Норвегия жағалауында төбемiзден топ аққу өттi.
Мұнда да бұл құсты киелi санайды екен.
Тас төбемнен өттi олар тағатты алып,
Сұлулықтың символы санаттанып.
Туған жердiң құстарын есiме алып,
Мен де ұшардай боп тұрмын қанат қағып.
Қанатынан ән ескен, әуен ескен,
Сағынтты олар сазымен даланы өскен.
Күн нұрына шағылып қанаттары,
Сұлулығы сиқырлап алады естен.
Кешкi мезгiл болатын, тұнған арай,
Қанатымның шiркiн-ай, болмағаны-ай?
Қоңырау дауыс, қоңыр үн қимастарым
Керуен тартып барады күнге қарай.
Армысыңдар, аққулар, қыз есiмдер,
Сағыныштың моншағын тiзесiңдер.
Көк теңiздiң көбiгiн бұрқыратып,
Көздерiмде көлбеңдеп жүзесiңдер.
Сағына алар жүрекке мұң қиын ба,
Жетеленiп барамын жыр-құйынға.
Қимастықпен артыма қарай дердiм,
Қарындасым қалғандай бiр қиырда.
Норвегия, 1981