Алатаудан өрiледi мың бұлақ,
Көз ұшында көрiнедi мың бұлақ,
Сылдыр-сылдыр төгiледi мың бұлақ
Мұзарттардан бөлiнедi мың бұлақ
Жағалаудың малта тасын ұрғылап,
Сағалаудың тал-терегi бұлдырап,
Жапырақтар жаутаң-жаутаң етедi
Көз алдынан бала-бұлақ құлдырап.
Аспан биiк, аспан тұнық, мөп-мөлдiр,
Әр бүршiкте iңгәлаған көктем жүр
Алатаудың қабырғасы көктеңбiл
Көкiрекке құйылады көктен нұр
Осы сәттi күттi уақыт көптен бiр
Табиғаттың тас емшегiн жiбiткен
Тiршiлiктiң тал бойында көктем жүр.
Жасыл сәуле тау бетiнен сырғанап,
Жаратылыс жасаруда, гүл қадап,
Асқар шыңның желбiреген құндағы ақ,
Ақша бұлттың салмағы жоқ бiр қадақ.
Ақ сағымды дiрiлдетiп күллi алап,
Дүрбелеңге салып мынау тiрлiктi
Дүниеге сәби көзбен тұр қарап.
Бұлақ сәби
Былдыр-былдыр тiл қатқан,
Құрақ сәби
Сыбдыр-сыбдыр үн қатқан.
Орман сәби
Жапырағын шулатқан,
Арман сәби көкiрегiн тыңдатқан.
Теңiз сәби толқындарын тулатқан
Бұл дүниеде сәбилiкке не жетсiн
Уiлдеген тыныштық дер құндақтан.
Кiнә артпайық ол деп, бұл деп қоғамға,
Жамандасаң жады жоқты жаманда.
Сәбилiгiң жоғалмасын санаңда,
Мүмкiн емес, онсыз сену адамға.
Алаңдасаң соған ғана алаңда.
О тап-таза, балалық шақ, әлемi
Сәуле түсiр бұл асығыс заманға.
Табиғат та сәби шақта әдемi,
Соз қолыңды, сағыныштың сәлемi.
Ақымақтың - адамзатқа әлегi,
Ақылдының - адамзатқа көмегi.
Көкiрегiме ұя салған дән едi,
Қайта оралдым қымбат сол бiр шағыма
Армысыңдар, балалардың әлемi!
Тоқсан түйiн,
Мың күрмеулi тiршiлiк,
Сенен ұқсақ бүлдiрмеудi, тiршiлiк.
Сәби деген бүрiн жарған бiр шыбық,
Күдiк те көп көрiнгенше күн шығып,
Еске түссе ертекте жоқ сол соғыс
Балалық шақ мұңаяды күрсiнiп.
Әкесiне медеу болған балалық,
Анасына демеу болған балалық.
Iзгiлiкке желеу болған балалық,
Жөргегiнен жақсылыққа ұмтылып,
Еңбегiмен елеу болған балалық.
Соқа жегiп, дән бастырған балалық,
Қарт қуатын жалғастырған балалық
Адалдықты жолдас қылған балалық
Туған жерге оралмаған
Аяулы,
Әке жолын жалғастырған балалық.
О, балалық,
Қарапайым балалық,
Сенi кейде түк бiлмеске санадық.
Саған кейде қуыршақтай қарадық,
Көп қасiрет жатыр содан таралып,
Табиғаттың кiндiгiнен жаралып,
Жер-Ананың қуатынан нәр алып,
Бәрiн көрген:
Соғыс көрген сұрапыл,
Басымды ием,
Батыр ұрпақ - Балалық!
О, балалық,
Адалдыққа болыстың,
Құлатпадың туын туған қоныстың,
Сен ұқтырдың не екенiн борыштың,
Тiк тұрамын алдарыңда сендердiң
Балалары,
Балалары соғыстың!
***
Соғыс кезiндегi балалар...
Бұл сөздi айтқанда көз алдымызға көп нәрсе келедi. Басына түскен аса ауыр жағдайдан ерте есейген, буыны бекiп, бұғанасы қатпай еңбекке араласқан, жетiмдiк пен жесiрлiктiң жырын жаралы жүрегiнде жылдар бойы сақтаған, жанары жасқа толып, алысқа телмiрiп әкесiн күтуден талмаған, сәби қолдарымен салтанатты жеңiстiң туын көтеруге септiгiн тигiзген, ерлiк пен өрлiктiң үздiк үлгiсiн көрсеткен, БАЛАЛЫҚ, бұл саған ескерткiш.
***
Жүрiп жатты сұрапыл.
Жүрiп жатты,
Мың қайғылы,
Мың мұңды, мың ырғақты,
Тiршiлiктiң құйқасын шымырлатты
Талай түндер тағдырды қырындатты.
Талай күндер мезгiлден бұрын батты,
Оқ пен өрттiң дауылы құйындатты.
Армандардың сапарын қиып жатты.
Соғыс деген сахна -қанға бөккен,
Жұтым суды жаралы арман еткен.
Ажар тайған, әр тайған алма беттен,
Суға батпау керек-ақ тiршiлiкке
Күймей шығу керек-ақ жанған өрттен.
Аспан түтiн,
Дауысы күркiлдеген,
Оқ та көз жоқ
Обалға iркiлмеген.
Отан үшiн деген бiр отты ұранмен,
Зеңбiректер сөйлейдi зiркiлдеген.
Танка астында тiрлiктiң абат бағы,
Сұлулыққа, сәндiкке қаратпады.
Үмiт құсын ұшырған туған жерге,
Үш бұрышты хаттардың қанаттары.
Жесiрлiктiң не ауыр жарасынан,
Жетiмдiктiң не ауыр наласынан.
Адресi бiреу-ақ:
Окопстан!
Хат ұшады қазақтың даласынан.
Қайық сынды қалтылдақ дауылдағы,
Арманы да су сiңiп ауырлады.
Күнбатысқа күн салып телмiредi,
Көзi жасты даланың ауылдары.
Сондай ауыл.
Ұлдары қан майданда,
Хабар келiп тұр әзiр шалғайдан да.
”Барлығы да майдан”,- деп бiлек түрiп,
Соқа жегiп,
Шөп шауып,
Арба айдауда.
Алдарына жан салмас жарысудан,
Шаршамайды,
Талмайды жаны сiрдан.
Қуанышы - хат алу үш бұрышты
Жұбанышы - оралу, табысудан.
Жас келiншек Ханшайым
Көркем едi,
Соның жырын таратып шертем ендi.
Жалғызын ол тезiрек ер жетсiн деп,
Мектепке де асығып, ерте бердi.
Бақытты едi дүние-ай, сол күндерi,
Гүлге толған даланың торғын белi.
Диқан едi жан жары - Жанкелдiсi,
Сегiз қырлы, жоқ едi ердiң кемi.
Екеуiне барша көз қарасатын,
Қос аққудай сап түзеп, жарасатын.
Ұл өсiрген ұғымтал, аты Қайсар
Ұғып өскен ата-ана парасатын.
Әкесi оның майданда,
Днепрде,
Оқ пен оттың шарпылып жүр өтiнде.
Анасы оның ауылда, дән ұшырып,
Адалдық пен сенiмнiң күзетiнде.
Шаршаса да сыр бермес, шыдағаны,
Ақ нөсердей ақ та төк жылағаны.
Тәңiрiне табынып түнi бойы,
Жанкелдiнiң саулығы сұрағаны.
Екi тiрлiк от басы күбiрлескен,
Шығар емес шаттығы бұрынғы естен.
Қиын күндер апшыны қуырғанмен,
Аман-есен келедi сүрiнбестен.
Шәй iшедi қос тағдыр,
Сырласады,
Көңiлдерiн бiр қоңыр күй басады.
Тiлектерi үстiнде бiр адамның,
Жүректерi бiр жырды жырласады.
Ойда жоқта бiр күнi...
Iңiр едi,
Тым толқулы Қайсардың бүгiн өңi.
Тiл қата алмай,
Жүрегi тым бата алмай
Табалдырық алдында тұрып едi.
Ойы онға бөлiндi,
Армандай ма,
Жас баланың иығы талғандай ма?
Балалығын елемей батыл ойлап,
Барғысы кеп толқиды қан майданға.
Бұл арманын ол қалай орындамақ,
Қиналады соны ойлап жалындап-ақ.
Бiрақ рет көрсем деп жан көкесiн
Бала Қайсар мүжiлдi уайымдап-ақ.
Қалай айтам,
Көне ме, ұрсар ма екен,
Әлде айпай-ақ iшiмнен тынсам ба екен.
Тынып-тынып
Аулаққа шығып алып,
Шөлмегiндей шыдамның сынсам ба екем.
Не айтамын апама,
Түсiнер ме,
Мен емес пе ем сүйреген күшiн өрге.
Жалғыз қалса,
Жаутаңдап қос жанары
Тiк ұстаған кеудесiн түсiрер ме?!
- Нар тәуекел,
Ана ғой, түсiнедi,-
Деген бiр ой құлындай кiсiнедi.
Жан көкемдi көремiн тек майданда
Деген ойы iшiнде пiсiп едi.
Сол ойынан ақыры қайта алмады,
Ой жүйрiк қой -
Қиялдың майталманы.
Арман болған адамда қандай бақыт,
Жапырақтай жүректiң жайқалғаны.
Кiрдi үйiне кiбiртiк,
Назары жоқ,
Сәби бетi домбыққан,
Мазаңы жоқ,
Ханшайым да байқады қалт жiбермей,
- Не боп қалды, кiрдi ме жазалы от?
- Жоқ, жоқ апа, тыныштық, үрейленбе,
Ордамызға жамандық тiлей көрме.
Мен көкеме барамын,
Ұрыспашы,
Маған да бiр аманат тiрелмей ме?
- Не деп тұрсың, жалғызым, не дегенiң,
Шұнақ құдай, қалай сен шебер едiң.
Өмiрiмнiң жалғасы өзiңсiң деп,
Өтiрiк пе бесiкке бөлегенiм.
- Саған аян мен бұған келiспесiм,
Сен әлi де қошақан өрiстесiң.
Қан майданың қырманнан жеңiл ме екен,
Құлыным-ау, бар-жоғы он үштесiң.
- Бiлем апа, мен едiм сүйенгенiң,
Айналайын, аяулым, кием менiң.
Жан көкемдi сағындым,
Барайыншы,
Жан көкемдi айтқанда иер ме едiң?
Өзiң айтқан ерлiкте санам менiң,
Мендей болсаң сен үйде қалар ма едiң.
Мана-мана мектепте жиылыс боп,
Мал айдасып майданға барам дедiм.
Аман болса оралар балаң несiп,
Жан көкеммен қайтамын сәлемдесiп.
Мал айдауға жаратпай кете ме деп,
Бiр жасымды өсiрдiм, амал нешiк.
Қан майданға азыққа апарамыз,
Олар ашта бiз қалай жата аламыз.
Үлкендерге қолғабыс бере алмасақ,
Қалайша бiз пионер атанамыз.
Қиындықты көрдiм ғой, жыламадым,
Жан көкемдi көрем деп қуанамын.
Ұстазыма сөз бердiм барамын деп,
Ұстамашы, апатай, сұранамын.
- Мал айдаймыз майданға,
Ертең жүрiс,
Ұнамайды ауылда селтең жүрiс.
Жан көкеме жақсылап тапсырайын,
Қолғап тоқып, онан да берсең дұрыс.
Ханшайымның жанары мөлдiредi,
Жүрегiнде жарылып сең жүредi.
Айтқаны рас ұлының, амал нешiк,
Ащы болса ақиқат сендiредi.
Тағдыр қандай
Қиын деп таң қаласың,
Кiм түсiнер әйелдiң жан жарасын.
Көкесiнiң айтқанда ұлы есiмiн.
Жылай бердi құшақтап жан баласын.
Бар жақсылық жарасар,
Бұл адамға,
Жақсылықтар тазалар күнәдан да.
Махаббаттың көтерiп мәртебесiн,
Қандай сұлу әйелдер жылағанда.
- Кiм барады, құлыным,
Кiм барады,
(Жарқ еткендей бұлттанған күн қабағы).
Тапсырайын мен сенi,
Әуел құдай,
Сонан кейiн мен соған бұл баланы.
- Бақташы шал, мұғалiм Тұрланәлi,
Ақсақ солдат әнеугi -
Қыр қонағы.
Сосын балаң, төртеумiз жол жүретiн,
Ұмытылар шаң қапқан қырман әнi.
Жол бiлетiн солдат бар,
Үрейленбе,
Оңай олжа болмаспыз дүлейлерге.
Бiр қосауыз және бар қолымызда,
Сөз болмаспыз суылдақ ”сүлейлерге”.
Қарным ашса шыдаймын,
Жыламаймын,
Бiр үзiм нан ешкiмнен сұрамаймын.
Тұрланәлi тұрғанда қорықпаймын,
Былтырғыдай аттан да құламаймын.
- Жақсы-жақсы, құлыным, жарағаның,
Мен қайтейiн, елiмде, даладамын.
Және ала кет әкеңнiң белдемшесiн
Құяңы бар белiнiң, қара жаным.
Суық ұстап қалды ма, кiм бiледi,
Құяң деген құтылмас құрғыр едi.
Қолғап тоқып берейiн таң атқанша,
Мүмкiн қолы суықтан күлдiредi.
Сексеуiлдi сындырып,
Отқа жағып,
(Қызуындай сағыныш жатқаны анық).
Ұйықтамастан Ханшайым таң атырды
Жанарының моншағы хатқа тамып.
Ержетуге асыққан қандай ұлан,
Ханшайымның ән ұшты таңдайынан.
Алпыс екi тамыры бой-бой иiп,
Иiскедi ұлының маңдайынан.
Салды бәрiн ұлының дорбасына,
Сәлемдеме арысы - алмасына.
Тапсыруға тентегiн мұғалiмге,
Таңнан тұрып сол үйге барды асыға.
Керуен дайын,
Дәл қазiр жүрiп кетпек,
Еске салды қастерлi ғұрыпты ептеп.
Оң болсын деп сапары жолаушының
Қол бұлғады халайық
Тұрып көп-көп.
Сағыныштың,
Сезiмнiң басқа пiрi,
Хас ерлiктiң кәрi ме, жас па түрi.
Жолың болсын, балалық, жолың алыс,
Жолың болсын соғыстың жас батыры.
Осы шығар бiр ерлiк ұтымды анық,
Жақсылыққа толғатқан сүтiң тамып.
Майдандағы ерлерге сәлем айт деп,
Шығарып сап қалды артта бүкiл халық.
Шығарып сап қалды артта құрдастары,
Ауылының ақжарма нұрлы аспаны.
Көршi үйдегi құба қыз,
Парталасы
Асық ойнап,
Доп қуған сырластары.
Уақыт та тар қоштасып,
Сырласуға,
Достары да дамылсыз жүр қасында.
Қалды олар да қарайып бiртiн-бiртiн
Жейделерi желбiреп қыр басында.
Шығарып сап қалды артта жеңгелерi,
Көздерiнде көлеңке дөңгеледi.
Паровоздың даусындай тарғыл-тарғыл
Сиырлардың қым-қуыт мөңiрегенi.
Осы жолдың алды ұзын, арты қысқа,
Қашқан сиыр жiбермес сәл тынысқа.
Ала шаңды арқалап барады олар,
Тiзе қағып үмiтке, талпынысқа.
Қыр басында қарайып қалды бәрi,
Жанарларын жауратып алды дағы.
Күнбатысқа бет алған осы керуен
Келер күннiң үмiтiн жандырады.
***
Шағылдардың шаңытып шалғайлары,
Жүрiлмеген далалар жолға айналды.
Бүкiл қырды суарып, аралаған
Бұраң-бұраң жүгiрген қайнар қалды.
Күндер өттi арада,
Түндер өттi,
Жаңа жерлер жаяды тың деректi.
Соғыс қатты.
Ал аштық одан да зор
Күн көредi қиналмай кiмдер ептi.
Ұйқы қалды,
Тыныштық бұлбұл ұшты.
Бала дене ширықты,
Сын - қылышты.
Бақташы шал қиналды, сырқаты бар,
Солдат та әзер көтердi бұл жүрiстi.
Жалғандықтың бұл жерде керегi не,
Өзек болмас өмiрдiң кезеңiне.
Демi бар жан демiгер шақ едi бұл
Қарамайтын атыңа, беделiңе.
Жолдың бойы қираған ауыл-ауыл,
Талқан қылып тастаған долы дауыл.
Бiр жақсысы бұларды түсiнгендер
Болды әрқашан әрi дос, әрi бауыр.
Жүрек берген бұларға жолдаманы,
Батырлықтың үмiтiн алдамады.
Деревня жұрттары жайды бiлiп,
Демеп жатыр сөзiмен - қолда бары.
Жоқшылықтың болмайды түк көмегi,
Табан тайса тағдырың тiк келедi.
Сәбилердi көргенде аш-жалаңаш,
Сиыр сауып, ауылға сүт бередi.
Бiрiн-бiрi демеген тiрлiк едi,
Қала аралап келедi қырдың елi.
Днепрдi жайлаған дүйiм халық,
Дарқандыққа осынау дүрлiгедi.
Келе жатты осы көш,
Аман бәрi,
Қиындықта таймастан табандары.
Бар болса да үнемдеп қолдағыны,
Жоқ болса да бардай ғып амалдады.
Бала батыр келедi санатқа ерiп,
Көрем деумен әкемдi қанат керiп.
- Оқу керек, Қайсаржан, деп өтiнiп,
Тұрланәлi қояды сабақ берiп.
Айдағаны малы емес Қарабайдың,
Сондықтан да аттарын даралаймын.
Жанған өртке бас тiккен
О,БАЛАЛЫҚ,
Қадамыңды ерлiк деп бағалаймын.
Сан жетпейдi көңiлге түйгендерi,
Оспадар жау ойраннан именбедi.
Қара жырын қайғының боздатады,
Украинаның жаралы күйген жерi.
Артта қалды Днепр белеңдерi,
Әзiр аман даланың өрендерi.
Тарас үнiн таратып жатыр екен
Қан майданның қаһарман өлеңдерi.
Тоқтады олар бiр күнi бiр ауылға,
Бақташы шал қалды да қарауылда.
Бұл үшеуi темiр жол жаққа барды
Жанған өрттiң қан-қызыл алауында.
Кенет.
Кенет.
Жанары қалды қатып,
Бiреу отыр аяғын салбыратып.
Вагон толған ұсқынсыз мүсәпiрлер
Етiк киген шұлғауын жалбыратып.
Бұлар кiмдер?
Түрлерi қалай кеткен,
Деген оймен ер Қайсар қарайды еппен.
Осы кезде ақсаңдап келдi солдат
Темiр жолды ол мана жанай кеткен.
- Ох, сұмырайлар, сүмелек түрлерiңдi,
Көре алмассың баяғы күндерiңдi.
Аяғымды кәнеки қайтарыңдар
Өшiрейiн сендердiң үндерiңдi.
- Деп сұрланып,
Жауынгер ұмтылғалы,
Шығып едi, күзетшi тұр-тұрлады.
- Бұлар тұтқын,
Тұтқынды ұрмас болар
Ештеңе етпес жағаңның жыртылғаны.
Үрпиiсiп үрейден, жан бағып бiр,
Тұтқындар да қозғалды қарманып құр.
Сайтандай деп фашистi ойлаушы едi,
Адамға ұқсас екен деп таң қалып тұр.
Таң қалғаннан үнi де шықпай қалды,
Бұл не көрген газеттен. Ұқпай қалды.
Жек көргенiн бiлдiрген ниетiмен,
Бiздiң халық ар туын жықпай қалды.
Шолақ қолы шолтаңдап мұғалiмнiң,
Сол таратты жалғасын мына жырдың:
- Тұтқын деген осылар, атқан бiздi,
Әдiлдiк бар, Қайсаржан, куә қылғын.
Айта алмаймын, балалық келте ғой деп,
Кеудесiнде олардың көркем ой көп.
Фашистердiң мүскiнiн көрiп тұрған,
Қайсаржанды қозғады тентек ой кеп.
Еске түстi жағдайлар қай-қайдағы,
Балалықтың төгiлген бал қаймағы.
Қарс түйiлiп қабағы жас батырдың,
”Хенде хоһ” деп ызамен айқайлады.
Апыр-топыр боп қалды,
Абыр-сабыр,
Құйындатып жеткендей қара дауыл.
Мұғалiм кеп ұстады иығынан:
- Сабыр, сабыр, Қайсаржан, сабыр, сабыр...
Жалғыз дауыс жүздердi қармап кеттi,
О,Балалық, даусыңа салмақ кептi.
Асылмыз деп аяғын көтергендер
”Гитлер капут” деп шулап, сарнап кеттi.
Қайсар намыс кеудеде түрегелдi,
Бастады да балалық бiр өнердi.
Әлгiлердiң сықпытын көрген кезде,
Түкiрдi де жерге бiр жүре бердi.
Сол күндерден әлi де от көремiн,
Жүрегiмнен барлығын өткеремiн.
Балалығы жоқ жаннан сақтанамын,
Намысы жоқ адамды жек көремiн.
***
Кеттi тағы iлгерi сиыр керуен,
Бұл күнде олар ысылған, қиын көрген.
Самолетi дұшпанның келiп қалды,
Асып бара жатқанда қиыр белден.
Астан-кестен айнала, құлақ тұнды,
Бiр-ақ бомба тегiстер бiр-ақ қырды.
Көрiп қалды Қайсар тек бұға берiп,
Бақташыны бiр құйын лақтырды.
Солай қарай жүгiрдi тұрып алып,
Келдi тағы бiр дауыл қырына алып.
Қан-қан болған омырауы бақташы шал,
Жатыр екен қиналып, ыңыранып.
- Қайсар ұлым, қайтейiн жете алмадым,
Тағдыр деген тереңнен өте алмадым.
Бақыттымын, жылы пеш түбiнде емес,
Майданда өлдiм. Осы едi от-арманым.
- Бәрi де өтер, есейiп,
Түлерсiңдер,
Қыран болып қиядан iлерсiңдер.
Отан үшiн опат боп өлген бақыт,
Арманына жеттi деп бiлерсiңдер.
Қан көбелек айналып қара жердi,
Жылап-еңiреп Қайсар тек қала бердi.
- Топырағы майданнан бұйырды,- деп
Мұғалiм кеп шал көзiн жаба бердi.
Бұдан аман құтылды қалғандары,
Тағы қашты алдынан армандары.
Қойнына алып құтқарды мың ажалдан,
Украинаның бауырмал ормандары.
Ақыр жеттi-ау!
Тапсырды аманатты,
Бастан кешiп сан ажал, сан азапты.
Он үш жасар Қайсар тек өкiнiштен
Iштей еңiреп, егiлiп бара жатты.
Жан көкесiн амал не, көре алмады,
Өкiнiш-ай, хабарға сене алмады.
Белдемшеге бет басып жылады өксiп,
Анасының хатын да бере алмады.
Талай-талай хабарға құлақ түрдi,
Жан көкесiн сағынып, жылап тұрды.
Өзiн жiгiт көретiн оңашада
Әлi бала екенiн бiр-ақ бiлдi.
Сұм соғысты қарғайды, жек көредi,
Әлдекiмге кiжiнiп, кектенедi.
Жау тылына аттанып тапсырмамен,
Көкесi оның хабарсыз кеткен едi.
Көре алмады көкесiн,
Амал нешiк,
Жазбады ма бұл тағдыр оған несiп.
Бiр қайыңның түбiнде жатыр ма екен
Бiр гүл болып тұр ма екен самал кешiп.
Ей, қан майдан!
Құлақ сал!
Айтарым бар!
Көз болса егер сендер не байқадыңдар?!
Анасына аман-сау апарайын,
Балалығын Қайсардың қайтарыңдар!
Аштық пенен суыққа қарамай-ақ,
Ей, балалық, от кешкен жалаң аяқ.
Күйеуiнiң жолына көп телмiрген,
Көп жылаймын мыңдаған ананы аяп.
Талай күнге мән бермей қарадық шат,
Бөлем сенi, сол күндер, аралық сап.
Алдарыңда сендердiң ұяламын,
Ойын қумай
Ой қуған, БАЛАЛЫҚ ШАҚ!
Жайсаң жандар, жанымды жетеледiң,
Оттан шыққан отаншыл от-өренiм.
Соғыс көрген, БАЛАЛЫҚ, басымды иiп,
Мәртебеңдi мәңгiлiк көтеремiн.
Соғыс көрген балалық адамзат аңсаған сәулелi күнге аман жеттi. Бiрақ, олардың кiршiксiз де, аппақ парақтай адал жүректерiне соғыстың сойқан қолы мәңгiлiк таңбасын қалдырды.
Аман бол, адал БАЛАЛЫҚ!
1988