Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ҰЛЫ ДАЛАМЫЗ – ТАРИХИ ДАНАМЫЗ

ҰЛЫ ДАЛАМЫЗ – ТАРИХИ ДАНАМЫЗ

12 июль 2019, Пятница
596
0

Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын


                   ҰЛЫ  ДАЛАМЫЗ – ТАРИХИ ДАНАМЫЗ


         Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың  жеті  қыры» атты мазмұны терең, идеясы ерен, келешегі кенен мақаласынан туындаған ойлардың  бір парасы

         Осы мақаланы оқып шыққан соң оңды-солды ораған ой орманында ұзақ отырдым. Абыз Абайымыз айтқандай: «Ойланып ойға кеттім жүз жылға өткен». Пәлі, жүз жыл дегеннің өзі тым беріде, дарияның жарға соққан толқыны ат үзеңгісіне жетер-жетпес жерде екен. Кезінде ұлт тарихын қарымы жетіп, танымы өтіп, тағдырлы жырларымен тәпсірлеген талантты ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің: «Уа, далам, кеңдігіңе тамсандым көп, айта алман бәрін жазып тауыса алдым деп, сен алып пластинка дөңгеленген, инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп» деген жыр жолы ойыма келіп, жан жолында жарыса жүгіріп, көңіл толқынына қайығын салды. 

Қадым заманды қағаберісте қалдырып, соңғы ғасырға сөз салсақ, таутан тағдырдың шеңгелінде бүрілген, уақыт пен кеңістікте бүгілген жұртымыздың жұмбақ жадын қайта оятып, заман үзеңгісіне аяқ салар кез келді.   Кешегі кезде іште тулап тұрса да, іркіп қалатын, көңілде дулап тұрса да үркіп қалатын көне тарихымыз – Абыз Даламыз ақиқаттың қақпасын ашып, шаңырақ өзіңдікі, шалқайып отыр, төр өзіңдікі, марқайып отыр дегендей болып тіл қатқаны – томағасы түрілген мақалада қанатын жазып, шеңгелін ашып, шындықтың шымылдығын түріпті. Сөз жоқ, қазақ тарихының ұлы кітабының басмақаласы деуге әбден лайықты.  Оқы да ойға тоқы деп ортаға сөз ұсынып тұр. Тоқудың да толқыны, ойдың да орамы бар.

         Біз кімбіз, қалай жаралдық, қайдан келеміз, қайда барамыз, тегіміз кім, төркініміз қайсы         , жоғалтқанымыз қанша, тапқанымыз қандай, танығанымыз кімдікі? Бұл сұрақтар – мәңгілік сұрақтар. Мәңгілік  Ел болу жолындағы мәңгілік сұрақтарды шешу үшін маңызды қадамдар, мағыналы тірліктер, мазмұнды іс-шаралар, мәнді бағдарламалар, ең бастысы, Өзімізді өзіміз терең танудың тарихи алғышарттарын санада сабақтап, ойда парақтап, өткен-кеткенді адақтап, мақтанарлық мәліметті мадақтап, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп, Баба ғұмырдың ғасырлар бойы бәдізделген жұмбақтарын шешіп, Жұртымыздың ұлттық кодын ашып, Елдік паспортын мемлекеттік  мөрмен бекітіп, «біз шала халықтың емес, дана халықтың ұрпағымыз» деген сөзді ұлттық ұранға айналдырудың жай-жапсары жан-жақты тиянақталған мақала болғандықтан бұған үн қосу – әрбір қазаққа міндет, әр азаматқа парыз деп түсіндік.

 Ата дәстүріміз, ана салтымыз, парқымыз бен нарқымыз әуелі Өзімізді танудан бастау алады. Өзіңді танымай тұрып, өзгені тану мүмкін емес. Өйткені тану – салыстырудың перзенті. Салыстыру – теңелудің көрінісі. Теңелу – танымның іргетасы. Таным – тарихтың тілі. Тіл шешілсе, діл шешіледі, діл шешілсе, дүние дидары жүрегін ашады. Демек, «Ұлы Даланың жеті қыры» - перзенттік  жүректен шыққан, жалпыұлттық жүрекке бағытталған туынды. Ұлдың ұлтына айтқан тұжырымды қаратпасы.

         Есеп дәуірі еселеп бой көрсеткен қазіргі кезеңде Ұлы Даланың жетпіс жеті қырын айтуға да болатын секілді болып көрінетіні бар. Неге «жеті қыр»? Астрологиялық пайымда, нумералогиялық нақышта, халықтық  күнтізбеде, ұлттық наным-сенімде, әбжад есебінде жеті саны ерекше тылсым күшке, ғажайып рухани қуатқа, рахмани реңге, нығметтік нышанға ие. Оқырманды тылсым тереңге тартатын бір қуат көзі осы «жеті қырда» жатыр. Жеті жасқа дейін жерден таяқ жейтін ойын баласы секілді  жұртымыз қилы кезеңнің қиянатшыл шақтарында тарихтың өзінен таяқ жеді. Туған тарихымызды тумаған пенделер жазды. Тіпті күні кешеге дейін, «қазан төңкерісіне дейін, қазақтардың 2 проценті ғана сауатты болды» деген тұрпайы әлеуметтік, тұрақсыз партиялық тіркес өзгелердің бізге өктем қарауына себепкер болды. Бір өкініштісі, осынау оспадар сөйлемді өзіміз айтып қалғанымыз рас еді.

         Тәуелсіздіктің ұлы нәтижесінде біз ұлы тарихымызға ұлт көзімен қарай алатын жағдайға жеттік. Бағзы баянымыз, баба тарихымыз төрткүл әлем, сегіз қиыр шартараптың баршы ендіктері мен бойлықтарынан тіл қатуға мүмкіндігі бар. Ол тілді шешетін – білім, құштарлық, ұлтшыл пиғыл,  отансүйгіштік қасиет. Арғы қазақ мифологиясында алты қат аспан, жеті қат жерді танып-білуде танымгерлік танытқан бабаларымыздың қарым-қабілетіне қайран қаласың.  Айгөлек  аспанның өзін дастарханына түскен дәмдей таныған балаларымыз астралдық мифологияда үш тағанды ұстанып: жұлдызбойлы мифология, күнбойлы мифология және айбойлы мифология деп жіктеп-жіліктей білсе, арғы тегінің тарихи ақпараттық әлеуеті мықты болғаны. Жастай қыршын кеткен ерен тарихшы-ғалым Қондыбай Серікболдың «Арғықазақ мифологиясы» атты ғажайып еңбегін еске алғанда, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласының астары айқындалып шыға бастайды.

         Біз қазір Елбасының бұл жазбасын мақала деп айтып жатырмыз. Қалыптасқан қағидаға салып, мақала деп айдар таға салсақ, онымыз беріден қайырған болып шығар еді. Мұны мемлекеттік масштабтағы әлеуметтік-тарихи, қоғамдық-саяси, этнографиялық-этнологиялық трактат деп қабылдауға болады. Әрине, байтақ даламыздың ұланғайыр ғұмырнамасын жеті қырмен ғана шектеп алу Елбасының терең танымдық құлашын және жалпыдан жалқыға қарай бейімделетін философиялық қарымын көрсетіп, ой сорабын оймақтай түйінге айналдыра  отырып, алдағы мұрат-мақсатқа ұлтын ұмтыла ұмсындыру идеясын көреміз. Жеті қырды жіліктеп, ғылыми-практикалық, ізашар іс-шаралық әлеуетке көтеріп, жалпыұлттық жария жұмысқа айналдырудың тетіктері мен бағыт-бағдары баянын тапқан.

            Мысалы,  Атқа міну мәдениетін алайық.  Жылқыны қолға үйрету, оның өмірдің барлық саласында пайдалы болуына қол жеткізу,  ең бастысы оның елдік рухты оятудағы ерекше қасиетін терең меңгеріп, өзге жұрттың алдында сесі басым, серті айқын етіп жүзеге асыру адамзат дамуының эволюциялық жаңа кезеңін ашты. Жылқы феномені ұлттық феноменнің тең тарихы болып қалыптасты. Жауынгерлік рух, азаматтық айбын халықтық қолтаңба болып танылды. Осының бәрі біздің  Ұлы Даламыздан тарады. Бұл ұлы тарихты ұран етіп көтере алатын жаңа, тегеурінді ғылыми аршын қажет. Тарихшылардың, тарихқа қатысы бар зиялы қауымның да, тіпті жас ұрпақты тәрбиелеп жатқан ұстаздар қауымының да елең етер, ерекше назар аударар бір тұсы осы болар. «Ерлік иісі шығады ер-тоқымнан» деген жырдың астары енді ашылар. Жылқының пірі Қамбар Атаның, түрік әлемінде Дүлдүлата атанған пірдің де ғұмыр кешкен, дүниеден өткен, жамбасы жерге тиген қонысы – байтақ қазақ даласы.  Әйгілі Қамбар батырдан тартып санасақ, қазақ даласындағы Қамбарлардың қатары қомданып шыға келеді. Таралғысы да тарих тілінде сөйлейтін халықпыз.

«Еліміздің солтүстік өңіріндегі энеолит дәуіріне тиесілі «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары жылқының  тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін дәлелдеді. Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды. Ал жаһандық ауқымда алсақ, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты. Жылқының қолға үйретілуі атқа міну мәдениетінің де негізін қалады. Бес қаруын асынған салт атты сарбаз айбарлы көшпенділер империялары тарих сахнасына шыққан дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы, сонымен қатар, атты әскердің пайда болуына байланысты қалыптасқан көшпенділер әлемі «мәдени кодының» айрықша элементі» деп жарияланымда  жазылған жолдар жылқы жануардың «қазақ – жылқы мінездес» деген тәмсіліне тамызық болған.

 Мінезі мінәйі қазақтың өзінің атқа мінгенде арқасы қозып, қамшы ұстағанда космос корабіліне отырғандай қомданып, жонданып кетуінде тарихи түйсік жатыр. Осы рух, осы мінез қазір қайда? Жоғалта жаздаған жоқпыз ба? Жоқты іздесең, табылар, сілтеуші сөз санаға жетсін деңіз. Желден жүйрік жануардың бөкен желісіне ой көзін салғанда, оның үстінде дәуірлер дидарын өзгерткен ұлы бабаларымыздың  әз есімдері еске түсіп, мақалада қадірлі есімдері аталып өткен ұлы тұлғаларымыздың рухтарына тағзым етеміз. «Ұлы Даланың ұлы есімдері» деген бөлім бізді тіпті тәнті ете түседі. Біз кімнен кембіз? Бүгежектеп өмір сүрген кезеңдеріміз болғанмен, іштегі рух, ұлттық намыс, халықтық қайрат-жігер өлген жоқ. Үш ғасырлық соғысты, «Ақтабан шұбырындыны», аштық пен зұлматты, нәубет пен еріксіз соғысты еске алсақ, солардың бәрінде ұлттық болмысымыз көрініп отырған. Демек, жан жүйесіндегі рухты сөндірмеген халықпыз.

Оқып қараңызшы, «Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр.

Ұлы дала Әл-Фараби мен Яссауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. 

Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек.

Екіншіден, мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет.

Сондай-ақ, бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге, шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн.

Үшіншіден, еліміздің тарихи кезеңдерін кеңінен қамти отырып, «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік серияларды шығарып, тарату жұмыстарын жүйелендіру және жандандыру қажет». Қолмен қойғандай тұжырым, баптап түзілген бағдар, жүйеленген жоспар. Оқы да ойлан, қолдан келген іске ұмтыл, ұлтыңның ұлы жолын жалғастыруға септігіңді тигіз. Бұл – жауапты істің басында, тетікті ісмер қасында жүргендерге насихаттық нұсқау. 

Осының бәрін қолмен қойғандай, күміс шапқандай, алтын жапқандай текшелеп айтып, тегін танытқан, теріп айтып, төрелігін дарытқан, Тәуелсіздіктің туын көтеріп, Елінің еңсесін тіктеген аса көрнекті мемлекет қайраткері, Түркі Әлемінің Көреген Жетекшісі, Кемел Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық трактаты оның Ұлытау төрінде берген тарихи сұхбатынан жол тартып жатыр. Одан әріде «Тарих толқынында» туған ойлары бой көрсетеді. Демек Елбасымыз ұстанған ұран: Ұлы Дала – тарихи данамыз, бағзы бабамыз!

Президентіміздің Ұлытау төрінде берген сұхбатынан соң, 2014 жылы, «Ұлт ұраны – Ұлытау» атты  тарихи-этнографиялық поэма жазғанмын. Осы мақаланың тұжырымын сонда айтылған мына шумақтармен түйіндейін:

                   Ұлы Дала! Ұлы тау! Ұлық бәрі!

                   Ұмытылды зар заман ғұрыптары.

                   Ұлтымыздың Басшысы – Елбасымыз,

                   Ұлытауды қадірлеп, ұлықтады.


                   «Ұлы қазақ» деді ол арғы атамыз,

                   Ұлытауға ұлт туын орнатамыз.

                   Ұлы көштің басы бар, аяғы бар,

                   Ұлағаттап ертеңге жалғатамыз».

Басы бар дүниенің ортасы да бар. Сол ортаны толтыратын жолды Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ұлттың өзін тануы тұрғысындағы осы мақаласында талдап, таратып, тағы да өзі айтты.

 Ендеше, бүгінгі ұрақ, біз, баршамыз мұны іске асыруға жұмыла кірісейік. Келер ұрпақ бұл жолды сонда  одан әрі жалғай береді.


Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ПІРДІҢ  СОҢЫ  –  БЕКЕТ АТА
10 июль 2019, Среда
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА
ШАНДОЗДЫ  САҒЫНҒАНДА...
11 июль 2019, Четверг
ШАНДОЗДЫ САҒЫНҒАНДА...
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры