақсы көру» деген өлеңі бар. Осы өлең - Фариза ақынның бүкіл шығармашылығының негізгі адастырмас алтын арқауы.  Апам жұрттың бәрін жақсы көреді. Исі қазағын жақсы көреді. Төрткүл әлемді аузына қаратқан Тереза анадай ол әрқашан өз ұлтын жанындай жақсы көріп, оның бақытына шаттанып, қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтасып келе жатқан Ана. 

Өзім де талай куә болдым, тіпті жасы Фариза апамнан әлдеқайда үлкен, ғасырға аяқ басқан қариялардың өзі «Фариза апай» деп жатады. Сондай кезде апам: «сендер осы қалайсыңдар» деп қабағын түйіп, өкпелеген болып, ернін бұртитып, ұрсып тастайтыны да бар. Бірақ көзі күліп тұрады. Көңілі күлімсіреп тұрады. Әлгі адамды аяп, іштей жақсы көріп тұрады. Жақсы көргесін ұрсады. Жақсы көріп тұрып, ұрсуға бола ма? Әрине, болады, егер сіз Фариза Оңғарсынқызы болсаңыз. 

Біз де Фариза апамызды жақсы көреміз. Біздің жақсы көргенімізді ол да біліп, түсініп отырады.  Түсі қату болып отырған сияқты болып көрінгенімен іші тату болып елжіреп, шын жақсы көріп отырады.

Шын айтамын, Фариза апам қазір бәрімізді жақсы көріп отыр. Бірақ мінезіне жеңдіріп, сыр бермей отыр. Біз де апамызды жақсы көріп, осы сөзімізді айттық. Өз сөзін өзіне қайтардық. 

Апа, аман жүріңіз, біз Сізді  жақсы көреміз. Халқыңыз, қазағыңыз жақсы көреді Сізді!

Бұл мақала жарияланғасын көптеген адамдар телефон соқты, рахмет айтты, апамның денсаулығы туралы естіп, үлкен алаңдаушылық білдірді. Мен апама жиі хабарласып тұрдым. Ұлы Алмасқа да телефон соғып, сәлем айтып жатамын. Апам жиі-жиі ауруханаға жата бастады. Қатты уайымдаймыз. Қолдан келер шара жоқ, тек әйтуір амандығын тілеумен отырамыз. Уақыт өтіп жатты. Желтоқсан да келді. Апамның туған күні – 25 желтоқсан күні жақындап келе жатты. Апам ауруханада. Қолыма қалам алдым. Мына төмендегі мақала сонда жазылды.


Жырында желтоқсанның мінезі бар...


(Бұл мақала «Егемен Қазақстан» газетінде 2014 жылғы 25 желтоқсанда  жарияланды).


«Туған ай тураған ет секілді» дейді халқымыз. Тауып айтылған теңеуінің өзінде әлеуметтік мәселе мен дәстүрлі ұстаным қойындасып жататын жұртымыздың аузына осы сөз «қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай...» кезінде көбірек түсетіні бар. Қызылсыраған көңіл мен қызусыраған ниеттің итжығыс түсіп, «ищай»  деп иін оздырып, ирек қамшылаған ию-қию шағында көңіл бораны мен табиғат дауылы төгіліп түскен терменің қос жолындай болып қол ұстасып, өкшесін көтеріп, өкпесін қолына алады. Желтоқсанда жел де жүйрік, көңіл де жүйрік. Өтер жылды жетелеп, тарихқа төтелеп тартып барады желтоқсан. Көңілге түрлі ой салып, «сыбағасын» артып барады желтоқсан. Құлағын қайшылаған құлагер-жылдың жалы көрінгендей...

Желтоқсан желі сынды жүйрік көңіл жөңкіле жүгіріп, жыртыла-жыртыла ада болуға айналған күнпарақтың соңғы күндеріне сүзілте қаратады. Желтоқсанның күнпарағына үңіле қарасақ, жұртымыздың жақсыларының көбі осы айда дүниеге келген сияқты. Осы айда туған ардақты ағаларымыз бен аяулы апаларымыздың, ардакүрең інілеріміз  бен қайраткер бауырларымыздың ұзын саны да баршылық. Саусақ бүгіп санамай, сананың шотын қағып көреміз.  Шүкір демеске әддің бар ма!

Жалпы, желтоқсан деген жақсы ай ғой, шіркін. Жаның жаңғырар, жадың жаңғырар, сәнің салтанаттар, әнің мархабаттанар кез. Күн райы суық болғанмен, жүрегің жып-жылы, тілегің ізетті. Жыл бойы жүгірткен мігірсіз тіршілік, ұлыжіңгір ұмтылыс, апаш-құпаш қозғалыс бұл айда, сірә, кісіге жамбас сипатпас. Бәрін айт та, бірін айт, Тәуелсіздікті тудырған қасиетті ай ретінде «айға бас, бізге жас» деп тізе бүгіп, тәжім етсек, қанеки...

Осындай кезде інілік ізетті тілек пен бауырмал ниетті білдіру үшін қолыма қалам алып, хат қайшыладым. Осы күні,  Астанада соққан алай-дүлейде, автомобиль құлағы көрінбес ақборанда, желтоқсанда өмір есігін ашқан аға-апаларым туралы ойладым. Ойладым да, ес біліп, етек жауып, екі-үш ауыз өлең құрағаннан бері «бауырым» деп басымнан сипап келе жатқан Фариза апамның туған күні де желтоқсанда екенін Сіздерге айтқым келді.

25-ші желтоқсан – Фариза ақынның туған күні. Жырында желтоқсанның мінезі бар ақынның туған күні. Өлеңнің өркештенген күні. Апамның әлпештенген күні. Жырдың жалданған күні. Жұртының малданған күні. Бұл күнді менен басқа да мыңдаған, әлденеше мыңдаған жандар білетініне еш шүбәм жоқ.  Туған айымен мінездес, туған жылымен өзектес, туған халқымен тағдырлас ақынның кейінгі кездері денсаулығы сыр беріп жүргені жанымызға батады. Соңғы кездері ауруханаға жолы түсіңкіреп жүрген апамның соңынан халін сұрап, қадірін арттырып бара беруге де тәуекел жете бермейді. Батыр мінезін жастай көріп, жанымызға жаттап өскендіктен де, жасып қаламыз ба деп кібіртіктейміз. Жасығанымызды көріп, жекіп тастай ма деп жасқанамыз.

Кеше аққұлақ боран аласұрып, аспан мен жер астасып, қаршыл қала желдің өтінде, боранның бетінде дірдектеп еді, бүгін аспан шәйдай ашылып, адуын боран басылып, күн астындағы Күнікейдей болып жеткен күншуақ күлімсірейді. Апамның да алай-дүлей көңілі борандай ашылып, шуағы шашылып, жұртына асығып, қуатты қаламына сүйеніп, «иә, Бекет!» деп жарқылдап тұрып кетеді деп ойлаймын. Жоқ, ойлап қана қоймаймын, бұған кәміл сенемін. 

Өйткені Фариза Оңғарсынқызын – Фаризасын күтіп отырған қалың ел, қадірлі қауым, жүректес жамағат, тілектес орта бар. Жанкүйер жұрты, жанашыр оқырманы бар. Ой-сәбидің оң аяғын көтертіп, осынау үшбу хат – ұшырма көңілімді  алғаусыз ниетпен әдіптеп, өлеңмен өрдім:


Жауға да шабар шүйіліп,

Дауға да барар түйіліп.

Махамбет болар  бұл апам,

Қыз болған Алла бұйырып.


Құлагер-жыр боп жараған,

Қыран боп көкке қараған.

Қаламы дауыл тұрғызып,

Қылышпен шашын тараған.


Асырса аяр айласын,

Алаяқ қуса пайдасын.

Ұрымтал тұстан ұмтылып,

Ұрады соған найзасын.


Әкімнен артық беделі,

Әркімнен артық өнері.

Әйел боп жаны толғатып,

Еркек боп туған өлеңі.


Қату боп келсе, қар жауар,

Тату боп келсе, шам жағар.

Бату боп келсе бауырмал,

Баладай көңілі алданар.


Қынапқа салсаң қайрамай,

Қиқуын салар найзадай.

Күй тартқан кезде Динадай,

Ән салған кезде Майрадай.


Той бастап кетсе – Төледей,

Қол бастап кетсе – жебедей.

Жол бастап кетсе – телегей,

Мұхитқа түскен кемедей.


Ұрысқан кезде – Қабанбай,

Ұғысқан кезде – анамдай.

Шығысқан кезде шарт сынар,

Туысқан кезде – даламдай.       


Бұршақтап жауған өлеңі,

Бұтарлап кетер денені.

Байтағын жырмен әлдилеп,

Бауырына басып келеді.


Жауынгер жырға жан риза,

Жұрты бар оған дән риза.

Сырласқан кезде – Сыпыра,

Жыр жазған кезде - Фариза!


Фариза апа, туған күніңіз құтты болсын! Жасыңызға жас қосылып, жақындап келе жатқан 75 жасқа толу тойыңызда асаба топта аңқылдап, алқалап келген әлеуметке қызмет көрсетсем деген ойымның жүзеге асуына қол ұшын беруіңізді сұраймын.

Осы шағын мақала-хатым жарияланған күні кешке Фариза апам өзі телефон соқты. Әуелі келіні Нағимамен амандық-саулық сұрасқан ол, сосын менімен біршама сөйлесіп, өзінің ризашылығын білдірді, әдетінше жағдайымды сұрап, біздің жақта болып жататын ауыс-түйістер туралы ұзынқұлаққа алаңдап отырғанын жеткізді. Сол күні, 21 қаңтарда Елбасының Жарлығымен Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин лауазымынан босатылды. Оның міндетін уақытша атқару Президент Әкімшілігінің жетекшісі Кәрім Мәсімовке жүктелді. Мен «апа, шаршап қаласыз, бәрі де жақсы» деп бәйек болғаныма қарамастан сонда да біршама уақыт сөйлесіп, көңілін бірледі. 

Сау болыңыз айтысқан соң  жолдасыма: «Ой, тамаша болды ғой, апам тыңайып қалыпты, әлі де саясатпен айналысып жатыр» деп бір жағы әзіл, бір жағы тоқмейіл көңілмен тіл қаттым. Ол да қуанып қалды, «бәсе, апам шамалы ауруға әл бере ме, өлмейді ол» деп жадырап қалды.

Амал нешік, сол мақала-хатымда тілекші көңілім айтылғанмен апам өзінің 75 жылдық белесіне жете алмады. Жеткізбеді жүйрік ғұмыр, аққан жұлдыздай арғымақ уақыт. Апамның қарасына жиналған мыңдаған жанның көңіліндегі өкініш пен көзіндегі жасты қаңтардың қара суық желі жұлып әкетіп жатты. Батыр мінез ұлы ақын батыр бабасы – Қабанбайдың қасынан мәңгілік қонысын тапты. Сол күні бүкіл қазақ поэзиясы, қазақ жұрты қан жылап, Фариза қызын жоқтады. Ақындар жоқтауын  жазды. Ел ағалары қалың қазаққа көңіл айтып, тоқтауын жеткізді. Осылайша ұлы даланың ұлы перзенттерінің бірі пәниден бақиға көшіп, ұлы бабалардың мәңгілік көшіне ілесті.

                   

         Апамның дүниеден өткенін естігенде


Өмірден ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі Фариза Оңғарсынқызы өтті. Жарқын ғұмырында жұртының алақанында болып, алаштың абыройын асқақ жырымен көтерген айшықты ақын заманның тар жол тайғақ кешуінде де, азат күндердің ақжарма шақтарында да туған еліне алғаусыз еңбек етті, адал қызмет жасады.

Махамбеттің семсер жырынан қуат, Құрманғазының серпер сертінен шуақ алған Фариза ақын енді арамызда жоқ. Жоқ, бұл жаманатты хабарға сенгің келмейді. Бірақ амал не, осылай болды. Арғымақ ақын ана дүниеге өтті де кетті. Қолдан не келеді, Ұлы Жаратушының кесіміне. Жылап отырып жыр жаздым. 

         Әуелі апамның көзі тірісінде жазылған және өзінің алдында оқылған өлеңді келтірейін:



1-ші жыр

Жауға да шабар шүйіліп,

Дауға да барар түйіліп.

Махамбет болар  бұл апам,

Қыз болған Алла бұйырып.


Құлагер-жыр боп жараған,

Қыран боп көкке қараған.

Қаламы дауыл тұрғызып,

Қылышпен шашын тараған.


Әкімнен артық беделі,

Әркімнен артық өнері.

Әйел боп жаны толғатып,

Еркек боп туған өлеңі.


Қынапқа салсаң қайрамай,

Қиқуын салар найзадай.

Күй тартқан кезде Динадай,

Ән салған кезде Майрадай.


Той бастап кетсе – Төледей,

Қол бастап кетсе – жебедей.

Жол бастап кетсе – телегей,

Мұхитқа түскен кемедей.


Ұрысқан кезде – Қабанбай,

Ұғысқан кезде – анамдай.

Шығысқан кезде шарт сынар,

Туысқан кезде – даламдай.       


Жауынгер жырға жан риза,

Жұрты бар оған дән риза.

Сырласқан кезде – Сыпыра,

Жыр жазған кезде - Фариза!


Апа деп жаздым арзу-жыр


         Екінші жыр – жоқтау жыры. Амал нешік, мұндай жырды да жазуға мәжібүр болдық.


2-ші жыр

Құлады алып Бәйтерек,

Жыр болып жанар қайта кеп.

Туғанына тәубе ақынның,

Туылмай кетсе қайтер ек.


Жоғалттық қолдан жақұтты,

Тоқтатар кім бар уақытты?

Қырандай самғар қыз туған,

Қазағым қандай бақытты!


Өлеңнің өшпес ай-күні,

Алаштың болды айбыны.

Көз жазып қалған қызынан,

Қазағым бүгін қайғылы.


Мұңымыз қазір боталы,

Жоқтау да бүгін жоталы.

Атырау – атам жылап тұр,

Фаризалардың отаны.


Жанға да түсті өгей сын,

Жұбатар жұртың көбейсін.

Жылайды Жайық – анамыз,

Жылама, жаным, дегейсің.


Жырыңмен аспан кеңейсін,

Жұртыңа мәңгі мерейсің.

Ғарышта жанса бір шырақ,

Фариза-жұлдыз дегейсің.


Ажалды қалай бөгейсің,

Ащы бір жырмен демейсің.

Алдыңнан жаннат ашылсын,

Алашың арзу дегейсің.


Жаныңды жырмен демейсің,

Амалың қайсы, не дейсің?

Қуанып тапқан қазағың,

Құлазып қалды дегейсің,

Дегейсің, жұртым, дегейсің.


 *  *  *


Апамның жетісін бергеннен кейінгі күндердің бірінде басына барып, зиярат етіп, құран бағыштадық. Қарлы қыс, қытымыр аяз болса да келушілер аяғы азаймапты. Бейіттің маңындағы ақша қарда іздер жосылып жатыр. Көптің ізі. Аяулы ақынның ардақты оқырмандарының ізі, құрмет пен пейілдің ізі. Ізгі дүниеде ізі қалған ақынды өлді деп айта алармысың?!  «Ақынның аты өлмейді» деген ұлы қағида – мәңгілік қағида.

Абайдың: «Жайнаған туың жығылмай, жақсы өліпсің, япыр-ай» деген жыры бар. Өте күрделі, терең ойға суарылған шумақ. Сол айтылғандай, апам жайнаған туы жығылмай, шалқыған жыры құламай өмірден өтті. Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов өмірден өткенде Қадыр Мырзалиев: «Алматым ауыр қазадан, баса алмай қалды аяғын» деп жазған еді. Фариза ақын өмірден өткенде Астана да ауыр қазадан аяғын баса алмай қалғандай болды. Қаңтардың қаһарлы аязын, 38 градус суықты елемей ел халқы онымен қоштасатын жерге ағылды.

Ақынмен қоштасуға келген жұрттың көбі тіпті уақыт біткенде кіруге мүмкіндік болмай, залдың сыртында қалды. Сүйекті алып бара жатқан көлікке ерген машинаның көптігі сондай, оның ұзындығы бірнеше шақырымға созылды. Батыр баба – Қабанбай кесенесіне келген халықтың нөпірінде есеп жоқ еді. Батыр қызға батыр жанынан топырақ бұйырды. Ұлттық пантеонда мәңгілік ұйқыға кеткен Орал Байғонысұлы бауырының жанынан топырақ бұйырған Фариза ақын енді қыр басынан Елордаға қарап жатады. Елінің тыныштығын, заманның дұрыстығын тілеп жатады.

Осы жерде ел болып, жалпы қазақ жұртшылығы болып бір уәжге тоқталған жайды айта кеткеннің артығы болмас. Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлының ұлттың көрнекті перзентін ақтық сапарға жөнелтудегі азаматтық, әкімдік, інілік қолтаңбасы ерекше сүйсіне айтуға лайық. Азамат екен деп құрметтей айтуға лайық. Ұлы ақынды ұлағаттап шығарып салудағы, оның барлық қаделік, тағзымдық қызметін атқарудағы іскерлігі мен ізетін, ұйымдастырушылығы мен ұлағатын көрген халықтың ықыласы мен құрметін сезініп, көріп, танып тұрып, «апамыз жайнаған туы жығылмай жақсы өлген екен» деген халық сөзін қайталасақ, оның әбестігі болмас.

Апамыздың жетісін бергендегі Атырау жұртшылығының «Зәурешті» айтып, аңырап алдан шыққан құрметі пен қасиетін лайықты қалыпқа салып, көргені мен көшелігін көпке көрсетіп, жылаған жұртын жігерлі қызметімен жұбатқан Атырау облысының әкімі, алаштың ардақты азаматы Бақтықожа Салахатдинұлының іс-қимылын нағыз биік дәрежедегі имани-адамгершілік қызмет десек болар. Осы екі азаматтың халықтың ардақты перзентін қадірлеп, жөнелтудегі өнегелі қызметін ел көріп, еңсесін тіктеді, жұрт көріп, жұбанды. Апамның рухы осы екі бауырының адал қызметіне риза болып, Алланың аспанына қанат қағып кеткен болар. Жұртына риза болып, жаны жай тауып кеткен болар.

...Өмірден өтпес адам бар ма?! Осылайша қазақ поэзиясының дара шыңдарының бірі, асқақ өнердің алып шынары, қазақтың  ерке қызы – бәрімізге АПА атанған асыл жан өмірден өтті. Оның рухы мәңгі жасау үшін көкке көтеріліп кетті. Ол рух қазір қазақ елінің аспанында туған халқының болашағы үшін алаңдаулы шығар. Оның рухы Қазақстанның көк аспанында мәңгі тұрақ тапты. Мен осылай ойлаймын және осыған кәміл сенемін. 

Сіз де сеніңіз, ардақты ағайын, патша көңіл оқырман қауым.

 Текті өнердің тұмары – қазақтың ФАРИЗАСЫНЫҢ мәңгілік ғұмыры енді оның өлмес, өшпес туындыларында, халқының жүрегінде жыр болып жалғасып жатыр. Бұл жыр – мәңгілік жыр!












Баспаға өтініш: Қонысбекке көрсету үшін!


  • Кітаптың форматы – 90х70х32 болса. (Мүмкін басқа форматын қарарсың, көлденең бола ма?) Қағазы «мелованная» болса, тіпті жақсы.
  • Сыртқы мұқабасының түсі (фоны) қоңыр сары (горчица) болса.
  • Сыртқы мұқабаның ортасында лента тәрізді, (мұқабаның тең жартысына жуық) рамада буырқанған теңіз айдыны, оның үстінде самғап бара жатқан жалғыз аққудың суреті салынса.
  • Автордың аты-жөні көк түсті әріптермен терілсе.
  • Кітаптың аты жаңағы суреттің астында алтын түсті әріптермен берілсе қалай болар екен?
  • Мұқабаның сыртында бірінші мұқабадағыдай лентада жазық дала бейнеленсе, онда бір нар мая маңып бара жатса.
  • Фариза апайдың суреті кітаптың ішкі мұқабасына берілсе, онда мүмкін болса, апамның жастық кезіндегі суреті болса.
  • Кітаптың ішкі беттерінің сол жағында «Текті өнердің тұмары», оң жағында «Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ» деп жазылса.
  • Кітаптың тиражы – 1000 дана болса. 
  • Кітаптың ішкі беттеріне, табылып жатса, апамның бірнеше суреттерін «Суреттердегі сағыныш...» деген айдармен беруге болады деп ойлаймын.
  • Кітаптың редакторы, (Сіздерден үлкен өтініш), «Нағима Сәрсенқызы»  деп жазылса.
  • Фариза апайдың жылы 2014 жылғы желтоқсан айына жоспарланған.


Құрметпен,                                                  

Өтеген Оралбайұлы

2014 жылғы 25 тамыз.

Астана.

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
ПІРДІҢ  СОҢЫ  –  БЕКЕТ АТА
10 июль 2019, Среда
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА
ШАНДОЗДЫ  САҒЫНҒАНДА...
11 июль 2019, Четверг
ШАНДОЗДЫ САҒЫНҒАНДА...
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:16
шары гелиевые с доставкой москва недорого ---- Смотри что тут есть для тебя ---- Чемодан из поликарбоната купить ---- Нажмите на ссылочку, чтобы посмотреть сайт ---- https://vozdushnye-shariki.ru/ ---- Все для праздника ---- продажа офисов в москве ---- Ну как круто то ---- аренда офиса бц дорохoфф ----- вот ещё одно предложение ---- бц империя тауэр ---- Поговорим про двери ---- двери ратибор госуслуги-личный кабинет микрофинансовая организация быстрый займ 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры