АЙСҰЛУДЫҢ АЛАҚАНЫ
Айсұлу дүниеге келгенде
Көптен күткен күн еді,
Көңіліміз түледі.
Жылдар бойы сағынып,
Ата-әжесі жүр еді.
Құтты болсын қадамың,
Менің құттай адамым.
Немереміз туды деп,
Жерге сыймай барамын.
Сүйінші деп әжесі,
Телефонды соққанда-ай,
Қуаныштың кемесі,
Жүзіп кетті тоқталмай.
Күлім қақты көк аспан,
Жымыңдады күн-дағы.
Жақсылық-ай жарасқан,
Жаным менің жырлады.
Көтерілді көңілім,
Арғымағым желгендей.
Жайнап кетті өмірім,
Жыл құстарым келгендей.
Айсұлуға 1 ай
Суретке түсірдік,
СМС-пен ұшырдық.
Қараймыз кеп үңіліп,
Ұйықтап жатыр бір адам.
Жанында оның жүгіріп,
Бір-бірімізден сұраған:
Ұйықтап әлі жатыр ма?
Көп ұйықтайтын батыр ма?
Үндемейді, о несі,
Қарасаңшы, әжесі.
Бар болғаны бір-ақ ай,
Біздер жүрміз шыдамай.
Бір ай деген көп екен,
Тез өткені жөн екен.
Айсұлуға 2 ай
Суретке түсірдік,
СМС-пен ұшырдық.
Екі ай болды балаға,
Айсұлудай «данаға».
Үндемейді тіл қатсақ,
Ұйқысы да тым жақсы-ақ.
Емізікті ембейді,
«Әкет әрі, қой» дейді.
Қарны ашып қала ма,
Нан берейік балаға.
Мазақтайды жұрт күліп,
Болмайтынын ұқтырып.
Көрсетеміз мықтылық,
Күзетеміз тік тұрып.
Тербетеміз жыласа,
Жыламауды ұқтырып.
Айсұлуға 3 ай
Суретке түсірдік,
СМС-пен ұшырдық.
Бізге күліп қарайды,
Содан шуақ тарайды.
Танып жатыр атасын,
Танып жатыр папасын.
Танып жатыр әжесін,
Танып жатыр тәтесін.
Танып жатыр көкесін,
Көтереді ол бөпесін.
Бесігінде аунайды,
Көкесінен аумайды.
Айсұлуға 4 ай
Суретке түсірдік,
СМС-пен ұшырдық.
Киім киді сан алуан,
Дүкен және базардан.
Күртешесі мың қойлық,
Оны алып бір қойдық.
Комбинезоны мың қойлық,
Оны алып бір қойдық.
Орындығы су жаңа,
Отыра ма бұл бала?
Көтереміз төбеге,
Көңілденді немере.
Әлі-ақ сөйлер немере,
Төрт ай деген немене.
Айсұлуға 5 ай
Суретке түсірдік,
СМС-пен ұшырдық.
Бес дегенің – бесік,
Айшок, қалың нешік?
«Бес дегенім – бесік,
Келемін ғой өсіп».
Ботқа берсек жейсің бе,
Тәтті екен дейсің бе?
«Ботқа маған әлі ерте,
Сосын жермін күні ертең».
Шәй берейік, ішіп ал,
Сосын суға түсіп ал.
«Су беріңдер, шөлдедім,
Бол, бол дедім, бол дедім!»
Бұйрық берді немерем,
Ас үй жаққа жөнелем.
Айсұлуға 6 ай
Суретке түсірдік,
СМС-пен ұшырдық.
Керуетке жатпайды,
Түсемін деп аттайды.
Ән салады уілдеп,
Дыбыс берер гуілдеп.
Суретке түседі,
Шырындарын ішеді.
Күйсандықты тебеді,
Тілін басып көреді.
Домбыраны тыңдайды,
Жалықпайды, тынбайды.
Атасының баласы,
Сазгер болар шамасы.
Айсұлудың ертегісі
Біздің Айшок гүл екен,
Бақ ішінде жүр екен.
Көремін деп өрікті,
Тәй-тәй басып келіпті.
Көремін деп алманы,
Жемістерді барлады.
Көйлегі бар, қызыл-ды,
Ойы бірде бұзылды.
Еңбектеуден жалықты,
Айға сосын барыпты.
Айға ұшып барыпты,
Ай моншағын алыпты.
Ай моншағын алыпты,
Сөмкесіне салыпты.
Моншақ деген көрікті,
Алады екен ерікті.
Жұрт көруге келіпті,
Көрімдігін беріпті.
Ата берді көрімдік.
Әже берді көрімдік.
Ай бұйымын өнім ғып,
Байғазыға көмілдік.
Айдан келді баламыз,
Айдай болған данамыз.
Ай секілді көркі бар,
Ақ сәуледен бөркі бар.
Ай моншағы қолында,
Қызыққандар жолында.
Ұстап көріп, қарайды,
Жарқыратып маңайды.
Ай жүзіндей арайлы,
Аппақ сәуле тарайды.
Ай моншағы көрікті,
Алады екен ерікті.
Айға барған немерем,
Батыр еді не деген?
Өзі де айдай көрікті,
Айдан солай келіпті.
Ай моншағын әкелген,
Әжесіне беріпті.
Әжесі де қуанып,
Жіпке тізіп теріпті.
Айсұлуын алдына ап,
Шашын талдап өріпті.
Ал атасы қуанып,
Өлең жазып беріпті.
Айсұлудың отбасы
Атасы
Айсұлудың отбасын
Қарайық та санайық,
Кім екенін табайық.
Атасы бар қаламгер,
Қызметте – мамангер.
Айшок деп ән салады,
Күйсандыққа барады.
Айшокке жұрт тамсанар,
Атасымен ән салар.
Айшок біздің арқалы,
Өнері оның артады.
Күйсандықты әзірше,
Аяғымен тартады.
Әжесі
Әжесі бар мейірбан,
Әлди жырын қайырған.
Тамағын да береді,
Өте жақсы көреді.
Балапандай баланы,
Шомылдырып алады.
Ойнатады бесуақ,
Ұйықтатады қасына ап.
Айшок жерде аунайды,
Әжесінен аумайды.
Бірақ кешке жатарда,
Кетемін деп даулайды.
Тәтесі
Сыйлықтарын төгетін,
Тәтесі бар келетін.
Мынау жылы бас киім,
Мынау әйәй носкиің.
Көйлегі бар әдемі,
Жарасып-ақ келеді.
Әсел тәте келгенде,
Әкелгенін сый тұтқан,
Қуанады көргенде,
Киімдері импорттан.
Өсіп, оқып, толарсың,
Дипломат боларсың.
Көкесі
Көке келсе жұмыстан,
Қас-қабағын ұғысқан.
Қарайды кеп, қарайды,
Көтерер деп санайды.
Көтергенде мәз болар,
Жүзіне оның жаз қонар.
Люстраға ұмтылар,
Ол да ойнап жылтырар.
Қолын созып, күледі,
Үзілерін біледі.
Көкесінен кетпейді,
Атасынан шеттейді.
Салар еді аузына,
Аузы бірақ жетпейді.
Папасы
Балапандай ұмтылар,
Жүріп кетер тұрқы бар.
Папасы кеп сүйеді,
Сақалы оның тиеді.
Атасына қашады,
Әжесіне қашады.
Бірақ-тағы папасын,
Күні бойы тосады.
Іздейді оны кешкілік,
Келе жатыр ес біліп.
Кешке шығар өнері,
Айтылады өлеңі.
Біздің Айшок папасын,
Өте жақсы көреді.
Мамасы
Мамасымен ойнайды,
Ойынға бір тоймайды.
Еркелейді, күледі,
Ұрыспасын біледі.
Ашуланса кей-кейде,
Басады кеп гөй-гөйге.
Тамақ бер деп қарайды,
Ойыншығын сабайды.
Қорқар сонда мамасы,
Ашуланды-ау шамасы.
Қорықпайды ешкімнен,
Атасының баласы,
Әжесінің данасы.
Айсұлудың ойыншықтары
1.
Міне, мынау түйесі,
Биіктіктің иесі.
Мынау оның ботасы,
Жабу жапқан жотасы.
Мынау деген құлыны,
Желкілдеген тұлымы.
Ал мінеки, қошақан,
Оның досы ботақан.
Мынау сиыр баласы,
Бұзау екен, қарашы.
Секіріп жүр тиіні,
Оған қызық биігі.
Тасбақаны қарашы,
Асықпайды шамасы.
Қонжық деген қорбаңбай,
Балға тойып алғандай.
Абаданы барыстың,
Кімдерменен алыстың?
Әуеде қаз қалықтар,
Жүзіп кетті балықтар.
Шақырады тауықтар,
Кәне, қайда тауып қал.
Айшок бәрін санайды,
Төсегіне қамайды.
Сөйлеседі бәрімен,
Ойнатады әнімен.
Ұнатқанын табады,
Сүйіп, сүйіп алады.
Аяғына баспайды,
Олар да алыс қашпайды.
Ашуланса кей-кейде,
Ұрып-ұрып тастайды.
2.
Оң жағында – түлкі,
Сол жағында – қоян.
Тікені бар кірпі,
Кіріп кетер, оян.
Аю деген маймақ,
Қояды оны байлап.
Тасбақаға мініп,
Береді оған қаймақ.
Қуыршағын ұрып,
Ұстап алар бүріп.
Тәй-тәй басып, күліп,
Келе жатыр жүріп.
Әжесіне еріп,
Атасына көніп.
Келе жатыр Айшок,
Келер күнге сеніп.
Айсұлудың ажары
Мұрын деген қандай,
Майға піскен нандай.
Ауыз деген қандай,
Ағып тұрған балдай.
Көзі деген қандай,
Жанып тұрған шамдай.
Тісі деген қандай,
Жаңа жауған қардай.
Түрі оның қандай,
Жарқыраған күндей,
Жаңа туған айдай!
Айсұлудың мінезі
Біздің Айшок күшті,
Керуеттен құламай,
Құласа да жыламай,
Өзі жерге түсті.
Біздің Айшок күшті,
Шырындарын ішті.
Күлген кездей күндей,
Көрсетеді тісті.
Біздің Айшок күшті,
Кейде іші пысты.
Атасына бастық,
Әжесіне бастық,
Ашуланса сұсты.
Айшок деген батыр,
Күліп келе жатыр.
Атасына – жұпар,
Әжесіне – әтір.
Иіскеп-иіскеп аламыз,
Жұпарына қанамыз.
Ақылы бар данамыз,
Сондай біздің баламыз.
Айсұлуға мадақ
Айшөкен-ау, Айшөкен,
Мынау деген қай Шөкен?
Күндей болған күн Шөкен,
Айдай болған ай Шөкен.
Қаз басады құламай,
Құласа да жыламай.
Ашуланып қалады,
Бір нәрселер ұнамай.
Жүгіреміз сонда,
Әжесі жүр оңда.
Атасы жүр солда,
Көкесі жүр, ол да.
Көкесі оны көтер,
Люстраға жетер.
Қарны ашты ма, қайтеді,
Жыламайды бекер.
Нәм-нәм берсін мамасы,
Қуанды ғой қарашы.
Әбігерге салады,
Әсетімнің баласы.
Айсұлу - балқаймақ
Айшок деген балқаймақ,
Атын қойған тәтесі.
Алдында оның салды ойнақ,
Әселімнің бөпесі.
Әкеледі сан киім,
Сағынады көрмесе.
Сандық толы бар киім,
Ұрсар бізге бермесе.
Балқаймақ деп сүйеді,
Балдай тәтті бетінен.
Бас киімді үйеді,
Кигізеді шетінен.
Ойнатады көтеріп,
Ойын оның ұғынып.
Қалса егер жөтеліп,
Дәрі іздейді жүгіріп.
Сөзімнің жоқ қатасы,
Сырласатын досындай.
Айшоктың бар апасы,
Әсел деген осындай.
Айсұлудың әні
Біздің Айшок қайда екен?
Астанада тойда екен.
Тойда болса тойласын,
Қуанып бір ойнасын.
Біздің Айшок қайда екен?
Хан шатырда жүр екен.
Ұстағаны пұл екен,
Қолындағы гүл екен.
Біздің Айшок қайда екен?
Ақордада жүр екен.
Елбасының қасында,
Кәмшат бөркі басында.
Озат болып оқырсың,
Үздік болып жетілсін.
Алашына сөз айтып,
Ақордада отырсын.
Айсұлуды ойнату
Қарның сенің ашты ма?
Міне, саған нәм-нәм.
Міне, саған банан,
Мынау міне, алмаң.
Мынау деген шырын,
Мынау деген қаймақ.
Ішіп пе едің бұрын,
Кете көрме ойнап.
Бауырсақты алып,
Же қаймаққа малып.
Мына құртты алшы,
Жанқалтаңа салып.
Мынау деген сәбіз,
Витамин ғой нағыз.
Шәй ішем десең, қане,
Аққұманды ағыз.
Самалдатып бөлмесін,
Мамаң бесік тербесін.
Сеніменен шәй ішіп,
Әжең сосын терлесін.
Айсұлу шомылғанда
Суға түссе Айшөкен,
Жүзіп кете жаздайды.
Қолындағы шарларын,
Үзіп кете жаздайды.
Шалпылдатып шашады,
Судың бәрі қашады.
Ұмтылғанда жан-жаққа,
Ернеуінен асады.
Шықпаймын деп жылайды,
Суға түскен ұнайды.
Су ішінде отырып,
Нәм-нәм бер деп сұрайды.
Суға түсу ұнады,
Шықпаймын деп жылады.
Алдап-сулап әжесі,
Әрең алып шығады.
Айсұлу тәй-тәй басқанда
Айшөкен, тәй-тәй бас,
Тік тұр, қаз бас.
Жел жетпейтін жүйрік бол,
Адам сенен озбас.
Қаз бас, балам, қаз бас,
Құтты болсын қадамың.
Алға жүрген азбас,
Менің құттай адамым.
Ала жіпті кесеміз,
Байлауларын шешеміз.
Алға қарап ұмтылып,
Адалдықпен өсеміз.
Оң аяғың жүрсін,
Сол аяқты ұмсын.
Құламастан тік жүр,
Қолдайтындар білсін.
Тәй-тәй, Айшөкен!
Алға бас, Айшөкен!
Алда талай асу,
Болсын ылғи шашу!
Айсұлудың санамағы
Бір, екі, үш,
Айшөкенде күш.
Қызық екен санамақ,
Алма кетті домалап.
Қызыл алма тәтті екен,
Көкшіл алма қатты екен.
Апорт қандай аңқиды,
Ауада исі шалқиды.
Алуан-алуан алма бар,
Алма сақтар қамба бар.
Алма жинап аламыз,
Сабан жайып саламыз.
Бір, екі, үш,
Алма деген күш.
Қызыл алма тәтті екен,
Кімдер оны тапты екен?
Бір, екі, үш...
Айсұлу сурет салады
Айшок сурет салады:
Бояуларын алады.
Қызыл бояу – күн екен,
Қара бояу – түн екен.
Көкшіл бояу – аспаны,
Жасыл бояу – шалғыны.
Қоңыр бояу - тастары,
Бәріне ортақ ән-жыры.
Сары бояу – күз екен,
Көк бояуы – мұз екен.
«Ата, әже» деп салыпты,
Қарап тұрсақ біз екен.
Айсұлу сыртқа шыққанда
Балабақша ауласы,
Барар жері немере.
Ойын басы, ән басы,
Үйренетін өнеге.
Ерте тұрып Айшөкен,
Киімдерін киеді.
Апаратын қайсы екен,
Әже беттен сүйеді.
Ата келер жүгіріп,
Айшөкенді жетелеп.
Әже тұрар үңіліп,
Киімдерін жекелеп.
Аяқтарым талды деп,
Қарным ашып қалды деп.
Кейде оянбас Айшөкен,
Ұйқым қанбай қалды деп.
Айсұлудың әуені
Айшок деген батыр,
Шауып келе жатыр.
Атасы мен әжесін,
Тауып келе жатыр.
Айшок деген батыр,
Шауып келе жатыр.
Қайда кеткен әжесі,
Қайда кеткен атасы,
Қане, батыр, шақыр.
Арғымағы астында,
Дулығасы басында.
Атасы жүр соңында,
Әжесі жүр қасында.
Айшок деген батыр,
Аттан түсті ақыр.
Ботқасын жеп монтиып,
Енді ұйықтап жатыр.
Айсұлудың тұсауын кесу
Ала жіпті алдық,
Салтымызға салдық.
Екі жіпті өрдік,
Тұсау етіп көрдік.
Ұлттық киім киді,
Жұрттар беттен сүйді.
Ұлттық киім киді,
Шашуды жұрт үйді.
Қайшыменен кеспейміз,
Қайшыласып өспейміз.
Пышақпенен кесеміз,
Адал болып өсеміз.
Тәй, тәй, қаз-қаз, қаз балам,
Қадамыңа мәз болам.
Тұсауың да кесілді,
Жүрер жолың шешілді.
Айсұлудың есімдері
Айсұлудың аты көп:
Біріншісі – Айсұлу,
Одан аппақ қай сұлу?
Біреулер жүр, жай сұлу,
Айдай болған немерем,
Ақыл, көркі сай сұлу.
Тағы аты бар – Айшөкен,
Мінезі бар бай шөкен.
Болмайды ол жай шөкен,
Шебер болып шығады-ау,
Қолындағы қайшы екен.
Айшок деген аты бар,
Миллион доллар заты бар.
Атасына жолдайтын,
Әжесіне оқитын,
Қолында оның хаты бар.
Әтонай десек келеді,
Атын жақсы көреді.
Жеп отырған тамағын,
Әжесіне береді,
Қатты жақсы көреді.
Әтөніміз осы екен,
Батонымыз осы екен.
Күледі кеп дауыстап,
Көңілі оның хош екен.
Әй-әй деген есімі,
Ата-әженің кесімі.
Жатыр ұйықтап әнеки,
Жұпар екен бесігі.
Бізді көрсе жетеді,
Делеңдейді етегі.
Құлыншақ деп шақырсақ,
Құлдыраңдап кетеді.
Айсұлудың алақаны
Жаздым көп-көп тақпақ,
Айсұлуымды мақтап,
Тал бойына шақтап.
Шашы сарғыш болғанмен,
Алақаны аппақ.
Айшөкенді мақтап,
Жаза берем тақпақ.
Тілі шыққан кезде,
Алар оны жаттап.
Әтөнайды мақтап,
Жаза берем тақпақ.
Немересін жақтап,
Ата теңеу таппақ.
Әтөн деген аппақ,
Жазам оны мақтап.
Кітабымды шығарып,
Қоям оған сақтап.
Айсұлуым тәтті-ақ,
Алақаны аппақ.
Күлген кезде күндей,
Жүрген кезде айдай,
Сипағанда бетті,
Алақаны майдай,
Мұндай бала қайда-ай?
Шаттанып бір күлсін,
Шапқылап бір жүрсін.
Қуануды білсін
Қыран болып ілсін.
Бұлбұл болып сайрап,
Бағын тауып кірсін.
Бұл кітаптың соңында,
Мөр секілді мөлдіреп,
Алақаны тұрсын!
Өлеңдердің өрімі
Айсұлу дүниеге келгенде........................
Айсұлуға бір ай.......................................
Айсұлуға екі ай.........................................
Айсұлуға үш ай.........................................
Айсұлуға төрт ай......................................
Айсұлуға бес ай.........................................
Айсұлуға алты ай........................................
Айсұлудың ертегісі........................................
Айсұлудың отбасы......................................
Айсұлудың ойыншықтары............................
Айсұлудың ажары........................................
Айсұлудың мінезі............................................
Айсұлуға мадақ.............................................
Айсұлу – балқаймақ.....................................
Айсұлудың әні.............................................
Айсұлуды ойнату.........................................
Айсұлу шомылғанда......................................
Айсұлу тәй-тәй басқанда................................
Айсұлудың санамағы.....................................
Айсұлу сурет салады........................................
Айсұлу сыртқа шыққанда..................................
Айсұлудың әуені................................................
Айсұлудың тұсауын кесу........................................
Айсұлудың есімдері...............................................
Айсұлудың алақаны............................................
ӨТЕГЕН АТА ОРАЛБАЙҰЛЫ
АЙСҰЛУДЫҢ АЛАҚАНЫ
(ӨЛЕҢДЕР)
Жауапты шығарушы – Әсел Өтегенқызы
Редакторы – Нағима Сәрсенқызы
Техникалық редакторы – Дәуір Өтегенұлы
Корректорлары – Әсет Өтегенұлы,
Зарина Серікқызы
Форматы: 70х90/32, жұмсақ жылтыр қаптама.
Таралымы : 100 дана, есепті баспа табағы.....