Кең Жылыой, атамекен, өскен елiм,
Кiр жуып, кiндiгiмдi кескен елiм.
Жетелеп бұйдасынан нар өлеңнiң
Келешек жылдарыма көшкен елiм.
Кең Жылыой, атамекен, асыл аймақ,
Ерке Жем, сұлу өзен, жасыл аймақ.
Құмында iзiм қалған қайран күндер,
Жанымды толқытады басыбайлап.
Аққиiз, Сарнияз жал, Желтау, Қайнар,
Әкеме белдеу болған атын байлар.
Анаммен сырлас болған апаларым
Ағаммен құрдас болған нар ағайлар.
Кең Жылыой, сенде туған бiр ұл едiм,
Өлең боп өмiрлерге жүгiремiн.
Әрқашан алдыңа кеп жүгiнемiн,
Кешегi тарихыңа үңiлемiн.
Сарқамыс, Қаратон мен Қарашүңгiл,
Жер едiң жанымдағы дара, сүмбiл.
Басшы ата, Ұшқан ата, Бақашы ана,
Жырыма жебеу болып тұрасың кiл.
Мұнайлы, Аралтөбе, Майкөмгенiм,
Сендерсiң күн көргенiм, ай көргенiм.
Аққұдық, Қоңырқұдық, Төлес, Құрсай,
Сендерді жұмақтардан жай көрмедім.
Құлсары, қадiрлi аймақ, ырыс далам,
Келешек үмiтiмен тыныстаған..
Әлемге атың сенiң танылды деп,
Балаңмын жырын жазып, ту ұстаған.
Кең Жылыой, домбырамның тиегiсiң,
Аруақты атамекен - киелiсiң.
Анамсың аппақ шашы-ақ орамал
Әкемнiң қасиеттi сүйегiсiң.
Сенде өскен ата-бабам, бәйтерегiм,
Сол күндi өлең етiп қайта өремiн.
Бақытты ұлыңмын деп айта аламын,
Япыр-ай, сен болмасаң қайтер едiм?
Бар мұнда, қатар-құрбы құдастарым,
Жаны ортақ, әнi де ортақ сырластарым.
Ардақты ағаларым - Атыраудай
Аяулы жеңгелерiм - жыр-дастаным.
Осында құйрық-қанат, iнiлерiм,
Алдымнан ”ағаекелеп” жүгiрерiм.
Қарлығаш қарындастар және осында,
Қалайша жақсылықтан түңiлемiн.
Ең қымбат қимастарым, бәрi осында,
Жаныма жапырақ боп жарасуда.
Жүрсем де Алматыда, Астанада,
Ақынның ойы осында, жаны осында.
Кең Жылыой, жан сырымды қозғап келем,
Шоқ болып, шуақ шашып қоздап келем.
Аруана - атамекен сағынғанда,
Ботаң боп көзi мөлт-мөлт боздап келем.
Бағамды берер деймiн бүгiн елiм,
Ел үшiн сан иiлiп, бүгiлемiн.
Есiмi аталғанда кең Жылыойдың
Құлын боп құлдыраңдап жүгiремiн.
Еске алып еркелеу шақ, тұмса күндi,
Тартамын күй қылып бiр тың сарынды.
Боз дала, бозторғайдай қалың елiм,
Жаным бар сағыныштан бусанулы,
Боталап келiп қалған жасым жұтып,
Басамын бауырыма жусаныңды.
Басамын бауырыма жусаныңды…
1994