Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29

БӘЙТЕРЕК

01 август 2019, Четверг
724
1

Халқымыздың көрнекті қайраткер тұлғаларының бірі, мемлекетіміздің  1997-1999 жылдардағы Премьер-Министрі, отандық  мұнай және газ өнеркәсібінің  біртуар  маманы, алаштың ардақты  азаматы  Нұрлан Өтепұлы  БАЛҒЫМБАЕВ тірі болғанда 70 жасқа толып, байтақ елімізде барынша құрметпен мүшелтойы өтіп жатар еді.
 

*  *  *


 Тәуелсіздіктің  қызығы мен қиындығы, нарық пен халықтың әлеуметтік  таныстығы  енді басталып, жаңа жатырқатып, ескі есіркетіп жатқан кез еді ол. Тәуелсіз күндердің томағасы алынған кезде ұшар қанатқа  демеу, жүрер жолға жебеу болатын  күш те, күдік те – қара алтынға деген халықтық үмітте жатты. Кеңестік кезеңнен кернеуін сақтап жеткен: «Құдай байытпағанды – мұнай байытты» дейтін сөз бар-ды. Бұл сөз кезінде қызыл үгітке қылаусыз қызмет жасады. Одақ ыдырап, ойға шауып, орайын тауып, қырға шауып  аларын алып, қолда барды ұқсата білуге деген ел қимылы бірлікпен шегенделді. Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт  ел «бойжетіп отырған сұлу қызы бар кемпір мен шалдың ауылына» қарай өкше көтеріп, өрісін кеңейтудің  ыңғайына  бейімделді. Алыс-жақын алаш жұртына назар салды. Сындарлы кезең сапқа тұрды. Осынау  сындарлы кезең  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен болашақ Премьер-Министр Нұрлан Балғымбаевты кездестірді. Осы кездесу  Нұрлан Өтепұлының  өмірбаянына өнегелі, өркенді жаңа беттер қосты. Азаматтың  абыройлы баспалдақтары елдік биіктікке көтерілді. 
         1994 жыл. Мен онда Атырау облысындағы Мақат сайлау округінен сайланған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты едім. Өңірлерге сапар барысы жергілікті жерлерде  аса күрделі жағдайда жүріп жатқан тәуелсіздік тынысын қапысыз көрсетіп, елдің алаң көңілі мен арман-үміті  бірдей тоғысып, әлеуметтің әлеуеті бірде  жұмбақ, бірде сырғақ болып жатқан-ды. Әсіресе, мұнайға үміт артқан халықтың  мақсат-мүддесі  базарға кеткен әкесін күткен баланың  кейпіндей болатын. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Жоғарғы Кеңестің кезекті пленарлық отырысына Нұрлан Балғымбаеты ертіп келді. 
         Ол елдегі экономикалық, қаржы-қаражаттық  ахуалды бажайлап айтып, байыптап түсіндірген соң, Нұрлан Балғымбаевты Қазақстанның Мұнай және газ өнеркәсібі министрі лауазымына ұсынып, депутаттық корпустан үміткерді қолдауды сұрады. Парламент регламенті бойынша  талқылау, сұрақ-жауап алмасу қызу жүріп берді. Еліміздегі мұнай-газ қоры, оның өндірісі, проблемалары, ең бастысы, қолда бар шикі мұнайды еселеп өндіріп, құнды тауарға айналдыру жолдарын туралы егжей-тегжейлі  саралап берген болашақ министрдің өз саласын жетік білетіндігі, нарықтық қатынастардың қағида-қалыптарын  меңгергендігі, халықаралық  нарыққа шығудағы  іскер көзқарасы мен  істің көзін табар принципі  Парламентке  лайықты кандидатура келгендігін көрсетті.
         Әрине, бірден келіскен жалпақшешей пікір болған жоқ. Талқылау барысында  17 депутат сөз алып, өздерінің пікір-көзқарастарын жан-жақты ортаға салды. Өз кәсібін жете меңгерген маман кадрдың  мұнай алдында тұрған міндеттерді толық саралап, талдап, таратып айтуы Парламенттің  қызу температурасын өз деңгейіне түсіріп, дауыс беру нәтижесінде барынша басым дауыспен Нұрлан Балғымбаев еліміздің Мұнай-газ өнеркәсібінің жаңа министрі мандатына ие болды.
         Соның алдында ғана мұнайлы өңірдегі кезекті іссапардан оралған бетім еді. Елдің мұнайға артқан мұхиттай үміті, алдағы күндерде осы саланың қарымы арқылы тәуелсіздік тұғырын тіктеп кетудің жай-жапсары, іс тетігін іскер кадрға тапсырудағы халықтық қағида, ел аманатына адалдықты  азаматқа сеніп тапсыру жөнінде мен де өз ойымды ортаға салып, әріптестерден үміткерді  қолдауға шақырдым. Менен кейін сөйлеген депутаттар: «сол өңірден сайланған депутаттың уәжі бәрінен де сенімді әрі шыншыл» деген ұстанымдарын айтып, сөзімді бірауыздан қостап шықты.         Университетті  бітірген соң жолдама бойынша 1974-1976 жылдары сол кездегі Маңғыстау облыстық газетінде тілшілік қызмет атқардым. Сол кезеңде өңірдегі белгілі мұнайшылар мен бұрғышылар, геологтар мен операторлар туралы біршама қалам тербедім. Сол сапарлар барысында Маңғыстау өңірінде Нұрлан Балғымбаев атқарған азаматтық істердің  жақсы мысалдары жарқырап шығып жататын. Бірі оның кәнігі маман екенін, істің тетігін тез табатындығын айтса, бірі оның табандылығы мен тазалығын, әділдігі мен шешімпаздығын айтатын, енді бірі  жолдастыққа берік, достыққа адалдығын сыр ететін. Маңғыстаудың маң даласында шұбырған мұнайшы іздерінің  бірі Нұрлан Балғымбаевтың өшпес сүрлеуі, өшірілмес  ізі болатын.
         Тектінің тұяғы, шалқар айдынның қияғы еді ол. Өмірі өзгеден бөлекше еді. Әкем марқұм оның әкесі, кезінде менің туған ауданым Жылыой аупарткомының бірінші хатшысы,  Гурьев облыстық атқару комитетінің төрағасы болған Өтеп Балғымбаевты аузынан тастамайтын. Оның ашық та әділ мінезін, халқына қылдай қиянаты жоқ қылаусыз қызметін,  қарапайым,  қатал да турабишіл талабын үнемі мысалға алып, босаң басшыларға деген өкпе-назын білдіріп отыратын.
         Кейін осылардың бәрін жеке кездесіп, сырласып отырғанда айтқанымда Нұрекең  арқаланып кетті. Оның осындай арқаланып, аруақтанып кеткенін екі рет көрдім. Екіншісі, ұлтымыздың ұлы қаламгері Әбіш Кекілбаевтың бір салтанатты шарасында той тізгінін ұстауға тура келді. Сонда: «Баяғыда желмаямен жер кезіп, жерұйық іздеген Асан Қайғы бабамыз Шыңғырлауға келгенде: «Ей, Шыңғырлау, жылқы өзі өскен жоқ, сен өсірдің! Шыңғырлау ренжір, түйенің қомын шешіп, жағасына аунап-қунап түнеп кетейін» деп  сол жерде үш түнеп  аттаныпты» деп айта келе, осы сөзді  ойнатып: «Ей, қазақ мұнайы, сен өзің өніп жатқан жоқсың, Нұрлан Балғымбаев өндіріп жатыр» деп оған сөз бергенімде ардақты аға сұңқардай сілкініп, аруақтанып кетіп еді. Нұрекең онда «Қазақоилдың» президенті болатын.
         Тұлпардың  тегін тұлпар таниды, сұңқардың  самғауын сұңқар ғана көре алады ғой. Осы орайда  Елбасы елдің мұңы мен мұқтажы иығынан басып, тәуелсіздіктің  талайлы кезеңінде талантты мұнайшыны тауып, жырақта жүрген жерінен (ол кезде Нұрлан Өтепұлы Америкада, мұнай саласында білім алып, «Шеврон» компаниясында тәлімгерлік тәжірибеден өтіп жатқан) елге қайтарып, үлкен сенім білдіріп, әуелі министр, кейін Премьер-Министр етіп тағайындады. 1994-1999 жылдар аралығында Қазақстанға келген шет елдік алып компаниялардың, соның ішінде мұнай-газ саласындағы әлемдік дәрежедегі бірлестіктердің сеніміне кіріп, мемлекеттің экономикалық-әлеуметтік әлеуетін көтеруге үлес қосуында Нұрлан Балғымбаевтың   ерекше маңдайтері бар. 
Мемлекет халыққа сенім инвестициясын берді. «Chevron Corporation», «British Petroleum», «Mittal», «Samsung», «General Electrics», «General Motors» секілді әлемдік бизнестің алпауыттары, соларға ілескен және басқа халықаралық дәрежеде кеңінен танылған компаниялар қазақ еліне алаңсыз келді. Осының нәтижесінде Қазақстанның астанасы жаңа қонысқа көшіп, халықаралық геосаяси картада тәуелсіз еліміздің тұрақты қонысы бой көтерді. Астананы көшіріп-қондырудағы Нұрлан Өтепұлының ұйымдастырушылық, іскерлік, азаматтық болмысы жаңа қырынан танылды.
Текті жердің  тебінінде, көргендінің көрігінде өскен ұл қырдағыны қиядан шалатын, қиядағыны  қиналмай алатын,  сертке келгенде  семсері қынында қылпитын  азамат болып ержетеді. Осылай ержеткен Нұрекең  томағасы алынып, топқа түскенде тақымы берік   шабандоз, қолы қарулы қамшыгер бола алды. Бекзаттық  болмыс, салдық  сымбат, тізгіндесіп  түзілген  ой мен  әрекеттің еркіндігі оны көп қатарластарынан  оқшау көрсетіп тұратын. Ол өмірден  өткенде отбасына жолдаған көңіл айту жеделхатында Нұрсұлтан Әбішұлы оның  азаматтық  тұлғасына осы тұрғыдан келіп,  айырықша сипаттама бергені жайдан-жай емес. 
         «Мәскеу  бір күнде салынған жоқ» деп тәмсілдейді орыс халқы. Әлемдік геосаяси тарихта қай астана да бір күнде салынбаған. Бірдің ұсынысы Мыңдардың қостап-қолдауына ұласқан сол бір жасампаз жылдарда елдік бірлік пен ынтымақ Астана төрінде Бәйтерек болып бой көтерді. Есіңізде бар шығар, қадірлі оқырман, астана төрінде асқақтап, күні бүгін Елорданың ұлттық нышанына айналған Бәйтеректі 1997 жылы 97 метр биіктікке көтеріп, алып самұрықтың алтын жұмыртқасын ұлттық ұяға  салған әлеуетті қолдың бірі  Нұрлан Балғымбаевтікі екенін тарих ұмыта қойған жоқ.
         Қапияда жоғалған жанды іздеудің де сан түрі бар. Бәрінде де еске аласың, өкінесің, онымен болған жақсы күнді жадыңда тірілтесің. Жақсылығын айтасың, елге сіңірген еңбегін айтасың. Одан басқа қолдан не келеді деп ойлайсың. Жоқ, бұдан басқа қолыңнан келетін іс жетерлік. Оны үлгі-өнеге етудің  сан алуан жолы бар: естелік жазу, эссе туындату, естеліктер кітабын шығару, замандастарының  лебіз-сөздерін, пікірлерін түзіп, ортаға шығару, туған күнінде имани дастархан жайып, құран бағыштау, елді мекендерге, мектептер мен оқу орындарына, көшелерге атын беру, ескерткішін соғып, елдің назарына ұсыну, еске алу кештерін өткізіп, жас ұрпаққа тәлім-тәрбие етіп ұсынып отыру, тіпті ұрпағыңа ретті жерінде осындай ақжарма азамат болғанын айтып отырсаң да үлкен сауап емес пе?     Нұрекең Елбасының кеңесшісі болып, Ақордада отырған кезде екеуара шегараның шегені  ашылып, жиі кездесіп, аға-іні болып емен-жарқын әңгімелесудің реті келді. Қазақ мұнайының 110 жылдығы қарсаңындағы күндерде «Егемен Қазақстанда» жарияланатын мақаласының ау-жайы туралы көбірек кездесіп, ел мен жер хақында тереңдеу сырласудың тиегі ағытылды. Бірімізге біріміз жақындай түстік. Алпыс жасқа толғанымда арнайы келіп, жүрекжарды сөзін айтты. Сол тойымда алаштың аяулы ақын қызы Фариза апам тұңғыш рет асаба  болып, Әбіш ағам кеңінен толғап бастап сөйлеп, мені Бәйтеректің бұтағы, Қаратау бидің ұрпағы деп көпшілікке жаңаша таныстырып еді. Осынау әзиз жандардың бәрі де қазір ортамызда жоқ, өмірдің өкініші осы емес пе? Күні кеше жанымызда жүрген жайсаңдарды енді іздесек те  таба алмаймыз. Бұл жоқтың бағасы – қымбат. Соның бірі – Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев.
         Нұрекеңнің кесек, қызық мінездері бар еді. Аяқ астынан шешім қабылдаудағы, өзін толғандырған сауалға жауап іздеген кездегі албырттығы мен алғырлығы  тең түсіп, байыз таппай кететіндігі  оған жарасып тұратын. 2013 жылы сәуір айында Нұрекең әкесі – Өтеп ағаға арнап ас беріп, шүлен таратты. Атырау бойы салтанат пен мархабаттың шұғыласына бөленіп, ұлттық ойындарға ұласып, аламан бәйгенің дүбірі Жайық бойын жағалап кетті. Нұрекең өте көңілді жүрді. Әкесінің көзін көрген, қызметтес болған ағалары қаумалап келіп, ортаны толтырып, оның жан дүниесінің жайлауын құлпыртып жіберген-ді. Үлкен астағы кіріспе сөзді маған бастатып, Өтеп ағама арнаған жырымды жанары боталап тыңдап, арқамнан қағып, бауырына басқан кездегі мейірімді жылуы әлі бойымда. 
         Нұрекең мінездің азаматы еді. Сол мінезі Ақордада да көрінді. Бірде мені телефонмен шұғыл шақырып, «екі жылдай үлкен кісіге кеңесші болдым, бұл жерде бұдан әрі отыра берудің қажеттігін таппай отырмын, одан да мұнайшылардың арасына барып, өзім білетін жұмысты қоян-қолтық қолға алсам деймін, Елбасының атына өтініш жазғалы отырмын, соның мәтінін келісіп алайық» деп тосыннан сөз бастады. «Өтінішті қай тілде жазғаным дұрыс» деп маған шаншыла қарады. «Әрине, қазақ тілінде жазғаныңыз жөн болады» дедім. Арада жарты сағат өткенде өтініш дайын болып, Нұрекең Елбасыға көтеріліп кетті. «Келгесін хабарласам, орныңда бол» деді шегелей сөйлеп. Бір сағаттың шамасында қайта оралып, оның келісімін алып келді. «Міне, енді мен еркін адаммын» деді күлімсірей тіл қатып. Ақ жол тілеп, ағаның қолын алдым. Осылайша өз мінезі өзіне ғана жарасқан, қазақ мұнайының мәртебесін көтеруде елеулі еңбек еткен кешегі Премьер-Министр мемлекеттік қызметтің тарихи сахнасынан түсіп бара жатты. 
         Нұрекең мұнай саласындағы халықаралық құрылыстың басшысы болып, жаңа жұмыстың тізгінін ұстады. Астана төріндегі биік ғимараттың он бесінші қабатынан жайлы орын жасақтап, жастайынан етене болған мұнай майданына кірді. Сонда жүргенде, екі жылдай уақыт бұрын,  Нұрлан ағама сәлемдесе барғанымда әншейінде жанары жарқылдап, жағасы жайлауда отыратын ол кісінің жүзіндегі нұр сәл солғын тартқандай көрінді. Қазбалап сұрасаң қағып тастайтын мінезін білгендіктен, орағытып сөз бастап едім, «Мен ауырып қалдым, анау-мынауға бой алдырмайтынымды білесің ғой, біле жүр, алда алапат күрес тұрған секілді» деп салқындау жымиды. 
2015 жылдың қазан айының басында Атырау жақтан тағы бір салқындау сөз жеткен. Ағамыз туған топырағына табан тіреп, ағайын-туманың көңілін қобалжытып жатыр деген соң, жұбайым Нағима екеуіміз Атырауға алаң көңілмен жедел жеттік. Қайсар мінезді қайран аға, қабағын ашып, бауырына басып, жасымай қабылдап, бетімізден сүйіп, төргі үйінде тік отырды. Қуанып қалдық, тіпті қарғып тұрып кетіп, арғымағына қол созып, құйрық-жалын төгілтіп, құйғытып шауып кетердей көріп, көңіл бірлеп, тойға шақыруға да рет таптық. Тек қоштасар сәтте, орнынан баяғы әдетінше жеңіл тұрып, залдың ортасына жете бере: «Өтеген, бері кел, айтар сөзім бар», деп шақырғанда тойға келіп қалар деген дәме көңіл бас көтеріп  қалып еді. 
«Бауырым, мен шаршадым, жеңілмейін деп күрестім, жеңе алмайтынымды сездім, сенің балаңның тойын ашамын деген уәдем бар еді, Алланың ісіне адам не істей алады? Алыстан хабар алып, аңдап жүргейсің. Ешкімге ешнәрсе демей-ақ қой, саған тапсырма, менің құлпытасыма жазылар бір шумақ өлең жаз, ұзатпай жібер» деп, жаутаңдап қарай берген мені бауырына тартты. «Құдай қуат берсін, аға, әлі-ақ тұрып кетесіз», дей бергенімде, «Болды, жолдарың болсын, балаларың бақытты болсын, тапсырманы тез орында» деп қысқа қайырды. Ағаның мінезін білгендіктен енді ештеңе айта алмадым.
Мінез демекші, Нұрекеңнің  ақтық сапарға дайындығы да  ерекше болды. Осы күндерде ол  өзінің мәңгілік мекенін Атыраудың шығыс бетіндегі үлкен қауымдағы   анасының қасынан дайындатып, қай жерде жатады, жаназасын қай молда шығарады, сүйегіне кімдер кіреді, асы қай жерде беріледі, кімдер ас тізгінін ұстайды, естеліктер кітабын кімдер құрастырады, жетісі, қырқы, жылы қай жерлерде беріледі бәрін жіпке тізіп жазып,  құлпытасының  жобасын өзі сызып, қолын қойып бекітіп, өзі сенген азаматтың қолына берген. Бейітінің басына қойылар қызыл граниттен тұтас қашалған бәйтерек-діңгекті қай жерге қою жөнінде өзі қатысып, түсіндіргенде жағдайдан бейхабар краншы орыс жігіті: «когда начнем?» деп сұрағанда екі қолы қалтасында тұрған Нұрекең жайбарақат қана: «потом скажу» депті.  Алланың пәрменін асқан азаматтық, дәргейлі дәрежеде қабылдап, имани дайындық жүргізген. Соңғы сапарын сабырмен қабылдап, салқынқанды шешім қабылдау кез-келген жанның қолынан келе бермес. 
Арада үш-төрт күн өткенде телефонмен хабарласып едім, қысқа амандық-саулықтан соң: «Тапсырмам не болды? Жібер.  Мені ұмытпай еске алып жүр» деп қысқа сөйледі де, жөтел қысып булығып қалды. Сол күні жаным жабырқап отырып, бір шумақ өлең жаздым да: «Аға, тапсырмаңызды орындамасқа амалым қайсы», деп жазғанымды интернет арқылы жолдауға мәжбүр болдым. Алдым деп хабарласты.  Сонда жазылған эпитафия мынау еді: 
                                      Ту тікті:  туған елінде,
Қазақтың  байтақ  жерінде,
                                      Мансап  пен даңқ төрінде,
                                      Ізгілік болып  еңбегі,
                                      Із тастап кетті  өмірге!..
                                      Араша бар ма өлімге?          
Бірақ, көңілімде Нұрекең ауруға бой бермей тұрып кетер деген үміт бір сәтке де үзілген жоқ. Қаралы хабар жеткенде де сене алмай көп отырған жайым бар. Өлімге қияр адам емес еді. Оның өн бойынан, жүріс-тұрысынан өмірге деген құштарлық есіп тұратын. Онда толқыған теңіздің мінезі бар еді, шалқыған даланың шуағы бар еді, басын қар жапқан заңғар таудың биіктігі бар еді, туған халқына тартқан тұлғалық қасиеті бар еді.  Тахуа тағдыр оған ұзақ ғұмыр берген жоқ. Маңдайдағы жазуды таңдайдағы сөз өзгерте ала ма? Тәйірі жарқылдап туып, жасындай жанған мұндай азаматқа алпыс сегіз жас көп емес қой. Албырт шағы мен алғыр шағы алға озып, жетіқат жердің қуатын алтықат аспанға шығарған азаматтық қайрат қыдырлы  ғұмырында жарқыраған із қалдырды. Өзі де Бәйтеректей азамат еді, рухы биікке самғап кеткен болар. Тірі жүргенде ортамызда жетпіс жасын  өзі барынша сүйіп, қадірлеп өткен елімен бірге атап өтіп, жарқылдап, жайнап отырар еді. 
 Енді оның жетпіс жылдығын туған халқы атап өтіп жатыр. 

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

Пікір қалдыру
Пікірлер (1)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Гость HermanGed
Гость HermanGed Гости 19 апреля 2020 01:02
doom ---- Различные игры для ПК ---- электронный ошейник для дрессировки ---- Для собак магазин ---- ввгнг ls 5х50 цена ---- Если нужен софт ---- Скачать Java 8 64 bit для Windows 8
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры