Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » Таланты кенен Тоқтағұл

Таланты кенен Тоқтағұл

11 июль 2019, Четверг
1 529
1
Қырғыз халқының аса көрнекті шоң ақыны, сазгері әрі әншісі Тоқтағұл Сатылғановтың туғанына 100 жыл толу тойы ЮНЕСКО тізіміне кіріп, кеңінен аталып өтуде. Осыған орай жақында Астанада Түркі академиясының ұйымдастыруымен және бұл ғылыми-тәжірибелік конференцияға қырғыз мәдениеті мен әдебиетінің бір топ белгілі қайраткерлерінің, сонымен қатар түркі дүниесінің ортақ қазынасына бас ие туысқан халықтар өкілдерінің араласуымен  өткен бас қосу тағдыры ортақ, тарихы үндес қос халықтың қуана табысқан іргелі іс-шарасы болды.

1986 жылғы қазан айының соңғы аптасында Қазақстанда Қырғыз әдебиеті мен мәдениетінің күндері өтті. Бұл алқалы жиынға қырғыз туғандарды «адамзаттың Айтматовы» атанған ұлы қаламгер Шыңғыс аға Айтматов бастап келген еді. Бұл кез Шыңғыс Төреқұлұлының бір кітаптан соң бір кітап туындатып, қолы да, жолы да жүріп тұрған жемісті де жеңісті кезеңі болатын. Айтматов әлеміне бойлаған оқырман қауым – қазақ жұрты жан дүниесін жаңғыртып, санада селт етіп бас көтере бастаған ұлттық намыстың ұшқынын көңіл құндағына ұялата бастаған шақ туған.
 Сол кезде одақ бойынша өзінің таралуы жағынан 300 мың данадан еркін асып, бәйге басын бермей, ұлттық ұстахана көрігін дүрілдетіп тұрған жастар газеті - «Лениншіл жас» жаңадан «Сұқбат-телефон» деген айдар ашып, оның аясында ұлтымыздың ұлағатты тұлғаларының алғашқы толқыны оқырман қауымға жүрекжарды пейілін көрсетіп те тастаған-ды. 
Газеттің редакторы, сардар басшы Сейдахмет Бердіқұлов ежелден Шыңғыс ағамызға іні-дос, үзеңгі жолдас болатын. Әрқашан озық ойы алда жүретін, жаңалық атаулы десе қашанда ақмылтық қаламгер Сейдағаң Шыңғыс Айтматовпен осы «Сұқбат-телефон» айдарында газет атынан интервью алуға алдын-ала қам жасап, редакция қызметкерлері жабыла жұмыс жасап, заңғарға қояр сауалдардың дестесін жасадық. Бұл жұмысқа сол кезде «Лениншіл жастың» әдебиет және өнер бөлімін басқарып отырғандықтан мен жетекшілік жасадым.
Күндер өткенше біздер Шыңғыс ағамызға қойылатын жүзге жуық сұрақ дайындап, елеп-екшеудің арқасында соның 70-ке жуығын бөлек дайындап, құнттап, құндақтап алдық. Сейдағаң күндердің қорытындысында Шыңғыс ағамызбен кездесіп, бұл жолғы бұйымтайдың жай-жапсарын айтып, уәделесетін болып кетті. Түске таман көңілді оралды. «Шықаң келісті, «бұл бір тосын тәсіл екен, уақытты ұтуға да қолайлы, әрі жаңалығы да жан қызықтырар жақсы екен, оның үстіне шетелге іс-сапарға жүрер кезім, менің де уақытым шектеулі еді» деп қуанып қалды. Ал, Өтеген, бұл бір қызықты да күрделі сапар болғалы тұр, дайындал, ең әуелі ішкі дайындық керек, үйренгенің мен үйренбегің осы жерден көрінеді» деп Сейдағаң маған толқи қарады.
Біз – Сейдахмет аға Бердіқұлов, мен және газеттің фототілшісі Рахымбай Ханалиев үшеуіміз қажетті асай-мүсейімізді алып, есік алдына асығыс шыға бердік. Өйткені Шыңғыс ағамен келісім бойынша оны Ұзынағаштың ұзын даңғылының бойында, қара жолдың қайқаңға көтерілер тұсында күтіп алып, онымен бір машинаға отырып, ұлық жолаушыны жолдан қалдырмай дайындап алған сұрақтарымызды сол көлік ішінде қойып, сыр-сұқбатты радио-репортерге жазып алмақпыз.
 Есік алдында біздерге Ақселеу Сейдімбеков ағамыз кездесті. «Сәке, бір қызықты да ғажап сапарға кетіп бара жатыр екенсіздер, шіркін-ай, мен де ілесер едім, реті келсе» деп алдымызды орады. Сейдағаң қашанда жаңалықты, әсіресе жастар газетіне қажет жаңалық пен тосындықты басқаға сыр етіп ашпауға дағдыланған жан болатын. «Ақа, оның рас, біздің де көңіліміз дауыл күнгі теңіздей, оқырманды оқыс қуантуға деген жастар басылымының әдетін өзің де білесің, осы жолы да сол дәстүрден аттай алмай тұрмыз, ренжіме, бірақ Шықаңа қояр сауалың болса, сенің атыңнан қоюға дайынбыз» деді. Ақселеу ағамыз сұрақ жазылған қағазын маған ұсына берді. Дайындалып келген екен. Қозғалып кеттік. 
 Көңіл қобалжулы, қуанышты толқын да бойымызда желең жамылып, жүгіріп-жүгіріп кетеді. Енді ше, жиырмасыншы ғасырдың ұлы қаламгерімен бетпе-бет кездесіп, емін-еркін сұқбат алмақпыз. Реті келсе дастархан жайып, дәм-тұз ұсынбақпыз.
Бір кезде Ұзынғаш даңғылының бұрылысынан қара «Волга» шыға келді. Тұра ұмтылдық. Қонақтың машинасы келіп тоқтап, ішінен жолға ыңғайлы спорттық шалбар киіп, тор көзді күздік матадан пиджак киген Шықаң шыға берді. Жапырлай амандасып жатырмыз. «Ал, Сайдахмад, ұрыста тұрыс жоқ демей ме қазақ бауырлар, мен сенің көлігіңе отыралы, әңгімені де бастай берелі, сен, Өтөгөн інім, машиннің алдына отырып, сұрақтарыңды қоя бергін, біз Сайдахмад ағаң екеуміз әңгімені бастай берелі, менің машинама мына Рахаң отырсын, оның ішінде жеңгең Мариям мен кенже ұлым Элдар бар» деп сапар барысының тізгінін қолына алды. Сәлден кейін ақ пен қара екі «Волга» қара жолдың бойында құйрық тістесіп ағып бара жатты.
Осы сапар қорытындысы менің авторлық жазуымда «Жол мұраты – жету» деген атпен сұқбат болып, ертесіне «Лениншіл жастың» бірінші бетінен басталып, үшінші бетін толық алып жарық көрді. Бұл сыр-сұқбатқа ел оқырмандарынан бес жүзге жуық хат келді. Мақала белгілі жазушы Бақытжан Момышұлының аудармасында орыс тілінде «Ленинская смена» газетінде жарияланды. Бұл енді басқа әңгіменің сорабы.
Осы сапар барысында Шыңғыс ағамызға қойылған 70-ке жуық сұрақтың ішінде Ақселеу ағамыздың да сауалы бар болатын. Ол сауалында көкірегі шежіре, көңілі мұражай, білгір де ілгір Ақселеу ағамыз қазіргі түркологияның жай-жапсарын айтып, «біз отандық түркология ғылымын жеке-жеке бөліп алып қарастырып, шашыраңқылық пен шатасуға ұрынып жүрген жоқпыз ба, өз тарихымызды өзіміз қашан түбегейлі зерттеп, зерделей аламыз, отандық түркологияның тынысы қалай, қайтіп ашылады» деген сауал қойған-ды. Мен бұл сұрақты сол күйінде Шыңғыс ағаға  жеткіздім.
Бұл күнде аяулы да асыл ағалардың екеуі де арамызда жоқ. Бірақ сұрақ қалды. Бұл сұрақ әлі де күн тәртібінде. Толық жауабы  Шыңғыс ағада арман күйінде айтылса, Ақселеу ағамыз да осы сұрақтың түйінін тарқату үшін талай тер төкті. Енді осы сұрақтың жан-жақты толымды да қонымды жауабын берер жас ұрпақ, жаңа толқын  келді деп ойлаймын. 
Түркі академиясының осы бас қосуы қырғыздың ұлы ақыны, күрескер тұлға Тоқтағұлға арналып басталуында уақыттық нышан, көңілге үміт ұялатар қуаныш бар. Қырғыз-қазақ әдебиетіндегі асыл арналар, ұлттық дәстүрлер, халықтық болмыс бір-бірімен етене егіз, ежелден еншілес. Тоқтағұл жырларындағы тау суындай тасқын, дала желіндей аңқылдақ самал, қазыналы керуеннің көз жауын алар жүгіндей жақұтты теңеулер мен бақытты баяндаулар бізді алыс-алыс замандарға, арғы да бағзы бастауларға қарай алып кетеді. Көне түркілердің сарыны мен дабылы, ағымы мен сағымы, батырлар жырларының сан алуан шұғылалы бояуы бойымызға жұққан.
 Алып Манастың тұлпар мініп, ту алған ұлы бейнесін ұлы манасшы Саяқбай Қаралаев таңды таңға қосып ырлаған миллион жолдық ұлы туындысын көзі боталап отырып тыңдаған абыз қаламгер Мұхаң – Мұхтар Омарханұлы – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қаһарман қайраткерлігін Шыңғыс аға ғұмыр бойы аузынан тастаған жоқ. Сол үшін қырғыз туғандарға шоң рахмат дейді қазақ халқы. 
Тоқтағұл итжеккенге айдалып, орыстың алып жазушысы Лев Толстой бақилық болған жылы тар қапастан қашып шығып, туған жерін бетке алғанда Қарқаралының қалың орманын төр еткен қазақ бауырларға келіп, ай жатып, арыған көңілін семіртіп, күн жатып, кіді күндердің мұзын жібітіп, қазақтың әні мен күйін көкірек сарайына қондырып, ата жолымен ат мініп, шапан киіп аттанған. Ұзынағаштың ұзан жолында оны бауырым алыстан арып-ашып келеді деп күтіп алып, бауырына басып, қапалы жүректің қайта жырлауына құлақ ашқан өткен ғасырдың Гомері атанған ұлы Жамбылдың  пейілі мен қамқорлығын қырғыз бауырлар әлі күнге ұмытқан жоқ. Сол үшін қазақ жұрты қырғыз туғандарға үлкен рахмет дейді. 
Кезінде Жамбыл мен Тоқтағұлдың жырлары мен ырлары, Тоқтағұл мен Кененнің кең тынысты әндері домбыра мен қомуздың қос ішегіндей болып, қатар күмбірлеп, қатар самғаған. Бұл күнде сол абыздар арамызда жоқ, бірақ олардың мәңгілік туындылары бір-бірімен иық тірескен қазақ және қырғыз Алатооындай болып қатар асқақтайды. Бүгінгі бас қосу Тоқтағұл салған тоқтаусыз жолды қазақ елінің жаңа астанасына алып келді. Тоқтағұл жырлары азаттық пен еркіндік аңсаған қырғыз-қазақ жұртының ту ұстар туындылары болғаны кеше болса, одан берідегі  қырғыз поэзиясы ұлттық қайнарларын суалтқан жоқ.
Бұл әсіре мырзалық сөз емес, мен кезінде қырғыз поэзиясының көрнекті өкілдері Сүйінбай Ералиевтің, Сооронбай Жусеевтің, Жолон Мамытовтың, Майрамхан Абылқасымованың, Қамбаралы Бобуловтың, Акбар Рысқұловтың, Мархабай Ааматовтың көптеген жырларын қазақшаға аударғанмын. Ойшыл ғалым, аға-дос, академик Ғарифолла Есім айтқандай: «қырғыз жырын қазақша көшіргенмін». 
Қырғыз поэзиясы Манас заманынан бері ат үстінен түспей, еңкеу-еңкеу жер шалып, егеулі найза қолға алып, тебінгісі терге малшынып келе жатқан жүйрік те жігерлі поэзия. Есімдері аталған шайырлардың бәрі Тоқтағұл аталарына ат шалдырып, сыры кетпес сындарлы сыбағадан ауыз тиген. Құйрық-жалы төгіліп, бауыры бырт-бырт сөгіліп, ертеңге қарай емініп, туу биіктен көрініп келе жатқан қырғыз ырлары белдеуге ат байлаған қазіргі кезеңдерде әрқашан ерулі.
Ал, әріге бақсақ, Тоқтағұл туындыларындағы тақырыптық туыстық, поэтикалық бояулар мен дәстүрлі теңеулер мен салғастырулар, жырлау әдісіндегі халықтық сарындар мен саздар екі елдің де поэтикалық тарихында шендес, ендес, етене жақын, ерекше тұтас. Қилы замандарда қиғаш тартқан тұстарымыз болғанмен, көркем өнерде бұра тартып, бұрыла шапқан кезіміз болған жоқ. Айылды жырмен тербеген қырғыз ақындарының ырларын қазақ даласының дархан желі қазақ ауылдарына да қапысыз жеткізіп тұрған. Соның ішінде екі алып ақын – Жамбыл мен Тоқтағұлдың туындылары уақыт жағынан үндес, заман жағынан үйлес, саясат жағынан күйлес.
Ал, батырлық дастандар мен ел тарихын екшеген шығармаларында Тоқтағұл да, Жамбыл да құйрық тістесіп қатар шапқан қазанаттарға ұқсайды. Елшіл, халықшыл пейіл мен ұлтшыл ниет қазақ-қырғыз жырларының негізгі алтын арқауы десек, өршіл көңіл мен аршыл арманның телқоңыр тізгіні бүгінгі қазақ-қырғыз ақындарының қуатты қолдарынан түскен жоқ. Сондықтан да қырғыз ырлары бізге қазақ жырларындай әрі жақын, әрі ыстық.
Кезінде «әдебиеттер достығы – халықтар достығы» деген ұранның аясында көп жұмыс тындырылған болатын. Туысқан халықтар әдебиетінің даму тенденциялары мен өркендеу үрдістерін тәуелсіздік жылдарында біршама шабандатып алдық. Азаттықтың алғашқы жылдарындағы аласапыран күндер мен одан кейінгі нарықтық қатынастар кезеңіндегі материалдық кедейлік рухани кедейліктің айылына қоңсы қонды. Сол кездерде арналы бастаулар, ұлы дәстүрлер біршама бәсеңсіп, Тоқтағұл жырлары аяқ суытқандай болды. 
Сондықтан қазақ елінде өткен халықаралық ғылыми-іскерлік мәслихаттың орны мен маңызы ерекше. Осы ретте бүгінгі мәдени өмірдің, рухани керуеннің басы-қасына министр болып бекіп, жетекшілік қызметін бастап жатқан өнердің өз өкілі Арыстанбек Мұқамедиұлы мырзаға көшің көлікті, жүгің көрікті, қазынаң ерікті, олжаң серікті болсын деген тілек айтамыз. Тоқтағұл аталарының поэтикалық материалдан пішілген кең шапанын жамылып, Алатоо асып, асыға жеткен қырғыз туғандарға «қош келдіңіздер, урматтуу бауырлар» деп құшағымызды ашып, бауырымызға басамыз.
Бұл халықаралық бас қосу алдағы үлкен үміттер мен іргелі істердің іргетасы секілді болды. Біз кезінде отандық тюркология ғылымын арғы-бергі ғалымдар мен жиһангездер, саяхатшылар мен саясаткерлер, тіпті саудагерлер мен керуеншілердің айтқан, жазған, сызған еңбектері арқылы бағалап, бағамдап келдік. В.В.Радлов, С.Е.Малов, П.М.Мелиоранский, В.В.Бартольд, Н.А.Баскаков, А.Н.Бернштам, Н.Я.Бичурин, Марко Поло, Рубрук, Батутта, Л.Н.Гумилев,т.б., еңбектеріне сүйену барысындағы балаңдық енді қазіргі заманда ғаламдық үрдістерге сүйенген, өз қолымыз өз аузымызға жеткен мүмкіндіктер тұрғысында терең байыпталу процесіне қарай еңсе көтеруі қажет деген ойдамыз.
Қазір арамызда жоқ ардақты ағаларды былай қойғанда, қазақ әдебиетінің тарихы мен ұлттық тюркологияның  мәні мен мақсатын ашу жолында, соның ішінде әдебиетіміздегі ұлттық құндылықтар мен тарихи дәуірлердің туындыларын, халқымыздың этногенезисі мен этногологиялық арғы бастауларын талдап, таратып жүрген тегеурінді тұлғаларымыз: Күлтегінмен кіндіктес, Тоныкөкпен тонның ішкі бауындай Мырзатай аға Жолдасбеков,  білімпаз ғалым, терең танымгер, талғампаз тәлімгер Сейіт аға Қасқабасов, ұлттық тарихымыздың көне бастауларына көңіл көзін салып, алыс елдердің шаң басқан архивтерін жалықпай қопарып, бір өзі бір ғылыми зерттеу институтының жұмысын атқарып келе жатқан айтулы қаламгер Қойшығара аға Салғара, ежелгі тарихымызды, әсіресе қазақ ру-тайпаларының арғы-бергі  тарихын жілікше шағып, жете зерттеп жүрген Әнес аға Сарай, әлем ғалымдары ғасырлар бойы қаузап-қаузап, шегіне жете алмаған Шығыс қаған шежіресінің түп-тұқияны мен ұлы қағанның қазақ жұртына қатысын қапысыз дәлелдеу жолында  қаһармандықпен еңбек етіп келе жатқан заңғар жазушы Мұхтар Мағауин, т.б., бастатқан тұлғаларымыздың еңбектері жаңадан халықаралық статусын биікке көтеріп жатқан Түркі академиясының белсеніп, бел шешіп кірісер ұлы жұмыстарында тұғыры биік трибуна болады  деген сенімдеміз.
Өз тарихымыхзға өз көзімізбен қарау, бұрынғыларды зерделеу барысында ұлттық мүддені ерекше ескере отырып, сараптама жасау, түркінің ортақ тарихын жасау барысында бүгінгі дамыған ақпараттық-технологиялық мүмкіндіктерді барынша пайдалану, түркологияның тынысын ашатын жас түркологтардың қатарын жасақтау, түркі тілдерімен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі тілдерін меңгерген ұлттық кадрларды қатарға тарту, ортақ түркі энциклопедиясын түзу, ортақ ғылыми-сараптамалық басылым шығару секілді маңызды жұмыстарды жүзеге асыратын кез келді. 
Кезінде Шыңғыс Айтматов армандаған, тәуелсіздік жылдарында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тереңнен қозғаған, өзі бас болып, «Тарих толқынын» жаңа заман желімен тербеген, «Ғасырлар тоғысында» түркі жұртының басқалардан мойны озық, ілімі ілгері болуына ерекше назар аударған, түбі бір түркі жұртының бірлігі мен ынтымағына бас мән беріп, әлемдік-түркілік идеясын бастаған кемел кезең есік ашты. Шаңырағы ортақ осы орданың түндігі  әрқашан түрулі болса деп армандаймыз. Түркілік интеграция бір-бірімізге үрке қарауды қажет етпейді. Түркі мәдениетінің кредосы біздің көне тарихымыз, көшелі баянымызда жатыр. Біз аталас туыстардың алыстап кеткен балалары секілдіміз. Қайта табыссақ құшағымыз әрқашан ашық болмағы ләзім.
Осы іргелі істе Түркі академиясының тізгінін ұстаған, жеті жұрттың тілін біліп, мемлекеттік мектеп пен шет елдік тәжірибенің дәмін татқан, қырықтың қырқасына енді көтерілген Дархан Қыдырәлі мырзаға – Дархан байкеге, Дархан бейге, Дархан кардашқа табыс пен сәттілік тілеймін.  Тоқтағұл конференциясында айтылған ойлар мен түйінделген пікірлер, бас қосу қорытындысындағы алда атқарылар іс-шаралар жөніндегі жүйелі тұжырымдар жүзеге асса, аға ұрпақ армандаған ұлы істердің ұлағатын кейінгі ұрпақ көретін болады деген сенім бар. «Таудан панасы бардың тастан жүрегі бар» деген сөзге бақсақ, Түркі академиясының алдындағы тұрған келелі міндеттерді ел болып еңсеріп, көп болып көтеріп кететініміз айдан анық.
Осы жазба басындағы сыр-сұқбатта Шыңғыс Айтматов: «менің шетелге сапарға шыққанда ала жүретін екі пірім бар: бірі «Манас», екіншісі ұстазым Мұхтар Омарханұлы Әуезов» деп ағынан жарылғаны бар. Бұл сөз оған дейін де әртүрлі нұсқада айтылып, жазылып жүргенмен, негізгі нүктесі сонда қойылған болатын. Шыңғыс ағамыз айтқан бұл сөз өшпес өсиеттей  болып кейінгі буынның да жүрек түпкірінен орын алды. Біз бұл үшін қырғыз бауырларға дән ризамыз. Конференцияның ат байлар сөзі де, тоқтар тірегі де осынау абыздар арасындағы алтын көпірге айналған айшықты сөздерге келіп құйылып жатты.
Ақындар ағасы атанып, «ашулы Грозный патшадайын» деген Мұқағалидың мәңгілік тіркесіне кейіпкер болған Әбділдә Тәжібаевтың:
                   Басымда менің ақ қалпақ,
                   Оюлап шетін сырғызған.
                   Менің да бетім жап-жалпақ,
                   Айырмам қайсы қырғыздан,- деген әр қазақтың жүрегінде жүрген жақсы сөз осы бас қосуда да жарқ етіп көрініп, жалт етіп жанымызды баурап, залда отырған егіздің сыңарындай екі жұрттың перзенттері бір-біріне күле қараса, фольклорлық-этнографиялық топ орындаған қырғыз-қазақ күйлері бас қосудың көркемдік ноталарына өз нақыштарын өрнектеп салды.
Жалпы, қырғыз-қазақ достығы біздің туыстас әдебиетте, соның ішінде поэзияда айқын көрініп, айқұлақтанып көзге түседі. Қазақ-қырғыз ақын-жазушыларының достығы мен өзара қарым-қатынасы кеше аңыздай еді, бүгін  сәл бәсең тартқаны көңіл пернесін қағып-қағып кетеді. Дегенмен, жүрген із, қансонарда түскен сүрлеу көнермек емес. Бүгінгі қырғыз әдебиетінің өкілдері осынау дәстүрлі даңғылға соңғы кездері та ізін жиірек сала бастады. Біз осыған қуанамыз. Біз осыған сенеміз. Біз осыған сай «сыйға - сый, сыраға – бал» деген тіркесті қайыра тірілтеміз.
Осы сөзге куә ретінде қаламдас, қатарлас досым, қырғыздың талантты ақыны Мархабай Ааматовтың Мұхтар Әуезовтің музей-үйінде болған сәтінде жазған мына жырын өзімнің аудармамда Сіздерге ұсына кетуді жөн көрдім:
                   Қазақтың даласындай ұлан-байтақ,
                   Кемел ой, кенен ақыл көрсең байқап.
                   Манасты қорғап қалған кемеңгерім,
                   Жүгінем ақылыңа басым шайқап.
                   Қырғыздың өткен шағын болжап тұрмын,
                   Қиялмен кеткен күнге бойлап тұрмын.
                   Шыңғысты бауырға алып, жетелеген,
                   Мұхаңның абыздығын ойлап тұрмын.
                   Заманның заңдарына таң қалалық,
                   Тақалып тұрдық талай жарға барып.
                   Мұхаңдар қашан шығар арамыздан,
                   Барамыз күннен күнге майдаланып.
                   Бұл күнге неге біздер таң қалалық,
                   Тағы да тірелдік пе жарға барып.
                   Әуезов әлеміне кіру үшін,
                   Әрқашан тазарған жөн арға бағып.
                   Кім білген алда қандай заман барын,
                   Ақындық жүрегіммен алаңдадым.
                   Елі үшін ерлік жасар күн туғанда,
                   Жаратқан берген екен оған дарын.
         
         Қырғыз жұртында байтақ өлкеге жарық беріп тұрған Тоқтағұл атындағы алып ГЭС бар. Ол қазақ даласына да жарық пен жылу таратып тұр. Тоқтағұл жырлары да қырғыз-қазақ жұртына жарық пен жылу таратып тұрған рухани алып ГЭС. Бұл жарық пен жылу ешқашан сөнбейді. Өйткені оның қуаты қос халықтың жүрек шақпағынан от алады. 
         Ортақ отымыз бірге шалқысын.

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық  «Алаш» әдеби  сыйлығының  лауреаты

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ШАНДОЗДЫ  САҒЫНҒАНДА...
11 июль 2019, Четверг
ШАНДОЗДЫ САҒЫНҒАНДА...
БАЙТАҚ   ДАЛАНЫҢ  БОЗТОРҒАЙЫ
11 июль 2019, Четверг
БАЙТАҚ ДАЛАНЫҢ БОЗТОРҒАЙЫ
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры