Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ЖАН БАУРАҒАН ЖЫРЛАР

ЖАН БАУРАҒАН ЖЫРЛАР

12 июль 2019, Пятница
682
0


Алтынбек ШӘРІПБАЙ,

Техника ғылымдарының докторы,

профессор,  ХАА академигі,

Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты





Ақын Өтеген Оралбайұлының «Қағбаның қарлығаштары» 

атты жыр жинағын оқығанда туған ойлар



Ең алдымен айтарымыз – кітап атының тосындығы, адам көңілін бірден қызықтырып, баурап әкететіндігі. Қағбаның атын исі мұсылман баласы ежелден біледі, оны қашанда құрметтеп, тәу етеді. Мен де сондай жанның бірімін. Оның үстіне ұзақ жылдардан бері көркем әдебиеттің тұрақты оқырманы ретінде, соның ішінде жастарға үлгі-өнеге болатын тақырыптарды жаныма жақын тұтқандықтан, бұл кітаптың ішкі мазмұнына барынша мән бердім.

Ақынның ақыннан айырмашылығы оның идеялық және тақырыптық ізденістеріне тікелей байланысты. Әдетте біз ақындарды жақсы ақын, орташа ақын немесе оқырманы жоқ ақын деп шартты түрде атағанда, оның поэзиясының қуаты мен күшін, көркемдік деңгейі мен тіл шеберлігін айтамыз. 

Оның тақырыптық аясының кеңдігі мен тарлығын, жырлап отырған тақырыбын ақындық биіктен толық игеруін, айтар ойының тереңдігін, көзқарасының рухани деңгейін сөз етеміз. Ақынның азаматтық позициясының күшті-әлсіздігін, жеке басының қуанышы мен күйінішін жалпыға ортақ тұрғыда жеткізе алуын, поэзияның ең басты шарттары мен қағидаттары - өлеңінің мазмұны мен түр бірлігін, жазған жырының заман тынысын қалай жеткізгендігін, ақынның адамдық қасиетінің туындысында қалай көрінгендігін айтамыз. 

Ұйқасқанның бәрі өлең емесін кез-келген оқырман біледі. Өлең адамды тебірентуі, ойландыруы, толғандыруы, қуандырып, шаттандыруы, өзінің жүрек түкпіріндегі дірілмен үндес, сырлас, мұңдас, тілектес, жүректес келуі қажет. Тақырыбы кез-келген оқырманға ортақ болып көрініп, жырлап отырған мәселесі адамның көкейінен шығып, бейне бір сол жырды оқып отырған адамның өзі жазғандай әсер беруі тиіс. Міне, сонда ғана ол туынды шынайы, талантты шығарма деп бағаланады және қоғам да осы бағаға иланатын болады.

Жалпы қазақ поэзиясының ең бір тамаша жетістігі, айтып жеткізе алмастай артықшылығы – осы азаттық, еркіндік, тәуелсіздік идеясы.  Ал тақырып басты дініміз – ислам діні, оның бүгіні мен келешегі туралы болғанда, оның маңызы тіптен артып кетеді. Қазақ жұртында өмірге келген кез-келген ақын бұл тақырыпты ең бір қасиетті, ең бір қастерлі, ең бір парасатты, ең бір аса маңызды тақырып деп қабылдаған.

Діни наным-сенім бостандығы адамның ішкі жан дүниесіндегі керемет құбылыстардың бірі. Бұл тұрғыдан келгенде «Қағбаның қарлығаштары» атты бұл кітап адамның жүрек түбіндегі шапағатты шақтар мен шұғылалы сәттерді өзі бастан кешуі арқылы терең сезініп, тамаша сеніп жырлауы арқылы өлеңнің ішіне оқырманды да ендіріп жібереді. Дін еркіндігі дегеніміз ой еркіндігі, ол тәуелсіздіктің, яғни адам көңілі тәуелсіздігінің ең жарқын көрінісі.

         Мұның бәрі, сайып келгенде, қазақ жырының негізгі сарыны мен дабылы, алымы мен қарымы ту көтерген тәуелсіздікке адастырмай алып келетіні ақиқат. Заманымыздың заңғар қаламгері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың: «Дүниеде тәуелсіздік, бостандықты, теңдікті аңсамайтын адам да жоқ, халық та  жоқ. Сол жолдағы тынымсыз күрес тоқтап көрген емес. Әлі жеткен кезде жеңді. Әлі жетпегенде жеңілді. Оған бола өткен ұрпақтарға өкпелей алмаймыз. Олардың әрдайым жеңіске жетпегенмен, бүгінге дейін желісін үзбей келе жатқан өзекті күресі болмаса, бүгін де жеңіске жете алар, жете алмасымыз неғайбыл нәрсе. Бұны тереңдеп ұғып, қастерлей білмесек, қолымыз жетіп отырған жеңісті жемісті жалғастырып кете алуымыз да неғайбыл нәрсе. Бұған әдейі тоқталатын себеміз егемендігіміз бен тәуелсіздігіміз төңірегіндегі қаңқу әлі де көп. Кейбіреулер оны төбеден түсе қалған оңай олжадай көреді» деуінде үлкен мән бар.

         Осы ойға табан тірегенде, «Қағбаның қарлығаштары» жыр жинағы ел тәуелсіздігін, азаттығын, бостандығын, оның қазіргі береке-бірлігін, қазақ халқының еркіндігі мен теңдігін, оның болашағын ұлы Жаратушыдан шын тілеген ниетімен көңіл аударады. Кітаптың беташарындағы мына жолдар мемлекетіміздің күні бүгінгі таңдағы әлемдік өркениеттен алар орны мен дәрежесін де айқын көрсете алатын мысалдардың бірі десек, артық айтқандық болмас:

                   Арабстаным,

Қағбалы ғажапстаным,

Қабылда жанымның саз-ағыстарын.

Жеттім мен жыл құсы секілді,

Ұшырды Қазақстаным.


Ұштым мен қанатым талғанша,

Қағбаның қасына барғанша.

Қарап тұр Қазақстаным,

Жанары талғанша.


Шекара бойында байқадым ғұмырды,

Көрмедім дамылды, мігірді.

Сақшының жүзінде - таңғы арай,

Күлімдеп жүгірді.


Сұрады тегімді, жөнімді,

Атажұрт, Отаным, жерімді.

Көтердім еңсемді, белімді,

«Қазақстан» дедім елімді.


Арабым абыржып, мүдірді,

Құжатқа үңіліп, кідірді.

«Назарбаев» дегенде бас изеп,

Жол бастап жүгірді.


Жаныма ерекше күй еніп,

Жақсыға жасадым иелік.

Бар жерден қиналмай өттім мен,

Алланың атына  сүйеніп.

Елдің аты – оның басшысының атымен үндес болуы бір басқа, сондай кемел басшының есімі мен ерен істері әлемге үлгі-өнеге болып жатуы, оның аты мемлекетіміздің паспорты секілді болып қабылдануы өте жақсы жағдай ғой. Осыны дәл аңдаған, дәл сезінген ақынның бұл жырын тек бір адамды мадақтау деп қабылдамай, оның халықтық мәнінен терең үңілсек, шығарманың идеялық мазмұны ашыла түседі.

Мінажат жырлары адамның Алла алдындағы адами есебі десек, бұл жинақ жеке автордың ғана емес, жалпы адамзат баласының ұлы Жаратушы алдындағы тағзым-мінажатын жекелік пікірден жалпылық қағидаға жеткізе алуымен құнды. Мұнда ақын тек қана өзінің жеке жай-күйін ғана күйттемей, ел алдындағы, тәуелсіздік хақындағы, қазақ жұртының бүгіні мен болашағы туралы тереңнен ой толғап, тебірене жеткізеді. Мұнда Елбасымыз айтқан ұлы идея – мәңгілік ел идеясы барынша көркем, барынша байыпты және барынша мән-мазмұнымен ашылады. Мұндай еңбектің өнер бәйгесіне түсіп, көпшілік назарына ұсынылуының өзі барлық жағынан құптарлық.

Дін тақырыбындағы өлеңдер қазақ поэзиясында жекеленген түрде бар болғанмен, тұтас тақырыптық деңгейде жеке жинақ болып шыққанын мен білмеймін. Тақырыптық тұтастық дегеніміз ой тұтастығы, идея тұтастығы, алып отырған тақырыпты толық әрі жан-жақты ашудың айқын көрінісі. Әрине, жұрттың бәрі қажылыққа барып келген жоқ, сондықтан кейбір ойлар мен пікірлер кейбіреулерге қапелімде жете алмай жатуы да мүмкін. Бұл діни сауаттылық пен талғамға қатысты мәселе.

Осы жинақты оқыған бір танысым «мұндай кітаптарды мешіттер мен медреселерде көпшілікке таратып, оқытса, біздің мұсылман дінінен деген қызметіміз бір саты көтерілер еді» дегені бар. Шынында да ой саларлық сөз. Осы кітаптағы көптеген өлеңдердің тағылымдық, тәрбиелік мәні өте жоғары. Оқып қараңыз:

                   Дін мен ділдің тамыры бір,

Бір Алланың әмірі бір.

Тау мен дала сағымы бір,

Мүсәпірдің қағымы бір.

Жер бетінде жүргендердің,

Жер астында қабірі бір.


Жұтатұғын ауаң да бір,

Шомылатын науаң да бір.

Көретұғын аспаның бір,

Табылатын дауаң да бір.


Жекеше өмір сүрем дейсің,

Өз жайымды білем дейсің.

Ұтқаныңды,

Ұтылғанды,

Сен қалайша түгендейсің.


Ұтқаныңды уыстайсың,

Жомарттыққа жуыспайсың.

Жақыныңмен ұғыспайсың,

Сонда-дағы суыспайсың.


Өзіңше боп толғанменен,

Кеуде қағып, болғанменен.

Өз өзіңнен аса алмайсың,

Бір биікке қонғанменен.


Бұл өмірдің ақ, қарасын,

Иманменен атқарасың.

Жауап берер күн келгенде,

Сауабыңмен ақталасың.

Рас қой. Қазіргі өмірде осылай екені дау туғыза ма? Ұлы Жаратушы, сөз жоқ, барлығын көріп, сезіп, біліп тұрады. Адам – пенде, бірақ тек қана пенделікке салынып, арам мен адалды, өтірік пен шындықты айыра алмай, өз құлқыныңды ғана ойласаң, ертең Алланың алдына барғанда тек қана тірлікте жасаған сауабыңмен ғана ақталасың. Бұл жыр кез келген адамды имани тазалыққа, халалдыққа жетектейді. Ащы шындығы бар арзу жырдың артында адам мен Алла арасындағы мәңгілік байланыстың алтын арқауы айқын сезіліп жатыр.

Діни философия өмірдің маңызы мен мәніне терең бойлайды. Ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.а.с. (оған Алланың шапағаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылатын игілік пен ізгілік қағидалары осы жыр жинағының негізгі діңгегі екені байыпты оқығанда барынша көрініп тұрады.

                            Мәуліт түні.

Мамыражай, жарық, нұр,

Бұл пендеңді көк әлемге алып кір.

Ұлы Адамның туған күні – ұлы күн,

Әбжад атты ұлы есепке барып тұр.


Ғибадат пен тағатыңды зерделе,

Мұны ұқпасаң білім кірмес зердеңе.

Әліп-әріп аспан жақты нұсқайды,

Сол түзу жол нұсқау берер жерге де.


Шариғатты шала білген – шайтан-дүр,

Шындық деген қағидатты байқап жүр.

Дүмше молда дін бұзады,

Шайтани,

Шайтанилар харам жолды шайқап жүр.


Әліп-әріп сонау ғарыш әлемі,

Әлем – жұмбақ,

Әлем – анық, әдемі.

Жебірейіл жерге түскен кезеңнен,

Шайтандардың басталыпты әлегі.


Он сегіз мың ғаламдағы ұлы күш,

Наным,

Пайым,

Қабылдау да ұғыныс.

Мұхаммеддің – ғалалайкумас-салам,

Дүниеге келуі де құбылыс.


Мәуліт күні.

Мынау ғалам жап-жарық,

Ниетті де,

Үмітті де арнадық.

Ұлы Адамның нығыметіне бөленсем,

Деген арман жол тартады арна ғып.


Адам өлмей үміт-шіркін өле ме,

Көп қараймын әбжад атты төбеге.

Алла,

Бахис,

Жамал,

Дәулет,

Жоқ қайғы,

Бұл төртеуі түгел болса төбеде.

Әдетте, төртеу түгел болса, төбедегі келеді деген халқымыздың қанатты сөзінің түбін Пайғамбардың ғ.а.с. терең тағылымды хадистерінен таптық. Төртеу деп жүргеніміз: Алла, бахис, жамал және дәулет болды. Осы ұлы ұғымды ту етіп ұстанған жұртымыздың жанын баураған жырлар осындай лепте жазылып, жүрек төрінен орын ала берсе, шығар тауымыз биік болатыны даусыз. Бұл үшін біз ақынға рахмет айтуымыз керек, оның таза ниетін құптауымыз керек. Мен дәл ғылым – математиканың маманы ретінде Алланың ұлы есебі – әбжад есебіне барынша ғылыми-философиялық тұрғыдан мән беремін. Ақынның осынау аса сирек айтылатын қағиданы жыр тілімен әдіптеуін мен қазақ поэзиясында бұған дейін болмаған қадам деп есептеймін. 

Түйіндей айтсақ, «Қағбаның қарлығаштары» атты жыр жинағы автордың ғана емес, бүгінгі қазақ поэзиясының да жаңа табыстарының бірі. Тақырыптық өзектілігі мен тұтастығы, азаматтық позициясы мен адамгершілік ниеті, әлеуметтік маңызы мен тәрбиелік мәні жөнінен сәтті түзілген сыбағалы шығарма, сыйлыққа даусыз лайықты туынды.




Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры