Менің даусым, саған елім, жетер ме,
Тамағымды кенедім бе бекерге.
Тыныш жүріп, тымырайып бас бақпай,
Тиістім бе тымырсыған бөтенге?
Не де болсаөз үнімді шығардым,
Шындықты айттым, соным үшін сыналдым.
Қаупімді айттым, қарабастың қамы емес,
Тереңдегі тілегімдіұғар кім?
Мен айтпасам, сен айтпасаң, кім айтар,
Өгей айтар, өтірігі мұңайтар.
Мысық тілеу мақтағандар есепшіл,
Ақын айтса адал айтар, шын айтар.
Жаныңды ұқтым, жайыңды ұқтым, қалың ел,
Сына мені, тезге салып, тағы көр.
Бүтін ұста, күтіп ұста іргеңді,
Таныр болсаң дұшпаныңды танып өл.
Қалың елім, көзге түсер беттесің,
Тек намысың қалғып-ұйықтап кетпесін.
Көре алмастың көзі бізге жетпесін,
Тәуелсіздік Бәйтерегі көктесін.
Алып ел мен кіші барын ұмытпа,
Дұшпаныңның іші барын ұмытпа.
«Үй менікі» деген кезде абай бол,
Үй сыртында кісі барын ұмытпа.
Құлағанда сынағанды ұмытпа,
Күлшең барда ұнағанды ұмытпа.
Тайқазанды тартып алып талтүсте,
Тамам елің жылағанды ұмытпа.
Сайқал сөздің қыздырғанын ұмытпа,
Тарихыңды сыздырғанын ұмытпа.
Ата-бабаң жатқан жерді тың айдап,
Трактормен бұздырғанын ұмытпа.
Ойы арамның ормандығын ұмытпа,
Қызғаныштың толғандығын ұмытпа.
Иманыңды Иван қылып иіріп,
Тілің тұтқын болғандығын ұмытпа.
Көріп тұрып, бермегенді ұмытпа,
Көңіліңді жерлегенді ұмытпа.
Күліп тұрып, кекесінін жасырып,
Ту сыртыңнан пышақ ұрды, ұмытпа.
Жат пейілді ағаладың, ұмытпа,
Тағдырыңды тағаладың ұмытпа.
Өз жеріңде өгей болып күн кешіп,
Жетім бұрыш жағаладың ұмытпа.
Өткен жылдар осыны айтып тұр бүгін,
Тәубе, тағдыр, Азаттығым – нұрлы күн.
Өз қолыңда еркіндік пен билігің,
Өз қолыңда Алла берген тірлігің.
Есік аштық алыс пенен досқа сан,
Жетім күнмен күліп тұрып қоштасам.
Байлық, барлық, билік, бақыт, бағың да,
Азаттықтан қымбат емес ешқашан.
Озған жылдар өнегесін жолдайды,
Отқа жансын, суға батсын сол қайғы.
Тәуелсіздік болу үшін мәңгілік,
Ұмытпасты ұмытуға болмайды!
Қалың елім, қадірімді кел, екше,
Ел дегенде елеңдеймін ерекше.
Жалған айтып, неге керек, сертім сол,
Жанымды да берем саған керексе!
Кірдім талай теңдік үшін додаға,
Қалған жоқпын жанға жайлы жағада.
Қалің елім,
Қара орманым,
Сертім сол:
Менің жаным сендер үшін садаға!