Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » ТІЛ БИІГІНЕ ТУ ТІККЕН

ТІЛ БИІГІНЕ ТУ ТІККЕН

11 июль 2019, Четверг
1 545
1
Қазақ әдебиетінің көрнекті қаламгері Рахымжан Отарбаевты еске алғанда қаламға ілінген тіркестер

         Бәрі күні кешегідей есте. «Ағалап» алдымнан шығып,  жел тұрса «мен кеттім» деп тұра жөнелуге дайын тұрған қара шашын салалы саусақтарымен бір қайырып тастап, жезтаңдай көмейден шығатын жарқын даусына  жұмбақтау бір саз жүгіртіп, өзгеге қызық, өзіне мінез қосатын пейілмен тосын сырдың тиегін ағытуға дайын ыңғайын көріп, құлақ пен күлкіні қатар делбеп, бір иығымды бейімдейтін едім. «Аға, осы мен көп адамға жақпайтын секілдімін, өзім жайсызбын ба, әлде сөзім жайсыз ба, әсіресе әкім-қаралар мен жақындағанда түлкібұлаңға салып, түрін өзгерте қояды. Соны көргенде желкемде жүрген жыным да жетіп келеді, ауызға келген сөз-жебесін тартамын да жіберемін, осыған қалай қарайсыз?» дейді менен емтихан алып отырған мұғалімдей жауап күтіп.
         Оңай-ақ сұрақ сияқты, жауабын да жеделдеп бере салуға болатындай. Бірақ соңында салмағы, алмағы мен аңдамы, қауып түсер қармағы мен бүгулі бармағы бар сұрақ. Ойлана, талай жайды ойға ала жауап беруге тура келеді. «Меніңше, сені он адамның сегізі жақсы көреді, мүмкін екеуі жақсы көрмес, азшылық көпшілікке бағынған заң бойынша, жеңіс сенің жағыңда» деймін әзілге иық беріп. Әйтеуір мен сені жақсы көрем, өзіңді іні тұтқасын ба, сенің әр сөзің қаттаулы құпия, жаттаулы жария деп санаймын. Шындық деген ащы болатынын өзің де білесің, көзіңнен жас, көңіліңнен сора тамызады. Жасаған адамды жаратқанда тәні мен жанын ретке келтіргенмен, мінезін ретке келтірмеген дейді ғой дін дәргейлері. Абайдың мінез туралы не дегенін өзің де білесің, абыздың пышағын заман топырағы дат бастырған болар, қазір қайыру бермей қақшаңдап, айбаты шапшып аспандап кеткен нәрсе де мінез болып тұр ғой, мүмкін мына құбылғыш уақыттың шайтани мінезі  қиындап кеткен болар» деймін. 
         «Қазақтың қара сөзін бір кісідей құбылтамын, қойша айдаймын, маған сөзден түйін түю қиын емес, ойдан түйін түю қиын, қаламның кейде өзіңе де бағынбай кететін мінезін сіз де білесіз ғой, бірақ артында арамдығым жоқ, ақиқаты осы болар деп алысқа тартатыным бар, әйтпесе ұзында өшім, қысқада кегім жоқ, жер өртеп, ат шығаратын да адам емеспін. Айтсам тілім жазықты, жазсам қолым жазықты» дейді ол өзіне тән шешендігіне қол артып. Жазуын жазғанмен, әр шығармасына әдеп пен әділдік өлшемі қажет екенін де терең ұғынатын талант екеуара сыр ағысында бұл тұрғыда айтарын талай рет ашыла ортаға салғаны бар.
         Кезінде, әлі де, азаттық таңы шапағын түре қоймаған кезде Рахымжан «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет атқарды. Сол кездегі ұран да, ұрыс та айдынын алып қашқан Арал теңізінің тағдыры туралы өрбитін. Екі бұрымы – Әму мен Сыры теңізге жетпей жұтылып, су басындағыға ұтылып, жоспар деген құтырып тұрған кезінде «Қазақ әдебиетінде» Рахымжан: «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген  мақалалар шоғырын қоздатты. Су мен шу қатар ағып, қаламгердің қапысын тауып айтқан қос сөзі нақылдай нақышталып, ауыздан ауызға, қаламнан қаламға көшті. Арал туралы сөздер судай сапырылып, теңізге бөлінген қаржының қаға берісте қолжаулық болғаны да назардан тыс қалды. Теңізге құйылған сөздер ескегі еспе құмға шаншылған аралдықтардың сағына күткен суына айнала алмаса да, Кіші Аралдың келбетіне қан жүгіріп, құмға батқан кемелердің дат басқан іліңгірлері айдынға үмітпен көз тастады.
         Көпшілік нақылға айналған бұл тіркесті ауызда ойнатты, жария етіп жайнатты. Жас қаламгерге мақтануға тұратын жағдай еді. Тарихи әділдікке жүгінсек, бұл сөз – ақиқат сөзі болатын. Ғылыми дерек бойынша 12-15 миллион жылдық тарихы бар, кезінде Тетис атты ұлы мұхиттың шүңгүлі болған Көк теңіз –  Кердері теңізі – Арал жағалауына жапырлай қонған талай елдің тағдыры да, ән-жыры да болғанын ешкім жоққа шығара алмас. Құлындай тулаған қаязы мен сары бауыр сазаны бастатқан сан балықтың атасы да осы айдында дүрмеп көшіп, дүркіреп жосылып жатыпты. Қанатын жел қаққан құстай жыртылып айырылатын бұл теңіз Ел айырылғанда еншімізден де қол үздірген Еділ бойы аштыққа душар болғанда кешегі көсемнің хатына он төрт вагон балық жіберіп, жалпыкеңестік жарияға жалпыұлттық еңбекпен жауап берген Арал еді бұл. Қазақтың несібесін қазанға салған қазына еді қарт теңіз.
         Бірде, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, «кезінде Арал тағдыры – адам тағдыры» деп жазып, қалың елді үміт қанжығасына байлап қойғаным бар еді. Бірақ Аралдың орнына келмейтінін біле жүріп, елді елеңдетіп  жазып,  үмітін алдадым ба? деп кейде ұялатын болдым. Сөз оңай, іс қиын екенін білетін жасқа келдік қой, соным қате, асығыстық болды-ау деп өкінемін. Көпті алдағандай болып, көп ұялатын болдым, бұған не дейсіз?» дегені бар-ды. Рас, көптеген қаламгерлер осынау қанатты сөзді қағып әкетіп, желкендей желбіретті, өлеңдей мөлдіретті. Қарыс-қарыс жинақтар шығып, қалыс-қалыс пікірлер айтылды. Іліңгірлері құм қауып, келмеске сапар шеккен кемелердің қаңқасы әлі сол күйінде: «Рахымжанның айтқаны дұрыс еді, айдаушылары адастырып кетті-ау» деп  жатқандай болады да тұрады. «Арал тағдыры – аран тағдыры» болды деп күйзелетін шамшыл қаламгер. Бұл да оның аузынан оқыста ұшып шыққан оқ секілді сөзі болатын. Желге бағынған жебедей болған сол сөз әлі де айтылып қалады. Айтылған сайын Рахымжан еске түседі.
         Арал туралы сиырқұйымшақ сөз болса, қысыр мәжіліс құйысқанға қыстырылса, Рахымжанның осы айтқанын малданған, үміт күтіп алданған алаң жұрт та еске түседі.  Кешегі күнгі Жайық атты жанды судың, Қиғаш атты қанды судың, тепсініп келіп тебіскен, қылыш пен найза көріскен Тептердің бойын бірге аралаған кездерде, кешегі Сарайшықтың  кешегісін жыл сайын шайып, ертеңінің ендігін кесіп бара жатқаны да әңгімеге тұздық болып, жазатын нәрсе көп, қазатын кім бар, айтатын нәрсе көп, алатын кім бар деп бірге тебіренген шақтарымыз да енді бәлду-бәлду бәрі өтірік секілді.
 «Жазсақ,  осыны жазайық, қазсақ осыны қазайық, жағасында жүрсің ғой, қаламыңды қыса ұста» дегенмін. «Жиен ел болмас» дегендей, қаһарлы Грозныйдың қаптаған жасағынан қирандыға айналған Сарайшықтың мөлдір көлінде жүзген ханшайымның алтын қайығын енді табатын шығармыз деп қуанып жатырмыз. Мұны сен көре алмай кеттің, інім Рахымжан. Бірақ рухың сезіп жатқан болар. «Анамды жұтқан Ақ Жайық осы» деп жағасында мұңайып тұрып сыр айтқаның да есімде.
         Еліміздің Батыс өңірінде қайтыс болған адамның жетісін, қырқын айтпағанда, жүзін, яғни жүз күндігін беретін де дәстүр бар. Сол дәстүрге қол ұра отырып, Рахымжанның жүз күндік қадесі қарсаңында оның айтқан және ол туралы айтылған кейбір сөз сыралғыларын ортаға сала кеткенді мақұл көріп, осы бір жазбаны  бастап түсіріп едім. Жұмбағы көп жарыстың алашаңы алаңдатып, жазбаның нүктесін қоюдың орайын келтірмеді. Сәті енді түсті. Бұл да қазақ салт-дәстүріне оғаш болмас, орайы тапса оңынан кірігер қажетті қосымша болар деп ойлағанмын. Әр қаламгердің болмыс-бітімін кейіптеу дәстүрінде мұны да реті келгенде нақыштап отырсақ, айыбы болмас. Қайта оның мінез-құлқы мен қаламгерлік қасиетіне керекті сызба болып қосылар деп ойлаймын. Бірақ қарбалас тірлік, күйбең күндер араны созып жіберіп, әңгіменің басын қайырудың реті енді келгенмен: «аға, осы мемсыйлықты біреуіміз алсақ» екен деген інілік пейілі Алланың дәргейіне шалынған екен, бұған да тәубә.
         
Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Таланты кенен Тоқтағұл
11 июль 2019, Четверг
Таланты кенен Тоқтағұл
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
МӘҢГІЛІК   ЕЛДІҢ   МАРАПАТЫ
10 июль 2019, Среда
МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ МАРАПАТЫ
БӘЙТЕРЕК
01 август 2019, Четверг
БӘЙТЕРЕК
Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость Williesox
Гость Williesox Гости 31 июля 2020 21:16
Светящиеся шары ---- Кликай по ссылочке! ---- чемодан для ручной клади купить недорого ---- Нажмите на ссылочку, чтобы посмотреть сайт ---- https://vozdushnye-shariki.ru/folgirovannye-shary/shary-bubbles/ ---- Все для праздника ---- снять офис в бизнес центре ---- Все для посетителя ---- бизнес центр w плаза ----- вот ещё одно предложение ---- омега плаза бизнес центр ---- Посмотрите дверь ---- стальные двери цена госуслуги вход через есиа быстрый займ на карту 50000 2353listtest
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры