Дау да шыққан
Ғұмырлы бұл даладан,
Жау да шыққан
Дүбiрлi бұл даладан.
Батыр шыққан
Қылышты тыңдамаған,
Ақын шыққан,
Ақымақ қудалаған.
Қырық мiнез шығыпты
Қырық елден,
Қызғалдақ боп өсiптi мұңы жерден.
Күйiмен-ақ қиратып баратқан соң,
Аяр жаулар Абылды тiрi көмген.
Болған бәрi,
Күн куә,
Аспан куә,
Таулар куә теңселген,
Тастар куә.
Шындық деген шырқырап жылағанда,
Дауысынан жыртылған аспан мына.
Сағыныштың саздарын еселеген,
Жүрегiмнен жып-жылы еседi өлең.
Әдiлдiктiң отауын маңдайға алып,
Келесiңдер ол жүрген көшеменен.
Өткен күннен қорықпай өш алғандар,
Жастықпенен жалындап жасарғандар.
Лекция оқиды бұл КазГУ-де
Әуезовтың өзiнен бес алғандар...
1976