Қазіргі қазақ жырының көрнекті тұлғасы Серік Ақсұңқарұлының ақындық апологиясы хақында
Серттің ақыны Серікті көргенде: «Қарқаралы, сен маған жолықтың, өлеңі болып Қасым Аманжоловтың» деген Сырбай Мәуленовтің өлең жолы ойыма оралады. Қарқаралының қарағайлы орманы шулаған, Шайтанкөлінің шағаласы дулаған, Қызыларайының барқын кеші ақынның жырын булаған осы өлкенің өлеңдертті перзенті Серік Ақсұңқарұлының поэзиясы туралы аз-кем сөз ұзатудың реті келгенде, тағы бір жайт есіме түсіп отыр. Бұдан он жыл бұрын, жыр жүйрігі Фариза Оңғарсынқызының 70 жылдығының қарсаңында, нақтырақ айтқанда, апам: «жетпіске келем бе, келмеймін бе, 69 жасымды атап өтемін» деп Астана төрінде дастархан жайғаны бар еді. Сол кешті жүргізуді әдетінше апам маған жүктеген.
Келетін қонақтардың отыру хаттамасын ретке келтіріп, той иесінің ұсынысы бойынша ақындарды ұзыннан жайылған бір стол басына отырғызуды шешкенбіз. Ақындардың алды болып Серік келді. Өлеңнің буы мен мінездің дуы қосылып, Секең аяқты алшаң басып, арқайын кірді. Алдынан шығып: «ақындар мына столға отырады, төрлет» деп қол ұсынып едім, «мені ақын деп кім айтты?» деп шалқая сөйледі. Мінезбен мінез шарпысса, тойдың түтіні кері шалқыр деген оймен жуастау жауап бердім. «Ақын емеспін десең, өзің біл, біз ақын деп жүрміз» деп жетелеп, төрге оздырдым. Серіктің мінезді ақын екенін 80-ші жылдардан бері жақсы білем ғой, оның Қарағандыдан жолдаған «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» деген публицистикалық патетикасын, семсердей сертті, өзектей өртті жырларын талай рет «Лениншіл жас» газетінде жариялап, өзіміз де, өзге де ашық та айдынды, ақиқат та айбынды туындыларына талай рет қол соққанбыз. Оны айтып жатуға жер тар болғасын, сөздің сәлемі сәті түскенде келер деп ауыз баққанбыз. Сәті енді келді.
«Дүниеге келер әлі талай Қасым, олар да бұл Қасымды бір байқасын» деп Қарқаралыдан қыранша самғап барып, Оралдан өлең ұшырған Қасым Аманжоловтың керзі етігінің уақыт желі өшірмес ізімен келе жатқан бір ақын, бірегей ақын осы – Серік Ақсұңқарұлы. «Мені ақын деп кім айтты?» деп шамданса да, шалқыса да, шындықтың шымылдығын ашып, бір ауыз сөзін ұзатып отырған інісіне ірілік танытпас деген ойдамын. Менікі, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген тәмсілге қол қою. Жаман жағынан келіп, жалына жармасып, құты қашсын деген ниетім жоқ. Көптен оқырманымын.
Әдетте, өлеңге пікір айтудың машақаты да, марапаты да жетерлік. Машақаты – өлеңге түсінік жасау абыройлы қызмет емес. Өлеңді көзбен көр де, ішпен біл. Дұрысы осы. Марапаты замандас туралы жақсы пікіріңді дер кезінде айтудың мархабатты тірлік екені. Осы тұрғыдан келгенде, Серік Ақсұңқарұлы қазіргі қазақ поэзиясының азаматтық лирикасын, азаматтық кредосын, азаматтық ұстанымын, азаматтық тұғырын биікте ұстап келе жатқан санаулы ақындардың бірі.
Қазір қоғам мен уақыт туралы сын тұрғысындағы сипаттама өлең жазу дендеп тұрмысқа енді. Әсіресе бұл тенденция жастар арасында декларациялық дүрлігуге ұласып, жүрегін емес, білегін сыбанып, білгенін шындай, білмегенін дыңдай етіп өлеңге түсіру жаппай науқанға айналды. Қазір өлең жазу, оның техникасын үйрену компьютерлік кешенге түсті. Саясат пен парасаттың ара жігін максимализм мұнары басып, «антидюрингтік ақиқат» агониялық шамшылдыққа ұласты. «Неғұрлым түсініксіз жазсақ, соғұрлым мықтымыз» деген түсінік төрге шығып, Серіктің сертке таққан жырларының аспанын «албырт ақындардың» анархиялық бұлты басқанда, талабы мен талғамын тарының қауызына сиғызған таланттың қарасын айырып көрсетудің қажеттігі туады. Мүмкін, бұл менің де қолымнан келе қоймас, дегенмен «әрекетте берекет бар» деген сөз бар ғой. Серікке серік қоспай, өлеңіне өре ұсынсам, мұным бір ауылдың көшесінде өкшелес келе жатқан өренге пейілім-дүр.
Ата поэзиямыздың арғы бастауларына ой жүгіртсек, жауынгер жырлардың көші Сыпырадан басталып, Шалкиізге ұласып, Бұқарға бұйдасын ұстатып, мәрт Мәдиге дейін ұласады. Алыстан жеткен сарын соцреализм тұсында дақпырт пен даңғыраға ұласқанда көкірегіндегі көк бұлтын шайқап төгіп, шарта жүгінген жас толқынның ішіндегі Ақсұңқар баласының жырсұңқары талмай қанатын қаққаны да есте. Өткен ғасырдың өзекті мәселелері қазақы публицистиканың жаймасында жаңа түскен жас келіндей «иба» сақтаған кезде өлеңі өткінші дауылдай бұрқыраған Серіктің жырларын «оппозицияның» қатарына қосуға әрекет жасаған сәттер де болды. Халық жырларының қазыналы керуенін жалғаған ұлан жыршылықты «ұзан» деп атайтынымыз секілді, ашық жыр мен жабық жырдың шекарасына шеген салған ақынның қолтаңбасын құрметтейтін жұрттың қарасы көп екені сондықтан. Сол көптің ішінде бір қалам бүгін таңбасын салды.
Дәріскер диагнозбен қарасақ, қазақ өлеңінің азаматтық көзқарасы ширыққан қазіргі кезеңде Серікше жазармандар да молайды. Тақырыпты тар кезеңге иек артқан уақыт туындатып отыр. Қай заманда да ұшпа жанр – лирика алдыңғы шепке шығады. Қазіргі жастардың қалам ұстай сала проблемалық полемикаға құлаш ұратыны осыдан болса керек. Олар бір жағынан Серіктің майданын күшейтсе, екінші жағынан, арғы кезеңнен бері атойлап алда келе жатқан ақынды дүрмек арасына көміп те кетеді. Бажайлап қарасақ, жөңкіле шапқан жауынгер жастықтың қалың ортасында ағалық жастан абыздық жасқа өтуге өкше көтерген Серіктің даусы әрі байсалды, әрі тегеурінді, әрі салмақты, әрі салтанатты. «Бір төбенің тозаңын бір төбеге қосып», терлігі терге бөккен сайын құлағын қайшылап төрт аяғын тең тастап келе жатқан шалқұйрықтың шалқуы мен қалқуы назар аударарлық.
Серік, Маяковский заманын еске ала тәмсілдесек, - трибун ақын. Бірақ оның трибундығы жүйелі биліктің жүгіне жармасқан жандайшап жыршылдық емес, азаматтық айбар мен ақындық байлам. Әсіресе, соңғы он-жиырма жылдың бедерінде оның қалмынан туған жырлар уақыткер мінездің бітімін анық танытып, поэзиялық парасаттың биігін көрсетеді. Оның әдеби үрдісті бағалаудағы шамшылдығы мен шыншылдығы әдеби ортада көпке көзайым болып тұратыны рас. Жастардың ақынды қаумалап келіп, саумалап сауал тастауында да осы мінез өзіне шақырып тұрады.
Қаламгердің әлеуметтік желілердегі белсенділігі мен ашықтығы, қоғамды елеңдеткен жайлар мен уақытты бебеулеткен жағдаяттар да оның ақындық айнасында шарпысып, қайраткерлік қуатын байқатады. Төлегеннің: «ақын боп өмір сүру оңай деймісің, қарағым» деп айтуын Серік ақын өлең өмірбаянында дәлелдеп келе жатыр. Әсіресе, оның тарихи танымға, діни сенімге, антикалық байламға байланысты туған ішкі энергетикасы мен сыртқы динамикасы оқшау көрініп тұратын жырлары жан әлемінде буырқанған бояуларды жазып көрсетеді.
Ақынның әдеби-тарихи ізденістері ақпараттық ағымнан гөрі адамдық болмысқа көбірек ұмсынатын өлеңдері – патетикалық платформасы қызық та құнды. «Ақынға керек ақыл көп, асаулық керек аздаған» деп Қадыр Мырза Әли жазғандай, ақылды білімділік деп қабылдасақ, бұрынғы ағаларымыз айтқан: «өлеңге оқыған ақындар келе бастады» деген сөздің бір кейіпкері Серік Ақсұңқарұлы десек, көп оқырман қарсы болмас деп ойлаймын. Өйткені, ол үнемі ізденісте. Оның өлеңдерін оқығанда осыны анық сезініп отырамын. Энциклопедиялық фактаждың иіріміне үңілуді ізденудің бір жолы деп қабылдайтын Серіктің прозалық пайымды поэтикалық шендестіруге құмарлығы оның шығармашылық әлеуетіне әр де береді, нәр де береді. Оның ізденістері ізашарлық іргетас ретінде поэзия храмының ұстынына ұласады. Мозаикалық монологтары оймен қаланады.
Ал оның діни ұстанымын білдіретін жырлары теологиялық талғамының тынысын танытып қана қоймай, оның адами-имани болмысты танытудағы және танудағы ізденістерін көрсетеді. Осы тақырыпты жазып көрген әріптес ретінде оның осы бағыттағы ізденістеріне жіті назар аудардым. Құранның тұла бойы тұтас ақжарма жыр екенін бізден бұрынғылар талай айтқан. Оның аса нәзік те аса күрделі иірім ілімдерін жеткізуде барынша сақтықпен, дайындықпен барған ақын оның тылсым қуатын жоғары кернеулі энергетикалық күш деп түсінеді де, осы деңгейден түспеуге тырысады. Бұл ізденісін де құптауға дайынбыз. Алда осы бағыттағы құштарлығын жалғастырса, теологиялық тақырыптың туындыгерлік табысына қол соғамыз.
Оның діни тақырыптағы жырлары, негізінен, қасиетті Құранның сүрелерін өзінше пайымдауы назар аударалық. Құранның сүрелерін сірестіре аударған мысалдар бізде жеткілікті. Тіпті Құранның аса ғажайып мағынасын қарапайым жүрекке жеткізуде бұған дейін қазақ тіліне аударылған 5-6 нұсқаның қай-қайсысы да тілі жаңа шыққан сәбидің сөздік қорынан туғандай әсер беретіні шындық. Серіктің мазмұндауында «Бәләд» сүресінен басталып, «Нас» сүресімен аяқталар 15 жыр адамның таным-түсінігіне қарапайым да әуенді болмысымен сіңеді. Құранды биссмилахи-рахманиир-рахиим деп ашып, пенденің ықыласын аударатын «Ықылас» сүресін аударған жырын оқып көрелік:
Уа, Мұхаммед!
Айт оларға:
Алла – Дара!
Серіксіз!
Мұң жоқ онда!
Мұқым ғалам мұқтаж оған еріксіз!
Ол туған жоқ!
Һәм біреуден туатұғын сен емес!
Адамзатта,
Ғаламзатта Оған ешкім тең емес! Түсінікті ме? Әрине, сөз жоқ, түсінікті, ұғынықты. Әрине, Құранды, оның қасиетті 114 сүресін поэтикалық тұрғыдан жеткізуге ұмтылған ақындар қазақ тарихында болған, әлі де бар, жалғасты жақсы тірлік. Бұған ақынның ішкі-сыртқы дайындығы ғана емес, сәждеге бас қойып, Аллаға барынша жақын барғандағы жан мен тәннің өзара үйлесімі мен санадағы сәуленің пейіл призмасында шағылысуы да аса қажет. Осы тұрғыдан келгенде, бұл тақырыпқа қызыға қалам ұмсынып көрген әріптес ретінде Серіктің рухани табысына қошемет білдіремін.
Ақынның «Ұзан» атты жаңа жыр жинағы қазіргі қазақ жырының өркешті туындысы деп бағалануға әбден лайықты. Бұл жинақтағы аударма немесе мазмұндау иіріміндегі өлеңдерді ақынның төл туындысындай қабылдауға толық болады. Орыс ақындарының жырларын аударудағы оның стилі ойды еркін самғатудан анық байқалса, өзге тілдің өзегіндегі образды жеткізудегі қазақы құлаш байтақ даланың еркін самалындай болып жаныңды желпиді. Ал «Қабіріңе қоям бес шоқ қара гүл» деп аталатын жыр дестесі өзінің тұтастық тұғырымен, айтар ойымен, астын сызып көрсетер сілтемесімен оқырман назарын ерекше баурайды деп ойлаймын. Қазақ поэзиясының бес дәуірін қамтыған, нақтырақ айтқанда, қамтуға тырысқан, десте ғылыми пайымнан гөрі тарихи сананы түгендеудегі жанкешті жорық деп қабылдануға лайықты.
Дәйектей айтсақ, Шәкәрімге арнауында: «аза тұнған алабым, тұманданып санасы, қасқыры өліп даланың, қалды – иттің баласы» деп жан қыжылын, қоғам ғұмырын білдірсе, Мағжанға бағыштаған өлеңінде: «Қош! Өмірім – өңім емес, түс, мүлде! Романовтан кетіп, тиген күш кімге? Біржан салға қамшы ала жүгірген, қызыл мундир – Поштабайдың үстінде» деп аяқталар рухшыл резюме зұлмат дәуірдің қанды таңбасын қайыра еске салып, абайшыл астар көрсетеді. Жасын жырдың сұңқары Жұбан ақынға арнаған өлеңіндегі: «Тіршілік не? О, тіршілік – түс, бізге, Қауышпаспыз қайта барып қыс, күзге, мыйығынан күліп кімдер жүр екен, бір қазақты бөліп тастап үш жүзге» деген жолдарды осы жырдың арқауы десек болар. Осы өлеңдегі өрісті пікірді әсіресе, ақындар есте ұстаса екен деп армандаймын.
Жетпісінші жылдардың басында, Алматыда, қазіргі Абылай хан даңғылы мен Бөгенбай көшелерінің қиылысындағы қақ ортасында үстінде етегі белбеуінен шығып кеткен көк көйлегі бар, ақшыл шалбарлы бір кісі қолын сермеп, саңқылдап сөйлеп тұрды. Тыңдай қалдық. «Атаңа нәлет, Алматы таксилері, қазақтың ұлы ақынына бірде-біреуі тоқтамайды» деп боқтап тұр екен. Қызу екені байқалып тұр. Машиналар қаша бұрылып кетіп жатыр. «Кім?» деп сұрап жатырмыз жапырлап ылғи студенттер. Бір жігіт ағасы: «бұл атақты ақын Төлеужан Ысмайылов» деп жанымыздан өте берді. «Көзімнен жаңбыр жауғанын, көрдің бе, туған тауларым, бауырыңа жетіп, лауладым, қызарып күндей батқалы, өзіңе келіп жатқалы» деп жаңғыртып жыр оқыған Төлеужан ақынның болмысын танытудағы Серіктің жыры осы бір сәтті көз алдыма қайыра алып келді. Қилы тағдырдың қыспағында қалып, қазаға ұшыраған ақынның лаулаған жыр-керуені қазақ өлеңінің көшінде әлі желіп келеді. Серік осы ойды жыр тіліне қапысыз түсірген екен. Қазақ поэзиясының бес дәуірі деп атаған дестенің соңындағы Кеңшілік Мырзабеков туралы жырын оқығанда Кеңкеңнің: «Қарағым, біздің баста да, қарлығаш дәурен көп тұрмас, қанатсыз қалсақ масқара, қанаты барлар жақтырмас» деген ғажайып жыры жадыма сан рет оралып, Серіктің әдеби диссертациясына әріптес тілекші болып шыға келдім.
Бұл мақалада, бір мақалада, Серіктің жыр әлемін тұтас айтып, толғап шығу шығу қиын болар. Өзіне сөз берейін:
Өмір сүрем өлеңсіз-ақ,
Өзге кәсіп бастап бір.
Америка – Гомерсіз-ақ,
Абайсыз-ақ асқақ тұр...
Өмір сүріп өлеңсіз-ақ,
Болам, мейлі, баспақ бір.
Қазақ жыры Нобельсіз-ақ,
Ақсұңқарсыз да асқақ тұр? Осы сөзге сенуге бола ма, қадірлі өлең сүйер қауым. Сіздерді білмеймін, мен сенбеймін. Біз білетін Серік Ақсұңқарұлы болса, ол өлеңсіз өмір сүре алмайды. Ұлық жырдың ұзаны, астарлы ойдың алшаңы, тегеурінді жырдың тумасы шамырқанған бір сәтінде осылай жазған болар. Мен білсем, ол қазір қанатын қомдап, қаламын жүрек сиясына малып, Қарқаралының қалың қарағайына қарай маңдайын беріп, жазу үстелінде отыр. Енді не жазар екен? Оқуға құлықтымыз.