Белгілі ақын Өтеген Оралбайұлының жаңа жыр жинағын оқығанда туған ойлар
Ақын жүрек сезімтал, көпшілік жұрт аңғара бермейтін құбылыстар мен қас-қағым сәттерді тез аңғарып, поэзия тілімен көркем суреттеп, оқырманға ұсынып, олардың жүрегін жаулап алатындығы ғажайып қасиет. Иә, қазақтың бәрі өлең жазғанымен өмірдің иірімдерін құдыретті поэзия тілімен өрнектеп оқырман жүрегін жаулап, одан мәңгілік орын тебу екінің біріне бұйырмаған, ол тек тума таланттың ғана қолынан келмек.
Тұлғаны ортаның өлеуметтендіретіндігін ғылым дәлелдей отырып, тұқым қуалаушылықтың қаншалықты адамзат өмірінде орын алатындығын да теріске шығармайды. Талантты қолдан жасап шығаруға болмас, тек оған жағдай жасалуы тиіс. Қазақ халқы таланттарға тағзым етіп , оған табынған халық. Қоғамда болып жатқан құбылыстарды түсіндіруде жазба әдебиетте алдарына жан салмаған жыраулық, жыршылық дәстүрге бас иген халық.соны жасаушы таланттарға да бас ие отырып, талантты ақын Жұмекен Нәжімеденов: «Бұл адамды жаратқанда ақын ғып, құдайға да біткен шығар батырлық»-деп, айтқандай оны жаратушының сыйы деп түсінуден жалықпаған.
Иә, ақындар қалам тартпаған тақырып кемде кем. Олар өздері өмір сүріп отырған дәуірдің перзенті болғандықтан сол дәуірдің шындығын жырлауға талпынады, өмірдің сан қилы иірімдері хақында ой түиіп, оны поэзия тілімен айшықтап, тың теңеулер таба отырып, өмір шындығын түсіндіруге ұмтылады.
Қазақ даласына ислам діні тараған дәуірден бастап жазба әдебиетте өмірдегі құбылыстардың себептері Алла атымен түсіндіріліп, соны тануға, мінажат етуге бағытталып, жыр арқауына айналдырған ақындар шоғыры қалыптасқаны тарихтан белгілі.. Өмірмен біте қайнасқан діни туындылар халықтың рухани азығына айналды. Халқымыз кез –келген істерді Аллаға сиынып бастап, содан күш-қуат алып, ұлы істерді тындырып отырды.
Дін тақырыбына қалам тарту үлкен жауапкершілікті қажет еткендіктен бұл тақырыпқа екінің бірінің бара алмасы анық. Өйткені, Алланың берген рахымын, ұлылығын түсініп, жан-тәнімен сезіне білу өте күрделі мәселе, асқан жауапкершілікті талап ететіні анық. Осындай жауапкершілікті арқалаған ақындардың бірі, ал бүгінде әрі бірегейі - Өтеген Оралбайұлы десек қателесе қоймаспыз. «Осы екен –ғой еркіндік, шын азаттық, Жүр екенбіз көр-жерді мұрағат қып. Аспанына Алланың арман жолдап, Қағба, саған жыр жаздым мінажаттық». Ол, дін тақырыбындағы мінажат жанрына тұтас жыр жинағын ұсынған қазіргі замандағы алғашқы ақын.
Баса айтарымыз, ақынның аса сезімтал жүрегінен жарып шыққан мінажаттық жырлар қоғамды толғандырып отырған: «бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр... Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты» болып тұрған шақта жазылған заманауи туынды.
Ол кешегі кеңес дәуірінің перзенті болғанымен дін жолынан таймаған діндар қариялардың қолына су құйып, батасын алып, имандылығын көзімен көріп, жүрегімен сезіне білген жан. «Қиялмен талай жерден асатынбыз, Аттаудан ала жіптен қашатынбыз. Әкеміз намаз оқып тұрған кезде, Аяқты, ұшынан біз басатынбыз». Бабалар ұстанған жол - ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға арналған болатын. Соларды санасына сіңіре білген ақынның ұстанымы анық та, айқын: «Дінді қалыптан шығармай, қатігездіктің құралы жасамай, тек ғана адамдық пен адамгершіліктің, жақсылық пен жаңалықтың, игілік пен ізгіліктің дәнекері, дәйегері деп ұстансақ, Алланың шапағаты сонда жарылқар. Дін ажыратушы емес, қосушы, жат қылар емес, жақындастырушы болса ғана жанға жарасар».
Бүгінде, тәуелсіздіктің арқасында исламды мойындаған әрбір мұсылман баласының Меккеге, қасиетті Қағбаға барып, мұсылмандықтың бес парызының бірі- қажылықты өтеуге мүмкіндік туып, талай қазақстандық мұсылмандар өз парыздарын өтеп қайтып, алған әсерлерімен бөлісуде.
Алла алдындағы парызын өтеп қайтқан Өтеген ақын болса ғажайып әсерлерін құдыретті поэзия тілімен көркемдеп, бабалар салып кеткен сара жолмен мінажат жырларына айналдыра біліпті. Ақын сезініп, түйсінген сиқырлы сезімнің арқасында «Азанмен әнін бастады, қағбаның қарлығаштары, армысың Әл-харам аспаны, иманның жаңылмастары» атты ғажап теңеу дүниге келіп, ақынның өзі айтқандай, тұтас мінажат жырлардың бастауы болған.
Ақынның сезім-түйсігіндегі Қағбаны мекен еткен қарлығыштар тегін құс емес. Халқымыз қарлығаш құсын қадір тұтып, қастерлеп, қарлығаш үйдің босағасына ұя салса, жақсы ырымға балап, үміт артып, қарлығаштың тынымсыз тірлігін байқап, «қарлығаштың қанатындай» су себуге тырысып, имандылыққа иек артты. Ие, кешегі иманды қарттарымыз қызғыштай қорып, ұясын бұздырмай, оны қастерлеуге үйретсе, сол қасиетті қарлығаштар қасиетті жерде Өтеген ақынның ғана көзіне шалынып, оң иығының үстінен өтуін Алланың ісіне балаған ақын жүрек қателеспепті. Сол бір жапырлай ұшқан қарлығаштар қанатымен қасиетті өлеңнің шабытын сеуіп кеткендей!
Ақын жүрегінен шыққан мінажат жырларын оқырманға ұсына отырып, алдына: «Аллаға сенгеннің абыройы биік» атты қағиданы тұғыр ете отырып, «жамағаттың жан дүниесіне рухани қызмет жасауға жарар» деген үкілі үмітін артады. Бабаларымыз қандай істі болмасын Аллаға сыйынып бастағаны хақ. А.Иүгенеки: «Алла өзін біліммен құт етеді, Қайырсыз надандықты жұт етеді. Білімді үйренбеген талай қауым Құдайды қолдан жасап бұлт етеді» десе, атақты ағартушы Ы.Алтынсарин: «бір Аллаға сыйынып, кел, балалар оқылық » дей отырып, ұлы істерге бастамашы болғаны аян. Бүгінде, мемлекет алдында әлемде дамыған отыз елдің қатарына қосылу сияқты ұлы мақсаттар тұрғанда, бабалар дәстүрімен Аллаға сыйынып, ұлы істерді тындыруға мінажат жырлардың өз септігін тигізері анық. Өйткені, ақынның күрделі тақырыптағы сезіммен мен сенімі, айтар ойы адал ниетінен, шын сүйіспеншілдіктен туған. Ал, шын сүйіспеншілдіктен ұлы істердің басталары хақ !
Ал, адамзатқа өмір сыйлайтын анаға деген сүйіспеншіліктің мұсылман дінінде, халқымыздың салт-дәстүрінде де айырықша мәнге ие болса, сол сияқты, аруақтарға табынудың да ерекше орын алғаны белгілі. Ата-ананың аруағына сыйыну ол өткенге тағзым, өткеннен ғибрат алу, істеген ізгіліктерін ұмытпау, ұрпақтар санасына сіңіре отырып, тәрбиелеу, өмірдің өткінші екендігін тіршілікте адамдардың бір-біріне «қонақ» екендігін ұғындыру болмақ.
Аллаға сыйынып, бабалар дәстүрін берік ұстанған ақын бір жерде: «Соларға арнап ниет қылдым - умра, Жүрегімде жүгірді бір шұғыла. Ниетімді Аллам қабыл қылғандай, Сан құбылып тұрды сонда құбыла» дей отырып, балалық шақтағы анасының тілін алмаған бір қылығы есіне түсіп, «анам үшін жасағанда умра, соны ойладым көзім жасы шұбыра. Кең мешітке кіріп келген жамағат, куә болды менің осы мұңыма» деген ақын ана алдындағы парыздың ауырлығын терең сезінгендей күй кешеді.
Қасиетті орынды бетке ұстап шын ниет етіп келген ақынның мінажаттық өлеңдері Аллаға құлшылық ете отырып, өмірдегі пендешіліктерді сөз етіп, тәубеге шақырады: «Пенделікпен кейде тасқан шығармын, пенделікпен кейде асқан шығармын...Мың мінажат, Жасаған! Шүкір дедім,тәубе дедім, Қанағат, Қанағатқа жұқпайды екен жаман ат. Халқымменен қатар болсам жарайды, Мен Алладан сұрамаймын дара бақ. Тәубе тағдырыма !».
Ақын бұл сапардан алдына қойған тілектері орындалып, жан дүниесі тазарып, санасы жаңғырып, өзгеше бір күй кешіп қайтады: «Ұлы сапар, ұмытпаспын мен сені, Ұлық ойлар көтерді кеп еңсені. Қасиетті қара тасты сүйдім мен, Бұл ғажайып – құдыреттің өлшемі» деп, нық сеніммен айта отырып, «Тақуа да болдым мен, Пірадарда, Болып тұрдым барлығы ұлы алаңда. Ахундықтан ауыстым қажылыққа, Уағыз айттым ынтамен сұрағанға» деп, өзінің басынан кешкен ішкі сезімдерін өлең жолдарымен паш етіп, «сана ашылса, барлық әлем ашылар» деген ой түйеді. Бүгін біз баз кешіп отырған қоғамдағы тойымсыздықты сөз еткен ақын: «Аласарып барамыз, Адам бүгін сұрамсақ. Адасыңқы санамыз, Аярлықты тұр аңсап,... Алла берсе, алдың ба, Ақ-қарасын айыршы. Жаратқанның алдында, Адам деген қайыршы» деген өлең тіркестері, бүгінгі біздің қоғамымыздағы беріліп отырған мүмкіндіктерді пайдалана алмай, барларды көре алмай, жоққа бере алмай, өздерінің қолдарынан келмей, келсе де істегісі келмей отырған, сұраншак, жалқау, қайыршылық кейіпті дөп басқан. Халқымыздың «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қазақтың қасиетті сөзін берік ұстанған ақын «... Алаш ек ардың туын асқақ ұстар, Қарамай қолдың кірі-мал-мүлікке. Жанымды тербейді кеп арлы бір ән, Ақсадым бұрын заман тарлығынан. Тілеймін бір Алладан, Туған елім, Биік болып тұрса екен деп барлығынан»- дей отырып, өсек-өтірік айтып, ала жіптен аттамай, Алланың бізге берген шапағатынан айырылып қалмай, еңбек етіп ел қатарынан қалмауды тілейді.
Тілеп ғана қоймай: «Сенем ылғи жақсыға, тек шуаққа, Жатып ішер жан емеспін бірақ та. Әр белесі күрес, тартыс машақат, Көзге сенем, сенбей кейде құлаққа»-деген жыр шумақтары арқылы ақын әрекетсіздіктен бас тартып, өмірдің күрес екендігін, жақсылықтың тек ғана күреспен, енбекпен келетіндігіне имандай сенеді, соған үндейді!
Құбыладан жаңылып бара жатқан шақта, «азаттықтың аң таңының» арқасында дініміз бен діліміз төрге озып, халқымыздың құбылаға қарай бет түзеген жәйі бар. Осы бір сәтті елден ерекше байқап қалған ақын жүрек: «Құбыладан соққан, қоңыр жел, Құрандай болып келіңдер. Ұрандай болып келіңдер, Қырандай болып келіңдер» деп, шаттанады. Құбыладан соққан қоңыр желдің ұран болып ұлы істерге бастарына біз де сенімдіміз. Олай болса, Алланы сүйіп, пәктікті серік етіп, елін сендіре білген ақын Өтеген Оралбайұлының «қазіргі қазақ поэзиясына орта толтыратын олжа, сыйлы сыбағасы» Мемлекеттік сыйлыққа әбден лайық дегіміз келеді.
Жыр жинағы азат күндеріміздің ақ самалындай болып, жан дүниемізді баурап, игілік пен ізгілікке жетелейді.
Абат Үржанов,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Жезқазған қаласы.