Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » СӘРУАР ( Ұстаз туралы сыр мен сұхбат)

СӘРУАР ( Ұстаз туралы сыр мен сұхбат)

22 июль 2019, Понедельник
916
0



Жадымда қалған сол бір әңгіме еске түседі. Сол кездегі Гурьев қаласы. Күз. Атырау аспанында жөңкіген қорғасын бұлттар ақырын ғана ағып жатқан Ақ Жайықтың бойына ақ жаңбырын бүркіп тұрды. Таранған тал-қайыңдар бойларындағы суын саумалап, сулығын киіп алған. Сыртта сырдаң күз, іште жастықтың жадыраңқы аспаны. Гурьев мұғалімдер институтының жиылыс залы. Сұңғақ бойлы жас жігіт қолындағы қоңыр құндақ домбырасын ақырын ғана шертіп, қоңыр даусын сәл созып, әнге басады:

               Шіркін-ай, ойда жоқта болдым да кез,

               Жайықтан бір қыз көрдім қарақат көз.

               Асыққан балықшы екен, амалым не,

               Қалдым-ау тіл қата алмай бір ауыз сөз.

Қарсы алдында отырған аялы жанарлы аққұба жігіт көзі боталап, алдында ән салып отырған жігіттен көз айырмай қарайды. Әннің қайырмасы шалқыған сайын оның да жүзі балқып, нұрланып, аялы жанары одан әрі шуаққа малынып, жан-жағына жадырай көз тастайды. Әнді тыңдап отырған оқу орнының қонағы сол кездегі жас қаламгер, жас ғалым, жас ақын – Зейнолла Қабдолов еді де, ән салып отырған менің туған ағам, сол кездегі студент Оңғали Оралбаев болатын. Кейін Оңкең: «ән біткенше көзін менен айырмай, бақырайып қарады да отырды, қатты қысылдым, әйтеуір жүзі жұмсақ болғасын әнді ойдағыдай аяқтап шықтым» деп сол кезді жиі еске алатын...

«Қасы бар қарлығаштың қанатындай» деген көркем теңеу әнге айналғанда зал да толқып, әншімен бірге әрленіп, теңіздей тербелген. Осы теңеу аламан жарыста айды аспанға шығарып, әлемдік рекорд жаңартқан саңлақ спортшының бұзылмас рекордындай болып, қазақ поэзиясының алаңында жылдар бойы жанып тұрды. Таным таблосынан әлі де сөнген жоқ бұл теңеу.

Осы бір тапқыр теңеу әдебиетке ақын болып келген автордың жас соқпағын абыз Әуезовтің даңғайыр даңғылына қарай жетелеп келе жатты. Қазақ сөзінің  қасиетін қапысыз меңгерген Мұхтар Омарханұлының низам-назарына ілінген жас ақын есейе келе қазақ әдебиетінің қайраткеріне айналды, өзі де жастарға ұстаз, саналы сөздің сәруары болды. Айтса ажарлы, бейнелесе базарлы, жазса жорға, қағып айтар сөзінің өзінде қаршығаның қанаты, жайсаң тілдің жанаты жарқ етіп көрінетін Зекең – Зейнолла Қабдолов әдебиеттің арындай, баян сөздің бабындай, түгел сөздің бағындай болып халқының жүрегінде қалды. Серпер сөздің серпіні алысқа кетті.

Қазақ даласының әр қиырынан келген жүздеген шәкірттерінің қатарында мен де Зекеңнің сұлу үнге, сұңғыла сөзге, сыршыл дерекке, шыншыл дәйекке молынан бөгіп тұратын қайталанбас, қарымы барлардың өзі де қайталай алмас лекцияларын тыңдап, маржандай тізілген қолтаңбасы қойылған бестік бағаларын алып, сан рет марқайғанмын. Жастар газеті – «Лениншіл жаста» жүргенде әр шәкіртінің жазған-сызғандарын көңіл көзінен өткізіп жүретін ұстазымның бір жиында кездескенде маған қарап нұрлана жымиып тұрып: «хватка – моя» деген сөзін естіп, ерекше қуанғаным тіпті де естен кетпейді. Осы сөз мені басқа сүрлеуге де шақырғандай болғаны бар.


Зекең 1979 жылы жұмысыма телефон шалып, шақырып алып, «ғылым жолы – мәңгілік жол, қиын жол, бірақ қызық жол» деп мені КазГУ-дің сырттай аспирантурасына түсірді. Бірақ мен журналистік жазу-сызудың қызығына беріліңкіреп, ғылыми жұмыстан қол үзіп кеткенімде: «ақындарды аспирантураға түсірудің қажеті жоқ екен, ана Жарасқан да қорғамай кетті, Қадыр сірә, басын алып қашты» деп ренжігені бар еді. Мен, әрине,  ұлы Мұхаң алдындағы Зейнолладай шәкірт бола алмадым, ғылыми атақтан гөрі ақындық атақ маған ол кезде анағұрлым қызық болып көрінетін. Соған бақтым.

Жастар газетінде жүргенде Сейдахмет ағамен болған кезекті бір әңгіме Зекең жайында болғаны есте. Сейдағаң: «алпысыншы жылдардың ортасында ақын ағамыз Әбу Сәрсенбаев алпыс жасқа толып, бір топ інілері Атырау облысына ілесе бардық. Ой, сонда Зекеңнің сөзге жүйріктігін армансыз көрдім, барлық жерде: кешті де, тойды да, дастарханды да өзі жүргізіп отырды. Ағып тұр ғой, ағып тұр. Бір сөзінен бір сөзі өтеді. Сонда ойладым: Зекеңді бір тікұшаққа мінгізіп, көзін таңып, қазақ жерінің бір қиырында болып жатқан қазақ тойының үстінен түсіріп, ал, осы тойды әрі қарай жүргіз десе, ол бұл той кімдікі екенін сұрамастан сол екпінмен аламан жұртты меңгеріп, асыл сөзді теңгеріп, ағып жүре берер еді» деп қатты сүйсініспен айтқан-ды.

Аяулы ұстазымыз туралы жазу біз үшін оның рухының алдында тағы бір тазарып, немесе адамдық емтиханын тапсырғанмен бірдей. Зекең туралы талай шәкірттері жазды, қапысыз жазды, сағынып жазды, табынып жазды, сағы сынған кездерінде қамығып жазды. Оның бейнесі жылдар өткен сайын биіктеп барады. Ол енді біздерге Алланың аспанынан боталап тұрған жанарымен нұрлана қарап тұрғандай болып сезіледі. Қиян қияларға құлаш ұрған бүгінгі қазақ жырының отты да жарқын теңеулері «қасы бар қарлығаштың қанатындай» деген халықтық терминге айналып кеткен тапқыр тіркеске қайта айналып соға берсе,  бұл ағамыз айтқан айшықты теңеу: «ұстаздық – ұлы нәрсе». Ұлылық деген ұлағат мектебі. Біз сол мектепте шәкірт болдық.  

Мен Зекеңе жақсы шәкірт болдым десем, мұным басқалардан ұят сияқты. Бірақ болғаным рас еді. Оның алдын көрген көптеген шәкірттері де мен сияқты ойлауға құқылы. Сондықтан бұл жолы ұстаз туралы сөзімді басқа қырынан өрсем деген ойға келдім. Зекең алпыс жасқа толғанда, 1987 жылғы қараша айында, Қазақ радиосының өтініші бойынша ұстазымнан сұхбат алған едім. Сұхбат аға туралы алғысөзден басталатын. Ол эфирден өтіп, тыңдармандардан жақсы бағасын алды. Кейін деректі әңгімелер жинағыма енді. Бірақ кең көлемде таралатын газетте жариялаудың сәті келмей жүр еді. Соның сәті бүгін келгеніне қуаныштымын. Қасиетті хадистерде сан өнерді сапалы меңгерген асқан білімдар, арға баққан абзал жанды сәруар деп құрметтейді. Зекеңді сөз сәруары десек, артық айтқандық болмас.

Сәруармен болған сол сұхбат-сырды сәл әрлеп, бүгінге демдеп, сіздерге ұсынамын, қадірлі оқырман.

Бұл сұхбаттың соңында көп сыр, көшелі әңгіме жатыр. Өйткені,  қазақ әдебиетінің сөз өнерінде болған тарлан толқын туралы толғанғанда, топшысы қатты, томағасы сыпырулы, ортаға салар олжасы ормандай болған топты айналып өтуге мүлде болмайды. Бұларсыз бүгінгі қазақ әдебиетінің белдігі босаң, бедері ашаң. Осынау, бір-бірінен бірер көйлекті бұрын-соң тоздырған тегеурінді, талантты топтың өкілі туралы айтқанда, олардың бірін ауызға алсақ, екіншілері еске түседі де тұрады: Тахауи Ахтанов, Сафуан Шаймерденов, Қалтай Мұхамеджанов, Әзілхан Нұршайықов, Зейнолла Қабдолов. Бұл топ кезінде әдебиеттің құбылнамасы секілді болып, талай жасқа талантты туындыларымен талмай жол сілтеді. Соғыс сұрапылын бастан кешіп, оқ пен оттың ортасынан әскери шинельмен оралғандар мен соғыс біткен жылы әскер қатарын толықтырған жаңа шақыруларға іліккендер қазақ әдебиеті атты алды-арты кең ұлы майданның ұрангерлері, ұлағатты сарбаздары болды. Сондықтан да бұл толқын өкілі туралы айту әрі қиын, әрі қызық.

Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов: 

«Мұнайшылар, мұнай бер,

             Соны сізден сұрайды ел...» – 

деп отты жырмен отандастар жүрегіне отты шақыру тастағанда, он алты жасар балаң жігіт Зейнолла Қабдолов Доссор поселкесін­дегі мұнай өндірісінде еңбек жолын бастаған болатын. 1943 жылдың ауыр да аласапыран кезінде белі қатып, буыны бекімей мұнай алаңына түскен оның жүрек түкпірінде жеңіске деген ұлы сағыныш жатқаны анық. Сол сағыныш оны әрқашан өмірдегі сандаған сағынышты сәттердің бәріне сәтті жеткізді. Кішкентай ғана мұнайлы ауылдың төл перзенті кең байтақ Қазақстанның да белгілі ұлына, «атаның ұлынан халықтың ұлына» айналды.

Бұдан көптеген жылдар бұрын Алматыда, қазақ білімінің қара шаңырағы – Университетте Қазақстанның әр түкпірінен өңшең көгенкөздер бас қостық. Сонда, жоғары курс студенттері аузынан, «Сендердің жолдарың ауырлау екен, біздер ұлы Әуезовтен дәріс тыңдамағанымызға, әрине, өкінеміз, бірақ оның тікелей шәкірті Зейнолла Қабдоловтан лекция тыңдадық деп өзімізді жұбатамыз, ал сендер ол кісіден сабақ ала алмассыңдар, ол кісі докторантураға кеткен» деп көңілімізді жасытқаны бар.

Мұны естігенде кәдімгідей-ақ өкініп қалдық. Арада бірер жыл өтті. Біздің Зекең туралы әжептәуір біліп те қалған кезіміз. Оның көркем шығармаларын да, көшелі мақалаларын да, келісті сындарын да оқып, дәмін татып, ол кісінің алдын көрсек деп армандап жүрдік. Ол күн де келді.

– Әне, әне, ай маңдайы ақ нұрға шағылысып ұлы Мұхаң келе жатыр. Үлкен көше бойында одан өткен сұсты да сесті, жай да маңғаз бір тұлға жоқ, жалғыз өзі келе жатыр. Әне, Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы Әуезов!

Ұстаз соны даусы дірілдей бар жан дүниесімен айтып, жанары боталап, кең терезеден көшеге ұмсына қарағанда, біздер де ұмтыла қарап, терезеден түсіп кете жаздаймыз. Көшеде қозғалған тынымсыз тірліктен ұлы қаламгер бейнесін іздеп, бір-бір жаутаңдап қалушы едік. Жан дірілін жырдай ғып жеткізген, нұрдай ғып сіңірген ұстаз аз-кем ауыр ойланып, жалқаулау қимылдап, журналына үңіліп, тұрып қалады. Сосын «несін айтасыз, ғажап еді ғой» деп бір күрсініп, сөзін әрі сабақтайды.


Міне, біз «әдебиет – ардың ісі» деген аталы сөз айтып, сол сөзін ісімен де, сөзімен де дәлелдеген ұлағатты ұстаз Зейнолла Қабдоловпен осылай кездескен едік. Сол жылы ол бізге «Өлең құрылысы» арнаулы курсынан сабақ жүргізді. Зекеңнің сабағынан ешкім қалмайды, сондай-ақ ол күні аудиторияда басқа курстың студенттері де, белгілі ақындар да, өзге оқу орнының жігіттері де жиі келіп отырады. Мұны Зекең де байқайды, бірақ білмеген болып, сабағын бастай береді. Мүмкін сонда ол ұлы ұстаз Мұхаңның алдында, үнемі бірінші партада отыратын қалқанқұлақтау, бота көздеу, арықтау қара баланы, дәлірек айтсақ, Қазақ политехникалық институтының студенті өзін – Зейнолла Қабдоловты есіне алып, жан дүниесі бір толқып түсетін болар.

Зекең әдебиет пен бүгінгі журналистикадағы ұшқырлық пен тапқырлықты, тамаша теңеу мен дәйекті деректі барынша байқап, үнемі үзбей қоштап отырады. Ұстаз туралы әңгіме болғандықтан және ол кісінің табиғатын біршама білгендіктен мына бір жайды да айта кетуді жөн көрдім.

Әлгі «Өлең құрылысы» арнаулы курсының аяғында Зекең бір күні: «Енді сынақ аламын, қане әрқайсың өздеріңе ұнайтын бір-бір ақынды тақырып етіп алыңдар, келесі аптадан бастап, жеке-жеке баяндама тыңдаймыз» деп шарт қойды. Жалма-жан әркім әр ақынға құрық салып, сыбаға бөлістік де қалдық.

Арамызда жасы ересектеу, пысықтау бір жігіт курс жұмысына елден бұрын Төлеген Айбергенов шығармашылығын алды. Және көпшілік шешімімен оны бірінші болып тыңдайтын болдық. Күткен күн де жетті, бірақ Төлеген Айбергенов туралы баяндама дайын болмады, тағы да келесіге қалды, онда да дайын болмады. Сонда Зекең: «Қарағым, сынақ кітабыңды әкел – деп әлгіні жанына шақырып алып: – Міне, саған зачет қойдым, бар, бара ғой, мен сенен емес, Айбергеновтен ұялып отырмын. Аруақ сыйламаған адамнан аулақ жүргенді дұрыс көрем, саған керегі баға шығар, міне, бағаң, бар енді» деп ақырын, бірақ зілді сөйлеп, әлгіні аудиториядан шығарып жіберді. Әлгі жолдасымыз үшін біз қатты ұялып, басымызды көтере алмадық. Мен мұны ұлағатты ұстаздың бір сабағы көріп, әлсін-әлсін есіме алып отырмын.

Көркем әдебиет – өмір оқулығы. Чернышевскийдің осынау әрі терең, әрі дәл анықтамасын өмірлік кредосына айналдырған ұстаз, ғалым, қаламгер Зекең әдебиет туралы ой толғағанда, «Пушкин мен Толстойды, Шевченко мен Абайды, Шолохов пен Әуезовті оқымаған кісіні шын мәніндегі азамат деу қиын» деп ағынан жарылып ақтарыла сыр айтады. Бұдан елу жылдай бұрын айтылған «әдебиет – ардың ісі» деген сөз оның аксиомалық пікір айтуына негіз қалады. Қалап қана қойған жоқ, ол өзін тәрбиелеу арқылы өзгені оятып, өзін өсіру арқылы өзгені биіктетіп келе жатты.


Сондықтан да күні бүгін, оны алдыңғы ардагер толқын да, отты буын – орта толқын да, тегеурінді, тізгін қағыстырған онан кейінгі толқын да, әдебиет әліппесінің ақ парақтарын ашып, үлкен сапарға бет алған үкілі үміткер толқын да шын қадірлеп, шынайы құрмет көрсетеді.

Бір ғажабы, Зекеңнің сын, зерттеу, баяндама, шолу мақалалары да сырлы, нұрлы, жан дүниесі жұмсақ болып келетіні секілді, оның қаламынан шыққанын айтып, қасиетін ашып, шуағын шашып тұрады. Тіпті газет-журналдардың тапсырысымен жазылған мақалалардың өзінде Зекеңе тән зерделі сөз зейінді пікір төгілген тілмен, құйылған сырмен өзіне тартып, өзегі балқып тұрады. Жалпы, оның сөз саптасында ақындық ақжармалық, сезім сәулесі, жүрек көзі бар. Сондықтан да ол айтқан шындық шарпып бетті күйдірмей, шынайы көңілмен шалқып, ұяты барды жерге қаратып, басбұзардың бет моншағын сыпырады. Қара сөздің ақыны, сара сөздің нақылы, ғалымдықтың ғапылы Зекеңді көзі тірісінде мақтадық та, мақтандық та.

Әрине, шағын әңгімеде оның әдебиеттегі, ғылымдағы, ұстаздықтағы қадау-қадау еңбегін, жеткен жетістіктерін желе-жортып, жіпке тізіп шығудың өзі қиын. Қойшының қанша қозы алғанын, кеншінің қанша жер қазғанын білу қиын емес, цифрлар сөйлеп тұр. Ал Зекең секілді әлгі айтқан үш бағыт тізгінін бір өзіне бағындырған адам туралы айту, ең жетілген электронды есептеу машинасы үшін де оңай емес.


Оны бір сөзбен айтсақ – мыңдаған шәкірт, жүздеген жазушы жүрегінде кеткен жылы толқын, жан дүниені жарығымен нұрландырған сәулелі сөз, көнермейтін кеңес, теңелмейтін тағлым.

Жазушы шығармалары замандастың жан дүниесін байытуда қазақ әдебиетіне елеулі үлес қосты. Өйткені, шығарма кейіпкерлері шынайы өмірдің өзінен алынған шын тұлғалар. Тегінде, өнер өмірді қайталайды, ал өмірдің өнерді қайталауы сирек құбылыс. Бұл да профессор Зейнолла Қабдолов тағылымынан алынған тағы бір сабақ. Бұдан бірнеше ондаған жыл бұрын жазылған «Жалын» романындағы орасан өрт туралы әдеби-мәдени ортада әр түрлі пікірлер айтылып, әдеби полемикаға арқау болғаны белгілі. Ал енді мына қызыққа қараңыз, сол романдағы көркемдік шындық күні кеше, тәуелсіздік қарсаңында Жылыой даласында қайталанды, өмірлік шындыққа айналды. Бұл не сонда? Бұл жазушы өмірді біледі, оның құбылыс сиқырын тани біледі деген сөз. Күні бүгін Теңіз деген телегей кенішті құрлық біліп, құштарлық пен ықылас танытып отырса, мұны ашқан геологтар мен ғалымдар қатарында қаламгер Қабдолов та бар секілді көрінетіні де осыдан.


Мұхтар Әуезовтың шынайы шәкірті, соның өнегесін алып, ағалық алақанының жылуын сезінген жазушы – ғалым Зейнолла Қабдолов осы жылдар ішінде әдебиет майданының тек қана алдыңғы шебінен көрінді. Көптің бірі болмай, аздың бірегейі болып, туған әдебиеттің туын көтерді... 

Ал, ұстазбен сол әңгіме былай өрбіген еді.

– «Әдебиет – ардың ісі» деген қанатты қағиданы айтқан өзіңіз едіңіз. Және айтуға толық қақыңыз да бар. Бірақ әдебиеттегі сұрқай ағыс, сұрқай ағыстағы шөп-шалам азаяр түрі жоқ. Мұнымен енді қалай күресу керек деп ойлайсыз?

– Рас қой. Нағыз әдебиет – тап-таза ар, халықтың ары. Әр елдің әдебиетіне сол елдің арына ар қосатындар ғана келуі керек. Горькийше айтсақ, жазушы – пайғамбар; әр елдің пайғамбары – жазушысы – сол елдің парасат паспорты. Ағылшынның паспорты – Шекспир, француздың паспорты – Бальзак, үндінің паспорты – Тагор, орыстың паспорты – Толстой деп паспорт тексеріп, дүниенің төрт бұрышын түгел шарламай-ақ қоялық, өзімізді-ақ алып қарайықшы! Қазақ әдебиетінің XIX ғасырдағы асқар белі – Абай болса, ХХ ғасырдағы заңғар биігі – Мұхтар Әуезов деп жүрміз. Сонда, немене, екі ғасырда екі-ақ шоқымыз болғаны ма? Өзгелерін өз алдына қойғанда, Қазан төңкерісіне дейінгі арыстарымыз – Махамбет пен Сұлтанмахмұт қайда? Қазаннан кейінгі қызыл сұңқарларымыз бен дүлдүл тұлпарларымыз – Сәкен мен Сәбит, Бейімбет пен Ғабит, Жамбыл мен Ілияс, Ғабиден мен Қасымдар қайда? Әбділда Тәжібаев бастаған әдеби сардарлар мен саңлақ сарбаздарды қайда қоямыз? Жә, шүкір, бар ғой, бар. Бәрі де бар. Бәрі қосылып қазақтардың парасат әлемінде әдебиет деген ар тауын тұрғызса, ана екеуі солардың қадау-қадау шыңы. Ар асқары деген осылай қаланып, осылай тұтасар болар. Көне Эллада елінің ұлы ойшылдары өздерін тек ұлылардың иығында тұрғандықтан ғана ұлы ойшылмыз деп білген. Дұрыс емес пе? Демек, Махамбет бастаған өткен ғасырдағы арымыз болғандықтан да Абай – Абай, Сейфуллин бастаған осы ғасырдағы барымыз болғандықтан да Әуезов – Әуезов. Ал осыларды өздері қолдарымен жасап, ақ жалындай лаулатып қойған халқымыздың тап-таза, тұп-тұнық, мөп-мөлдір, аппақ ақшаңқан ар әлемінен ажыратып алып көріңізші, кәне! Хош! Ал енді осынау ар әлеміне келіп, ар жүгін арқалау, ардың ісін атқару деген қандай жа­уапкершілік?! Міне, біз осыны ойлауымыз керек. Қаламы бас білмейтін әлдекімнің жіпселең жылысулығы немесе адуын адырақпайлығы осынау ар әлемінде жасалатын ардың ісі бола ала ма? 

Жазушылық – жаттығу жасау емес. Жаттығуыңды әдебиетке келгенше жаса, айналайын! Әдебиетке келдің екен, халықтың арына ар қос! Таза арды шөп-шаламмен бастырма! Жазушымысың, болды! Бұл атауға ешқандай эпитет керек емес. Жас жазушы деген болмайды. Жазушы екенсің, әрине, жаз! Бірақ әлгі бір асқар шыңдарға қарап, арыңмен жаз, барыңды сал! Шебер жаз! Жақсы жаз! Жаман жазасың екен, жазба! Жазушылықты оңай кәсіпке, әсіресе құлқынның кәсібіне айналдырма! Толстой айтқан ғой: «Жер жырт, етік тік, тағы бірдеңе етіп тамақ асыра, бірақ жазушылықты кәсіпке айналдырушы болма!» Тағы да сол Толстой айтқан: «Асылы, жазбауға мүмкіндігің болса, жазба! Жаман жазғаннан, жазбаған жақсы! Сонда әлгі бір ар таза тұрады.

Ал енді осыны түсінбейтіндер, түсінсе де түсінгісі келмей­тіндер көп. Қазіргі кезең – жариялылық пен демократия шідерін шешкен кезең ғой. Ащы да болса, ашығын айталық. Бүкіл ел өмірінде, қазіргі тілмен айтқанда, тоқырау аталып жүрген соңғы ондаған жылдар – әдебиетте де тоқырау жылдары. Ойлап қаралықшы, әдебиеттің ең қатал, ең әділ сыншысы – уақыт; әдебиетті сынға салғанда, әдебиетшінің кім-кім екенін саралап алғанда – сөз өнерінің әрқашан алдында тұратын ұнамды кейіпкер проблемасына; яки сом тұлға құпиясына қарап саралайды және даралайды. Осы ретте, айталық, қазіргі қазақ прозасындағы Асқар мен Ботагөздің, Абай мен Құнанбайдың, Қайрош пен Игіліктің, Мейрам мен Шығанақтың қатарына кім-кімін апарып қоя алады? Міне, біз осы тұрғыдан ойлауымыз керек. Және біріміз емес: бәріміз қосылып, биік мемлекеттік тұрғыда ойлауымыз керек. Сөйтіп, өз өнеріміздегі, яки сөз өнеріндегі жазылмаған заңды, яки ар заңын, ұлы талғам мен талғампаз шарттылықты, сайып келгенде, көркемдік критерийлері мен шеберлік шарттарын белгілеп, оны ту ғып желбіретіп қоюымыз керек. Оқырманды осыған тәрбиелеп, осы тұрғыдағы талғам мен талап деңгейіне көтеруіміз керек. Сонда ғана, өзіңіз айтқандай, «әдебиеттегі сұрқай ағыс, сұрқай ағыстағы шөп-шалам азаюы мүмкін». Тыңдап отырсыз ба, азаяр, бірақ түгел жойылмайды. Қайтейік, жойылмаса жойылмасын, ал азайтудың өзі – табыс, жеңіс!

– «Ең әрісі геометрияға да шабыт керек» деп Пушкин айтқандай, әдебиет сыны мен әдебиет теориясында да ақындық ақжармалық керек екені туралы тоқтала кетпес пе екенсіз?

– Дұрыс айтасыз. «Ақындық ақжармалық» жоқ жерде не әдебиет, не әдебиет адамы туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Баяғыда Алексей Сурков «Жүрегі салқын адам – самарқау, салғырт адам. Ондай адам әдебиеттің маңына жоламауы керек» деп айтып еді. Әдебиет теориясы, әдебиет сыны – тек «ақын, ақжарма» адамдардың ғана үлесі. Мәселен, Белинский, Ілияс Омаровтың архивін ақтарып көріңізші: «Белинский – ақын, Белинский – ақжарма; айналайын, ақын ағам, ақжармам!..» деп табынады да отырады. Ал, Белинский – сынның, сыншылықтың эталоны. Бүгінде бізде тақ-тұқ тапшы, кебіртек, қара суға құмаршық былғап, қақалып-шашалып отырғандай қасаң қара дүрсіндер көп. Бұған өкінбеске болмайды. Бізге, бәрінен бұрын, өзіңіз айтып отырған «ақжарма, ақын» сыншылар керек! Сонда ғана сын өз биігіне көтеріле алады. Білмей билік айтатын, әдеби шығармашылықтың ішкі психологиясы түгіл, сыртқы құлқы мен қылығын жөндеп түсіне алмайтын жай, жайдақ пысықтар – әділ сыншы емес. Бұл арада да Абай керек:

«Демеймін мені мақтасын,

Я жақсын, я жақпасын.

Сонда да мұндай «сыншыдан» 

Құдайым мені сақтасын!»

– Көптеген оқырмандар «Менің Әуезовімді» жазар кезде сіздің қандай көңіл-күйде болғаныңызды білгісі келеді.

– «Менің Әуезовім» Мұхаң дүние салғаннан соң – 25 жылдан, яки ширек ғасырдан кейін жазылып отыр. Бұл ширек ғасыр Мұхтар Әуезовтың кім екенін анық аңғарып, оны бір­туар талант ретінде зор қылған кезең ғана емес, кез келгеннің кергілеуіне салып қор қыла жаздаған да кезіміз еді. Мен ұдайы,­ 15-16 жыл Ұлы жанның әкелік мейіріміне бөленген адаммын. Бір құпиямды айтайын: Мұхаңның маған жасы кіші деп қарамай (мен одан отыз жас кішімін), керемет нәзік, терең, адамдық аяулы сырларын, қиын құпияларын ашқаны бар. Бұл менің үлесіме тиген рухани бақыт еді. Бірақ мен бұл бақытқа таспадым, саспадым. Шыңғыс Айтматовтың не дегенін «Менің Әуезовімнің» басында айттым.

Оны қайталамай-ақ қояйын. Бір күні маған қаламдас замандасым Әзілхан Нұршайықов «Сен осы не ойлап жүрсің, Мұхаң туралы сенің жазуың керек қой, жазсаң қайтеді» деді. Мен үндемедім. Әзекеңмен үнсіз қоштастым. Ширек ғасыр бойғы Мұхаң туралы ойым, қиялым іштей жалғаса берді. Асықпадым. Ұлы өмірді тақырып етуге жүрек те дауалай бермейді. Сөйтіп жүріп, енді бірде қарасам, анау да Әуезовті жазған, мынау да Әуезовті жазбақ, көбінікі көбік, таза толқын тумаған. Ол – ол-ау, Әуезов көзінің тірісінде маңына жуытпай жек көрген адамдарының өзі беттері бүлк етпестен, «Мен – Әуезовтің досы едім», «Мен Әуезовті өйтіп едім, бүйтіп едім», «Ол – менің Әуезовім еді» деп олай да соғады, бұлай да соғады. Жә дұрыс, мейлі, «Менің Әуезовім» дей берсін. Әрине, әркімнің өз Әуезові бар. Айта берсін. Бірақ оның айтқаны мен жазғанынан Әуезовтің ұлы тұлғасы, бедерлі бейнесі көрінсе екен-ау!.. Жоқ. Әуезов туралы қолыма қалам алдырған осыған деген ыза ғой! Ыза! Ал ызадан муза туады.

– Әдебиет және қайта құру. Әдебиеттің адам танудағы, оның санасын қайта құрудағы рөлі туралы сөз.

– Әдебиеттің үш түрлі мәні бар; таным тарапындағы мәні, тәрбие саласындағы мәні және эстетикалық мәні. Осы үшеуінен әдебиеттің қоғамдық, өзгертушілік күші (общественно-преобразующая сила) пайда болады. Демек, әдебиет дегеніңіз – өзінің тумыс-табиғатында адамды, адам арқылы қоғамды сана, ой, парасат жағынан өзгертімпаз, қайта құрымпаз, жетілдірімпаз нәрсе! Әдебиеттің ең ұлы миссиясы – адам санасын революцияландыру. Ал, қазіргі қайта құру дегеніміз – революцияны жалғастыру емес пе? Ендеше, әдебиеттің бұл майданындағы рөлін тәптіштеп жату артық, әдебиеттің бұл мағынадағы мазмұны, яки затын аты айтып тұр. Бұл – аксиома! Дәлелдеуді керек етпейді.

– Ғылымдық, жазушылық, ұстаздық. Сіз еркін меңгерген осы үш саланың қайсысы адами тұрғыдан алғанда жаныңызға жақындау?

– «Сіз еркін меңгерген» деп отырғаныңыз шыныңыз болса, тағы да сізше айтқанда, «адами тұрғыдан» үшеуі де «жаныма жақын». Сондықтан, үшеуін бір бұрымдай өріп, бірге ұстағым келеді, сөйтіп жүрмін-ау деп ойлаймын.

– Жақсы жыр оқығанда адамның жан дүниесі жарқырайды. Сіз өзіңізбен оңаша қалған сәтіңізде қазақтың қай ақындарының шығармасын қайталап оқисыз?

– Анау ақынға назар аударам, мынау ақынға назар аудармаймын, анау ақынды жақсы көрем, мынау ақынды жек көрем деу ағат, артық айтылатын сөз. Алдымен, ақын деген кім? Ол – ел сүйіспеншілігіне бөленген талант! Оны жақсы көрмеу, демек оған назар аудармау мүмкін емес. Ал, талант деген жаман жазбау, жақсы жазу! Тек қана жақсы жазу! Жаз, бірақ жақсы жаз.

– Дәстүрлі сұрақ. Сіздің шығармашылығыңыздағы алдағы жоспарларыңыз туралы білсек деп едік.

– Мұны білу шарт емес еді. Дегенмен, сұрап қалдыңыз. Алдымен, «Менің Әуезовімді» жеріне жеткізіп, әбден жетілдіріп ұсынсам деймін. Содан соң бір повесть және көркем шығарманың психологиясына арналған бір ғылыми монографияның нобайы дайын. Бірақ мен қолжазба үстінде көп жұмыс істейтін, жазуынан сызуы көп қаламгермін. Нәтижесін келешек көрсетер.

– Әдебиет өнеріндегі ұзақ жолда қол жеткен табыстарыңыз аз емес. Шіркін, «бұдан гөрі» деген көңіл түкпіріңізде жатқан ой бар ма?

– Болғанда қандай! Талғампаздық деген де бір дерт, өзіме өзімнің мүлде көңілім толмайды. Адал шыным. Пәлен жүз мақала жаздым деп өзінен-өзі қарық болып жүргендер, я болмаса, әлгіде сіз айтқан «шөп-шаламдарының» түбін түптетіп, пәлен кітаптың авторымын деп қопсыта қолтықтап жүргендер армансыз, бақытты адамдар ғой. Оны жұрт оқи ма, оқымай ма? Онымен мүлде шаруасы жоқ, рахат қой, шіркін! Бірақ мұндай рахаттан гөрі мақсат жолындағы бейнет артық. Юрий Бондарев дұрыс айтқан: жазушылық – тәтті тамұқ, рахат емес, бейнет. Қолындағы қаламыңды мығым ұстап тұрған болсаң, бейнеттен, тек қана бейнеттене біл! Зейнетін кейін көрерміз».


Зекеңмен болған әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Осы сұхбатта сөз болған «Менің Әуезовімнің жұлдызы жанып, 1998 жылы бұл шығарма мемлекеттік сыйлық алып, ұстазды лауреаттар қатарына қосты. Одан бері де талай жылдар заулап өте шықты. Қазір ұлы ұстаз арамызда жоқ, бірақ оның рухы бізбен бірге. Қадірін білген халқымен бірге. 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ҚАҒБАНЫҢ  ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
22 июль 2019, Понедельник
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ПІРДІҢ  СОҢЫ  –  БЕКЕТ АТА
10 июль 2019, Среда
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры