Копенгаген қаласында арнайы хиппилер көшесi бар.
Онда 500-ге жуық жастар жұмыссыз күн кешуде, ”еркiн өмiр” сүруде.
Тас алаң мен ағаш сәкi төсегi,
Киiмiн тек өлiм ғана шешедi.
Жатыр ұйықтап жиырмадағы жiгiттер
”Қаладағы көшпендiлер” деседi.
Қай жер пана, сол бұлардың төсегi,
Баспасөзi - бақытсыздар өсегi.
Жалаңаяқ бара жатыр жастық шақ
Жалған намыс,
Арзан намыс кеселi.
Жұртта қалған жiгiттiктiң несi ерлiк,
(Ал осында не бар шалқып бөсерлiк?)
Көздерiнде қуаныш та, мұң да жоқ,
Көздерiнде - ойсыздық пен есерлiк.
Мәңгiлiк деп жер бетiнде сауықты,
Арзан ойдан қымбат қайғы тауыпты.
Еркiндiктiң есерлiгi - енжарлық
Бәрiнен де сол енжарлық қауiптi.
Дания, 1981