Әкеммен аттас, жақсыға жақтас, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов ағамыздың өмірі көпке өнеге, көңілі дархан дөдеге
Орекең – «кәдімгі Сәбит Мұқанов» деп Сәбең айтқандай, кәдімгі Оралбай аға Әбдікәрімов жеті белеске аяқ салып, асай-мүсейін асынып, сонарда аңын қашырып, қырқаға шығып асығып, алдымызда адымдап бара жатыр. Соңына ерген інілері алдымызда озып бара жатқан ағамызға қарап, өзі туралы ол біліп-білмеген сырымызды ақ қағазға жайып салып жатырмыз.
Орекеңді көптен білемін деп айтсам, артықтық етпес. 1995 жыл. Наурыздың басы. Алматы. Сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаттарын, біздерді, Квятковская деген кесір келіншектің дауынан кейін тарату туралы тарихи шешім шықты. Улап-шулап, бас білмейтін бақырауық атандай болып, әр жаққа тартқан «алғашқы кәсіби парламенттің» өмірі осылай «қысқа да нұсқа» болды.
Қысқа болғаны түсінікті, нұсқа болғаны, әр депутат өзіне тиесілі міндетті бұдан кейін әбден біліп, «ақырын жүріп, анық басатын болды». Абайлап, абайшылап жүретін жолға түсті. Тарату жөніндегі комиссияның басшысы, сол кездегі вице-президент Е.Асанбаев балық үлестіргендей болып, біздерді анда-мында бөліп жатыр. Депутаттарды тізім бойынша шақырып, қабылдау жүргізіп жатқан залға кірсем, төрде төрелік айтып отырған Асанбаевтың қасында құдалыққа келгендей жайбарақат кейіпте Орекең – Оралбай Әбдікәрімов отыр екен. Президент Әкімшілігінің сол кездегі Ұйымдастыру-кадр жұмыстары бөлімінің бастығы. Сирек көріп, сиректеу амандасып жүрген тұлғамыз.
Парламентті таратқан күні кеште бір беделді депутат ағам телефон шалып, өзіне шақырды. «Інім, болар іс болды. Енді шешім өзгермейді. Осында өзің білетін даурықпа депутаттар аштық жариялаймыз деп қол жинап жатыр. Біздің бетіміз ашылған. Сенің өмір жолың алдыңда, басың жас, балаларың бар. Бұларға еріп арандама. Үйіңе қайт, келінге сәлем айт, сабырлы болыңдар» деп ағалық ақылын айтты. Рахмет айтып, үйге жинала бастадым.
Сол кезде кабинетіме бір шамшыл депутат кірді. «Өтеген, аштық жариялайтын болдық, қазір Олжекеңнің кабинетіне жиналып жатырмыз, сен де бізбен бірге бол» деп өтінді. Мен кешірім сұрап, мұндай қадамға бара алмайтынымды айтып, онымен қоштасып сыртқа шықтым. Есік алдында депутат Уәлихан Қалижановпен кездестім. Ағалы-інілі, сырлас бауырлармыз.
Өзімнің шешімімді айттым. «Дұрыс, Өтеш, не қыласың арандап, үйіңе қайт, отбасыңа сәлем айт» деп қолымды қысты. Екеуіміз екі жаққа, үйлерімізге қарай кете бардық. Үйге келсем, елден енем келіпті, жолдасым дастархан жасап, мені күтіп отыр екен. Бір кезде бір телеканал: «Жоғарғы кеңестің 70 депутаты ғимараттан шықпай, аштық қабылдау жөнінде мәлімет беріп жатыр» деген қысқаша хабар айта қалды. Ет жеп отырмыз. «Кімдер екен аштық жариялап жатқан?» деп бір-бірімізден сұрап қоямыз.
Ертеңіне Парламентке келсем, алды ығы-жығы адам. Шаң-шұң дауыс, шаршаған жандар, шираған сақшылар. Ішке кірдім. Заттарымды жинастырып, алдағы күндерге қам жасау мақсатымен сол кездегі Премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке кіруді ойладым. Ақылдаспақ ойым бар, реті келсе, қызмет жайы туралы сөйлеспекпін. Оның да алды толған депутат. Кезекке тұрдым.
Айтпақшы, кіргелі тұрғанымда сол кездегі Премьер-министр кеңсесінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Қырымбек Көшербаевпен есік алдында кездесіп қалып, одан қызмет жайын сұрағанмын. Ол ақжарқын күйде қарсы алып, жай-күйімді жақсылап сұрап: «бізде сектор меңгерушісі» деген бір бос орын бар, соны ұсынайын» деп бірден пейілін білдірді. Мен де келісе кеттім. Бірақ Имекеңнің алдынан өту керек екені белгілі болды. Соған тоқтадық.
Имекең сәл сұраулы түрмен, салқындау қарсы алды. Қызмет жайын сұрадым. Ойымды айттым. «Сен аштық жариялағандардың тізімінде жүрсің ғой, оның не?» деп сұрады. Мен күлдім де, «соны теледидардан айтып жатқанда мен үйде етті соғып отыр едім» деп жауап бердім. Тіпті бұл сөзге жете мән де бермедім. Бірақ мен мән бермегенмен, Ерік Асанбаев ағамыз қатты мән берген екен. Имекең тарату комиссиясының төрағасына барып, басыңды арашалап ал дегендей ишара танытты. Ақиқатын айтайын, менің аштық жарияламағаным имандай шыным еді.
Сонымен, сол күні түс қайта Асанбаевқа кіру кезегі маған да келген. Ерекең кірген бойымда: «Сен неге аштық жарияладың» деп дүрсе қоя берді. Алдында тізім жатыр. Сәлемімді де алмады. «Кешіріңіз, мен дәл сол кезде үйде ет жеп отыр едім» дедім жауабымды асығыс жұптап. «Жоқ сен аштық жариялапсың» деді ол түсін одан әрі суытып, Олжас Сүлейменовтің тобына кіріп, келісім беріпсің» деді одан әрі нығыздап. «Ереке, Олжекең үлкен ақын, оған дау жоқ, бірақ менің көзқарастарым ол кісімен мүлде қабыса бермейді, әсіресе ұлттық мүдде тұрғысынан, сондықтан босқа күйдірмеңіз, оның үстіне адамды сыртынан тізімге қосқан депутат бұл жалалы ісіне жауап беруі керек, қорыққасын айтып тұрғаным жоқ, істің анығы солай. Ал маған қызмет бермей-ақ қойыңыз, өзім табамын, рахмет іздегеніңізге, бірақ сіз ұсынған жерге бармаймын» дедім енді өршелене қарсыласып. Даусым қаттырақ шығып кеткен секілді. Сөйтсе, көп депутатты тізімге сыртынан қосыпты. Көп жігіттер жазықсыз күйіп, көпке дейін соның зардабын тартты. Бұл енді жауапсыз, әпербақан жандардың тірлігі болатын.
Ерекең менің жауабымды місе тұтпады. Маған зілдене қарап: «сені министр Алтынбек Сәрсенбаевқа жібереміз, сол жұмыс береді» деп алдында тұрған үкіметтік телефонды алып, әлдекімге қоңырау шалды. Алтынбек екен. «Алтеке, депутат Оралбаевқа қандай жұмыс береміз, қазір айта аласыз ба?» деп сұрады. Айтты. Маған «Өнер» баспасының бас редакторлығын ұсынды. Асанбаев маған қатқылдау көзбен бір қарап алып: «министрге барыңыз, баспаға басшы болып барасыз, боссыз» деді. «Кешіріңіз, жаңа айтқанымдай мен сіз жіберген жерге бармаймын, ол қызметті алмаймын» дедім дауыстаңқырап.
Осы кезде манадан бері сабырлы қалпын сақтап отырған Орекең: «Інім, Ерекең жасы үлкен ағаң ғой, қарсыласпа, сабырлы бол, айтқан жеріне бар» деп қамқорси сөйлеп, қатқыл әңгіменің тігісін жатқызуға тырысты. Мен сабырлы қалыпқа түсіп: «сіздер айтқан жерге бармаймын, қызметті өзім табамын» деп жауап беріп, кабинеттен шығып кеттім.
Бұл менің Орекеңді жақыннан бірінші рет көруім болатын. Оның сабырлы, салиқалы қалпы, өзін барынша байсалды ұстауы есімде қалды. Қазір Орекеңді көрген сайын сол бір оқиға есіме түседі де тұрады. Орекеңнің есінде қалды ма, қалмады ол жағы маған беймәлім. Бірақ сол бір көргеннен оның сабырлы мінезі менің назарымды аударған еді. Жалпы, сабыр деген мұсылман баласының бірінші қаруы екені Құранда да, қасиетті хадистерде де көп айтылады. Орекең табиғатында осы қаруды әбден меңгерген адам.
Орайы келгенде айта кетейін, мен «Өнер» баспасына барған жоқпын. Сол жерде бір әйел адам кімнің қайда бағытталғаны туралы тізім жасап отырды. Сол жылдың күзінде, 1995 жылы, Асхат Асылбеков деген жас жігіттің құрастыруымен «Еуразия-полис» деген баспадан (қазіргі Данияр Әшімбаев құрастырып жүргендей кітап) «Кто есть кто в Казахстане» деген атпен қалың кітап басылып шықты. Бұрыштары темірмен бүрілген үлкен, көк кітап. Сол кітаптың 242 бетіндегі мен туралы ақпаратта мені «Өнер» баспасының бас редакторы деп берген. Мен әлі күнге дейін ол баспаның қай жерде екенін нақты білмеймін.
Одан бері де талай жылдар зулап өте шықты. Жаңа заман келді. Жаңа заң келді. Жаңа Астана жарияланды. Жаңа көш басталды. Біреу сенді, біреу сенбеді, мен де ешкімге барып, ант-су ішіп, аштық жариялаған жоқпын деп дәлелдеуге тырысқан жоқпын. Өзімнің ондай іске бармағанымды бір Алла білер деп жүріп жаттым. Әрине, бұл оқиғаны өзімді кеш болса да ақтау мақсатында айтып жатқан жоқпын, өткен іске өкінбеймін де. Дегенмен, сол депутат жігіттердің ішінде елі үшін, тәуелсіздік үшін, қазағы үшін жанын шүберекке түйген азаматтар болғанын әркез айта жүремін. Шындығы сол еді.
Сонымен астанаға табан тіредік. Одан бергі жылдарда Орекең Президент Әкімшілігінің жетекшісі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық комиссияның басшысы, Парламент Сенатының төрағасы секілді аса жауапты қызметтерді өзіне тән сабырлы, салиқалы, салқынқанды мінезімен ойдағыдай атқарып, Елбасымыздың сенімді серігі, сапарлас сардары болып қалыптасты. Тәуелсіздіктің тұғырлы да ғұмырлы болуына азаматтық үлесін қосты. Қашанда халықшыл мінезбен көрініп, қарапайымдылықтың үлгісін көрсетумен болды. Кішіге аға, үлкенге іні, қатарға құрдас, құрдасқа сырлас, көңілі де, күлкісі де ортақ жайсаң жан болып, алашының ортасында алшаң басып, асықпай келе жатыр.
2005 жылғы ақпан айында мен Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовке кеңесші болып бекідім. Сөйтіп, Орекеңтану сабағын одан әрі тыңдауға, білуге мүмкіндік алдым. Екі жыл жарым қарауында қызметте жүріп, тәлім-тәрбие алдым. Сапарлас болдым, пікірлес болдым, сабақтас болдым. Табақтас та болған жайым бар. Қай кезде де Орекең кеңдік пен дархандықтың шеңберінен бір шыққан емес. Асып төгілмей, сасып ашуланбай, өзіне тән айқын да ажарлы, дауысты да дабыралы күлкісімен көрініп, жанындағыларға жылы шуағын таратумен болды. Әлі де солай.
Қойылған тіке сауалға, бүйірден қадалғандай сұраққа қарсылық танытқан бір сөз айтпастан шалқытып бір күліп, жауап беретін адамды іздесеңіз, ол адам – Оралбай Әбдікәрімов. Сол шалқыған күлкінің ішінде жауап та, дерек те, дәйек те, қолдау да, мойындау да, тіпті қарсылық та болады. Тек соны көретін көңіл көзі, түсінер түйсік қажет.
Бас қосуларда, кездесулерде қағылез, шешім қабылдауда халықшыл болып көрінейін деп тырысып, ауыз баққан тілшілердің де сұрақтарына шалқытып бір күліп, жауап беріп, қиын түйіннен оңай құтылып кете баратын Орекеңнің осы қасиетін мен кәнігі аңшының ізшілдік қасиетіне балаймын. Табан астында ұтқыр сөз айтып, әзіл қашап, әжуаның да өзін майдалап жеткізетін де қасиеті бар.
2006 жылғы қыркүйек айында Анталияда ТүркСОИдың ұйымдастыруымен түркі әлемінің бас қосу саммиті өтті. Осы бас қосуға Мемлекеттік хатшы Орекең бастаған арнайы делегация барды. Сондағы кездесулердің бірінде, сөз тізгінін ұстап отырған елшіге ескерту жасаған Орекең мені барша жиналғандарға: «менің данышпаным» деп таныстырып, сөз берді. Қапелімде айтылған қара сөзге абыржып қалдым. Сөйтсем, түрік тілінде кеңесші деген сөз данышпан деп айтылады екен. Менің абыржып қалған түрімді көрген Орекең өзіне ғана тән жекеменшік күлкісімен қарқылдап күліп: «қане, данышпаным, осы тосты алып жібер» деп орнынан көтеріліп, тостаған қағыстырды. Арада жаймашуақ жай орнады да қалды. Ертеңіне Ақ теңізде аршындап жүзген Орекеңді көріп, оның Тынық Мұхиттың тегеурінді толқынмен алысқан теңізші болғанына сүйсінгеніміз бар.
Қайталаудың реті келіп қалды, 2006 жылы жазда Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік тілдің мәселесі туралы үлкен кеңес өткізіліп, сол бас қосу барысында белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева Орекеңе қарата: «Ореке, мен сізге өкпелімін, алпыс жасқа толғанымда құттықтау бермедіңіз» деп тұтқиылдан сөз айтты. Зал да абыржып қалғандай еді. Сол кезде құлаштап бір күліп алған Орекең:
-Ойбай, Ақұштап-ау, алпысқа келдім деймісің, мен сені әлі қыз деп жүрмін ғой, - деп жауап бергенде жұртшылық жарыла қол соққан болатын. Тауып айтқан сөзге тосқауылды кім қойсын, айтқыш апам да аңырып қалған сонда. Орекеңнің мұндай тапқыр сөздері де күлкісімен тең түсіп, көңіл күнделігімізге көп сызбасын түсірді.
Тағы бірде бір топ белгілі әдебиет және өнер қайраткерлерін бастап, Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімов іс-сапарға шықты. Күн қытымыр суық еді. Ұшақтың іші де азынап тұр екен. Бұрын кіргендер ұшақ ішіндегі азын-аулақ жаймаларды талап алып, Фариза Оңғарсынова апама жетпей қалыпты. Әуелі апам сыр бермей біраз отырды. Негізі Факең шамалы суыққа тоңбайтын кісі еді. Талай жыл жанына еріп жүріп, куә болғанмын. Аруағы бар ақын ғой, 2-3 сағаттық кездесулерде ауыздан бу бұрқыраған суық клубтарда көйлекпен отыра беретін. Шыдамды еді. Бірақ кейде торғайдың көлеңкесінен де тоңғандай болып, ашуының аязын шақырып, борандатып, желдетіп кететіні бар.
Ұшып келе жатырмыз. Ұшақ іші әлі боран. Бір кезде апам мені дауыстап шақырды. Бір оқиғаның болатынын біліп, дайындала бастадым.
-Ана Оралбайға айт, самолетті тоқтатсын, осы жерден түсіп қаламын,- деді Факең ашулана сөйлеп. Дереу Орекеңе жетіп, апамның сөзін сол күйінде жеткіздім. Шалқайып отырып, рахаттана бір күлді. Сосын орнынан тұрып, жамылып отырғаны жаймасын қолына алып Факеңнің қасына келді. «Факе, самолетті тоқтатсам, барар жерден кешігеміз, одан мына жайманы жамылып алыңыз, жып-жылы» деп иығына жапты да, тағы да рахаттана бір күлді. Апам да жымиды. Ұшақтың іші жылып сала берді. Күлкі – дипломатияның күшті қаруы екенін сол жолы бір байқап едік. Ал, бұл саланың кәнігі дипломаты Орекең болатын.
Орекеңмен қызметтес болған аз ғана уақытта, екі жарым жылда, одан көп жайларды үйрендік, көңілге тоқыдық. Ағалардың сарқытындай болып, асылдардың көзіндей болып осындай үлкендеріміз алдымызда жүргенде біздің көңілдеріміз қайдан қартайсын. Тек осынау әдеп пен мінез сабағын алуда қызметте қытымыр, жұмыста жытымыр біреулердің «жақсы-ақ шіркін, ән еді, пұшық шіркін не қылды» дегеніндей етіп, тұнық көңілді лайлап, тынық пейілді шайқап кеткені болмаса. Мүмкін бұл да кейінде айта жүрер, қалам ұстағанда жаза жүрер, көпке сабақ, оған мазақ бір кеп болар.
Жә, тайызға түспеуге тырысып, байызға бағып, жайсаң жанның жеті белесіне деген інілік көңілдің ізгі шуағын себездетіп, аңшылық ғұмырдың қансонарында жүрген көкеме деген лебізімді өлеңмен өріп жеткізейін.
Адамды көрдім жаны бір жайсаң, айдынды,
Қолыңа сенің бере салатындай ай-күнді.
Жолыңа сенің күлкісін шашып, төсеген,
Ұмыттырып сонда басыңа түскен қайғыңды.
Ән салған кезде Арқаның бойы бораған,
Аң атқан кезде ұшқан құс кетпес қорадан.
Күлгенде көкем қосыла күлер аспан да,
Денесі емес, көңілі де оның мол адам.
Нұрада туып мұраға алған сабырды,
Қайраткер ағам сауапты істе қарулы.
Көңілі төрдей қашанда көрпе салулы,
Көңлінің кілті күндіз де түнде алулы.
Шабыты келсе аумайтын шалқар шайырдан,
Шаршамас кісі адамға жасау қайырдан.
Қыздардың даусын Жамалдан ғана іздеген,
Қаздардың даусын балапан кезден айырған.
Төраға болды, төрелік айтты заңдарға,
Тең аға болды сыбайлас емес жандарға.
Кең аға болды тарылып келген арманға,
Кен аға болды өтініш айтып барғанға.
Басшы да болды билігі мықты ұжымға,
Хатшы да болды айтқаны жеткен ұзынға.
Қазағың осы деп айтар едім әлемге,
Арқар текедей тапжылмай тұрған құзында.
Қырандар тумас құмайлар ұя шайқамай,
Құзға да ұшар құлар деп өзін тайқамай.
Ірі ғой көкем сумоға түскен палуандай,
КАМАЗ-дың өзін қағып та кеткен байқамай.
Арнадым өлең орынды сөзге ой арнай,
Сыйлаумен жүрем ықыласым әркез жоғалмай.
Көкірегіне оның басымды қойғым келеді,
Көкем ғой менің, оның да аты – Оралбай.
Даладай дархан көңілін оның ұғамын,
Аспаным сонда ашады келіп тұманын.
Көке деп іштей күбірлеймін де, ән сұрап,
Жамал жеңгемнің жанына келіп тұрамын.
Ағама бүгін өлеңмен бердім бағаны,
Жаныма соқты мінездің мамыр-самалы.
Жамал жеңгем бар – маңдайда көздің маманы,
Жүгірттім жырды, мен едім сөздің адамы,
Жетпіске келген жігітің, жеңгей, қасыңда,
Жүзге келсінші, қалды ғой енді шамалы.
Тәуелсіздіктің туын көтерген алаш азаматтарының алдыңғы қатарында жүруді маңдайына жазған, Қазақстанның Мемлекеттік хатшылары деген тізімде бесінші болып тұрған, астаналық ғұмырындағы ат үстіндегі күндерінде алдына келген қазақ баласының маңдайынан сипауды азаматтық парызым деп түсінген Оралбай Әбдікәрімұлы әлі де сардарлық сапта. Иығында мылтығы, қолында дүрбісі, белінде оқшантайы. Оқшантайындағы оғы қаз-қатар, толық. Күлкісі де сол баяғы, даланың өз күлкісі.
Ореке, күле беріңіз, жүре беріңіз, қансонардың қызығын біле беріңіз. Атқаныңыз құласын, көздегеніңіз сұласын, «па, шіркін, аңшы кім?» деп жұртыңыз шулап сұрасын.
Мен де бүгін Сіздің ізіңізбен саяттың сүрлеуіне түсіп едім, қанжығам майланды. Соны Сізге байладым, Ореке!