Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ
ҚАРАСҮЛІК
(Тұлпар тағдыры)
Әкемнің аты бар-ды – қарасүлік,
Мінетін баптап күтіп, таң асырып.
Шідерде шырқ айналып шамданатын,
Мен егер жақындасам баласынып.
Жел құлап, самал сүйіп сауырынан,
Ерекше көрінетін қауымынан.
Шақпақ тас ұшқындайтын тұяғынан,
Бозторғай пырлап ұшып бауырынан.
Жалы бар қыздың өрген бұрымындай,
Арқасы ағын судың жылымындай.
Бадана ботагөзі мөлтілдеген,
Қу туған Құлагердің құлынындай.
Шашасы шымылдықтың пердесіндей,
Есті еді зейіндінің зердесіндей.
Кеудесі шалқақ еді шаршы біткен,
Керілген көкжиектің кермесіндей.
Ешкімді жолатпайтын шыр айналып,
Құрықшы, бұғалықшы былай қалып.
Әкеме өзі келіп сүйкенетін,
Кісінеп, дүр сілкініп бір айналып.
Үстіне ер салғанда түрленетін,
Жанары шоқтай жайнап, гүлденетін.
Өзеннің ортасына кешіп барып,
Әкеміз арнап таза су беретін.
Жүгенді кигізгенде желік кірер,
Өзін де, өзгені де еліктірер.
Әкеміз топқа түссе сүлікпенен,
Әбіржіп қалушы еді бөріктілер.
Аяңы ағын судың ағысындай,
Шоқырақ – шабандардың шабысындай.
Алдына қара салса намыстанар,
Шапқаны мың жылқының дабысындай.
Желгенде желден озып, өтіп қарар,
Тебінсең атқан оқтай кетіп қалар.
Таңылған талай қасқыр қанжығаға,
Тақымды қысқан кезде жетіп барар.
Ұмсынсаң тау суындай тасып өтер,
Шашасы қара жерді шашып өтер.
Киікке жол кестірмес жүйрік еді,
Қашқан түлкі белінен басып өтер.
Жүйріктен келер күнге дабыс қалар,
Аңыз боп арттағыға шабыс қалар.
Қарасүлік ат еді қара ағыстай,
Қамшыны көтергенге намыстанар.
Танауын қос ауыздай желге беріп,
Отырғанды жөн көрер ерге берік.
Жүгенін сілкіп қалсаң атылатын,
Кең дала кетер сонда дөңгеленіп.
Жел зулап құлағыңнан гулегенде,
Ол енді қарамайтын «шу» дегенге.
Сол күндер кетті айналып мұңды өлеңге,
Бір кезде жұпар шашқан гүлді-өлеңде.
Шіркін-ай, желге ғашық қарасүлік,
Мен сені міне алмадым таң асырып.
Зымыранның зырылдауық оғы сынды,
Өзіңді қайдан табар дала сұлық.
Япырай, уақыт деген қатал екен,
(Дәм-тұзың бір өткінші татар екен).
Әкеміз сырқаттанып, төсек тартты,
Қалайша жүйрік мінбей жатар екен?
Ауырды бірге онымен қарасүлік,
Бәйгеден келуші еді дара шығып.
Жабығып, жасып біраз жаутаңдадым,
Мен едім бойы нәзік бала-шыбық.
Сыртынан ақ боз үйдің кісінеген,
Жүйріктің айтпақ ойын түсінер ем.
Ол бірақ басқа ешкімге бағынбайтын,
Бағынса бағымыма түсірер ем.
Әкемнің қанаты еді, санаты еді,
Жал-құйрығы төгілген жанаты еді.
Ол барда әкем төрде отыратын,
Айбаты, аруағы, абаты еді.
Иесі төсек тартты, мұңға батып,
Қабағын қайырмады зырлап уақыт.
Қолымнан келгені сол, өлең жаздым,
Сезімім кемсеңдеген сырға батып.
Жануар сезді білем күн келгенін,
Заманның запыран боп түрленгенін.
Шаңырақтың шаттығынан маза қашып,
Кіруге қолын созды іргемнен мұң.
Кісінеп күлдір-күлдір тұрушы еді,
Төрт аяқты тең тастап жүруші еді.
Жарасып тал бойына күміс жүген,
Шылбырын ер басына ілуші еді.
Сезініп қимас жанның қиналғанын,
Құлазып құла түзде үй қалғанын.
Жануар білді ме екен иесінің,
Ақырғы ақ сапарға жиналғанын.
Шамданып, шамырқанып, шұрқырады,
Шағылы Ерке Жемнің бұрқырады.
Шақшасы боқшасына толған біреу,
Қаншаға бересің деп құн сұрады.
Жан әкем қамырығып, қамыққасын,
Аядық ардақ жанның ғаріп басын.
Жалындық «беріңіз деп сәйгүлікті,
Тұлпарыңыз тұсауда тарықпасын».
Шіркін-ай, шуақты күн өтті нағып,
Анам да сыр бермейтін кетті налып.
«Жарайды, құлындарым», деді әкем,
Көз жасы көрпесіне кетті тамып.
Тұлпардың жанарына шоқ тізіліп,
Үміті сол бір кезде кетті үзіліп.
«Жүгенін сыпырып ал» деді әкем,
Жүрегім осы кезде кетті қызып.
Қимадым, кепті көзжас самалдарға,
Сөз болдық күндестер мен жамандарға.
«Бәйгені басқамызға бермеуші еді,
Бермеске енді атыңды амал бар?»
Деп күліп масайрады сатып алған,
Төргі үйге жылап кіріп, жатып алғам.
Білмеймін, осы күйдің күйігі ме,
Жанымда сол өкпенің даты қалған.
Қамығып қарасүлік кісінеді,
Мал жанын малбақ қайдан түсінеді?
Осынау отты күндер жанды өртеген,
Әрқашан шерімді ішке түсіреді.
Көнбепті жаңа иеге қарасүлік,
Әл бермей күресіпті аласұрып.
Темірмен арқандапты төрт аяғын,
Бос ұстап күткен әкем таң асырып.
Су ішпей, шөбін жемей қайғырыпты,
Көрсетіп бекзаттыққа сай қылықты.
Шідерлеп төрт аяғын, кісен салып,
Даланы түрмедейін жай қылыпты.
Жұрт айтып хас тұлпардың ауыр халін,
Иесі ойда жоқта ауырғанын.
Атты да, әкемді де аяп бақты,
Жас еді мұны ұғатын бауырларым.
Әкеміз төсегінде жата алмады,
Анамыз сөз айтуға бата алмады.
«Ер арыса – аруақ деп, ат арыса,
Тулақ» деп жұрт та сонда мақалдады.
Ат көнбей, бақ та көнбей басына оның,
Сындырған тулағанда қасын-ерін.
Көнбейді қайсар мінез қара күшке,
Таңдайды тарпаң мінез асыл өлім.
Сабаған дойырменен долы күшпен,
Зорлықтың жазықсызға жолы да үстем.
Көнбесе көндірем де күшке салып,
Жалына қаншеңгел боп қолы түскен.
Сонда да қарасүлік қарысыпты,
Бой бермей қара күшке алысыпты.
Ер салса арқасына жатып аунап,
Шідерде тұрып алып «жарысыпты».
Түңіліп, күдер үзіп болмағасын,
Тақымы жүйрік атқа толмағасын.
Арқандап, төрт аяғын кісендепті,
Ақырет көрсетем деп зорлағасын.
Су бермей, отқа қоймай қалдырыпты,
Аяғын кісен кесіп, алдырыпты.
Жалы да жидіп түскен күйі кетіп,
Далада диуанадай қаңғырыпты.
Далаға жіберіпті болмағасын,
Аруағы арғымақтың қолдағасын.
Алмапты аяғынан кісендерін,
Көнер деп дәл осылай зорлағасын.
Кісінеп, күндерді ойлап дүркіреген,
Сауырын қара жонның сілкілеген.
Мұңайып қара жалда тұрған жалғыз,
Тұлпарға жаңбыр ғана сіркіреген.
Ұзатып ұлық күннің шұғыласын,
Тұрыпты қайран тұлпар мұңы басым.
Тарпып жеп тағдырының нәпақасын,
Бір шалып боз жусанның кіді басын.
Келмесін өткен күннің ұғыныпты,
Тісі де кісен шайнап жұлыныпты.
Сауыры сауысқанға мекен болып,
Шалқұйрық шаштай сиреп сылыныпты.
Сол жерде құртқа бар-ды, кегі кеткен,
Жортатын марғау тартқан төңіректен.
«Келді деп кек қайтарар ыңғайы» деп,
Ұлыпты, ұяластың желі жеткен.
Кегі де көрген кезде кетер үдеп,
Өштігі өлім болып жетеді деп.
Қорқатын қарасүлік көрінгенде,
Басымыз қанжығада кетеді деп.
Жиналып ортаға алған сәйгүлікті,
Шайқаста куәлікке ай қылыпты.
Кісені төрт аяғын жаздырмаған,
Жануар тағдырына қайғырыпты.
Айбат қып көргенменен амал нешік,
Жанардан кете бар-ды жамал көшіп.
Жайлауда жайраңдаған құлын еді,
Жүретін құлдырыңдап самал кешіп.
Амал не сұм тағдырға маңдайдағы,
Адам жоқ көмек болар шалғайдағы.
Бұрқытып қара жерді шырқ айналған,
Есіне ап жүйрік күнді қай-қайдағы.
Үйірі қасқырлардың қамағасын,
Жануар ұқты сонда жан азасын.
Шідерде шырқ айналған қайран жүйрік,
Шеше алмай шерменде боп томағасын.
Кісінеп, құлын даусы қырға құлап,
Сыңсыды суын берген сырға-бұлақ.
Жүйріктің қасіреті – кісенде екен,
Қорқаулық жол бере ме мұңға бірақ.
Жалына жат тіс тиді жұлмалаған,
Шалқұйрық шаңға батты тұлғалаған.
Жанардан аунап кетті жасыл дала,
Құрыды құлын-ғұмыр іңгалаған.
Далада кісінеген мұңы қалды,
Жанымда жалған-ғұмыр жыры қалды.
Жанарын жел шайғанда боталаған,
Қорқаулар азу басып жұлып алды.
Паналап жүрген талай сан жырада,
Қорқаулар жұрт қорқатын «қандықара».
Талайын тарпып басқан қарасүлік,
Терісі шұбатылған қанжығада.
Өмірдің басы тәтті, соңы қатты,
Өлтірген хас жүйрікті нәті жат-ты.
Жүйріктің жалбыраған терісі мен,
Ақ сүйек арса-арса басы жатты.
Жалған-ай, жүйрік ғұмыр – қарасүлік,
Жан әкем мінуші еді таң асырып.
Бұл жырды жазған жоқпын данасынып,
Жүйрігі жоқ заманда дала сұлық.
Жас келсе, ауру келсе сынады ерлер,
Артында аңыз қалар – мұрагерлер.
Қазақтың даласында мерт болған ғой,
Тұлпарлар, сәйгүліктер, Құлагерлер.
Жүйрікке әрқашанда дала ғашық,
Қараулық күндестікпен араласып,
Қазақтың мінезінде қалған білем,
Әлі де келе жатыр жағаласып.
Осы жай көңілімді жүдетеді,
Жанымды жабырқаулы мұң етеді.
Тілекті түсінбейтін тәрк етеді,
Жібекті түте алмайтын жүн етеді.
Кең дала, атыңа сай кең болғайсың,
Елімнің сырқатына ем болғайсың.
Талапқа құрмет етер тең болғайсың,
Талантқа топырағы асыл кен болғайсың.
Паң дала паңдығыңды сақтағайсың,
Жүйрікті жатқа бермей жақтағайсың.
Дала кең, тарлау мінез өзімізде,
Ақиқат, адамдықты мақтағайсың.
«Кең дала, кеңдігіңе тамсандым көп,
Айта алман бәрін жазып, тауыса алдым деп.
Сен алып пластинка дөңгеленген,
Инең боп тұрады ылғи ән салғым кеп».
Дегесін Қадыр ақын мен де сендім,
Жақсының жүйрігіне мінгесемін.
Шын жүйрік қай кезде де – қарасүлік,
Осыны ойлағанда мұң кешемін.
Кең дала, керімсал тау, шалғын жасыл,
Жүйрігің аман болса – салтың да асыл.
Тұлпарлар тұяғында тарих жатыр,
Танып ал, төрге шығар, алтын ғасыр.
Жануар, шаппай желген – қарасүлік,
Сен мені менсінбедің баласынып.
Әкемді сағынғанда сені де ойлап,
Бұл жырды жазып шықтым таң асырып.
БАРСАКЕЛМЕС
(Махаббат мінезі)
Бұл да баян бастан кешкен сан ұрпақ,
Сөге көрме, бүгінгі ұрпақ, таңырқап.
Махаббатта мінез болған әрқашан,
Бірде күлген, енді бірде жабырқап.
Өзеуреген өгей болған өз мінім,
Қында жатыр қылпылдаған кездігім.
Махаббатта мінез болған әрқашан,
Кешірмейтін кеңкелестің ездігін.
Сондай бір жайт ойға түскен күн бүгін,
Түртіп ашты тарихымның түндігін.
«Баяғыда» деп айтайын алыстап,
Баяндайын алыс күннің шындығын...
* * *
Бай болыпты барша жұрттан дәулетті,
Жалғыз қызы бар еді оның, бойжетті.
Аз көрініп қолындағы байлығы,
Жалғыз қызын ұзатуға ой кепті.
Жалпақ жұртқа жар салыпты әлгі бай,
«Уа, халайық, ата салты, жай былай»:
«Қалыңмалын кім көп берсе қызымның,
Соған берем, бұл сөзіме жар Құдай».
Осыны естіп ағылыпты жан-жақтан,
Өңшей байлар адам емес, мал баққан.
Күні-түні қайғырыпты қыз байғұс,
Құтылам деп қалай осы қармақтан.
Ақылды қыз ойлап-пішіп жан-жағын,
Тағдырының талайы сор салмағын.
Әкесіне хабар сапты бір күні,
Айтамын деп соңғы тілек-арманын.
Байлығына ісіп-кеуіп, желпініп,
Байекең де келген екен ентігіп.
Әкесінің түрін көріп малқұмар,
Сөйлепті қыз ауыр ойдан серпіліп.
«Малыңызға сан жетпейді, қараңыз,
Соныменен жазыла ма жараңыз?
Ерсін маған мені алмаққа келгендер,
Барсакелмес аралына барамыз.
Кім құп көрсе мұны шындық сөзі деп,
Шығады сол сүйгенімнің өзі боп.
Барсакелмес аралына барамыз,
Жатқан жерге ұлы байлық көзі боп».
Осыны айтып қыз қарапты жан-жағын,
Кім салар деп малмен басып қармағын.
Ойлапты қыз қор болғанша кетейін,
Арамзаға қор болмасын арманым.
Бұл сөзден бай есі кете құлапты,
Аулақ тастап ар-ұждан мен ұятты.
«Ол не дәулет?» деп қызынан сұрапты,
Жұмбақ арал оған қатты ұнапты.
«Рахмет, бердің әке, қол үшін,
Бұл бір сапар қауіп-қатер, толы сын.
Осы жолдан ердің ері оралар,
Барсакелмес аталады сол үшін.
Ендеше мен жолға шығам тезірек,
Дау-дамайдың бітпейтұғын сөзі көп.
Маған ерсін жар етемін дегендер,
Шын ерліктің,
Шын сезімнің өзі боп.
Байлық шіркін, бағыңды да көгендер,
Мал құлағы – саңырау дейді кереңдер.
Маған ерсін, мал үшін жан садаға,
Құнын төлеп, қатын етем дегендер».
Осылай деп көпке назар салыпты,
Жанарында кектің оты жаныпты.
Барсакелмес деген кезде бас құлап,
Дәмелілер жерді шұқып қалыпты.
Жүйрік ойды жүрегінде тағалап,
Алыс-алыс бара жатты жаманат.
Тұрды сұлу тәкәпарлау пішінде,
Пасықтарды, жасықтарды табалап.
«Мен еремін!»,
Шықты дауыс саңқ етіп,
Қыз жанары қалды сонда жарқ етіп.
Шықты ортаға жыртық шапан жылқышы,
Сүйгені үшін бірге өлуге ант етіп.
Бұл бір зауал болды талай намысқа,
Бай біткенің ұқсап қалды қамысқа.
Жанарларын ыстық-ыстық жас жуып,
Шын сүйгендер кетті солай алысқа.
Кетті екеуі,
Жаз да қысқа айналды,
Ақ қар басты адырларды, сайларды.
Келеді деп Барсакелмес байлағы,
Көңілі соқыр, өзі пақыр бай қалды.
Күндер зулап, ай мен жылдар сырғанар,
Қайтты талай түстік жақтан тырналар.
Ақырында ажал жетіп өлді бай,
Барсакелмес жақтан болмай бір хабар.
Озған жылдар осыны айтып жылайды,
Мұң шертеді аруларға шырайлы.
Махаббатты байлық емес, мал емес,
Махаббатты Барсакелмес сынайды.
Жолың болсын, жарқылдаған армандар,
Бүрін жарсын сезім деген ормандар.
Бақыттарың бірге болсын мәңгілік,
Барсакелмес аралына барғандар.
Сезім деген сағыныштың жамалы,
Сенім болып аймалайды самалы.
Сен бар жерде махаббат бар мәңгілік,
Сен аман бол, Барсакелмес аралы.
Махаббат бар!
Мен білмеймін өңгесін,
Көңілі соқыр сенбейді ме?
Сенбесін!
Адалдығың,
Адамдығың өлмесін,
Айналайын, менің Барсакелмесім!
Төзім жанды, сезім жанды тербесін,
Шын махаббат ару қыз бен ерге сын.
Сен аман бол, сертке біткен сенімім,
Сен аман бол, менің Барсакелмесім!