Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » Махамбет поэзиясының Атырау облысындағы күндеріне орай

Махамбет поэзиясының Атырау облысындағы күндеріне орай

14 март 2019, Четверг
722
0
                              АЛДАСПАН ЖЫРДЫҢ  АҚИДАСЫ
Әділдік үшін әлдескен, ақиқат үшін айқасқан, шындық үшін шайқасқан шандоз шайыр, шамшыл күрескер, дәулескер күйші, дәулетияр дарын, алаштың ар-намысындай  алдаспан азамат Махамбеттің мәдени мұрасы – халқымыздың қанжығалы қазынасы. Ақынның аса тегеурінді поэтикалық мұрасы – бүгінгі ұрпақтың тарихи санасына сілкініс пен құлшыныс беріп,  рухани жаңғырудың жарқын көрінісін айшықтайды. Осы жылғы 24-26 мамыр күндері Атырау облысында атап өтілетін осы айтулы шара – Мәдени мұраны құрметтеудің, Талантқа тағзым етудің жақсы үлгісі болмақ.
         Бүгінгі таңда осы заманның Махамбеті бар ма? Жоқ деп айтуға ауыз бармайды, бірақ бар деп айтып, ақиқаттың ауыр жүгін көтеруге жүрек жасқанады. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың жырына жүгінсек: «Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты, Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» Ақынның осынау құлақсіңді болған қосығын жадымызға жазып алғалы да талай жылдар озды. Дала демократиясының даңғайыр кезеңінде туған дауылпаз жырларымен дәуірдің дидарына есімін жазған аламаншыл ақындардың жорығында  әрқашанда найза ұшында тұратын Махамбеттің өрлік пен ерлікке толы толғау-сарындары тек қана «теңдік үшін ақырып-жекіруден» тұрмайды, оның поэтикалық қуаты,  ішкі энергетикасы,  динамикалық серпіні, көркемдік кестесі тұтас бір рухани әлемді құрап, қазақ жырының қадір-қасиетін ғасырдан ғасырға жүгін аудармай алып келе жатыр. Демек, қазақ поэзиясының қанында махамбетшіл мәртебе, ақиқат ақидасы бар.
Санадағы сілкініс пен ізашарлық ізденіске бой ұрған ұлттық өлеңнің өне бойындағы махамбеттік мұра қазақы жүректің қан тамырында әлі қозғалыста. Демек, осы заманның Махамбеті қазақ қоғамының поэтикасында тұтастық түзген. Бүгінгі қазақ жырының бұлқынысындағы серпін мен серт бұдан екі жүз жылдай бұрынғы Махамбет кезеңімен салыстырғанда қоғамдық құрылыстың ішкі заңдылықтары аясында бой көрсетеді. Дәстүрлі арналар мен көркемдік сабақтастық үрдісін пайымдағанда, көне сарынның ішкі иірімі бүгінгі қазақ жырының қан тамырында бүлк-бүлк соғады.
Бірақ бүгінгі ақынға «неге Махамбет болмайсың» деп кінә қоя алмайсыз. Махамбет болу – тағдырдан. Кешегі кеңестік кезеңде, әлеуметтік саясаттың қоғамдық саясатқа мойнын бұрған кезінде, Абай айтқан: «ақырын жүріп, анық басатын» поэзия алдыңғы орынға шығып, астар мен тұспал шындық шекпенінің шалғайынан там-тұмдап көрініп, іздеген көңілдің көзайымына айналды. Қадыр Мырза Әлі ағамыздың: «Өтірік қостым азырақ, өткізу үшін шындықты» дегені содан. Өтірік өлеңнің өткінші ағысы коммунистік кодекстің тарауларына айналған заманда Махамбетті «шаруалар қозғалысының шайыры» деген шаблонға салдық.  Оның поэтикалық қуатын ертегілік ережеге салып, самодержавияның ғасыр шаңының астында қалған самарқау сілтемесіне айналдырып, этнографиялық-ұлттық нақышын экзотикалық-науқандық әрлеуге ғана жұмсадық.
Ұлт-азаттық ұлы күрестің ұстаханасында ұмтылып найза ұмсынған, алдаспан шайқап бұлқынған, ереуіл атқа ер салған, егеулі найза қолға алған Махамбеттің майдангер жырлары жылдар бойы жеке адамның ашу-ызасы болып та «бағаланып», жекенің жел қуған сөзі болып Жәңгірдің, оның жандайшаптарының  атына бағытталып келді. Сол кездегі тарихи-әлеуметтік жағдай, теңсіздік пен әділетсіздік қайсар жырдың нысаны болып, ол тағдырдан ғана емес, тақта отырғандардан теперіш көрген әлеуметтің атқа мінген адуын намысына айналды. Исатай бастаған бұқарашыл қолдың бірден дүрк етіп, дүбірге айналуында осындай тарихи серпіліс жатыр еді. 
Махамбет ғұмырнамасындағы бір ізге түспеген ақтаңдақтар ақынды зерттеген Х.Досмұхамбетовтен бастап, одан кейінгі Қ.Жұмалиев, Б.Аманшин, И.Кенжалиев, Ә.Сарай, А.Сейдімбек, т.б. еңбектерінде  бір-біріне кейде кірігетін, кейде алшақтайтын деректермен дәйектеліп, бірақ оның атасы Құлмәлінің (Құлманияз, Құрманияз, Мәті, т.б.) алшын ішіндегі беріш руына кірме екендігіне бірыңғай куәлік етіледі. Қалай болғанда да, Махамбеттің қазақ халқының ұлы ақыны екендігі тарихи факт. Тегі швед А.Суворовты, арғы тегі араб Пушкинді, ағылшын лордының ұрпағына қатысы бар орыстың ұлы ақыны М.Лермонтовты орыстар хан көтеріп, төбелеріне шығарып дәріптесе, біз Махамбеттің тегіне жабысып, анау екен, мынау екен деп ауа жайылуымыз тарихи қателік болар еді деген ойдамыз. Ұлы көштің ұзан бойында болып жататын аумалы-төкпелі ұшырасулардан халқымызға қазына болып қосылған ұлылардың тегіне үңілуді терістейтін тағылымды басшылыққа алған дұрыс. «Өзі болған жігіттің түп атасын қазған ит» дегенді айтқан дана қарияларымыз көпті көргесін, кепті білгесін де осы сөзді айтқан болар.
Бізге Махамбеттің тегі емес, таланты, бөтендігі емес, қазақшыл халықшылдығы, адасып келгені емес, ақындығы аса қажет. Ол қазақ халқының 15-18 ғасырлардағы далалық сарындағы сертшіл поэзиясының ұлы дәстүрін өз заманындағы тарихи жағдайлар кезеңінде әдеби көркемдігі, тропалық тапқырлығы, танымдық тұғыры, рухтық қайсарлығы, рухани мәртебесі жоғары деңгейдегі ұлы шайыры. Махамбет поэтикасының құндылығы – оның аса күрделі әрі асқақ та ажарлы бояуында, жеңіскер жігерінде, әдеби биік болмысында. Оны біз, қазақ халқы, толық танып, талдап, түсініп, тиянақтап әдеби айналымға кіргізіп болған жоқпыз. Бұл ретте, осы тақырыпты барынша қаузаған ғалымдарымыздың есімдеріне құрметпен қарай отырып, осылардың ішінде ақын Ығылман Шөрековтің «Исатай – Махамбет» дастаны мен халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Шандоз» атты тарихи-танымдық романын баса айтамыз. Біріншісінде, сол кездегі жағдай, ақынның ортасы, ол өмір сүрген кезең шындығы, араласқан тұлғалар, жорық жырларының тууындағы тарихи сәттер, сол кездегі әлеуметтік жағдайлар жан-жақты көрініс тауып, көркем кестеленген.
Ал Әбіш Кекілбаевтың еңбегінде ақынның болмыс-бітімі, қалыптасуы, оның өміріндегі жұмбақ жайттар, сол кездегі билікпен кетісу себептері, оның жауынгер жырларының әлеуметтік-тарихи астары, көтерілістің басталу және жеңілу салдарлары, майдан жырларының ақынның азаматтық-батырлық кредосын қапысыз көрсетуі нақты деректермен, білімпаздықпен, қоғамтанушы қайраткер көзімен терең зерделенген.  Біз Махамбетті Әбіш көрегеннің көзімен, заңғардың зердесімен ұғынуға тиіспіз. Қазақ жырына арқардай айбат, құлжадай қазына салған, теңеуі мен кенеуінің өзі қалам ұстағанның көңілін қобалжытып, «мен Махамбет бола алмадым, не шара» дегізіп, алып қашқан алаң көңілді бетегеден биік, жусаннан аласа қылатын жыр-құдырет ұлттық көркем ойымыздың көшіне қайта қосыла ала ма, соны  айту ләзім.  Мына жосықтарды жүрек талмауына салып көріңізші:
                   Еңселігім екі елі,
                   Егіз қоян шекелі,
                   Жараған теке мүшелі,
                   Жауырыны жазық, мойны ұзын,
                   Оқ тартарға қолы ұзын...
                   Құм сағыздай созылған,
                   Дулығалы бас кескен,
                   Ту түбінен ту алған,
                   Жауды көріп қуанған. Жүрек қандай, сөз қандай, бәрінен бұрын «жауды көрсе қуанған» деген теңеу қандай? Жаудан жасқанып, алаң көңіл болатын азамат жоқ бұл жерде, ажалдан бұрын арды ойлаған, «ту түбінен ту алған» батырлық осындай-ақ болар.
                   Маң-маң басқан сары атан,
                   Маңғыстап шығар өріске,
                   Бұрынғыдай қарыштап,
                   Қона алмадық қонысқа,
                   Келе алмадық келіске,
                   Тағыдай таңдап су ішкен,
                   Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген,
                   Тағы сынды мырза едік. Патшалық Ресейдің қазақ жерін өз жеріндей иемденіп, жанға тосқауыл, малға қақпан қойған ауыр кезеңі, әлеуметтік теңсіздік, халықтық кек, елдік арман, ерлік тәуекел ырғағы мен ұйқасы ерен осынау жырларда оқшау көрініп, ақындық қуаттың жарқылы жауынгер сөздің бойына жігер құяды. Кезінде Махамбет өлеңдерін аударамын деп келіп, оның жырларын оқығанда қыр асып, қырқа шалып, жаны қыдырып кеткен орыс ақыны Е.Евтушенконың халін түсінуге болады. Бай саналатын орыс сөзінің қауқары жетпейтінін ұққан қаламгердің бұл әрекетін қазақ жырының құлашын қапысыз танығандық деп топшыласақ, аса қателесе қоймаспыз.
                   Еріскендей ер болса,
                   Соғысқандай жер болса,
                   Бірме бірге келгенде,
                   Әлі де болса бір Тәңірге жылармын,
                   Мен қарақұстан туған – халықпан,
                   Сөйлер сөзге жалықпан, десе ел үшін еңіреген ердің тәуекел етіп, тас жұтқан, қырсыға келе бас жұтқан, талқаны асау тағдырын танимыз.  Өйткені, Махамбет өмір сүрген заман қазақ даласының отарлық қамытты әбден мойнына киіп, алқымы аяусыз жаншылған кезі болатын. Еліне қатқақ, орысқа жалтақ сол кездегі биліктің жарамсақтығы мен жәдігөйлігі жанын жауратқан жампоз «адырнасын ала өгіздей аңыратқанмен» Исатайдан айырылып, «мұнар күнді, бура атанға шөккен күнді» бастан кешіп, жалдаптардың жазасына ұшырады. Осылайша қазақ даласындағы азаттықшыл асыл ойдың алауы Қараойда қапыда сөнгендей болған. Бірақ ол алау қазақтың қанында, жүрегінде, жанында кезеңін күткен кекті шоқ болып жатқан еді. Дәуір айналып, дүние тағы бір дүрбелең салғанда, 1986 жылы Алматыда лап етіп жанып, желтоқсанды азаттық нұрына бөледі.
 Майданда қан төгіледі, жауынгер жырда жан төгіледі, бірақ оның өтеуі тәтті, салтанаты сәтті болады. Мұны бүгінгі ұрпақ, біз, көріп отырмыз. Ұлт-азаттық майданның қолбасшысы Исатайды жоқтаған Махамбеттің ерен жырын оқысақ, теңдік жолында, әлеуметтік әділдік жолында басын берген ерлердің ұлттық мұрат-мақсатын ұғынып қана қоймай, осылай болуы тиіс деген ойға тірелеміз. 
                   Кермиығым, кербезім,
                   Керіскідей шандозым,
                   Құландай ащы дауыстым,
                   Құлжадай айбар мүйіздім,
                   Қырмызыдай ажарлым,
                   Хиуадай базарлым,
                   Теңіздей терең ақылдым,
                   Тебіренбес ауыр мінездім, деп ащы дауыспен ағасын жоқтаған ақынның ерекше кейіптеу мен шалқыта шамырқануға толы шумақтары Махамбеттің қазақ поэзиясының тарихындағы орынын ерекше биікке қояды. Бұл биік тек Махамбеттікі емес, бұл биік күллі қазақтікі, ұлттық ойдың ұстыны, алаштың ақидасы. Ақида деген сөз – діни термин. Ақида‎‎‎ - сенім, бұлжымайтын қағида. Ислам дініндегі  қағидалар жиынтығы. Бұлар Әбу Ханифаның «Умм әл-бараһин» секілді жинақтарында көрініс тапқан. Алланың жалғыз екеніне жүрекпен илана отырып, жүректі белгілі бір наным-сенімдерге бекіту. Бүгінше тәмсілдесек, табандылық, өз мақсатына шексіз ұмтылушылық, сенім мен серт. Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, Ақырет күніне және тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіру. Демек, Махамбет қазақ тағдырының жақсылығына сенді, сол үшін құрбан болды. Оның арабша сауаттылығы жақсы деңгейде болған, оны ақынның сол бұлағай күндерде  жан-жаққа жазған сұрау-өтініш хаттарынан оқимыз. Орысша сауатты болғанын онымен кездескен, қудалаған, ізіне түскен патша жандармериясының жазбаларынан анық көреміз. 
Демек Махамбет сол кездегі қоғамдық қозғалыстың жай-жапсарының әлеуметтік астарын айқын түсінген қайраткер. Ол елдікке, теңдікке қарсы болған жоқ, қараның бойын бүктеген, байлықты өзі үптеген хандар мен сұлтандарға қарсы болды. Еділден айырылып еңіреген, Жайығын жоғалта жаздаған жұртымыздың жаны күйзелген шақта атойлап алға шыққан Исатай – Махамбет көтерілісі – ел тарихындағы ерекше кезең. Олар «Қара қазан, сары баланың қамы» үшін қылышқа жүгінді, бастарын бәйгеге тікті, осы жолда құрбан болды. Ұлы ақын Жұмекеннің: «бұл адамды жаратқанда ақын ғып, құдайға да біткен шығар батырлық» деуін оның Махамбетті тұспалдап айтқаны деп қабылдаймыз.
Атырау облысында қазіргі кезеңде Мәдени мұраға қамқорлық, әдебиет пен өнерге құрмет жосықты жүйеге, ізашар шараға айналған. Осынау парасатты да пайымды ізгіліктің басы-қасында облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтай азаматтың жүргені ырзалық пейілмен атап өтуге тұрарлық. Барды бағалаудың байыпты жолын іздеген табады, ойлаған баянды етеді деген осы. Ақынға құрмет – елге құрмет, елге құрмет – ердің бағасы. 
Ақынның қысқа ғұмырында қалдырған жырларына қарап отырсақ, қазақ поэзиясының бүтін бір дәуірлік белесін сомдап кеткен қаһарман. Махамбет поэзиясы бүгінгі қазақ әдебиетінің асқар биігі болып, әлі күнге ешкімге алдырмай келе жатқаны сондықтан. Осы орайда  Махамбет поэзиясы рухтың жоғары  сатысы ретінде жас ұрпақтың  санасына серпіліс, қайрат-жігер беретіні даусыз. Махамбет поэзиясы қазақ жырының – мәрттігі. Ұлттық санамыздың ұраны. Рухани жаңғырудың қамшыгері.
Талантқа тағзым тоқталмасын.
Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,
Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
МӘҢГІЛІК   ЕЛДІҢ   МАРАПАТЫ
10 июль 2019, Среда
МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МАРАПАТЫ
БӘЙТЕРЕК
01 август 2019, Четверг
БӘЙТЕРЕК
АЙСҰЛУДЫҢ    АЛАҚАНЫ
10 июль 2019, Среда
АЙСҰЛУДЫҢ АЛАҚАНЫ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры