Байланыс телефондары:
+7(7172) 20–44–53
+7(701) 533-12-29
» » НЫҒМЕТ АЙЫ – НАУРЫЗ

НЫҒМЕТ АЙЫ – НАУРЫЗ

22 июль 2019, Понедельник
1 054
0

Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,

ақын,  Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты


                            НЫҒМЕТ АЙЫ – НАУРЫЗ

Ұлыстың  ұлы  күні – «Наурыз мейрамын қалай жаңаша өткіземіз?» деген ойталқыға орай

         

         62 жыл абақтыға жабылған Наурыз мейрамын қайта жандандырып,  жаңаша өткізудің сәті Желтоқсан оқиғасынан кейін, 1988 жылы жүзеге асты. Әрине, халық бар жерде, қалып бар. Салт-дәстүр бар жерде жалғасқан өмір бар. Өмір бар жерде өскелең жол, өнегелі ұрпақ бар. 1986 жылғы мұзда жанған алау тәуелсіздіктің ту көтеруіне алып келді. Бұл – ерлік пен елдік. Елдік пен еңбек тізе қосқан жерде береке бар, бірлік бар жерде жеңіс пен жеміс бар. Ұлттың ұлы күнін озбырлық пен одағайлық мәңгілік бүркеп тастай алмайды. Ата-бабамыз ғасырлар бойы атап өтіп келе жатқан бұл мейрамды діни мереке деп танып, тұтқиыл тұжырым жасаған тарих та келмеске кетті.

         Бірақ наурыз мейрамын сол кездегі «Лениншіл жас» газеті  жыл сайын,  22-ші  наурыз күні арнаулы нөмірмен атап өтіп отырды. Жасыл бояумен шығатын арнаулы нөмірді ел елеңдеп күтіп отыратын. 16 жыл бойы осы жастар газетін басқарған сардар басшы, саңлақ азамат Сейдахмет Бердіқұлов наурыз нөмірі үшін жыл сайын Орталық комитеттен ескерту, сөгіс алатын. Бірақ қайсар ағамыз қайтқан жоқ. Халық үшін жанын шүберекке түйіп өтті. 1988 жылы «Лениншіл жас» газеті Мұхтар Шахановты дәстүрлі «Сұхбат-телефон» айдарына шақырып, жарияланған арнаулы бетті Г. Колбиннің  назарына жіберді. Елден келген жүздеген хаттар бұған қоса тіркелді. Бұл үлкен мақсатты көздеген сұхбатты ақын Әділғазы Қайырбеков екеуіміз жүргізген едік. Мұны Мұхтар ағамыз өзінің «Желтоқсан эпопеясы» атты кітабында арнайы атап өтеді.

 Сол жылғы наурызда  Республика сарайында ақындар айтысы өтіп, кезіндегі қатал сұрып, кіді бақылаудан өтетін Ленин сарайының сахна төріне Мардан Байділдаев ағамыз арнайы барып  Ұзынағаштан  әкелген  ақбоз атты бірге  жетектеп шыққан күнім де әлі есте. Бас бәйгені алған ақын қыз Жадыра Құтжанованы ақбозға мінгізіп, халық дүрк көтеріліп, сарайдың іші жаңғырған сол күндер де енді тарих еншісінде. Қайта келген наурыз қазақтың намысы мен сенімін қайта ұштаған болатын. Дәстүріміз төрге озған шақ еді.

         Содан бері Наурыз мейрамы дәстүрлі түрде жыл сайын тойланып келе жатыр. Бірден көтеріп әкеткен Оңтүстік пен Батыс өңірдің  қызу әрекеті біртін-біртін шығыс пен солтүстікке де жетті. Батыс  бұрыннан тойлайды. Орал, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау өңірі 14-ші наурыздан – Амал күнінен, Көрісу күнінен бастап  ұлыстың ұлы күнін жылдар бойы үзбестен атап өтіп келеді. Көрісу мерекесі деп аталатын күн біздер, оқушылар үшін де, ерекше қуанышты күн болатын. Мектептің алдында ұзын дәліз жасап, қаз-қатар тұрып, келе жатқан барша ұстаздарымыздың қолын алып, көрісуші едік. Содан кейін аталар мен әжелердің, ағалар мен апалардың үйін жағалап жүріп, көрісіп шығатынбыз. Бұл, кейін ойлап қарасақ, ұлттың ұлы күні екен, салт-дәстүріміздің өлмес, өшпес болмысы екен. Ата-бабамыздың бізге қалдырған ұлы өнегесі мен тәрбиесі екен. Бұл күннің дінге еш қатысы жоқ. Құрмет пен тәрбиенің, қасиет пен өсиеттің, үлкен мен кішінің, ағайын мен алыстың, жақын мен қалыстың арасын дәнекерлеп тұратын игі дәстүр, жақсы жоралғы. 

         Жақында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының  «Наурызды жаңаша өткізу туралы ой-пікірлері» БАҚ беттерінде жарық көрді. Ұмытпасам, ол бұл орайдағы ұсыныс-ойларын бұрын да бір рет көтерген. Енді осыны дендеп іске асырудың жай-күйі күн тәртібіне түсе бастағаны үлкен жаңалық. "Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тəлім-тəрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни ұстанымына  қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мəн бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек", - деді министр. "Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық  қойылым  көрінісінен аспауда" деген пікір тұрақтанғаны да  рас. "Сондықтан мерекенің өзіне сəйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дəрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бəрі де қатысушы", - дейді Мұхамедиұлы мырза. Әрине, халық қатысқан істе қадір-қасиет бар.

 Осы орайда ол Наурыз мерекесі халық арасында кеңінен тойлануы үшін əлі де жұмыстар жүргізілу қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, жаңа жылда Аяз Атаның, Рождествода Санта Клаустың сəбилерге сыйлық беруі, отбасы мүшелерінің бір-біріне тарту-таралғы жасауы сияқты дəстүрдің берік орнығуы бұл мерекелерді халыққа барынша жақындатады. "Жаңа жылдан əрбір бала тосын жаңалықтар күтеді. Наурызда да балалардың есінде қалатындай мереке сыйлағанымыз жөн. Демек, Наурызды тойлау арқылы біз бар жақсылығымызды, шарапатымызды бүлдіршіндерге арнауымыз керек. Қазіргі заманға лайықтап, шоколадпен көмкеріп, көрнекі қаптамасын жасап, көз тартар қорапқа салып, ұлттық тағам аясында əзірленетін жент, талқан, балқаймақ, кілегей, құрт, сүзбе, уыз, ірімшік жəне тағы басқаларын əдемі етіп əзірлеу процесін жолға қоятын мезгіл жетті", - дейді ол. Уақыты келген нәрсеге бақыты байланады.

 Ой салатын, ойланатын, көп болып қолға алатын, жалпыұлттық пейілмен толғанатын ұсыныс ортаға түсті. Наурызды тойлаудың шеңберден шықпайтын жазылымы бар екені шындық. Қалыптан шықпай, киіз үй тігіп, наурыз көже пісіріп, дастарханның жылы-жұмсағын әкім-қаралар мен билікке бағыштап, есік күзеткен ерсі қылықтар да қазір дендеп бой көрсете бастады.

Наурыздың өткізілу форматын өзгерту үшін, осы айтылғандарды жүзеге асыру үшін не істеу керек? 

Біріншіден, оның әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси, жалпыұлттық тәлім-тәрбиелік жүйесі жасалуы керек. Ол үшін арнаулы мамандар мен қаламгерлер, театр мен музыка қайраткерлері, тарихшы-этнографтар  бірлесіп,  ортақ  сценарий жасауы қажет. Және ол арнайы көркемдік кеңестен өтуі тиіс. Бірақ, биыл оған үлгеріс бола ма, болмай ма, ол жағын айту қиындау.

Екіншіден, ежелден қазақ елі халық күнтізбесі бойынша жаңа «жылдың бірінші күні деп 14-ші наурызды» белгілеген. Батыс облыстарда бұл күн әлі күнге «Көрісу күні» деп аталып келе жатыр. Көрісу деген салт-дәстүр діни әдет-ғұрып емес, ұлттық-рухани атрибутика. 14-ші наурызда жаңа жылдың бірінші күні басталады, ал 22-ші наурыз – бұл күн мен түннің теңелуі. Яғни, күн тоғысы. 14-ші наурыз  амал кезеңі,  яғни ай тоғысы. Ескі айдың жаңа айға орын беруі, жылдың кіруі. Бұл тек қазақта ғана емес, бағзыдан түркі халықтарында болған дәстүр. Шығыстың ұлы шайыры Әбдрахман Жәми: «Он төртінші туған айсың, кімді саған теңейін» деп жырлаған. Яғни, айдың тоғысын жаңа күнге теңеген. Оңтүстікке наурызды қарлығаштар жеткізеді. Оны кей жерлерде нау құсы деп те атайды. Нәуірзек деп жүргеніміз де сол құс. Мұқағали: «Қарлығашым келдің бе, қаршығадан саумысың, аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау құсым» деп жырлаған. Нау құсымыз да айыр қанат, ақ тамақ қарлығаштар.

 Көрісудің идеясы қандай? Көрісу дәстүрі – халқымыздың бірлігінің, ынтымағының, достығының, ағайынгершілігінің, кішінің үлкенге деген құрметінің, жол-жоралғының көрінісі. Кезінде бұл дәстүр байтақ еліміздің барша өңірінде болған. Кейінгі кеңестік кезеңде жат идеологияның кесірінен жойыла бастаған. Ұлытау, Жаңаарқа өңірінде бұл дәстүр 60-шы жылдарға дейін болған екен. Семей өңірінде болғанын бізге Абай абызымыз айтады:

                   Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,

                   Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.

                   Шаруа қуған жастардың мойны босап,

                   Сыбырласып, сырласып, мауқын басып. (Абай, 1 том, 155-ші бет). Бір-бірін алты ай қыста көрмеген, көре алмаған жұрт қуана көрісіп, құшақтасқанын осы жырдан айқын көреміз. Қазір де Көрісу күнінде құшақтасып, төске төс түйістіріп амандасамыз. Наурыздың басы демек, осы Көрісу күнінен басталуы керек. Уәзірдің пікірі дұрыс, тарихи іс-әрекеттің сабақтастығы осында жатыр.

Қалай көрісу керек? Бұл мәселені де жаңаша талдап, дамыту қажет. Бұл да жалпыұлттық сипат алатындай қозғалысқа айналмағы ләзім. Әсіресе, балалар арасында, балабақшалар мен мектептерде бұл дәстүрдің мән-мазмұны, пішімі мен ажарлануы, тәрбиелік тағылымы басты орында тұрғаны дұрыс. Бұл тәрбиешілер мен ұстаздар қауымына үлкен міндеттер жүктейді. Бірақ оларға методикалық-тәлімгерлік, көрнекі құралдық көмектер қажет. Ол үшін министрлік тарапынан жүйелі сценарий түзілуі керек. Мүмкін келешекте, мұны мектептерде тәрбие сағаттары ретінде кіргізуге болатын шығар. Басқа да ұлттық мереке күндеріне қоса отырып.

Соңғы жылдары Маңғыстау облысы 14-ші наурызды «Амал мерекесі» деп атап, Отпан тауға жиналып, жалпыхалықтық мереке ретінде арнайы атап өтіп жүр. Шараның бағдарламалық ауқымы үлкен, руханияттық серпілісі жоғары, халықтық қолдауы биік деңгейде. Алматыда, Астанада осы күні батыс өңірлердің азаматтары бір жерге жиналып, бір-бірімен көрісіп, жан-жақты мерекелік бағдарлама жасап, атап өтіп жүр. Бұған секемшіл саяси көзбен қарауға болмайды. Халық қолдаған іс-әрекетте әрқашан берекет бар.

Үшіншіден, елімізде қазір атаулы күндердің сан түрі бар. Енді солардың қатарына 14-ші наурызды «Көрісу күні – Бірлік күні» деп ресми түрде заң аясында белгілеп берсе, мұны Қазақстан халқы қуана қостар еді деген ойдамыз.  Мүмкін «1-ші наурыз Алғыс айту күнін» осы күнге біріктіріп, қоғамдық-саяси реңін аша түсуге болатын шығар.

 Төртіншіден, ел аймағының ауа райлық ендіктеріне орай наурызды өткізудің тиімді нұсқалары екшелуі тиіс. Мысалы, Астана қаласында оны «Спорт-арена» секілді халық сиымдылығы мол жерде өткізсе, дұрыс болатын сияқты. Үлкен залдың ішінде бірнеше ұлттық спорттық, сайыстық, бәсекелестің іс-шараларды кезектес жүйемен өткізуге болады. 

Бесіншіден, осы жерде Наурызға арналған ақындар айтысын да өткізуге тиімді. Сонымен қатар, осы жерде Наурызға арналған ақындар мүшәйрасын өткізу, Наурызға арналған көркем сөз, өлең оқудан балалар арасында жарыс ұйымдастыру, ата-әжелер арасында салт-дәстүрге қатысты ойын-байқаулар мен тәлімгерлік сабақ өткізуді де ортаға салуға болады. 

Алтыншыдан, осы мереке аясында тұлпарлар бәйгесі, атан жарыс, қазақша ұлттық ойындар, киіз үйлердің көркемдік сапасы туралы сайыс, жаяу жарыс, әр жастағы балалар жарысы, халық ән-күйлерінен өнер жарысы жүйемен өткізіліп, ол бұқаралық сипат алса, Наурыздың ұлттық болмысы байып, сан этностардың да белсене араласуына негіз қалайды. Бұл өз орайында этносаралық ынтымақтың, сайып келгенде ортақ тұрақтылықтың тұғырын бекітеді. 

Жетіншіден, еліміздің барша ақпарат құралдары Көрісу күнінен тікелей хабар жүргізіп, Қазақстан өңірлерін тегіс қамтуға көңіл бөлсе, бұл күн келер жылдан бастап халық санасына орнығып, жалпылық сипат алар еді. Ол үшін БАҚ-тарда алдын-ала дайындықтар жүргізіліп, арнаулы хабарлар мен клиптер түсіріліп, Күннің мән-мазмұнын жұртшылыққа кеңінен жеткізудің кешенді іс-әрекеттері жүзеге асса, Наурыз мерекесі – 22-ші наурыз күні бірден елдік ауқымда қанаттасып, қазақ елінің береке-бірлігі мен тұрақтылығын одан әрі бекіте түседі.

Сегізіншіден, Наурыз көже дайындау дәстүрі жеке киіз үйлерде ғана өткізілмей, оны дайындаудың әр алуан шарттары жүзеге асырылса, тіпті Гиннестің рекордтар кітабына кіретіндей етіп, мол наурыз көже дайындалып, барша халық ауыз тиіп жатса, тіпті ғанибет емес пе? Және осының бәрі БАҚ арқылы әлемге таралып жатса, қазақ елінің ынтымағына төрткүл дүние назар аударар еді.

Тоғызыншыдан, бұған әрбір азамат  ұлтымның ұлық мерекесі деген парасат биігінен қарап атсалысса, сырттан сырдаң бақыламай, отбасын, туған-туыстарын, дос-жарандарын ұжымдастырса, Наурыз нығметі қанатын кеңге жая түседі.

Оныншыдан, Мәдениет және спорт министрлігі бастама көтерген мәселені басқа да министрліктер, мемлекеттік мекемелер жалпы елдік мақсат, Мәңгілік Елдік мұрат деп түсіне, тізе қоса қимылдаса, Тәуелсіздігіміздің туы биікте желбірейді. Көк туымызды Наурыз самалы тербейтін күн ұзағынан болғай!

Талқылау

Сондай-ақ оқыңыз:

ҚАҒБАНЫҢ  ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
22 июль 2019, Понедельник
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ  (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
25 август 2014, Понедельник
ТЕКТІ ӨНЕРДІҢ ТҰМАРЫ (ЭССЕ – ЕСТЕЛІК)
ӨЛЕҢНІҢ  ӨЗЕГІ – ӨМІР
21 март 2019, Четверг
ӨЛЕҢНІҢ ӨЗЕГІ – ӨМІР
ПІРДІҢ  СОҢЫ  –  БЕКЕТ АТА
10 июль 2019, Среда
ПІРДІҢ СОҢЫ – БЕКЕТ АТА
САМАЛ СЕЗІМ
10 июль 2019, Среда
САМАЛ СЕЗІМ
Пікір қалдыру
Пікірлер (0)
Түсініктеме
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы
"Ақпараттық-технологиялық орталығы "РМР" Қоғамдық қоры