Вокзалдардың қайнаған бұрыштарында,
Қараңғы көшенiң бұрылыстарында
Ғимараттардың құрылыстарында,
Келер өмiрге соңғы өлең!
Ғажайып ғұмырға шөлдеген,
Ақ жүрек аңсаудан селдеген,
Құтыла алмайсың сен менен,
Соңғы өлең.
Тулаған ып-ыстық қанымда,
Жүгiр сен, соңғы өлең, жалында.
Осынау өртенген шағымда,
Айналып кетпешi сағымға!
Соңғы өлең, сұраймын мен сенен,
Ешкiмге жалынба,
Ешкiмге бағынба.
Келесiң өмiрге
Керемет тыныс ап,
Бiреуге қайғы алып,
Бiреуге қуаныш,
Бiреуге ырыс ап.
Соңғы өлең!
Жететiн жерiме жеткем жоқ,
Өтетiн алдымда өткел көп.
Осынау әлемде көкпеңбек,
Аралап шығатын бөктер көп.
Сапарым жалғассын,
Күндерiм алға ассын.
Арамдық кездессе алдымнан,
Адалдық аянбай арбассын.
Сен сонда, соңғы өлең,
Салтанат құратын жолдассың.
Күндерiм шақырсын алдағы,
Қиынын ұсынсын қолдағы.
Өмiрдiң,
Сапардың соңғы әнi
Соңғы өлең,
Тiлегiм:
Кенеттен келмесең болғаны!