ӨТЕГЕН ҚАЖЫ ОРАЛБАЙҰЛЫ
ҚАҒБАНЫҢ ҚАРЛЫҒАШТАРЫ
(МІНАЖАТ ЖЫРЛАРЫ)
АСТАНА-2012
ISBN
Қазақ поэзиясының көрнекті ақындарының бірі, белгілі қаламгер, мәдениет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, қажы Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ өзінің поэтикалық болмысы мен бітімі өзгеше мінажат жырларында адамның имани-салауаттылық, ұждани-адамгершілік қасиеттерін, күллі мұсылман әлемінің аса қасиетті де қастерлі мекенжайы – Меккеде, ұлы Жаратушының жер бетіндегі ең алғашқы үйі – Қағбада болған сәттерін, сонда бастан кешкен сезімі мен жан дүниесіндегі жұмбақ та тылсым сырларын жан шуағына орап, жырмен әдіптеп, жалпы жұртшылыққа ұсынып отыр.
Қазақ поэзиясында әлі жалғасты үрдіс ала қоймаған бұл поэтикалық қадам ақын жырларында өзгеше бір өріс тауып, өзіндік тыныс-тылсымын танытады. Ақ жүректен ақтарылған алғаусыз пейіл, адал ниет, ақ тілек оқырманды да бей-жай қалдырмай, иірімі терең, тәлімі кенен ислам әлеміне тарта түседі деп сенеміз.
КІТАПАШАР
немесе азғантай алғысөз
Ағузу биллаһи минәш шайтанир-ражим,
Бисмиллаһир рахманир-рахим,
Әл-хамду лилләһи раббил-аламин
Ар-рахманир-рахим
Малики йаумаддин
Ий-ака нағбуду уә ий-ака настағин
Иһдинас-сиратал мустақим
Сиратал-ләзинә ән-амта алейһим
Ғайрил-мағдуби алайһим
Уалад-дооллин. (Фатиха сүресі)
Бисмиллаһир рахманир-рахим,
Кул-һуаллаһу ахад. Аллаһу самад.
Ләм иәлид уәләм йуләд уәләм иәкун-ләһу
Куфуан ахад. (Ықылас сүресі)
Сүбіхана раббика-раб-бил ғиззәти ғамма
Иаси фун.
Уа сәламун ғаләл-мурсалин
Уалхамду-лиллаһи
Раб-бил-ғаламин.
Құрметті Өтеген Оралбайұлы!
«Қағбаның қарлығаштарын» оқып шықтым.
Абайдан бастап, Мұқағалиға дейінгі қазақ ақындары ішінде Алла, дін тақырыбына қалам тартпағандары сирек. Сіз де сәтін салып, жыр пырағын тұнық тұмаға шалдырған екенсіз. Құтты, қайырлы болғай!
Мұндай жырларды Шығыс поэзиясында «мінажат жырлар» дейді. Мағынасы: құдайға құлшылық, жалбарыну. Әлішер Науаида мінажат жырлардың тұтас циклы бар. Бұл жанр шығыс музыкасынан да ерекше көрініс тапқан.
Сіздің шын жүректен шыққан жырларыңызда тың теңеу, ойлы образ, шымыр шумақтар мол екен. Маған, әсіресе,
«Сәждеге бірге құлайық,
Қағбаның қарлығаштары»;
«Жүрегіме қонып жатыр біртіндеп,
Қисуаға түскен алтын жазулар»;
«Қағба сонда жүзіп келе жатқандай,
Теңіз-халық толқынданып өтеді»,- деген әл-Харамда болып, оның қасиетіне балқыған адам ғана жаза алатын жыр жолдары ерекше әсер қалдырды.
Топтамада кейбір селкеуліктер де жоқ емес. «Ибрагим мақамы» дегеннен гөрі «мекені» деген жөн. «Мақам» қазақ тілінде өзгеше мағынаға ие, ал «мекен» Ибрагим тұрған жер. (әл-Харамды салғанда табанының ізі қалған) деген мағынаны білдіреді...
Негізінен, топтамаңыз сәтті шыққан. Алдағы уақытта жалғасын табады деп сенемін.
Мұхтар Құл-Мұхаммед,
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы
2012 жылғы 5 наурыз,
Астана, Ақорда
Қадірлі Өтеген!
Қасиетті Мекке сапарынан жазған жырларың мені қатты тебірентті. Қазақ поэзиясына жаңа леп әкелген шынайы, сұлу дүние екен. Қызықтым да қуандым. Жан тазалығы – Жаратқанның Ұлы нығметтерінің бірі ғой. Әрдайым Жаратушы Иеміздің жарылқауында болайық!
Көздің жасы құйылар шын,
Жаза алмасаң қанатыңды.
Бір Аллаға сыйынарсың
Әрі әуелгі, әрі ақырғы.
Жүгіне алсаң мәңгі заңға,
Жүрегіңмен жалынышты.
Жарылқаушың – жалғыз Алла,
Әрі Рахым, әрі Күшті.
Сен – Алланың құлы бүгін,
Құдіреттеніп нәзік арман.
Жаратқанның Ұлылығын
Жан-тәнімен сезіне алған.
Жас бүршіктер жаратылып,
Жапырақтар ашылғандай.
Ақ қағазға жаңа, тұнық,
Иман нұры шашылғандай.
Қағба сыйы – қазыналы,
Ұсынарсың бұл сыйды елге.
Жыр осылай жазылады,
Бір Алланы шын сүйгенде!
Күләш Ахметова,
ақын,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік сыйлығының иегері
Ағузу биллаһи минәш шайтанир-ражим, Бисмиллаһир рахманир-рахим!
Иә, ұлы Алла, жоғарыда айтылған (оқылған) Фатиха және Ықылас сүрелерінен болған сауапты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с)-ға, шаһидтерге, сахабаларға, әулие-әмбиелерге, ата-бабаларыма бағыштай отырып, қасиетті Қағбада болған кезде өзім бастан кешкен сезім мен сенімнен туған көңіл-күйімді «Қағбаның қарлығаштары» деп ат қойып, «мінажат жырлары» деген қосымша айдар тағып, қалың оқырман қауымға ұсынып отырмын.
Адамзат жер бетінде жаралғалы өзінен тыс, тылсым, жұмбақ жайларға жалбарынумен, мінажат жасаумен келеді. Қасиетті кітап – Құран түскен замандардан бермен қарай мыңдаған жылдар өтті. Адамзат үнемі өсу, жетілу үстінде. Сәби санамызды сәт өткен сайын жаңғыртып, білмекке құмарлықпен, білуге талпыныспен өткізіп келеміз.
Қасиетті Құранда айтылған жайлар мен жағдайлар қазіргі ғылыми-техникалық жаңғыру, ғаламдану жағдайында ғылыми-іскерлік тұрғыдан күн өткен сайын нақтыланып, дәлелденіп, тұжырымдалып, айдай ақиқатқа, күндей куәлікке айналып келеді. «Адам топырақтан жаралды» деген сәби-түсінік енді дәуірлер өте келе есейіп, ақыл-есі орнындағы адамзат баласы бұл сөзге енді барынша мән бере бастады. Міне, сол кезден бастап исламды мойындаған әрбір адам, әрбір мұсылман баласы қалалар анасы – Меккеге, қасиетті Қағбаға келіп, өзінің мұсылмандық бес парызының бірі – қажылықты өтеуге құштар.
«Түйе таңертең өріске шыққанда: бүгін қалайда Меккеге жетіп қонамын» деп шығатын көрінеді. Мал екеш мал да осылай деп армандап, аңсап шыққанда, адам баласына не жорық? Мұсылмандық мінажат ниет кеудеге қонақтаған пенде де түйенің осы арманына жалғасып ғұмыр кешеді деп ойлаймын. Мен де осы арманның жалынан ұстап, жылдар бойы жолсапар қамында жүрдім.
Кешегі кеңес билігі тұсында бұл арманды орындау мүмкін болмады. Амал нешік, ұлы Қағбаның сыртқы сұлбасы бейнеленген суреттеріне күрсіне көз тастап, көптеген жан келместің кемесіне мінді. Ердің жасы – елуге келіп, намазға құлаған әкем де, қиналған сәті мен торыққан жағдайларында Аллаға сүйеніп, «аллауакбарын» айтудан шаршамаған анам да құбылаға қарап күн кешкенмен, құбылаға қарай өкше көтере алған жоқ.
Аттандап шыға шабатын атеист болмасам да, Дарвин айтқан сөзге қол беріп, маймылға мүсіркеп көп қараушы едім. «Бұлар неге адам болмай жүр?» деген балаң сұрақ көкейімде кептеліп, «сұрауға болмайтын сұрақты қояды екенсің» деп тепсінген мұғалім жеңгемнің орта мектеп бітірген аттестатыма «үш» қойып жібергені кейде есіме түсіп, бір күліп аламын. Бірақ сол маймыл әлі маймыл күйінде. Ал маған «үштік» қойып жіберген жеңгемді қатыгез уақыт желкелеп жетпістің жиегінен асырды. Бірде ауылға барғанмын, жеңгемнің екі сөзінің бірі: «Алла бұйыртса, иншалламен» басталып, «тәубә, шүкірмен» аяқталатын болыпты. Маймыл туралы ләм-мим демейді.
Кеңестің кең балақ үгітінен көп кесел туды. Жеңгем секілді мыңдаған жандар қазақ топырағының әр өңірінен табылатын. Айналайын Азаттық, адамның жан дүниесіне де азаттық бердің! Діл азаттығы, дін азаттығы елдің Тәуелсіздік атты құдыретті тұғырына да өз болмыс-бояуын түсірді. «Дін – апиын» сөз деген сөйлемнің басы екен, ал оның соңындағы «егер ол адамның жан дүниесіне теріс әсер ететін болса» деген ыңғайдағы сөзді қызылдар қиып тастапты, әр жағын айтуды тиып тастапты. Оны да кейін біліп, кенжелеу естіп жатырмыз.
Тәуелсіздікке тәу етіп жатырмыз. Ол бәрінен биік! Ол бәрінен жоғары! Ол бәрінен қымбат! Дінім мен ділім есіктен төрге озды. Кеудесіне иман ұялаған Қазақстан әлемдік дәстүрлі діндер жетекшілерінің басын қосып, төрт рет құрылтайын өткізді. Қазақ елі ислам әлемін өзіне қаратып, мұсылмандықтың алтын діңгектерінің біріне айналуда. Мешіттер мен медреселер жан жүрегіне имандылық нұры себездеген әрбір мұсылман-қазаққа есігін айқара ашты. Сандық түбінде сарғайып жатқан жайнамаздар жарқырап орауын жазды. Ораза ұстанып, ғұсыл дәрет алып, сәждеге құлаған жандар молайды. Жетім мен жесірдің, мүсәпір мен мүскіннің, мүгедек пен кемтардың көз жасын кептірер имандылық самалы енді күллі қазақ даласын шарлап барады. Тек қарау ойдың, қатыгез пейілдің қара дауылы соқпасын деңіз.
Дінді қалыптан шығармай, қатыгездіктің құралы жасамай, тек қана адамдық пен адамгершіліктің, жақсылық пен жаңалықтың, игілік пен ізгіліктің дәнекері, дәйегері деп ұстансақ, Алланың шапағаты сонда жарылқар. Дін ажыратушы емес, қосушы, жат қылар емес, жақындастырушы болса ғана жанға жарасар.
Он сегіз мың ғаламның жарылқаушысы, жаратушысы, өзіміз күнде көріп, ғұмыр кешіп жатқан аспан мен жердің ұлы қожасы – Аллатағаланың мұсылман әлеміне пәрмен берген бес парызының бірі – Қажылық парызды өтеу 2011 жылдың күзінде менің де маңдайыма жазылыпты. Тәубә, Алланың шапағатына!
Қажылыққа барған жандардың бірталайы көкіректеріне түскен имани сәулені бірі жолсапар, бірі күнделік, бірі мақала, бірі дерек пен дәйек түрінде қағазға түсіреді. Олардан көптеген мағұлмат алуға болады. Менде де сондай ой болған-ды. Бірақ бұл тақырыптағы көптеген жазбаларды оқып, танысу барысында бұл ойымнан тартындым. Алдыңғы айтылғандарды қайталап, белгілі жайларды қазбалап, таптауырын болған сүрлеумен тарта беруді жөн көрмедім.
Бірақ бір нәрсе жазуға тиістімін деп есептедім. Алайда оның не екенін білмедім. Осылайша қырық күн өтті. Бұл қалай болғаны деген күдік те бас көтере бастады. Күмәнді ой мен дүдәмал сауалдың ағысын бастан кешіп, көңілімнің терең иірімінде көрінбес толқындар тулап жатты.
Қажылықтан келген қырық бірінші күні таңғы төртте, түсімде Қағбаны қайта көрдім. Түсімде өлең жазып жатыр екенмін: «Азанмен әнін бастады, қағбаның қарлығаштары, армысың әл-Харам аспаны, иманның жаңылмастары» деген төрт жолды айтып жатып, оянып кеттім. Әуелі не болғанын түсінбей сәл жатып, ойыма осы шумақ қайта келгенде, ұшып тұрып, қағазға түсірдім. Содан таң атқасын әлгі жырды одан әрі жалғадым. Жалғап қана қоймай, сол сәтте тағы осы тақырыпта екі-үш өлең жаздым.
Содан, басталды. Күн сайын қажылық сапарым, көргендерім мен көңілге түйгендерім жыр болып жазылды да отырды. Осылайша екі айдың шамасында жетпістен астам жыр жаздым. Және бір қызығы, өлең күн сайын түсімде туғандай болып, құйылып келді де отырды. Мақтанды демеңіз, оқырман, қиналмай жаздым.
Әлі көз алдымда, Қағбаның орталық есігі – бейбітшілік қақпасынан кіре бергенімде оң жағымдағы биік бағандардың төбеге тірелген қойнауларынан бір топ қарлығаш ұшып шығып, қанаттары шапағатпен соғылған сәбидің алақандарындай сатырлап, көңілімді шаттықа бөлеп, тура оң иығымның үстінен өтті. Тіпті оң иығыма қонғандай болып, сатырлап ұшқанда, бір сәт абдырап, сосын өзім де олармен бірге ұшардай болып, қанатымды қомдап, жаным жадырап, ғажап бір күйге енгенім бар.
Қасиетті Құранның «Піл» сүресіндегі қарлығаштар туралы ғаламат аяттың кейіпкерлерімен дәл осы жерде, дәл осы сәтте кездесу мен үшін теңдессіз бақыт секілді болып сезілді. Бір қызығы, қаз-қатар келе жатқан қазақстандық мұсылмандар жапырақтар сынды жапырлап ұшқан қарлығаштарды байқамапты. Мен бұған одан сайын таңғалдым. Осы таңғалыс, түйсігіме түскен тылсым сәт кейін түсімде өлең болып туса керек.
Сөйтіп, мен қажылық сапарым туралы журналистік жанрдағы мақала жазбай, жырлар жаздым. Өзім де осыған қатты қуандым. Ең бастысы, «қажылығым қабыл болды ма екен?» деген күмән-күдігім сейілді. Алланың шапағаты тиді деп сендім. Жедел туған жетпіс жырдан кейін өлең ағысы саябырлағандай болды. Ойлана келе, енді одан әрі қиналып, өлең табиғатына күш салып жазбай тұра тұрғанды жөн көрдім. Осы жазған жырларым қалай болды екен деген сұраққа жауап табу мақсатында қажылыққа бірге барған жандарға бірнеше өлеңдерімді оқуға ұсындым. Олар жақсы қабылдап, жадыраңқы тілектерін айтты.
Осыдан келіп бұл жазғандарымды жеке жинақ етіп бастырып шығарсам деген ой туды. Әрине, мінәжат жырлары қазақ поэзиясында жоқтың қасы, азаң. Жекеленген жырлар болғанымен, тақырыптық тұтастыққа жете қойған жоқ. Осы тақырыптағы ұлы шайырлардың жырларын аударған сәттер де бар. Бірақ олар жеке жинақ болып шықпай, жекеленген ақындардың жалпы жинақтарында кездесіп қалады.
Бірде көңілдегі ойларымды Қазақстан Дін істері агенттігінің төрағасы, белгілі дінтанушы, өзі де біраз жыл Сауд Арабиясында еліміздің Төтенше және өкілетті Елшісі болған Қайрат Лама Шарифке айттым. Көпті көрген қағылез азамат, дін істерінің жетігі Қайрат Қайырбекұлы «жырларыңызды жеке жинақ етіп шығарып, еліміздегі барлық мешіттер мен медреселерге таратса тіпті дұрыс болады» деп көңілімді одан әрі бекітті.
Көңілге қонақтаған тілекке табан тіреген соң төреші-оқырманның да бағасы мен пікірін білейін деген оймен мінажат жырларымның бір топтамасын «Қазақ әдебиеті» газетіне ұсындым. Ол 2012 жылғы 2 наурыз күні «Қазақ әдебиеті» басылымында «Қағбаның қарлығаштары» деген ортақ атпен жарияланды. Мұнда да айтылған пікірлер, берілген бағалар оң болды. Содан кейін тағы да бір топ өлеңдерімді «Құбыладан соққан қоңыр жел...» деген ортақ атаумен еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанға» ұсындым. Бұл топтама 2012 жылғы 21 наурыз – Ұлыстың ұлы күні жарияланды. Бұл жағдайды жақсылыққа балап, жаным жадырап қуандым.
Топтама жырларға назар аударып, өздерінің ақжарылқап тілектері мен қоштау-қолдауларын телефон арқылы тілдесу барысында білдіргендердің саны 45 адамға жетті. Ауызба-ауыз кездескенде де оң пікір білдіргендер аз болған жоқ. Қазақ сыни пікірін көзге көп айта бермейді ғой. Дегенмен, көзімше айтылған көптеген пікір-бағаларға қарап, «Қағбаның қарлығаштары» атты арнайы жинағым туралы о баста діттеген ойымның бағыты дұрыс екенін сезіну мен үшін басты тұғыр болды.
(«Қазақ әдебиетінде» басылған бұл топтаманы уақыт суытпай, өзіне тән құмбыл қимыл, шұғыл жылдамдықпен ғаламтор бетінен, басылымның арнайы сайтынан оқып, алғашқы пікірін жазбаша білдірген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед мырзаға өзімнің жүрекжарды ризашылығым мен алғысымды айта отырып, оның шағын пікір-жазбасын осы жинақтың кітапашарының бас жағында, Фатиха және Ықылас сүрелерінен кейін бөлек келтіріп отырмын.-Ө.О.)
(Сонымен қатар, топтама жырларыма байланысты хабарласып, өз пікір-лебіздерін білдіргендердің арасында әр алуан мамандықтың, әр өңірдің, әр жастағы адамдардың өкілдері болды. Соның бірі – қазақтың көрнекті ақын қызы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, өзі де Меккеде болып, қажылық парызын өтеп оралған Күләш Ахметова. Ақын әпкем телефонмен де хабарласып, өзінің ықыласы мен ниетін ауызша да айтып, құттықтады. Және де алған әсерін өлең жолдарына түсіріп, арнайы хатпен қоса жолдады. Адал көңіл, ақжарма тілектің иесі Күләш әпкеме шынайы рахметімді айтып, оның өзіне де Алланың нығметін тілеймін. Оның хатпен келген бес шумақ жырын кітапашар бөлімде келтірдім. Әрине, маған жеткізілген тілек-ниеттердің бәрін бірдей бұл жинаққа келтіріп жату артық болар. Сондықтан хабарласқан, тілдескен жандардың бәріне Алланың ризашылығын тілеймін. -Ө.О.)
Осындай тілектер мен хаттар, телефон арқылы білдірілген лебіздер менің сенімімді одан әрі орнықтырды. Аллаға ниет еткен бағытымды жырмен өрнектеген ниетім оқырман қауым тарапынан оң қабылданған екен деген ой жігерімді көтеріп, ішкі қуатымды арттыра түсті. «Аллаға сенгеннің абыройы биік» деген тәмсілді тұғыр етіп ұстанып, жамағаттың жан дүниесіне рухани қызмет жасауға жарар деген жырларымды үкілі үмітпен үзеңгіге қондырдым.
Әйгілі баһадүр, қыран қолбасшы Әмір Темір - өз ғұмырында жеңілісті білмеген тұлға. Сол атақты Ақсақ Темір қан майданға түсер алдында, қаһарлы жорыққа шығар алдында әз әулие, софылық сүрлеудің саңлағы, абыз шайыр Қожа Ахмет Яссауидің мына бір жол өлеңін жетпіс рет дауыстап қайталап жатқа оқып, содан кейін қандай майдан болса да қорықпай кіре береді екен.
Бір аңыздың желісінде, Әмір Темір киелі Түркістан жерінде болғанда осы жырды жазып берген бір көріпкелдің бағасы мен батасын алып, осы өлең шумағын кейін өмір бойы өзінің көкірегінде ұстапты. Бұл жыр шумағы Қожа Ахмет хазіреттің шығармалары туралы орыс тілінде жазылған бірталай зерттеу еңбектерінде де бар. Мен осы төрт жол дұға-рубаятты орыс тіліндегі нұсқасынан қазақшаға былайша аудардым:
Құдыреттім,
Қара түнді айналдырған сәулеге,
Қара жерді жазираға бөктірген.
Қиындықты жеңілдеткен дәурене,
Қол ұшын бер,
Қиын іске кеттім мен.
Мен де ұлы шейх, абыз ақын Қожа Ахмет Яссауидің осы төрт шумақ жырына сүйеніп, оны жетпіс рет қайталап оқып, өлең майданында жеңіске жетсем деген дұға-тілекпен, өршіл рухпен қолыма қалам-қаруымды алдым.
Осылайша Сіздің қолыңыздағы «Қағбаның қарлығаштары» деген жеке жинақ дүниеге келді. Осынау мәнажат жырлары Сіздің де көңіл күйіңізге сәулесін түсіріп, жаныңызды жарқын нұрға бөлесе деген адами арманым бар. Әрбір қазақ баласы осынау шағын ғана жинақтан өзіне қажет бір сәуле, бірер шұғыланы көкірегіне қондырса, автордың мақсаты, иншалла, орындалғаны. Аспанға қарап алақан жайып, осы тілегімді адал ниетіммен тілеймін.
Аллатағалам тілегімді қабыл алғай!
Өтеген қажы Оралбайұлы,
ақын,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одақтарының мүшесі,
Қазақстан Журналистика Академиясының академигі,
Қазақстан Республикасы Президенті
сыйлығының лауреаты,
филология ғылымдарының кандидаты
*Қағбаның қарлығаштары
* * *
Азанмен әнін бастады,
Қағбаның қарлығаштары.
Армысың, әл Харам* аспаны,
Иманның жаңылмастары*.
Құбылаға тәжім етемін,
Қысымды жазым етемін.
Сүренің сазына орап,
Жырымды жазып өтемін.
Қағбаның қарлығаштары,
Қағбаның қарлығаштары.
Алланың жебегендері,
Құранның - дамул-дастаны*.
Ұқсаған матаның қиықтарына,
Ұя салған бағанның тұйықтарына.
Қағбаға қарап иілгенімде,
Қонады иықтарыма.
Көргенде әнін бастады,
Саздарын жаным қостады.
Құранды қосыла оқиды,
Қағбаның қарлығаштары,
Көңілден пырақ көремін,
Лаулаған шырақ көремін.
Қарлығаштардың қанатына еріп,
Елжіреп жылап келемін.
Арайлы Алланың аспаны,
Азан боп әнін бастады.
Сәждеге бірге құлайық,
Қағбаның қарлығаштары.
* * *
Арабстаным,
Қағбалы ғажапстаным,
Қабылда жанымның саз-ағыстарын.
Жеттім мен жыл құсы секілді,
Ұшырды Қазақстаным.
Ұштым мен қанатым талғанша,
Қағбаның қасына барғанша.
Қарап тұр Қазақстаным,
Жанары талғанша.
Шекара бойында байқадым ғұмырды,
Көрмедім дамылды, мігірді.
Сақшының жүзінде - таңғы арай,
Күлімдеп жүгірді.
Сұрады тегімді, жөнімді,
Атажұрт, Отаным, жерімді.
Көтердім еңсемді, белімді,
«Қазақстан» дедім елімді.
Арабым абыржып, мүдірді,
Құжатқа үңіліп, кідірді.
«Назарбаев» дегенде бас изеп,
Жол бастап жүгірді.
Жаныма ерекше күй еніп,
Жақсыға жасадым иелік.
Бар жерден қиналмай өттім мен,
Алланың атына сүйеніп.
* * *
Шүкір, Алла,
Қағбаңның* қасындамын,
Қасиетті қара тас басындамын.
Тәлбия* айтып тереңнен тебіренемін,
Тас төбемнен өтуде ғасырларым.
Осы екен ғой еркіндік,
Шын азаттық,
Жүр екенбіз көр-жерді мұрағат қып.
Аспанына Алланың арман жолдап,
Қағба, саған жыр жаздым мінажаттық*.
Жайнамазға жайдым да жүрегімді,
Қайталадым ғаламат сүре-жырды.
Тәуелсіздік болсын деп мәңгілікке,
Еліме айттым еміреніп тілегімді.
Самайыма құйылды тер ұйып кеп,
Күпірлік пен күдіктен жериік деп.
Құлағыма самалым сыбырлады,
Қазақ жері болғай деп жерұйық деп.
Оң жағымда Шам* қалды шырайланып,
Алтын күн де албырап тұр айналып.
Ибрагим мекенін* сипап тұрмын,
Ирақ* пенен Йемен* былай қалып.
Такбир* айтып, табынып бір Аллаға,
Ұйыдық кеп намазға – ұран дауа.
Айтатының бұл жерде – жалғыз Алла,
Оқитының бір кітап – Құран ғана.
* * *
Мұхамбеттің үмбетімін –
Саллалаху уа ғалейкум уә салам*,
Оның жолын, уағыздарын қостағам.
«Алхамдулла» деген сөзге тебіреніп,
Иншалла деп иі - иман дос табам.
«Алхамдулла» деген сөзге ұйығам,
Сүре сазы - аспан керген биік ән.
Төрге шықсам иншалла деп күбірлеп,
Құласам да бір Аллаға сиынам.
Не көрсем де ризамын тағдырға,
Кезек берем көкейдегі сан жырға.
Жаратушым, не берсең де бүтін бер,
Тек әйтуір орта жолда қалдырма.
Жолым ашық,
Қолым ашық жайғанда,
Ниет ашық,
Көкірегім қай маңда?
Маңдайымды сәждеге әкеп тигізем,
Мұхамбетім* шайқас салған майданға.
Көңілімде менің де бар майданым,
Нұр* тауының шұғыласын байладым.
Сәуір* таудың самаласын жамылып,
Арафатта* көңілімді жайладым.
Мұздалифа* мұң ба, сыр ма,
Өлең бе?
Өтініш кеп тіреледі кенерге.
Мұздалифа - мархабаттың мекені*,
Атам Ата, Хау Анадай беренге.
Сан іздерді көп қарадым үңіліп,
Қалмайын деп қарау ойға сүрініп.
Ай жымыңдап бара жатыр айтуға,
Бір мұсылман жыр жазды деп жүгініп.
* * *
Құлағымда Құранымдай сазым бар,
Көңілімде жадыраған жазым бар.
Жүрегіме қонып жатыр біртіндеп,
Қисуаға* түскен алтын жазулар.
«Алла – жалғыз» деген сөздер жарқылдап,
Шақырғандай жәми-жұмақ, барқын бақ.
Дін-мұсылман дидарында күн ойнап,
Маңдайларын жатырғандай алтындап.
Сәл қозғалып қисуаның етегі,
Алтын сүре* билеп-билеп кетеді.
Қағба сонда жүзіп келе жатқандай,
Теңіз-халық толқынданып өтеді.
Қасиетті қара тасым - маңдай жақ,
Ұмтылғанда ұлы ниет - жанға айғақ.
Сүбіханна* – саусақ ұшың елжіреп,
Сүйесің кеп, сағынышың қанбайды-ақ.
Көздеріңе тер құйылып, қан ысып,
Уақытпенен сөйлесесің жарысып.
Екі рәкат* намаз оқып болғанша,
Ниетің де тұрар оймен табысып.
Елемейсің тоңдың, әлде қыздың ба,
Жақсы, жаман осы екеуін сыздың ба?
Дамуллалар* дәріс беріп жатады,
Екі рәкәт намаз тең деп жүз мыңға.
Азан айтып, ілестім де ұранға,
Қолым создым Қағбадағы Құранға.
Екі рәкат намаз оқып тұрдым мен,
Тәлбия* айтып, «ырзамын деп бір Алла».
* * *
Жақпар тастың әжімінен сырғанап,
Нұр тауынан тарап жатқан нұр ғажап.
Күллі әлемдік мұсылманның бірі боп,
Тауға қарап телміреді бір қазақ.
Аспан анау – көгілдір шыт, желбіреп,
Маңдайыма мақам болып келді леп.
Құран түскен сол үңгірді көрсем деп,
Көп үңілдім көзім жасы мөлдіреп.
Хира-үңгірге* көп қарадым үңіліп,
Мінажат қып, аят оқып, бүгіліп.
Құлағыма Құран үні келгендей,
Жүрек соқты асыққандай жүгіріп.
Жақпар тастар бейне түйе қомындай,
Көшіп жүрген аруананың шомындай.
«Тәубә, тәубә, сәті түсіп көрдік» деп,
Тұр қасымда сабырлы ағам Орынбай.
Ашып салып армандардың түндігін,
Ғажайыптар сөйлеп жатқан күн бүгін.
Ерғалилар* екпіндерін азайтып,
Орекеңдер* ойға батқан күн бүгін.
Анау таудан ақыл бізге жеткендей,
Әзиз самал бетімізден өпкендей.
Орағамның қысаң көзі ашылып,
Нұрға толып, жырға толып кеткендей.
Құран бізді оңдырады оңдырса,
Жылытады кәпір демі тоңдырса.
Құран емес, ең болмаса жыр түсер*,
Нұр тауына қонар едім қондырса.
* * *
Мұздалифа,
Ұғармысың жанымды,
Бере алдым ба беретұғын барымды.
Озбыр елдің отарында болған күн,
Көп көтерді бойымдағы қанымды.
Мұздалифа,
Мұң мен үміт даласы,
Маған бір сәт жанар салып қарашы.
Қиялына өлең қосып байлаған,
Қазақ деген момын елдің баласы.
Мұздалифа,
Саналы ойдың сарасы,
Маған бір сәт ой тоқтатып қарашы.
Намысынан найзағайлар тұтанған,
Қазақ деген қайсар елдің баласы.
Мұздалифа,
Мен боламын, көріп бақ,
Осы жерде ар мен үміт жолықпақ.
Қайтамын ба қанатыма жел байлап,
Қайтамын ба шаршап, қажып, солықтап.
Мұздалифа,
Саған жеттім. Жеткенім,
Айтатұғын армандарым көп менің.
Бірінші арман – мәңгі болсын азаттық,
Жыртылмасын намыс деген шекпенім.
Мұздалифа,
Екінші арман – сол арман,
Азаттығым талай ғасыр жоғалған.
Бар бақытым, бар байлығым дәл осы,
Қазынам ед қорқауларға тоналған.
Мұздалифа,
Үшінші арман не деңіз?
Жер аман боп, қозғалмасын көк өгіз*.
Үшінші арман – мәңгі болсын қазағым,
Көкке жетсін көк байрақты төбеміз.
* * *
Жақсы-жаман мәңгі майдан - ғарасат*,
Бар мен жоқ та мәңгі майдан, қарасақ.
Ар мен намыс аярлықпен майданда,
Сенен үміт күтіп келдім, Арафат.
Сенен көмек күтіп келдім, Ұлы тау,
Жігерімді жұтып келдім, Ұлы тау.
Алақаным аспан жаққа қарады,
Қол қайтарма, бітіп келдім, Ұлы тау.
Жолымды аш деп сеніп келдім, Ұлы тау,
Сертімді де беріп келдім, Ұлы тау.
Көп сөзділер бұза беріп уәдені,
Көресіні көріп келдім, Ұлы тау.
Шер байланып, толып келдім, Ұлы тау,
Шілдеде де тоңып келдім, Ұлы тау.
Шындығымды, шыттай жаңа болатын,
Шайтан таптап, оңып келдім, Ұлы тау.
Күлер кезде жылап келдім, Ұлы тау,
Жүрер кезде құлап келдім, Ұлы тау.
Мылтығы жоқ майдан көріп, қансырап,
Сенен сауға сұрап келдім, Ұлы тау.
Арафаттың аспанына алаңдап,
Мен отырдым мына уақытты жамандап.
Бер, Ұлы тау, тілегімді,
Бермесең,
Өмір сүре беремін де амалдап...
* * *
Мынау кім-дүр?*
Араб, әлде сахаба?
Адам деген - Әзірейіл* матаға.
Ақ сәубтің* ұзындығы – сахара,
Әз мұсылман кенелерсің батаға.
Аппақ сәуб тобық қаққан етегі,
Жел лүп етсе, желбең-желбең етеді.
Басындағы шимағы* да иъқолды*,
Бет сипаса жетіп жатыр,
Жетеді.
Баста – иъқол,
Бабына енген сақалы,
«Бұл сахаба адам болды баталы».
Деген оймен бас изейді көргендер,
Біздің қауым болды, міне аталы.
Таң намазы самалменен тарасар,
Құбылаға құлақ қағып, қарасар.
Әлгі дүрді ортаға алдық қаумалап,
«Сахаралық сахаба»* де, жарасар.
Шейх* десек жарасқандай тұлғасы,
Шимағ киген не тұрады бір басы.
«Бұл кім-дүр» деп сұрайды кеп көргендер,
«Шайыр* дедім, шамырқанған жыр басы».
«Ахун»* дедім сосын араб тілінде,
Өлең тұрды мақам болып түрінде.
Арабтардың өздері де сұқтанар,
Бұл шейхіміз қалса мұнда түбінде.
Киген сәуб жарасып тұр, қарашы,
Көңілімнің көл шайқады сарасы.
Таң қалдырған арабтардың өзін де,
Абай інім – Асан шалдың баласы*.
* * *
Бой алдырмай пенделіктің буына,
Бой алдырмай дүниенің шуына.
Ниет етіп мешітінде Айшаның*,
Ата-анама жасадым мен умра*.
Қайран әкем қатты өмірден не көрді,
Айтқан жыры, тартқан күйі көнерді.
Алып келе жатырмын мен әлімше,
Оралбайдан ортақ болған өлеңді.
Қайран анам маңдай тері малшынған,
Мені көрсе құшағына қаусырған.
Түйелі ауыл, боталары боздаған,
Сені іздеймін бала күнгі даусыңнан.
Осы ауылда ғұмыр кешті ата-анам,
Мен де түлеп өріс таптым батадан.
Барлығы бар...
Тек екеуі жоқ қазір,
Тұрақ тапты мәңгілікке жотадан.
Соларға арнап ниет қылдым – умра,
Жүрегімде жүгірді бір шұғыла.
Ниетімді Аллам қабыл қылғандай,
Сан құбылып тұрды сонда Құбыла.
Жеткендей боп жететұғын жеріме,
Шыққандай боп шығатұғын төріме.
Ата-анамның аруақтарын көтеріп,
Құбыладан қарап тұрдым еліме.
* * *
Кіші жұма.
Мекке іңірі. Кешқұрым,
Құбыладан қоңыр әуен естідім.
«Ақша бұлттар арабша өлең»* секілді,
Жанға жайлы жаймашуақ кешкі мұң.
Кешкі мұң ба,
Ақшамдағы* азан ба,
Аспан бейне ұқсап кетті қазанға.
Арабша өлең қазақшаға ауысты,
Дайындалдым жаңа жырды жазарға.
Көшті бұлттар үздік-создық, біртіндеп,
Мақтадайын мамыражай, үлпілдек.
Құбыла жақтан қоңыр әуен жетеді,
Бұлақ қашып бара жатыр бүлкілдеп.
Бұлақ қашып бара жатыр бұралып,
Жаратқаннан жарлық алып, құп алып.
Иманды іңір инабатқа шақырып,
Асау ойға салады екен бұғалық.
Құбыла желі соғып өтті бөгелмей,
Тентек ойды тезге салып, көгендей.
«Азаныңыз аман болсын, мұсылман,
Қазаныңыз толы болсын»* дегендей.
Иншалла!
* * *
Құбыладан соққан, қоңыр жел,
Қоңыраулап маған келіңдер.
Қоңыр бір әнге салайын,
Құлақтың күйін бөліңдер.
Құбыладан соққан, қоңыр жел,
Құбылып маған келіңдер.
Бұрылып мен де қарайын,
Ұғынып мені көріңдер.
Құбыладан соққан, қоңыр жел,
Көңілді маған бөліңдер.
Есігім ашық, төр дайын,
Еркіндеп келіп еніңдер.
Құбыладан соққан, қоңыр жел,
Желмая болып желіңдер.
Бота боп мен де боздайын,
Исініп, иіп беріңдер.
Құбыладан соққан қоңыр жел,
Ақынның өлең-мөрін көр.
Өлеңге түсіп көңілдер,
Өтіп те жатыр өмірлер.
Құбыладан соққан, қоңыр жел,
Құрандай болып келіңдер.
Ұрандай болып келіңдер,
Қырандай болып келіңдер.
Әкемнен жеткен аян ба,
Әкеткен кезде жебір жер.
Қош келдің, маған қоңыр жел...
Қош көрдім сені, қоңыр жел.
* * *
Алла дедім,
Алла дедім,
Бір Алла,
Басымды идім, жасым тамды Құранға.
Жазығы жоқ жан секілді едім мен,
Талай рет тап болдым мен лаңға.
Алла дедім,
Алла дедім,
Бір Алла,
Жүрегімді жайып салдым Құранға.
Жан-жағыма жайымды ұқтыр, Жаратқан,
Жолды бермей кесірі көп күмәнға.
Алла дедім,
Алла дедім,
Бір Алла,
Ниетімді нығмет қылдым Құранға.
Оттан ыстық менің туған Отаным,
Көрер қызық үмітім боп тұр алда.
Алла дедім,
Алла дедім,
Бір Алла,
Хақтың сөзі бақ боп түскен Құранға.
Жаным сенде,
Арым сенде, туған ел,
Адастырмас мені қалың тұманда.
Алла дедім,
Алла дедім,
Бір Алла,
Тізерледім, тәжім еттім Құранға.
Адалдықтың аппақ туын көтердім,
Ниетімді қабыл етші, бір Алла!
* * *
Парыз жыры.
Қарыз жыры –
Телқоңыр,
Ұлы алаңда ұмтылыңқы пенде жүр.
Бірі жылап,
Бірі сұрап Алладан,
Су сұраған жан секілді шөлде бір.
Қара тасқа тигізем деп қол ұшын,
Соныменен ақтау үшін борышын.
Жанын салып ұмтылады адамдар,
Алла көріп тұрғандай боп сонысын.
Алла көріп тұрған шығар,
Сенем мен,
Қара тасты жеті айналып келем мен.
Құтылсам деп көңілдегі күдіктен,
Құтылсам деп өмірдегі шеменнен.
Ибрагим мекенінен айналып,
Сүрелердің самалына байланып.
Парызымды ақтайын деп ұмтылам,
Қарызымды берейін деп ойланып.
Айналамнан соққандай боп жанға леп,
Жетелеймін өзімді өзім алға деп.
«Сүбіханна, сырымды ұқ» деп өтініп,
Жайнамазға жығыламын ағла* деп.
Парыз жыры,
Қарыз жыры жазғаным,
«Ләббайка» алдындамын Алланың.
Таң намазда* туған жырды талғадым,
Үмітімді әттахиятпен* жалғадым,
Жаратушым, өзің білші қалғанын.
* * *
Дін мен ділдің тамыры бір,
Бір Алланың әмірі бір.
Тау мен дала сағымы бір,
Мүсәпірдің қағымы* бір.
Жер бетінде жүргендердің,
Жер астында қабірі бір.
Жұтатұғын ауаң да бір,
Шомылатын науаң да бір.
Көретұғын аспаның бір,
Табылатын дауаң да бір.
Жекеше өмір сүрем дейсің,
Өз жайымды білем дейсің.
Ұтқаныңды,
Ұтылғанды,
Сен қалайша түгендейсің.
Ұтқаныңды уыстайсың,
Жомарттыққа жуыспайсың.
Жақыныңмен ұғыспайсың,
Сонда-дағы суыспайсың.
Өзіңше боп толғанменен,
Кеуде қағып, болғанменен.
Өз өзіңнен аса алмайсың,
Бір биікке қонғанменен.
Бұл өмірдің ақ, қарасын,
Иманменен атқарасың.
Жауап берер күн келгенде,
Сауабыңмен* ақталасың.
* * *
Аппақ алаң.
Ақ ниетін ұсынған,
Адам-теңіз ағып жатыр тұсымнан.
Ақ ниетпен кірдім мен де алаңға,
Армысыңдар, күлліәлемдік мұсылман!
Жүрегіме самал соқты толып бір,
О,Фатиха, ниетімді жолықтыр.
Күллі әлемнің жүрегіндей дүрсілдеп,
Мұнарада алтын сағат* соғып тұр.
Мұнарада алтын сағат соғып тұр,
Таулар мүлгіп, саптағыдай* болып тұр.
Қажылық тек өтеу емес парызды,
Пенделіктен адамдыққа жорық бұл.
Алтын сағат.
Аспан бойлап, жарқылдар,
Сол жарқылда уақытты ұғу салтым бар.
Қай тұстан да көрінетін сағатта,
Үш жүз келі* шамасында алтын бар.
Алтында емес оның биік атағы,
Таң онымен санасып бір атады.
Күллі әлемнің мұсылманы уақытын,
Тек осымен түзеп, байқап жатады.
Кәпір-күнді көңілімнен өшірдім,
Кешір мені, Жаратқаным,
Кешіргін.
Жайнамазға «уалхамду-лиллахи» деп құлап,
Сағат даусын жүрегіме көшірдім.
Мұнарада алтын сағат соғып тұр,
Жүрегімде алтын сағат соғып тұр.
Жаратқанның жарқын нұрын жеткізіп,
Жүрегіме адастырмай жолықтыр.
* * *
Ұлы қала.
Ұлағатты барлығы,
Азан-әнмен атады ылғи таң нұры.
Жүрегінде – жақсылықтың жаңбыры,
Тілегінде – маңдайдағы тағдыры.
Мекке – мерей.
Мекке – қуат.
Мекке – жыр,
Адам ойы дәл осында көкте жүр.
Ібілістің түрмесі* де осында,
Босамасын, дегеніне жетпегір.
Күн асқанда Арафаттың шыңынан,
Күндей айқын көңілдерді ұғынам.
Әзәзілдің аязынан суыған,
Жанымдағы мұзды ерітіп, жылынам.
Тау мен дала ұғысқандай етене,
Тау мен қала туысқандай етене.
Пенделікті ұмытасың осында,
Сенен биік боп шығады бетеге.
Күлімсіреп, жаның тұрар жымиып,
Көкірегіңе кемелденген сыр үйіп.
Ихраммен иман айтса бір иық*,
Құдыреттен көңіл күтер бір иық.*
Ұлы қала.
Ағыл-тегіл жамағат,
Өз ойларын жеткізеді даралап.
Кімнің адал, кімнің харам екенін,
Ұлы Алла тұрған шығар саралап.
Ұлы қала,
Сен куәсің бәріне,
Бұл қаланы – адамдықтың ары де.
Сен тұрасың жаутаң қағып,
Пендені,
Жаратушым алмаса деп кәріне.
* * *
Мединеде – Мұхаммед,
Пайғамбарым,
Есімдерін әлемге жайғандарым:
Омар менен Әубәкір сахабалар,
Аралаған жұмақтың сайран бағын.
Мединенің ғажайып түнгі аспаны,
Жұлдыздары – Пайғамбар сырластары.
Сүйген құлы Алланың,
Әрі Елшісі,
Неткен бақыт, шіркін-ай, бір бастағы!
Мәртебелі Медине – құт мекен деп,
Ұлы адамды ұлықтап, күтті екен деп.
Пайғамбардың мешітін сипап тұрып,
Бұл ауаны Ұлы жан жұтты екен деп,
Дәл осында жүрді деп ақындары,
Ақындары – иманның жақындары.
Деген оймен қараймын жан-жағыма,
Қанаттарын жаяды шатырлары.*
Қанаттарын жаяды сүрелер де,
Қолдарын да ұсынып дүр-өнерге.
Пайғамбардың мешітін сипап тұрып,
Қандай ғажап тілекті тілегенде!
Ұлы Адамға жүгініп,
Күбірледім,
Бар бақытым келгендей бүгін менің.
Ассалаумағалейкум, Алла Елшісі,
Қабіріңнің қасында, түбіндемін.
Жайсаң ойдың жайқоңыр үніндемін,
Жапырақтың көз ашқан бүріндемін.
Мешіттердің есігін ашып тастап,
Құбыла жаққа қарайды бүгінгі елім.
* * *
Алхамдулила*, мұсылманмын,
Жанымды Жаратқанға ұсынғанмын.
Алланың құлымын мен,
Ла-ил-Алла,
Азанмен ақ тілекті ұшырғанмын.
Иә, мен мұсылманмын,
Мұсылманмын,
Бұрын мұны айта алмай қысылғанмын.
Ғылыми коммунизм елесіне*,
Елігіп, атеист боп, «ысылғанмын».
Мұны айтпай аяр болып кергиім бе,
Сенімім шығады енді тер күйінде.
Жайнамаз жатты үйімде жасырынып,
Құран да «құлыптаулы» төргі үйімде.
Қиялмен талай жерден асатынбыз,
Аттаудан ала жіптен қашатынбыз.
Әкеміз намаз оқып тұрған кезде,
Аяқты ұшынан біз басатынбыз.
Күн жылжып,
Уақыт өтіп, жырақтар күн,
Сол күнге өлеңіммен сыр ақтардым.
«Ғылыми коммунизм» сынағында,
«Құдайға сенемін» деп, құлап қалдым.
Тұрмайтын осы пәнге көңіл сеніп,
Жыр болып жырақтатты жебір-жерік.
«Сен бұлай коммунизмге жете алмайсың»,
Деп еді Шәріпұлы Өмірсерік*.
Шынымен жете алмадым бұл елеске,
Жете алмау сол кездегі мұң емес пе?
Ауылы коммунизмнің алыс тартты,
Оқыста құлағаным түседі еске.
Сол елес тарих шаңын жамылыпты,
Жаратқан жалп еткізді тағылықты.
Жүгенін сылдыраттым бұл уақыттың,
Құр атқа мінгендеймін жалы мықты.
* * *
Бекет атам,
Өзің жар бол дегенде,
Тылсым сезім тіл қатады денемде.
Жары жұрты* жатырқамас ешқашан,
Нағашымды қоссам егер өлеңге.
«Иә, Бекет» деп таңдайымыз тақылдап,
Деп өстік біз ата-анамыз мақұлдап.
Ақмешітте* ізім жатыр алаңсыз,
Күлкім қалған сол тоғайда сақылдап.
Албырт күндер өте шықты құйындай,
Бір тоқтамай, қайырылмай, бұрылмай.
Талай сулар ақты содан саны жоқ,
Жұмбақ жылдар, қалдым сені ұғынбай.
«Иә, Бекет» деп өстік біздер сиынып,
Жанымызға иман нұры құйылып.
Ешқашан мен шығармадым есімнен,
Пір атамды өлең-өмір бұйырып.
Бекет атам, менің ұлы нағашым,
Жүрегімнің отын көсеп жағасың.
Меккеде де есіме алдым мен сені,
Қайда жүрсем сен де мені табасың.
* * *
Біреу бай деп мақтаймыз,
Күндейміз, һәм қызғанып.
Сыртынан кеп даттаймыз,
Ішімізде мұз жанып.
Біреу дөй деп мақтаймыз,
Сыбаймыз кеп сыртынан.
Ала жіптен аттаймыз,
Өсекшінің – ұрты қан.
Біреу озса көре алмай,
Тырысады теріміз.
Кемге көмек бере алмай,
Тарылады жеріміз.
«Біз де сондай болсақ» деп,
Сырттай күйіп-жанамыз.
Биіктерге қонсақ деп,
Аласарып барамыз.
Аласарып барамыз,
Адам бүгін сұрамсақ.
Адасыңқы санамыз,
Аярлықты тұр аңсап.
Сұраймыз кеп барлығын,
Ақша, мансап, даңқты.
Салмағы ауыр ар жүгін,
Көтеру де қауіпті.
Алла берсе,
Алдың ба,
Ақ-қарасын айыршы.
Жаратқанның алдында,
Адам деген қайыршы.
* * *
Иә, Алла,
Аштым саған жүрегімді,
Берерсің,
Не бермессің тілегімді.
Жоқтарын жеке бастың қоя тұрдым,
Қуандыр көп жылаған бұл елімді.
«Жеткіз» деп жалынамын тілегіне,
Батырма қайғы-мұңның түнегіне.
Ұлы елім,
Ұлың саған шын тілеуқор,
Жарықшақ түспесе екен тірегіңе.
Жамағат жасын жұтып, жыламасын,
Заманның алыс етші құламасын.
Сипашы қазағымның маңдайынан,
Біреуден бостандығын сұрамасын.
Иә, Алла,
Мың мінажат,
Иілемін,
Тәуелсіз күндеріме сүйінемін.
Аспанда алтын күн боп жарқыраймын,
Көгілдір аспан болып киінемін*.
Осылай болсын деймін мәңгілікке,
Еш орын болмаса екен жан күдікке.
Алаш ек ардың туын асқақ ұстар,
Қарамай қолдың кірі – мал-мүлікке.
Жанымды тербейді кеп арлы бір ән,
Ақсадым бұрын заман тарлығынан.
Тілеймін бір Алладан,
Туған елім,
Биік боп тұрса екен деп барлығынан.
* * *
Жаһанда ең үлкені жаһан балық...
Не үлкен бұл дүниеде?
«Балық» дейді,
Хадисте* де осыны анық дейді.
Құмырсқаны кіші деу жаңсақтық та,
Піл мен зілді* үлкен деу – танық* дейді.
Жаратқанның демінен күміс түлер,
Төрт мезгілден құралған пүлішті-жер.
Жаһан балық қарнында сүре оқыған,
Дәл осыны бір білсе Жүніс білер*.
Қатесі жоқ жайлардың Құрандағы,
Табиғаттың тылсымы – жыр-ән бәрі.
Қосылмайды теңіздің сулары да,
Дәл осыны, япыр-ай, кім аңдады?
Тау қозғалып,
Қара жер сілкінбейді,
Жанартаулар көшкінін үркін дейді.
Бір жапырақ түспейді бұйрық болмай,
Жер жүрегі бұйрықпен бүлкілдейді.
Жыл мезгілін кім келіп ауыстырар,
Аспаның да бұйрықпен дауыс құмар.
Жаратқанның жарлығын тыңдамасаң,
Ақылыңнан бездіріп, ауыш* қылар.
Бәрі, бәрі Құранда,
Қайран қылып,
Адамзатты сендірер ойландырып.
Дөңгеленген осынау қара жерді,
Жалғыз Алла жіберген айналдырып.
Дем саламын Құранмен бұл өлеңге,
Сенбестік жоқ титімдей мына менде.
Жер Анаға «Табын» деп кім айтып жүр,
Табынамыз өзіміз бұл әлемге.
«Табын*» деген тасқа да басылыпты,
Көк аспанның астында шашылыпты.
Аңғырт ойлап, асығыс байлам айтқан,
Алла біздің кешкейсің асылықты
* * *
О, Айша ана*,
Сәлем бердім келіп мен,
Күмәнім жоқ.
Көңілім жоқ еріккен.
Мұнда бір жан көре алмадым желіккен,
Кейбіреулер дүмше болды неліктен?
Көзім жасын самалыңмен кептірдім,
Ыстығын да елемедім от-күннің.
Айша анам,
Атыңдағы мешітке,
Фарабилер туған жерден кеп тұрмын.
Қалай,
Қайтіп бұл өмірді сүрдің деп,
Жауап алса Нәкір-Мүнкәр* бір күн кеп.
Амалымды абыржымай айтармын,
Құнанбайдың* ізін басып тұрдым деп.
Нарттай жанған жайнамаздың түсіндей,
Қул-ху Алла қуатының күшіндей.
Бір сезімді бастан кештім осында,
Ұйып тұрдым ұста соққан мүсіндей.
Айша ананың мешітінде бір ырғақ,
Құлағыма жететіндей сыбырлап.
Жан анамның құшағына енгендей,
Тұла бойым бара жатты шымырлап.
Тұла бойым бара жатты нұрланып,
Бір қуаныш жетеледі,
Мұң қалып.
Айналамда ағыл-тегіл ақ ниет,
Ешбір жан жоқ бара жатқан ұрланып.
Асыл ана,
Аяулы ана,
Әз ана,
Құшағыңды ақ ниетке жаз, ана.
Көңілімді білдірейін қазаңа,
Дүмшелерді тартпай-ақ қой жазаңа.
Әзиз ана,
Сен жанати бақтасың,
Жүрегіңнің жапқан жоқсың қақпасын.
Қиялына қиянаты ілескен,
Куәсі жоқ кереңдерден сақтасын.
* * *
Ай ма жарық?
Жоқ, әлде көңілім бе?
Кездестім мен ғажайып соны күнге.
әл-Харамның жарығы – иманжарық,
Менің келіп кеудеме төгілуде.
Асыл жарық,
Аппақ нұр себездеген,
Бұл сәулені мехнат* шеге іздегем.
әл-Харамның төрінен таптым ақыр,
Осында екен жұмсақ нұр мен іздеген.
Аппақ нұрға малынып,
Жаным балқып,
Алпыс екі тамырда қаным балқып.
Көтеріліп көңілдің күмбезіне,
Бара жатты тазарған тәнім қалқып.
Жұмсақ әуен құйылып ғарыштағы,
Жанталасқан жат тірлік алыстады.
Осы шығар иман мен исламның,
Бір әуенге ұйып кеп табысқаны.
Ай ма жарық?
Әлде күн төбемдегі?
Деген сауал қойып ем: өлең келді.
«Көңіл жарық болса егер бәрі жарық»,
Деп сыбырлап өлең де елеңдеді.
Бәрі жарық осында.
әл-Харамда,
Бір ғажайып жұмбақ бар аңдағанға.
Сүбіханна-сәулеге шомылдырып,
Сөз сәулесін жолдадым бар ғаламға.
Асыл жарық,
Нұр шашқан от күндейсің,
Көк аспанда күлімдеп көп күлгейсің.
Аспан жақта қалқыған ақ бұлт көрсең,
Өтегеннің өлеңі деп білгейсің.
* * *
Мұсылман дос,
Үйден жырақ мүсәпір*,
Саған серік болсын мұнда күш, ақыл.
Ертең елге барған кезде қонарсың,
Құран-кәрім қуатымен ұша тұр.
Көңіліңді күн көтерсін биікке,
(Ойсыз биік орын ашар күйікке).
Еңсе көтер,
Еркін самға сен мұнда,
Қағба сипа,
Қара тасты сүйіп те.
Ұмтыл алға,
Артың сенің тұңғиық,
Шығар тауың асқар асу, тым биік.
Армандардың айдынына сүңгиік,
Үміттердің жартастарын үңгиік.
Мұсылман дос,
Мүсәпір дос, біргеміз,
Ажырамас Алла қосқан іргеміз.
Самал болып санаңды да тербегей,
Ақ көңілден шыққан осы жыр-лебіз.
Сен де мендей,
Мен де сендей,
Қысылма,
Иман деген ниетіңнің ұшында.
Сен онымен түртіп көрші көңілді,
Жарқ етіп бір ашылады ысырма*.
Сана ашылса,
Барлық әлем ашылар,
Бұл дүниенің Алла берген басы бар.
Аяғы да бір Алланың қолында,
Не жөнің бар елден бұрын асығар...
* * *
Қағбада асыл ауа тұнық қандай,
Тұнықтан боламын мен сыр ұққандай.
Бір күнімді санадым бір жылға мен,
Сезім кешіп мен-дағы Ұлықпандай*.
Ұлықпанға теңемен мен өзімді,
Сөзімді айттым бергесін кезегімді.
Мөлдіретіп тұндырдым мен осында,
Лайланған көп жылдар өзенімді.
Тақуа* да болдым мен,
Пірадарда*,
Болып тұрдым барлығы ұлы алаңда.
Ахундықтан ауыстым қажылыққа,
Уағыз айттым ынтамен сұрағанға.
Сөз басына сәнаны* іліктірдім,
Кыям* тұрып,
Көңілден күй ұқтырдым.
Ханафидің мазхабы* хақ жолым деп,
Тахаратты* бұзбастан ұйып тұрдым.
Ұйып тұрдым.
Әр сүренің сазына сыйып тұрдым,
Жаман ойды желкеден қиып тұрдым.
Кууд* болған кезде де ұшып тұрмай,
Сабыр* деген сауапты жиі ұқтырдым.
Қағбада асыл ауа тұнық қандай,
Шындығың шымыр болып, шыныққандай.
Бұл сапар сапарлардың басы болғай,
Бұл ғұмыр тұрса деймін тұйықталмай.
* * *
Бұл сапардан не таптым мен?
Өзімді!
Алла берген сынақтарға төзуді.
Жұмақ көрдім жұмған кезде көзімді,
Ақша бұлтқа жаздым сонда сөзімді.
Бұлт биіктеп, аспан асты көрінбей,
Мен де соған ере бердім ерінбей.
әл-Харамның ақ мәрмәрлі алаңы,
Жанат бақтың жарқыраған төріндей.
Кіргендей боп жарқыраған әлемге,
Дауыс қостым дүркіреген сәлемге.
Зәмзәм суын жүрегіме құйдым мен,
Сол айықсын,
Қастерлі су дәл емге.
Ұлы сапар ұмытпаспын мен сені,
Ұлық ойлар көтерді кеп еңсені.
Қасиетті қара тасты сүйдім мен,
Бұл - ғажайып құдыреттің өлшемі.
Қара тастан қуат алдым,
Күш алдым,
Ұшу арман болушы еді,
Ұшармын.
Албырт ойды көңілдегі көгендеп,
Аңғырт ойды ақылменен тұсармын.
Бұл сапарда таптым көптен жоғымды,
Ашар Алла тұман басқан жолымды.
Сол аяқты алмастырдым оңға мен,
Қара тасқа создым оңқай қолымды.
әл-Харамға қарап едім,
Күліп тұр,
Сол күлкіні сәттілікпен біріктір.
Жолдарымды ашып бер де, Жасаған,
Қолдарымды ізгілікке іліктір.
* * *
әл-Харамның алаңы небір үнге,
Толады екен,
Толады көңілің де.
Ортақ тілің мұнда тек – Құран ғана,
Осы тілде қазақ та, негрің де.
Осы тілде сан халық,
Сан ұлыстар,
Бұл тәртіпте болмайды жаңылыстар.
Барлық қауым бұл жерде – бір-ақ адам,
Бәрінің де иманға жаны құштар.
Бәрінің де өмірі бір ағады,
Бәрінің де тағдыры сынамалы.
Бәрінің де көңілі жаймашуақ,
Бәрінің де мінезі ұнамалы.
Шашау шықпай шындықтың шеңберінен,
Иман лебі себездеп демдерінен.
Бір-біріне ашады көңілдерін,
Жұмсақ жырды оқисың өңдерінен.
Жұмсақ нұрды ниетің іліп алып,
Әкетеді,
Осында ұлы халық.
Қағба жақтан жетеді қоңыр әуен,
Қара жер де қайталар тұрып алып.
Сол әуенге бас иіп мен де тұрдым,
Көңілімнің толтырдым кем-кетігін.
Тілеп тұрдым халқыма бейбіт күндер,
Тілеп тұрдым еңбекқор елге тыным.
* * *
Жусан исін әкеліп маң даладан,
Үлестірдім Құбыланың самалына.
Мұнда ғажап ауа бар,
Аңдамаған,
Көп қарадым аспанның жамалына.
Жусан исі бұрқырап өлеңдегі,
Көшті бір сәт Құранның сүресіне.
Қарлығаштар Қағбада елеңдеді,
Түсті ме екен баяғы піл* есіне.
Қарлығаштар – қанаттас бауырларым,
Мен де бүгін жазайын қанатымды.
Жалғыз емен,
Мен ортақ қауымдамын,
Жусанменен әрлейін жанатымды.
Жусан исі жайылып әл-Харамға,
Жүрегіне жеткендей жамағаттың.
Бір құдырет осы екен аңдағанға,
Менің өзім дала боп бара жаттым.
Дала болып далидым Арафатта,
Артық кетсем,
Жаратқан кешіре гөр.
Аспан күліп қарады ғаламатқа,
Арафатым,
Көңілімді өсіре гөр.
Бір түп жусан қазақтың даласынан,
Қададым мен Қағбаға – ғаламатқа.
Қабылдап ал қазақтың баласынан,
Жусан исін қалдырдым аманатқа.
* * *
Көңілімді көк аспанға бұрдым мен,
Имантауға инабатпен жүрдім мен.
«Азаттықтың ғұмыры ұзақ болсын» деп,
Арафаттың баурайында тұрдым мен.
Бір күн жұмбақ,
Бір қызық бір күннен,
Сыр тыңдаймын кеудемдегі бүлкілден.
Жылдар ұшып бара жатыр құс болып,
Ой еңсеріп,
Қазір менің күлкім кем.
Бәрін ойлап бұрқыраған от-күннің,
Арафаттың баурайында көп тұрдым.
Ихрамның жаймасындай аспаннан,
Ескен желге маңдайымды өптірдім.
Дархан дала,
Тылсым таулар, армысың?
Жаным саған жайып салды алғысын.
Әрбір тасы сүрелермен шайылған,
Әулие тау,
Аман-есен, бармысың!
Дала кезіп,
Теңіз кешкем телегей,
Күндер ағып өтті заулап жебедей.
Балаңдай боп енді жеттім бауырыңа,
Алла мені есіркеп бір жебегей.
Топырағыңа бастым дымқыл бетімді,
Таңғы ауада тілек қандай өтімді.
Ар жолынан айнуыма жол бермей,
Мендегі иман өлең болып жетілді.
Күн шыққанда күн астына баптандым,
Шаңқай түсте шуағыңа шаттандым.
Екінті* де екі рәкат намазбен,
Ақшам* түсе Арафаттан аттандым.
* * *
Арафат аспанында,
Ақ бұлттар аруаналардай маңып барады.
Жел тұрып қас-қағымда,
Қаңбақ-ғұмырды қиырларға алып барады.
Біз де сондаймыз,
Бұлт-тағдыр желімен амалсыз жөңкіген.
Аруана даусымен боздаймыз,
Көздің жасы ма, әлде жаңбыр ба көлкіген?
Көңілде – көп үміт,
Кездейсоқ болмасын деймін мен көлденең.
Арманға жегіліп,
Мылтықсыз майданда мәңгіріп, шөлдегем.
Табанда – қоңыр құм,
Маңдайда – ақ барқын Арафат аспаны.
Тілекке жегілдім,
Көңіл де бұл күнде боп алды шашпалы.
Көктөбе көрінді,
Арафат,
Ақеділ тілекті қабыл ет.
Ойланған өмірді,
Осынау көп күткен көпірден алып өт.
Бота боп боздадым,
Емес бұл тек қана, өз сырым,
Өз қамым.
Жүректен қозғадым,
Алақан жаяды аспанға үмітпен боздағың...
* * *
Жақсылықты әуелі анаңа, сосын анаңа, тағы да анаңа, сосын барып әкеңе жаса.
Мұхаммед Пайғамбар ғ.с.с. хадистерінен.
Бір ісіме әлі қатты өкінем,
Бұл ісіме өмір бойы өкінем.
Соны ойласам жүрегім де жүнжиді,
Соны ойласам жанымның да оты кем.
Жем* жағасы.
Балаң құрақ, көк шалғын,
Осы жерде ақылыма шеп салдым.
Анам маған «қой қайыр» деп айтқанда:
«Балалармен қармақ құрам» деп салдым.
Үй мен қазан арасында жүгіріп,
Жүрген апам кетердей-ақ сүрініп.
Арқасында омыраудағы бауырым,
Маңдайынан тері тұрды білініп.
«Бармаймын» деп кете бардым безеріп,
(Аналардың жанын қалай сезелік?)
«Қап, сені ме, үйге осыдан келерсің»,
Деп қалды апам екі ерні кезеріп.
Осы бір жай кетпей қойды мүлде естен,
Апам жайлы ойлауменен мұң кешкем.
Көз алдыма анам ылғи келеді,
Арқасына інішегім мінгескен.
Ол күндерден алыстадым мың адым,
Салмағын да сезінемін кінәнің.
Айналғанда қасиетті Қағбаны,
Мен анамнан «кешірші» деп сұрадым.
Кешіре ме,
Кешпейді ме,
Білмедім,
Осыны ойлап таңға көзді ілмедім.
Ана тілін алмау ауыр күнә екен,
Өміріме сабақ болды бұл менің.
Анам үшін жасағанда умра,
Соны ойладым көзім жасы шұбыра.
Кең мешітке келіп кірген жамағат,
Куә болды менің осы мұңыма.
* * *
Пайғамбардың мешіті.
Нұрлы алаңда,
Мен де тұрдым азаным жырлағанда.
Жан-жағымда жөңкілген жұрт болса да,
Жалғыз өзім тұрғандай бұл ғаламда.
Жалғыз ғана тұрғандай мінажат қып,
Толқып тұрдым,
Жүрегім соғады атқып.
Осы шығар сезіну ұлы рухты,
Оттан ыстық сезілді бұл азаттық.
Осы шығар кеңдікті сезінгенім,
Түні бойы тебіреніп, көз ілмедім.
Шатырлардың шалғайын сүре кернеп,
Күмәнді ойдан тазарып, безінгенім.
Ойламадым байлықты,
Бастың қамын,
Пенделіктің жаяулап астым жалын.
Кең әлемге тіл қаттым сүрелермен,
Ұқтым мұнда су тілін,
Тастың жанын.
Ұлы адамның жанында ұйып тұрдым,
Ұлы кітап, ұмытпас күй ұқтырдың.
Кең әлемді қуанып құшақтадым,
Қауызына бір дәннің сыйып тұрдым.
Бұл не ғажап?
Мен осы өзіммін бе,
Жер қозғалмас болғандай төзім мүлде.
Түні бойы аспанда ұшып жүрдім,
Ұшып жүріп, білмеймін, көз ілдім бе?
Дәл алдында жүгініп Ұлы Адамның,
Отаныма тыныштық сұрағанмын.
Жайнамазды құшақтап – жасыл әлем,
Қуаныштан,
Тәубеден жылағанмын.
* * *
Ұлылардың бейнеті де бес елі,
Оның жолын имансыздар кеседі.
Пайғамбарды өлтірем деп келіпті,
Ухуд тауда* соғыс болған деседі.
Садақшылар сап құрыпты,
Мергендер,
Ұлы адамды қорғау үшін келгендер.
«Осы жерден қозғалмаңдар» десе де,
Жауды қуып,
Жайрап қалды өлгендер.
Жетпіс адам,
Жетпіс сол бір сахаба,
Ұрыныпты ұрыс қызып қатаға*.
Өкініпті сонда Ұлы Пайғамбар,
«Айтып ем ғой түспеңдер деп жотаға»,
Деп қайғырып,
Барлығын да жерлепті,
Имандарын өзі оқып, зерлепті*.
«Шәйіт болды, барлығы да жұмақта*»,
Деген кезде көзінен жас көлдепті.
Барлығын да киімімен кебіндеп,
Бір зиратқа қойған екен өңірлеп.
Осы таудан жұпар аңқып тұрады,
Сол зиратқа құрма шыққан тебіндеп*.
Исламның исі кетпес гүліндей,
Сүрелердің саз боп жеткен үніндей.
Ухуд тауда опат болған сарбаздар,
Жатыр дейді денелері бүлінбей*.
Сахабалар – жауынгерлер от кілең,
Ұлы майдан алаңында кетті дем.
Мен де тұрдым сарбаз болып қатарға,
Ухуд тауын - Ерлік тауы деп білем.
* * *
Мүсәпір мен момындардың қамын жер,
Ала жіптен аттап жатыр уәзірлер.
Кесір,
Кердең,
Кеуде соққан шетінен,
Адамдардың жігері мен жанын жер.
Бір уәзір бар,
Сөзі тәтті ұйытар,
Ұйығанның бұлты – қалың, үйі – тар.
Жақсыны айтып жылмаң қағып тұрады,
Жақсылығын бірте-бірте сұйытар.
Кеуде керіп сөйлегенде керемет,
Төрге келіп сөйлегенде керемет.
Тілі басқа,
Ісі қасқа бұл пенде,
Бір адамға қамқор болмас не керек.
Алақаны ылғи қышып тұрады,
Алу,
Алу,
Алу және құмары.
Құран оған – анықтама қағазы,
Бірді-бірге ұялмастан ұрады.
Уәзір ғой деп сеніп оған қалмаңыз,
Сеніп қалсаң,
Жолда қалар арбаңыз.
Иман деген оған әлі алыстау,
Қолын оның мүбарак* деп алмаңыз.
Дәл осындай уәзір қазір төрде отыр,
Оған сенген отандасы жерде отыр.
Жолын тапқан сумақайлар белде отыр,
Шындық іздеп шырылдаған шөлде отыр.
Айтарыңды айтып таста тұмса-өнер,
Адам жармақ болды десең,
Кім сенер?
Жүрегіне иман нұры кірер ме,
Сол бір пенде әл-Харамда тұрса егер.
* * *
Мәуліт түні*.
Мамыражай, жарық, нұр,
Бұл пендеңді көк әлемге алып кір.
Ұлы Адамның туған күні – ұлы күн,
Әбжад* атты ұлы есепке барып тұр.
Ғибадат пен тағатыңды зерделе,
Мұны ұқпасаң білім кірмес зердеңе.
Әліп-әріп* аспан жақты нұсқайды,
Сол түзу жол нұсқау берер жерге де.
Шариғатты шала білген – шайтан-дүр,
Шындық деген қағидатты байқап жүр.
Дүмше молда дін бұзады,
Шайтани,
Шайтанилар харам жолды шайқап жүр.
Әліп-әріп сонау ғарыш әлемі,
Әлем – жұмбақ,
Әлем – анық, әдемі.
Жебірейіл жерге түскен кезеңнен*,
Шайтандардың басталыпты әлегі.
Он сегіз мың ғаламдағы ұлы күш,
Наным,
Пайым,
Қабылдау да ұғыныс*.
Мұхаммеддің – ғалалайкум ас-салам,
Дүниеге келуі де құбылыс.
Мәуліт күні.
Мынау ғалам жап-жарық,
Ниетті де,
Үмітті де арнадық.
Ұлы Адамның нығыметіне бөленсем,
Деген арман жол тартады арна ғып.
Адам өлмей үміт-шіркін өле ме,
Көп қараймын әбжад атты төбеге.
Алла,
Бахис,
Жамал,
Дәулет,
Жоқ қайғы,
Бұл төртеуі түгел болса төбеде.
* * *
Күндерім көп жылымды ұрлағасын,
Көзімнің жасы төмен сырғанасын.
Алламыз қабыл еткей тілегімді,
Жарқ етіп жақсы нұрмен бір қарасын.
Таңданып,
Таңырқаймын құдыретке,
Айналдым бір тамшыдан жұмыр етке.
Тәніме жанды салған Жаратқаным,
Мен де бір құмырсқамын қыбыр етпе.
Дән терем – маңдай тердің дәні шығар,
Сөйлесем Сүбіхан Алла әні шығар.
Дүние жалғыз дәннен тұрса егер де,
Пейіштен келген кие – дәні шығар.
Алланың нұры түскей маңдайыма,
Қарамай қиындықтың қандайына.
Сүрені Фатихадан бастаймын мен,
Сол дәнді татамын да таңдайыма.
Пейіштен келген дәнді құрметтеп,
(Басқадай сусын еттік бұрын ептеп).
Өсірдік патша-дәнді тіршіліктің,
Арқауы,
Аруағы деп сүгіреттеп.
Сол бір дән өлең болып жарғанда бүр,
Жаныңның терезесін арманға бұр.
Несібең жалғыз дәннен жаралған деп,
Жар салып жатыр енді жалғанға жыр.
* * *
Әлемде өзгермейтін Жаратқаным,
Әлемге ай мен күнді таратқаным.
Аспанды алты күнде* тік тұрғызып,
Жерді де жеті күнде жаратқаным.
Ғарышқа* «бол» дегенде болғаны-дүр,
Ал Құран – баян болған сондағы жыр.
Топырақтан жаралған Атам Ата,
Алламыз жан бітірген – қолдағы нұр.
Жанати бақ етіпті тамыр басын,
Сездіріп бұл дүниеде жаңылмасын.
«Жалғыздық маған ғана жарасқан» деп,
Атамыздың суырған қабырғасын*.
Ой қусаң оралымды пайдаға сыр,
Жұмбағын жайып тастар жайма-ғасыр.
«Алма*» деген алғашқы сөзді айтыпты,
Осы сөзге қаламын айран-асыр.
«Алма» деген Алланың бұйрығы еді,
Жанаттағы жемістің сүйрігі еді.
«Алма» осы сөз тек қазақта,
Деген ой да көлденең килігеді.
Сан ойланып,
Таба алмай нысанасын,
Шара болды шақшадай құса басым.
«Алма» деген қазақтың сөзі ғой деп,
Алла солай деген деп күш аласың.
Жеміс егер су берсе – жасы шығар,
Алма содан адамның асы шығар.
«Алма» сөзі тек қана қазақта бар,
Қазақ, сірә, адамзат басы шығар...
* * *
Бер тілекті, Жасаған,
Жалбарынам,
Жалбарынам,
Жалынып, қақ жарылам.
Жебірейіл* жеткізсін жақсы хабар,
Айнымаймын ешқашан хақ жолынан.
Алла дедім,
Жанымды жайып салдым,
Айдынына арманның қайық салдым.
Мерейіме мерей қос, Жаратушым,
Жаңсақ басқан жер болса айып салғын.
Алла дедім,
Түсініп, қолдасыншы,
Қолдасыншы,
Пірлерін* жолдасыншы.
Төменшіктеп жүрген бұл мүсәпірді,
Төмендерден әрқашан қорғасыншы.
Таба қылма дұшпанға,
Күлкі қылма достарға,
Мазақ қылма қастарға,
Үлгі қылшы жастарға,
Үлгілі іс бастарға,
Пайғамбардың жасына,
Дендеп қадам басқанда.
Ұрпағым бар – ұлағат,
Ұраным бар – жұрағат.
Ұлысым бар ұлы елмін,
Ұлттық дәстүр – мұрағат.
Қос қолымды жайдым мен:
Тілектерім осынау,
Қабыл болсын дейінші,
Әумин!
* * *
Иә, Алла,
Бергеніңе қанағат,
Көрмесем де, алмасам да дара бақ.
Саған сенем жүрегімді жаңалап,
Алсам егер жан сарайын жаралап,
Мен атыңа келтірмеймін жаман ат.
Иә, Алла,
Тағдыр кейде тарылды,
Сан қуырды табаға сап жанымды.
Шашты кейде шаттығымды,
Барымды,
Не көрсем де сенен күдер үзбеймін,
Аяқ асты кірлетпеймін арымды.
Иә,Алла,
Бергеніңе шүкірлік,
Айта алмаймын, көрсетпеймін күпірлік.
Көкірегімді басса да уайым түтін ғып,
Мен ешқашан сенен үміт үзбеймін,
Маған да бір жетер-ау деп бүтіндік .
Иә, Алла,
Күнәм болса кешіргін,
Жақсылықтың жапырағын өсіргін.
Мен алдыңда мінажатпен шешілдім,
Жолымды ашқын,
Құтқа толсын қадамым,
Естен шықсын есімді алған есіл күн.
Иә,Алла,
Жалбарындым, жығылдым,
Жығылдым да міндетімді ұғындым.
Сенің нұрлы шуағыңа жуындым,
Не болса да мен өзіңе сиындым,
Иә, Алла,
Саған мың сан иілдім...
* * *
...Өлең деген өсекші...
Абай
Өлең деген опасыз дос секілді,
Басы баян, аяғы бос секілді.
Сыртқа жаяр сырыңды,
Сыртың дұшпан,
Қарашада қалтылдақ қос секілді.
Өлең деген опасыз артыңды ашар,
Артыңды ашса беделің,
Парқың қашар.
Ісіп-кеуіп тамағы, өңеш қызып,
Кәрі төбет секілді арпылдасар.
Кәрі төбет секілді арпылдасар,
Қарға-пейіл қарайып, қарқылдасар.
Ақпа-төкпе ақындық - бұл да бір дерт,
Жеңгетай-жыр сұйылса, салқындасар.
әл-Харамда тазарған өтті күндер,
Ей, мұсылман баласы, еп күліңдер*.
«Өлең деген өсекші» деген абыз,
«Қайран Абай неге айтты деп біліңдер?»
Аузы күйген бір шайыр мен емес пе,
Жаратқаным, барғам жоқ мен егеске.
Өлең деген опасыз дос секілді,
Опасыз дос бұл күнде көп емес пе?!
* * *
Мың мінажат, Жасаған!
Тәубе қылдым тағдырыма, ғұмырға,
Жан емеспін жалтақ, сатқын, құбылма.
Сенем саған кіршігі жоқ, Жаратқан,
Сенем жолға, салт-дәстүрге, ырымға.
Пенделікпен кейде тасқан шығармын,
Пенделікпен кейде асқан шығармын.
Сенем саған адал, аппақ дүние,
Сенем шексіз әр сөзіне Құранның.
Сенем ылғи жақсыға, тек шуаққа,
Жатып ішер жан емеспін бірақ та.
Әр белесім күрес, тартыс, машақат,
Көзге сенем, сенбей кейде құлаққа.
Адамдарға сенем ылғи, иланам,
Шақтар болды дәл осыдан қираған.
Бар байлығым - игілік пен ізгілік,
Жүгім де сол ғұмыр бойы жинаған.
Адамдардың көре алмаймын көз жасын,
Оның мұңы мені-дағы қозғасын.
Алла алдында барлығымыз бірдейміз,
Дәл осыны мойындайды боз басым.
Мың мінажат, Жасаған!
Шүкір дедім, тәубе дедім,
Қанағат,
Қанағатқа жұқпайды екен жаман ат.
Халқымменен қатар болсам жарайды,
Мен Алладан сұрамаймын дара бақ.
Тәубе тағдырыма!
* * *
«Мекке барам» деп өреді түйелер,
Дәстүр өлсе тәлім өлер, күй өлер.
Түйе деген - қазағымның киесі,
Дәстүріңе, салт-санаңа сүйенер.
Боздап-боздап,
Қоздап ойдың отары,
Керуен күндер құлыншақты, боталы.
Ғасыр көшті талай дәуір түйемен,
Түйелерім – тарихымның отаны.
Дәуір көшіп,
Заман кетті ілгері,
Тарихтың табиғатпен бір демі.
Құлагердің қу басындай өкініш,
Шабандардың шүлен* алып жүргені.
Бәйге алады шабандар мен надандар,
Кім бар бұған назар салып, алаңдар?
Жаратушым жазып жатыр әділін,
Абай болың,
Абай болың, адамдар.
* * *
Жаратқанға басымды идім,
Құладым,
Алла, сенен медет-жәрдем* сұрадым.
Мендік ғұмыр сендік өмір деп білдім,
Мен өзіңсіз жүре алмаймын бір адым.
Ғұмыр кешем өзің берген демменен,
Сырқатымнан сенімменен емделем.
Өзің ғана бұл әлемнің қожасы,
Тентек дүние,
Сен де бағын, дөңгелен.
Кім бағынбас әміріне Алланың,
Қолында оның үмітің мен арманың.
Қолында оның шыбын жаның,
Рухың,
Қолында оның сапарларың, жолдарың.
Сол жолдардың жүріп келем бірімен,
Кейде озып, кейде қатты сүрінем.
Біреуінен қуат алам, күш алам,
Біреуінен жеримін де, түңілем.
Не де болса менің жолым – өз жолым,
Бақытына қызықпадым өзгенің.
Бар байлығым – балаларым,
Жан жарым,
Бұдан басқа бақыт бар деп сезбедім.
Қиналғанда отбасыма сүйенем,
Сыйланғанда Отаныма сүйенем.
Бақыт іздеп бұрылмадым оң, солға,
Жүрегімді таза ұстадым күйеден.
О,Жаратқан,
Шындығымды раста,
Жоламадым қарау ойға, ласқа.
Көбі кетіп, азы қалған ғұмырда,
Енді менен бөтен тірлік сұраспа.
* * *
Сәулелі сөзге бас ұрдым,
Салқындау сөзден басылдым.
Самалға таңдай ашылдым,
Сірә, мен бөлек ғасырмын.
Ғасырмын қаққан қанатын,
Жұлдызбын түнде жанатын.
Ізгілік – жоғым табатын,
Жырларым жүйрік шабатын.
Ойларым ұшқыр ағатын,
Жаным бар жұмсақ – абатым.
Өмірдің көрем жанатын,
Тынғанша жүрек-сағатым.
Тынғанша жүрек-сағатым,
Жолым бар іздеп, табатын.
Затым бар бұлдап алатын,
Жерім бар талай баратын.
Жерім бар талай баратын,
Егін бар талай салатын.
Терім бар талай төгетін,
Төрім бар талай табатын.
Алдымда ғұмыр,
Армысың,
Күншуақ көңіл – арлы шың.
Аллаға мың сан мінажат,
Мәңгілік және алғысым.
* * *
Өң бе,
Түс пе,
Біле алмадым, білмедім,
Бір жұмбағым шешілмеген бұл менің.
Құлағымда – Құран үні,
Және азан,
Азан-қазан менің қазір күндерім.
Құлағымда – Құран-шәріп* мақамы,
Азан даусы аруақты, аталы.
Аруақты мен періште* деп түсінем,
Жалғыз Алла берген бізге батаны.
Нағыз бата – мен Алланың құлымын,
Қара жерде жүріп келем.
Тірімін.
Миллиардтаған* мұсылманның бірімін,
Пайғамбардың үмбетімін, ұлымын.
Мен Алланың пейілі аумас құлымын,
Айнымайды оған деген ырымым.
Жебірейіл* жебесе деп сиынам,
Әзірейіл* салғанынша құрығын.
Мұным, мүмкін, пенделік те, күпірлік,
Тудық,
Өстік,
Исрафулды* күтіндік.
Ұрпақ та бар ұлағатты ұлдар бар,
Қылығы оң қызым да бар, шүкірлік.
Сүбіханна Алла деймін,
Жаратқан,
Шаршамаймын бір өзіңе мадақтан.
Бұл өмірдің кейде ащы зәрін де,
Балдай көрем Жаратушым жалатқан.
Өзің ғана оң мен солды екшейсің,
Жарық нұрым,
Сен ешқашан өшпейсің.
Ақын – сәби,
Ақын – пенде кей-кезде,
Күнәм болса,
Кінәм болса, кешкейсің.
* * *
Аптап ауа.
Боз аспан.
Бозаң қала,
Жүргіншілер шұбырған мазаңдана*.
Бәрінің де маңдайы әл-Харамда,
Шақыратын шамшырақ – азан ғана.
Ілесіп кеп адамдар ағынына,
Назар салып намаздың танымына*.
Бара жаттым,
Айналам – адам-теңіз,
Мен де соның жұтылдым сағымына.
Асфаһани* амалға дәнекерміз,
Бір Алланың нұрынан дәметерміз.
Әшейінде үлкенбіз, дардай едік,
Құмырсқадай болғаны жан екенбіз.
Шүмектетіп* ақ терді маңдайдағы,
Адал сөзді айтамыз таңдайдағы.
Жаратқанға жалынып, тілегенде,
Елім еске түседі шалғайдағы.
Елім еске түскенде тебіренемін,
Басылады аңсарым,
Шөлдегенім.
Зәмзәм суын ішкенде дұға жасап,
Тәубе болып тамылжып келді өлеңім.
«Тәубе» дедім тебіреніп,
«Шүкір» дедім,
Кеміс ойды кемелдеп, бүтіндедім.
Жаным – жайсаң,
Көңілде алаңым жоқ,
Бір Алланың алдында күтімдемін.
* * *
Алланың өзі де рас, сөзі де рас...
Абай
Адам бар ма бұл сөзге таласатын,
Адам бар ма таласып, адасатын.
Ақ бұйрығы Алланың келген кезде,
Исрафул көрсетер ғарасатын.
Кебенекті* жамылып,
Хаққа дендеп,
Жаратқанның жарлығын жатқа көр деп.
Мұсылманы әлемнің дұға оқиды,
Алдымыздан ашылар қақпа* бар деп.
Ихрамды* имандап иықтағы,
(Қарлығаш боп ұшады қиықтары).
Умраның ұранын көкке жолдап,
Жол іздейміз шығудан тұйықтағы.
Ақ мәрмәрдің шетіне іліккесін,
Басамыз кеп көңілдің шүріппесін.
Бала сұрап бір бейбақ еңіреп отыр,
Мақамына Құранның кіріккесін.
Саулық сұрап біреулер жалбарынған,
Құтылсам деп қиындық қармағынан.
Айдарынан жел есіп отыр біреу,
Алла нұры туғандай алдарынан.
Мен де кірдім сол топтың дүрмегіне,
Тәубемді айтып тірлікке, күндеріме.
«Өзі де рас Алланың, сөзі де рас»,
Мен куә-дүр* әлемнің білгеніне.
* * *
Меккенің адам-боранын,
Көріп,
Таңданып барамын.
«Ассалаумағалейкум»* деп,
Кездескендердің қолын аламын.
Жүректе қан ойнар,
Күн аптап,
Аспанда қалғандай тұрақтап.
Құран боп сөйлейді алаңдар,
Сазды мақаммен қыраттап*.
Сақалын жас жуып зеңгінің*,
Жылайды.
Мұңдық-ау кемді-күн.
Жайына қалды да өрлігім,
Тартамын ибаның белдігін.
Нұр алып Байтолла* нұрынан,
Ниет қып, дәрет ап, жуынам.
Білмеймін арабша,
Ұғынам,
Татамын зәмзәмнің суынан.
Түйсініп,
Сүйсініп, жан еріп,
Қозғалып тоқтаған қан өліп.
Қағбаны айналған қалың жұрт,
Барады намазға жөнеліп.
Меккенің адам-боранын,
Көріп,
Алғаусыз тобаның*,
Сан түрін айтамын тебіреніп,
Түйсініп, ұққай деп қоғамым.
Түйсініп Исрафул боранын,
Аптапта қалтырап тоңамын.
Сезініп иманның қоғамын,
Қағбаның қарлығаштарындай,
Қазақстаныма ұшып барамын.
* * *
Жидда кенті – жезқанат,
Шатырлары – көк аспан.
Күн сәулесі сырғанап,
Келбетіне жарасқан.
Қонып жатыр құстардай,
Самұрықтар* самғап кеп.
Көңіл биік ұшқандай,
Қона алмай жүр парлап көп.
Ихрамды дүние,
Иманына сүйенген.
Келді Құран-күйіне,
Мақамына жиі енген.
Сан алуан ұлт тоғысқан,
Тілегі ортақ бәрінің.
Құтылуға борыштан,
Келген аш та, арығың.
Көңілдері тоқ бірақ,
Қолын созған Құранға.
Жанарлары оттырақ,
Жаны дайын ұранға.
Мекке жаққа қарайлап,
Шықсақ дейді сапарға.
Жидда таңы арайлап,
Нұрын төкті шаһарға.
Иманауи өлеңім,
Иманды жұрт, берерім.
Қажы болып мен саған,
Қайырылып келемін.
Асыл дұға – беренім,
Аздырмайтын шегенім.
Алла менің айбарым -
Ақжарылқап өлеңім.
* * *
Жігерленіп сөйлегенім – сүредей,
Алла деген дауысым да дүрегей.*
«Ләббайка»* деп келгенде алдыңа,
Қалай тұрам таза тілек тілемей.
Ихрамды сол иықтан асырып,
Ридамен кіндік тұсын жасырып.
Азан даусы оятқанда аспанды,
әл-Харамға кіре бердім асығып.
Азан даусын азан-қазан саз деме,
Алпыс екі тамырыңды, жаз дене.
«Ағузу» деп құлақ қағып* такбирде*,
«Аллау акбар» деп жығыламын сәждеге.
Оң жағыма сәлем берсем – нұр көрем,
Сол жағыма сәлем берсем – нұр көрем.
Жұтамын кеп әл-Харамның ауасын,
Шыққан жандай ұзақ жылғы түрмеден.
Бәлкім, солай,
Шыққан жанмын бұғаудан,
Босап шыққан коммунистік тұмаудан.
Жаңылмаймын енді, Алла, антымнан,
Шаршамаймын елге медет сұраудан.
Елім аман,
Жұртым тыныш болсын деп,
Несібесі, ырыздығы толсын деп.
Қолды жайып, аттахият* оқимын,
Бақыт құсы басымызға қонсын деп.
Ауыр түрі – мәңгүрт болу жазаның,
Аластауға сана-тауын қазамын.
Алақанда – асыл құсың - Азаттық,
Абайламай ұшырып алма, қазағым.
* * *
Мұнартып тұрған Минаға* келдім,
Ихрам киіп, илана келдім.
Қыдыр атаға кездесермін деп,
Ықылас-ниетпен жинала келдім.
Айнала ағыс,
Ағылған халық,
Жанары шуақ жағылған халық.
Құранын оқып, Құбылаға қарап,
Аллаға ғана табынған халық.
Аллаға ғана табынған халық,
Алланың нұрын сағынған халық.
Нығмет күтіп Жаратушыдан,
Арманнан жайма жамылған халық.
Жамандықтардан арылған халық,
Пенделіктерден жаңылған халық.
Ғұсыл жуынып, ғибрат айтып,
Таспиғын қолға тағынған халық.
Көрмейсің мұнда шағынған халық,
Ниеттеріне бағынған халық.
Жаратушыға жан, серік қоспай,
Аллаға ғана жағынған халық.
Минаға келдім.
Минаға келдім,
Күнәм бар ма деп қинала келдім.
«Минаға қонсаң мұңың азаяр»,
Деген бір сөзге илана келдім.
Минаны көрдім.
Мұнартып тұрды.
Күтемін мұнда құмартып түнді.
«Тілегің дұрыс, тіректі бол» деп,
Жүрегіме менің жүк артып тұрды.
* * *
Араб жұрты, дәстүріңе бойладым,
Қажылық – парыз,
Құрбан айты – тойларың.
Мұздалифа жазығында тұрғанда,
Мәмлүктер* шежіресін ойладым.
Араб жұрты кейде жақын, кейде алыс,
Жанымдағы тыным бермей қойды ағыс.
Мысыр жұртын мүбарактай* билеген,
Қай қиянда жатыр екен Бейбарыс?
Сахараның құмы – құба, жері – сұр,
Араб жұрты тарихы – шал, тегі – сүр.
Әділдіктің ақ байрағын көтерген,
Елге қарай кетті ме екен беріш-ұл.
Аруаналар аттап ғасыр арасын,
Аң-таң қылды бұл қазақтың баласын.
Сахаба деп салтанаттап данасын,
Періште деп сүйеді екен баласын.
Құранды да жырдай оқыр қарилер*,
Парызды біл,
Міндетіңді бар, игер.
«Иә, Алла» деп босанады аналар,
«Иә, Алла» деп тіл ашады сәбилер.
Араб жұрты,
Аялаймын сендерді,
Күллі әлемнен пейілденіп ел келді.
Сендерменен сырласатын жер келді,
Сендерменен мұңдасатын жер келді.
Өткен күннің елшілерін шақырдым,
Сәлдесіне өлең жазған ақынмын.
Бейбарыстың ізін іздеп қапылдым,
Бір дерегін берсеңдерші батырдың.
Мен – қазақпын,
Жырға құмар бұл кеудем,
Құлақ аштым көңіл деген бүрлеуден.
Ауып келдім бұрын жолды таба алмай,
Тауып келдім Досжан* салған сүрлеуден.
Құбылаға Алла деген жан ғашық,
Жаным менің жақсылықпен алмасып.
Жатыр бүгін.
Су бүркедім жолыма,
Бұл сүрлеуді қалмасын деп шаң басып.
* * *
Пайғамбарға пана болған бұл қала,
Шариғатқа шама болған бұл қала.
Құранменен дана болған бұл қала,
Пейілімен бала болған бұл қала,
Қалаларға ана* болған бұл қала.
Бекке,
Мекке –
Қалалардың анасы,
Сүременен сәулеленген санасы.
Келіп тұрмын қазақ деген ел-жұрттан,
Маған да бір көзің салып, қарашы.
Түйе емеспін,
«Меккеге» деп өретін,
Көңілімде жоқ ешқандай бөгетім.
Шариғатқа шабыт қосқан шайырмын,
Қаланың да жаны барын көретін.
Қабылда, сен,
Бұл қалпымда қабылда,
Үн қосуға келдім мен да дабылға.
Азаным бар менің қазақ қанымда,
Жазарым бар жүрегімде,
Жанымда.
Сәлем, Мекке,
Сәлем салдым, нұр-қала,
Азан сынды ауаң сенің үр жаңа.
Қысқа ғана «құран-қала» деймін мен,
Мен бір теңеу қоссам егер тұлғаңа.
Сол теңеулер толқытады жанымды,
Ашармысың адасыңқы бағымды?
Аралардың ұясындай, ұлы кент,
Құйып тұрмын таңдайдағы балымды.
* * *
Е,Алла, бергеніңе шүкір деймін,
Қанағат білдірмесем күпір* деймін.
Көңілімнің жыртық пенен тесіктерін,
Өзіңнің рахымыңмен бүтіндеймін.
Е,Алла, мың сан шүкір, тәубе деймін,
Мақсатсыз дүние қуу - әуре деймін.
Жанымды, жүрегімді нұрландырды,
Ғаламнан түскен жарық – сәуле деймін.
Е,Алла, басымды идім, тізе бүктім,
Құранның мақамына жүз еліктім.
Мен бұрын мұндай өлең жаза алмаушы ем,
Жаздым мен жаңа жырлар,
Түзеліппін.*
Жыр жаздым.
Жыр деген бұл – жанның тілі,
Адами қасиет пен хәлдің тілі.
Ақынға адал болу – Хақ бұйрығы,
Ақындық – әділет пен ардың тілі.
* * *
Ықыласым,
Ынты-шынты* тілегім,
Мен Алладан тыныштықты тіледім.
Аспан тыныш.
Айым аман.
Күнім сау,
Аман болшы, айналайын, ұлы елім.
Аман болшы, айналайын, қазағым,
Талай көрдің дүниенің азабын.
Ақтабан* боп шұбырған сол ізіңді,
Ақтаңдақтан аршу үшін қазамын.
Ардақ елім,
Асыл елім,
Өр елім,
Өнерлі елім,
Өлеңді елім,
Кемелім.
Сен – анамсың, мен балаңмын – бөбегің,
Айтып соны жеткізе алмай келемін.
Көкке сенің жеткізсем деп үніңді,
Қайта таптым дінім менен ділімді.
Сенің ұлы екеніңді айтпасам,
Кесіп таста менің қызыл тілімді.
* * *
Сақта, Аллам,
Сайтандардан баламды,
Келер күні болмасыншы қараңғы.
Сайтандардың, сайқалдардың заманы,
Аңдиды кеп,
Арбайды кеп адамды.
Сақта, Аллам,
Сайқалдардан жүгенсіз,
Арам қулық – ажарсыз да, сүреңсіз.
Түні бойы дөңбекшимін төсекте,
Арам пиғыл арбай ма деп – бір өңсіз.
Түні бойы дөңбекшимін төсекте,
Жан жүрегім айналады кесекке.
Балаларым – болашағым, бақытым,
Ал бақытым сынақ пенен есепте.
Сақта, Аллам,
Бәдік туған белеңнен,
Жүрегім бар бақыт күткен әлемнен.
Сайтандардың арбауынан сақтай гөр,
Айырмашы алдан күткен дәмемнен.
Сақта, Аллам,
Ұрпағымды сақтай гөр,
Жақсылыққа, ізгілікке жақтай гөр.
Тамырларым жетсін деймін тереңге,
О, Жаратқан, тілегімді ақтай бер*.
* * *
Қарлығаштар қағады қанаттарын,
Жел тербейді Қағбаның абат бағын.
Шыбынсыз жаз* осы екен,
Таң қалдым мен,
Құдыретің күшті екен, Жаратқаным.
Қарлығаштар қырағы,
Құрақ ұшқан,
Бір құдырет сезілер тым алыстан.
Аспан жаққа қараймын аң-таң болып,
Ақ шулан – бұлт секілді тірі арыстан.
Шыбынсыз жаз.
Мың сан жұрт.
Нөпір халық,
Мұхит деген бір алып секілді анық.
Бір шыбын жоқ Қағбада,
Қайран қалдым,
Ауа аптап,
Жатқандай отын жанып.
Құдыретке сенесің,
Амалың жоқ,
Қағба демі желпиді жамалың боп.
Намазға тұр,
Тәуеп ет,
Сағиға* түс,
Шыбынсыз жаз тұрады самалың боп.
Дін-мұсылман айтатын ұран да бір,
Жанды жебеп шырқалар жыр-ән де бір.
Кептер келіп саңғытып кетпесін деп,
Шырқау көкте шаншылып қырандар жүр.
Тауарихтың* толқын бар тарауында,
Жайнамазың – жаныңның жарауында.
Аспан бағып жүрсін деп қыран құстар,
Аллам өзі қойған ғой қарауылға.
* * *
Адам-Ата мың жасапты* дегенде,
Жұмбақ ағыс жөңкіледі денемде.
Аспан жаққа алаңдаумен қараймын,
Адам нұры көрінер деп белеңде.
Атам Ата, атам менің аруақты,
Атың сенің арманымды самғатты.
Айналайын, аруағыңнан Хау Анам,
Махаббатың адамзатты жалғапты.
Өмір үшін өлмес сабақ алғандар,
Күнәға да ізгі оймен барғандар.
Пейіштегі бұлбұл үнін естіген,
Сендерде не арман бар?
Мың жасапты Адам Ата,
Мықтылық,
Ұлы Аллаға мінажат қып, тік тұрып.
Жер бетінде болу үшін тіршілік,
Аллаға да армандарын ұқтырып.
Атам Ата,
Атың сенің – ұлы есім,
Саған Құран бағыштаймын,
Білесің.
Адам деген сөзге қайран қаламын,
Қазақ сөзі!
Осы менің күресім.
Адам деген менің ұлы тілімде,
Алпыс екі тамырымда, ділімде.
Тарихты талмай қуып келем де,
Адам Ата қазақ деймін түбінде...
* * *
Мен – түйе
Маңып жүрген маң далада,
Боздасам маған заман таң қала ма?
Уақыт деген кемеге аяқ салдым,
Ей, Аллам,
Жоғымды да барға бала.
Боздаумен сан қырларға сабылғанмын,
Бұйдамнан босамастай таңылғанмын.
Бір ауыз өлеңіммен танылғанмын,
Әйтсе де сыбағамнан қағылғанмын.
Жақсылар жаман болып бара жатыр,
Жамандар заман болып бара жатыр.
Түсінбей аң-таң болып дала жатыр,
Тіксініп, түсінсе де қала жатыр.
Боздадым бота болып өкінгенде,
Күрсініп, өксіп жатыр жетім-кеуде.
Шыдадым нардай болып кетілгенде,
Иідім аруанадай жетілгенде.
Бозадым.
Боздағаным – жыр дегенім,
Біреулер маңырап жатыр.
Үндемедім.
Тілім бар, дұшпандарды күндемедім,
Жаратқан берер деймін бір көмегін.
Сүремен өрнектеймін беттің нұрын,
Шығатын белестерге жеттім бүгін.
Бар болып болар кезде жасырынбай,
Нар болып көтеремін көптің жүгін.
* * *
Құлақта - Құранның қуатты өлеңі,
Көкейде - Қағбаның шуақты өнері.
Алланың күшімен аспанға ілінген,
Ай да сәждеге* құлап келеді.
Ай да сәждеге құлап келеді,
Ақ бұлттар соңында шұбап келеді.
Құранның мақамы* жаныңды байытып,
Ғарыштан ғажайып нұр ап келеді.
Ғарыштан ғажайып нұр ақ келеді,
Жаныңды ашқанды жырақ көреді.
Жайнамазға маңдайың тигенде,
Санаңа сан алуан сұрақ келеді.
Санаңа сан алуан сұрақ келеді,
Бірі – мұң, ал бірі ұнап келеді.
Қағбаны маңдайға ұстанып,
Жақын мен жырақ келеді*.
Жақын мен жырақ келеді,
Биіктеп парыздың беделі.
Мұсылман әлемі маңдайын дайындап,
Жайнамаз-алаңға* құлап келеді.
Жайнамаз-алаңға құлап келеді,
Құлақта – Құранның қуатты өлеңі.
«Не деген құдырет» деп айтып, тебіреніп,
Бөкейхан* бауырым жылап келеді.
Құлақта – Құранның қуатты өлеңі,
Жаныма жазира шуақ береді.
Құдырет күшіне табынған,
Бөкейхан бауырым жылап келеді.
* * *
Жамратқа* жеті тас жамыраттым,
Шын пейілмен лақтырдым.
Тәуір аттым.
«Аллау акбар»* деп сосын дұға жасап,
Амандығын тіледім шаңырақтың.
«Тұзағына түсірме Ібілістің»*,
Деп сиынып, зәмзәмнің* суын іштім.
«Болады деп ұрылар осы жерде,
Аңдап бас деп жолдарын бұрылыстың».
Жөн айтады арабтар түсіндіріп,
«Сиыныңдар Алланың күшін біліп.
Ұры деген өзі, деп Ібілістің»,
Аузы жеңіл барады ұшындырып.
Тым сақтанып қараймын жан-жағыма,
Түспейін деп қарының* қармағына.
Жөңкілген жұрт бетке алды Жамратты,
Шариаттың* сүйеніп заңдарына.
«Аллау акбар» дегеннен құлақ тұнар,
Ниет деген нығымет* шырақ құмар.
Миллион тас жаңбырдай жауған кезде,
Шайтаның да шыңғырып жылап тұрар.
Мен де ұмтылдым.
Кеудесі көздегенім,
Орындалып қалардай тез дегенім.
Жеті тасты* жібердім Ібіліске,
Кетіп жатыр тас болып сөз дегенің.
Бір майданды салдым мен Жамратқа,
Көктей солғыр, Ібіліс, тамыр атпа!
Байлап қойған Аллаға құлшылық қып,
Шапағатпен оралдым шаңыраққа.
* * *
Фатиха* мен Ықыластан* бастадым
әл Кәусәрмен* ашылады аспаным.
Сүбіханна саламатын сезініп,
Санам менің ашылғандай қас-қағым.
Қолын жайып, бір Алладан сұранып,
Дін-мұсылман жайнамазда тұр анық.
Екі иықта тұрған екі періште*,
Жазып жатыр көргендерін куә ғып.
Жазып жатыр.
Оң иығым талса екен,
Оң періштем жақсы ісіме қанса екен.
Сол иыққа күдіктене қараймын,
Сол иығым оң иықтан алса екен.
Дәрет алып,
Мойын беріп ғұсылға*,
Тобық қағып, тұрған құман тұсында.
Мәсіх* тартып маңдайдағы жиектен,
Дұға* салдым тұрған тілдің ұшында.
Ниетімді қабыл ал деп, Жаратқан,
Алыс ет деп апат пенен ғараптан*.
Иә, Алла деп құлақ қағам, тік тұрып,
Тілегімді жеткізе гөр, таң атқан.
* * *
Сәуір таудың сырғанайды самалы,
Сағым ойнап, жұмбақтанды жамалы.
Сүрлеу қуып бара жатыр үміттер,
Сағыныштың шөлін басу амалы.
Сәуір таудан бұлт түседі белеңге,
Сиқыр-сағым, сен де енді төменде.
Сеніміңді жетелейді сәби-жел,
Сезіміңді жетектейді өлеңге.
Сәуле күліп, тас ериді беткейде,
Сағым-аптап шарпып кетер от кейде.
Сүре сазын аспан елтіп тыңдайды,
Саған, қажы, сол бір саздар жеткей де.
Сақалына сәуір-иман ұялап,
Сәлделі жұрт жасап жатыр зиярат*.
Сүбіхан Алла сақтай гөр деп қайғыдан,
Сиынған ел тауға өрлейді қиялап.
Сертке тұрған сарбаздардай беріліп,
Сөзге тұрған шайырлардай төгіліп.
Сәуір тауға мен де кеттім өрмелеп,
Сенім менен сезіміме жегіліп.
Сәуір таудан жүрегіме жыр алдым,
Сағымынан шапағатты нұр алдым.
Сенім алдым, жігер алдым мұқалмас,
Сапарыма өзім қатты қуандым.
Сапар – дәріс, үйретуші жол – шебер,
Сеніміңнің салмағын да өлше, көр.
Сертке тұру қиын емес жігітке,
Сәуір таудай сиынғаның болса егер.
* * *
Болардай мәңгі-бақи ел есінде,
Заманның зырылдаған белесінде.
Қырандар қалықтаған қара меңдей,
әл Мәсжид әл Харамның* төбесінде.
Жерде – нұр,
Аспанда – күн,
Көңілде – саз,
Ей, пендем, тізе бүгіп, алақан жаз.
Жаратқан тілегіңді қабыл етсе,
Соңыңнан шұбап ерер «балапан-қаз».
Ей, пендем,
Намазға тұр, аш көңілді,
Сен мұнда сезінесің басқа өмірді.
Әділет, имандылық, сауаптылық,
Қаз-қатар қолын созып, хош көрінді.
Сүбіхан сөзіңді естір жаныңдағы,
Ізгілік іркілмесе қаныңдағы.
Маңдайың жайнамазға тиген кезде,
Тілеген тілегің де дамылдады.
Сезініп осы сәтті тебірендім,
Егілдім, емен-жарқын емірендім.
Адамның барлығын да бауыр тұттым,
Жаратқан,
Жүрегімнен сені көрдім*.
әл Мәсжид әл Харамнан ғұрып көрем,
Ешқашан, Аллам, сенен үрікпегем.
Сәулесі себездеген жүрегімді,
Салып ап алақанға жүріп келем...
* * *
Бисмиллаһи,
Сөз келді көңіліме,
Бір шуағын түсірер өміріме.
Жаратқаннан тараған сол сәулені,
Жарқыратып тақтым мен өңіріме.
Өңірімде сол жарық,
Күні басым,
Төгіп-төгіп өтеді шұғыласын.
Сол жарықпен қараймын болашаққа,
Тауып алып Қағбамның құбыласын.
Тауып алып Қағбамның құбыласын,
Толтырамын пейілдің құмырасын.
Бисмиллаһи дегенде күшің тасып,
Рухыңды көтеріп, шынығасың.
Шынығасың,
Шуаққа жылынасың,
Шаршап жүрсең ширайсың,
Тынығасың.
Жаратқанның лебін жанмен сезіп,
Ғұмырдың да мақсатын ұғынасың.
Алла десең,
Аспаның ашылады,
Алтын шуақ көгіңнен шашылады.
Ақша бұлттай көңілің көшіп жүріп,
Арафаттың тауына асылады.
Бисмиллаһи,
О, Алла,
Дара күнің,
Саған ғана табынар саналымын.
Жүрегімде бір өзің – жаңалығым,
Кешіргейсің ақынның «балалығын».
* * *
Күлгенім,
Күрсінгенім,
Қуанғаным,
Өкініп, жылағаным, жұбанғаным.
Ниетім, өтінішім, сұранғаным,
Барлығы қолында тек бір Алланың.
Жаным бар жақсылықтан үрікпеген,
Жақсыдан үлгі алатын ғұрып көрем.
Жүрегімнің төрінде – Жаратқаным,
Ол берген ғұмырымды сүріп келем.
Бірде оздым,
Бірде қалдым жарыстарда,
Жығылдым, жықтым талай алысқанда.
Менменсіп «мен» деп кеуде қаққан жоқпын,
Жеңіс пен сәттілігім табысқанда.
Алдымда жатыр талай асқар, ағын,
Бағамын бұл өмірдің қас-қабағын.
Алдында Жаратқанның – бір уыспын,
Шау тартып қалсам-дағы жас баламын.
Барлығы бір Алладан!
Тірлігің де,
Жайым жоқ байбаламдап, дүрлігуге.
Жүректе Жаратушым тұрған кезде,
Жетемін деп ойлаймын нұрлы күнге.
Мінездің мақпал-жұмсақ ымырасы,
Толып тұр несібемнің құмырасы.
Түсіп тұр Жаратқанның шұғыласы,
Армысың,
Адамзаттың Құбыласы!
* * *
Қул-ху-Алланың* қуатын бергей,
Ықылас менен, бір Алла.
Әбілхаяттың* суатын бергей,
Көңілімді создым Құранға.
Биссмилахи деп қолымды создым,
«Ұсынсам қолым жетер ме?»
Әліп-би танып, ілгері оздым,
«Арызым айтқан өтер ме?»
Қолымды жайып, тілеймін тілек,
Болғай деп заман тып-тыныш.
«Жар бол, деп Алла» соғады жүрек,
Басыма қонғай құтты құс.
Садақол-лаһул-азим*, сенгейсің, Алла,
Тілегімді менің бергейсің.
Сыныңды беріп, тергейсің, Алла,
Адассам және жөндейсің.
Уалхамдуллахи*, Рабым менің,
Дұға-тілектерімді қабыл ал.
Азаттық жолы – тұрағым менің,
Тұмарым да осы тағынар.
Қул-ху-Алланың қуатын бергей,
Берекесін бергей Алхамның*.
Мағұрып-Машырық* мұратын бергей,
Таспиғын* ойдың тартармын.
Жүрегім менің жиі ұрып тұрып,
Тілеймін тілек бір ғана.
Қараймын сосын қиылып тұрып,
Құран сөйлеген Құбылаға.
Жаратқан ортақ, ойым жоқ бөтен,
Менде жоқ тілек жекелік.
Қарым талғанша қарысып өтем,
Тәуелсіздігімді көтеріп.
* * *
Көгілдір әлем.
Көңілім де менің көгілдір,
Көгілдір әлем – көнеден жеткен тегім бұл.
Бөрілі байтақ* Құбылаға қарай ұмсынып,
Шашырап кеткен таспиғын ойдың теріп жүр.
Шым-шымдап тартып шындықтың темір шідерін,
Жалғадым жырмен үздірмей үміт күдерін.
Құлдырап кеткен,
Бұлдырап кеткен күндердің,
Құраннан таптым көңілге керек бір емін.
Құраннан тауып, құр атқа міндім ызғыған,
Құранға құла, кеудесі маздақ ізгі жан.
Алланың сөзін «апиын» деген «көсемдер»,
Аттандап шауып, мән бере алмадық біз бұған.
Өтпейтін пышақ секілді болдық қайрағы аз,
Құранға түскен әріптер болды жай қағаз.
Қағбаның мөрі құйылып түскен десек те,
Сүлгі де болды сүргінге түскен жайнамаз.
Көгілдір әлем.
Көгілдір менің сарайым,
Аллаға сенген ақынның туы – Абайым*.
Аллаға сенген хакім де болған абызым,
Сөз аспанында жарқырап жанған жаңа айым.
Құранға құла,
Құраннан сұра, сұрасаң,
Әліптен баста* «Алла» деп сөзді құрасаң.
Адамға ұнау қиын ғой мына заманда,
Аллаға ұна – ұнасаң,
Аллаға ұна – ұнасаң!
ЖИНАҚЖАБАР
немесе түйін-түсініктер
*әл Харам – Қағбадағы күллі әлемге белгілі, қасиетті бас мешіт, толық аталуы - (әл-Қағба әл Мүшрифа - әл Мәсжид әл – Харам), харам деген сөз жат діндегі жандарға бұл мешітке кіруге болмайды деген мағына береді.
*дамул-дастаны – дамул деген араб сөзі аса білікті, терең білімді, ерен білгір деген мағына береді.
*Қағба – Сүбіхана Алланың жер бетіндегі ең алғашқы үйі, Алла әуелі Қағбаны салып, Жерді үйіріп әкеліп, оның астына жайғастырған деген аңыз бар. Жердің өзін Алла Қағбадан кейін жаратқан. Жалпы, бұл жөнінде бірнеше аңыз бар. Қағба дегеніміз төрт бұрышты тас ғимарат. «Қағба» араб сөзі, текше деген мағына береді. Қағбаның 9 мұнарасы, 4 қақпасы, 44 есігі бар.
*тәлбия – тілек тілеп, Аллаға мадақ айту. Тәлбияның ең басты сөзі адамның Алла алдына мінажат етіп, жүгініп келуі туралы болады. Тәлбияны ер адамдар дауыстап айтады.
*мінажаттық жыр – Аллаға мадақ айтып, құлшылық жасап жазылған жыр. Шығыс шайырларында ежелден бар. Әлішер Науаида мінажат жырлары үлкен бір дүние. Қазақ поэзиясында Абайдан бастап, қазіргі жас ақындардың бірталайында жекеленген өлеңдер бар.
*Шам – Қағбаның мысыр елі жағы, Қағбаның төрт жағының да арнайы атаулары бар. Бұл Қағбаның шығыс жақ бұрышы, ол «әр-рүкн әл-әсуәд» деп аталады. Қасиетті бұрыш деген сөз, өйткені бұл бұрышта киелі қара тас бар. Ол жерден бір жарым метр биіктікте орналасқан. Әуелде Алла бұл тасты жерге түсіргенде оның түсі ақ болыпты, бірақ күнәлі пенделер көп ұстап, сүйгендіктен тас қарайып, қазіргі қалпына келген. Мұның өзі адам сенімінің тереңіне тартады.
*Ибрагим мекені (мақамы) – Қағбаны салған кезде Ибрагим пайғамбардың ізі түскен қасиетті жер. Қажылыққа келгендер бұл жерге де арнайы тоқтап, тәуап етеді, екі рәкат намаз оқып, тілек тілейді.
*Ирақ, Йемен – Қағбаның қасиетті бұрыштары, аталған елдердің бағыты бойынша аталған. Толық атаулары: «әр-рүкн әл-ирақи» (Ирақ бұрышы), «әр-рүкн әш-шәми» (Шам бұрышы), «әр-рүкн әл-йемени» (Йемен бұрышы).
*такбир айту – намазға тұрар алдында құлақ қағып, Аллаға табынып, мойынсұну, ниет ету.
*Саллалаху уа алейкум уә салам – Мұхаммед пайғамбардың атын атаған кезде бұл сөз міндетті түрде қоса айтылуы тиіс. Қысқаша – с.а. с. деп жазылады.
*Нұр тауы – Пайғамбарға қасиетті кітап – Құран түскен таудың аты. Мекке қаласының іргесіндегі аса биік емес қоңыр тау. Қазақы ұғымдағы «нұр» сөзімен тамырлас. Қағбадан 4 шақырым жерде тұр.
*Сәуір тауы – Ғар Сәуір деп аталады. Пайғамбардың жауларынан қашып, паналап, өмірін сақтаған қасиетті таудың аты. Мекке қаласынан 15 шақырымдай жерде.
*Арафат тауы – Адам Ата мен Хау Ананың бір-бірін өмір бойы іздеп, Алланың рұқсатымен ғана бір-бірін тауып, кездескен қасиетті таудың аты. Бұл жерде қажылыққа келген мұсылман бір күн тұрып, Аллаға жалбарынып, тілек тілейді. Мекке қаласынан 25 шақырым жерде. Арафаттың баурайында тұру рәсімін «уқуф» деп атайды. Ер адамдар бұл рәсім кезінде бас киім кимейді.
*Мұздалифа - мархабаттың мекені, кешірім жазығы. – Адам Ата мен Хау Ана Арафатта кездесіп, осы жазыққа келіп түнеген. Қажылыққа келгендер осы Мұздалифа жазығына түнге қарай арнап келіп, осында қонып, түнімен тілек тілеп, таң намазында Қағбаға қарай бет алады.
*қисуә – Қағбаны жауып тұрған, биіктігі 14 метр қара мата, жоғары жағында арнайы алтын белдігі бар. Оның төрт жағына алтын әріптермен «Алла – жалғыз, Мұхаммед оның елшісі» деген сөз бен Құранның қасиетті аяттары жазылған. Қажылық рәсімі біткен соң, құрбан айтынан кейін қисуә ауыстырылып, жаңасы жабылады.
*сүбіханна – саусақ ұшы – мұсылман қасиетті Қағбаны айналып, оның есік тұсындағы бұрышына келгенде «Аллау акбар» деген сөзді үш рет айтып, оң қолын көтеріп, өзінің қолының саусақ ұштарын сүйіп, маңдайларына тигізіп, құрмет-ишаратын білдіреді.
*дамулла – діни білімі терең, діни мансабы жоғары молданы айтады.
*екі рәкат намаз – намаз оқудың шарты бойынша намаз дәрісін оқу. Қағбада оқылған бір екі рәкат намаз жай жерде, басқа жерде оқылған 100 000 намазға тең деп есептеледі. Сондықтан бұл жерде оқылған намаздың сауабы өте күшті.
*тәлбия айту – Ихрам хал-жағдайына түскен соң ең бірінші айтылатын сөз, Аллаға ризашылық білдіріп мақтау, мадақтау. Адамның Алла алдына бар ықылас-ниетін ашып келуі.
*Хира-үңгірі – Алланың жер бетіне алғаш Құран сүрелерін түсірген Нұр тауындағы үңгір. әл-Мәсжид әл-Харамнан төрт шақырым жерде.
*Ерғали – қажылыққа келген орысшалау азамат.
*Орынбай – ҚР Парламенті Сенатының депутаты Орынбай Рахманбердиев.
*жыр түсер – Хира үңгірінен Құран түссе, таудан өлең туар деген мағынада айтылған. Бір жағынан Нұр тауынан ырым етіп, өлең туса деген тілектен туып отыр.
*көк өгіз – ертедегі діни өлеңдерде айтылатын жануар, жерді мүйізімен көтеріп тұрған көк өгіз деген ұғым. Ол басын қозғаса, жер сілкінеді деген ұғым-түсінік бар.
*кім-дүр – бұл кім, қандай ерен адам деген мағынада.
*Әзірейіл – Жерге түсіп, Алланың пәрменін орындайтын періште.
*Сәуб – мұсылмандар киетін жеңі ұзын, өзі тобыққа дейін түсетін ақ жейде, жұқа киім. Қажылыққа келгендердің көбі осы киіммен жүреді.
*шимағ – арабтардың қара шаршы сызықтары бар қызғылт түсті матадан басына киетін (жамылатын) дәстүрлі орамалы, бас киімі.
*иъқол – шимағтың үстінде тұратын қара шеңбер. Арабтар кезінде мұны түйелерін тұсаулау үшін қолданған. Кейін ұлттық киім элементі ретінде қалыптасқан. Ұшында бір-біріне кірігетін ілмегі бар.
*сахаралық сахаба – арабтар үшін беделді болып есептелетін атау. Біздегі қыр қазағы деген ұғымға келеді.
*шейх – араби лауазым. Арабтың дәулетті, мансапты, билікті әміршісі деген мағынада. Жоғары дәрежелі деген мағынада алынған.
*шайыр – ақын деген мағынада. Түркітектес тілдерге түсінікті ұғым. «Шығыс шайырлары» деген термин қазақ әдебиетінде әбден қалыптасқан.
*ахун – арабша, ақын деген сөз. Бұл сөз бертінге дейін Қазақстанның оңтүстік өңірінде қолданылып келді.
*Асан шалдың баласы – қажылықта бірге болған, ҚР Парламенті Сенатының жауапты қызметкері Абай Тоқсаба деген азамат.
*Айша мешіті – дін-мұсылман әлеміне белгілі мешіт, Пайғамбардың анасы - Айша анамыздың құрметіне орай аты берілген мешіт. Өзінен басқа адамға умра жасауға ниет еткен мұсылман осы Айша мешітіне келіп, ниет жасап, екі рәкат намаз оқып, содан кейін Қағбаға барып, оны жеті рет айналып, Сағиды жеті рет айналып, зәмзәм суын ішіп, екі рәкат намазын оқып, умралық парызын орындайды.
*умра – кіші қажылық. Бұл әрекет парыз емес, сауап. Сондықтан умраны жылдың кез-келген мезгілінде Қағбаға келіп, орындай беруге болады. Таматту қажылық пен умра қажылықты өтеу қазір туристік бағдарлама ретінде де жолға қойылған. Осының нәтижесінде бұл күнде 25 мыңдай қазақстандық қажылық парыздарын өтепті.
*Ақша бұлттар арабша өлең секілді – Қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовтің өлең жолдарынан алынған тіркес.
*Ақшам – намаздың уақыты, күн батқаннан көз байланғанша уақыт. Ақшам намазы – парыз әрі суннат.
*Қазаныңыз толы болсын дегендей – қазақ ұғымында қалыптасқан тілек-тіркес.
*ағла – намаз оқыған кезде сәждеге екінші рет бару кезінде айтылатын сөз. Сүбіханна раббиал ағла деп айтылады.
*ләббайка – қажылыққа сапар кезінде Меккеге белгілі бір қашықтық қалғанда мұсылман ихрам қал-күйіне түсіп, осы сүре-пейілді сан рет қайталап айтады, «О, Алла, мен сенің алдыңа келдім» деген мағына береді.
*таң намазы – немесе фәжр намазы, таң атқаннан күн шыққанша оқылады. Таң намазы әрі парыз, әрі суннат.
*әттахият – егер намаз үш-төрт рәкаттан тұратын болса, екі рәкаттан соң оқылатын рәсім әттахият деп аталады. Әттахияттан соң салауат айтылады.
*мүсәпірдің қағымы – мүсәпірдің басқа мұсылманмен жаны бір, жағдайы ортақ деген мағынада.
*сауабыңмен ақталу – адам о дүниелік болғанда тірлікте жасаған жақсы амалдарыңмен Алланың сынағынан өтесің деген мағынада.
*мұнарада алтын сағат – Қағбаның бас есігіне қарсы биік қонақүйдің үстіне орнатылған алтын сағаттағы алтынның салмағы 300 килограмм шамасында екен. Бұл сағат Меккенің кез-келген қиырынан анық көрініп тұрады.
*Ібілістің түрмесі – қажылық кезінде Аллатағала барлық шайтандарды байлап тастайды. Бұл жерде Меккеде шайтандарды байлап тастаған арнайы орын бар деген мағынада.
*ихраммен иман айтса бір иық – қажылыққа келген мұсылманның барлық шарттарды орындап, үстіне жамылатын ақ жаймасы. Ол оң иықты жауып, сол иық ашық қалдырылады. Қағбаны 7 рет, сағиды 7 рет айналып, тәуаф жасаған соң, ихраммен екі иық та жабылады.
*құдыреттен көңіл күтер бір иық – сол иық ашық тұрады, екі иықта екі періште тұрып, адамның жақсы-жаман істерін жазып тұрады. Сол иықтың рахым күтуі осы себептен айтылады.
*қанттарын жаяды шатырлары – Мұхаммед пайғамбардың, с.а.с. мешітінің сыртында жүзден астам шатырлар бар. Ол шатырлардың әрқайсысының көлемі ашылған кезде – 100 шаршы метр. Намаз кезінде барлық шатырлар ашылғанда осы алаңға миллионға жуық мұсылман намазға тұрады.
*алхамдулила мұсылманмын – дінің кім деген сұраққа жауап бергенде айтылатын сөз.
*ғылыми коммунизм елесі – К.Маркстің «Еуропаны бір елес кезіп жүр. ол – коммунизм елесі» деген сөзі.
*Өмірсерік Шәріпов – әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінде «Ғылыми коммунизм» пәнінен сабақ берген ғалым-оқытушы.
*Жары жұрты - Әулие атанған Бекет Мырзағұлұлының руының аты. Сегіз арыс адай тайпасының бір бұтағы, менің түп нағашым.
*Көгілдір аспан болып киінемін – еліміздің мемлекеттік рәміздері еске алынып отыр.
*Хадис – діни ережелер мен қағидаттардың жиынтық кітабы, діни термин.
*Жүніс – жаһан балық жұтып жіберген кезде сабыр сақтап, бір Аллаға сиынып, балықтың қарнында отырып, аят оқып, аман-есен шыққан пайғамбар, с.ғ.с.
* «табын» деген тасқа да басылыпты – белгілі ақынның белгілі дастанының атауынан алынған сөз.
*Нәкір-Мүңкәр – адам қайтыс болып, көрге түскеннен кейін амал жауабын алатын қабір періштелері.
*мехнат – азап шегіп, қиындықпен деген сөз.
*мүсәпір – араб сөзі, жолаушы деген мағына береді, қазақ ұғымында кемтар, жарлы, кедей деген ұғым да береді.
*ысырма – көкірек көзін рух күшімен ашу деген мағынада.
*піл есіне – Құрандағы Піл сүресі туралы айтылып тұр. Құранда арабша «Фил» деген атпен берілген. Қағбаның қарлығаштары ислам дініне қарсы жаулар жаппай пілге мініп келгенде, Алланың әмірімен ауыздарына тас тістеп, жоғары биіктен піл мінген қолға тас жаудырып, жаудың әскерін тегіс қырып салған.
*екінті – намаз уақыты, көлеңке екі есе ұзарып, күн батқанға дейінгі аралық мезгіл. Екінті намазы – парыз.
*ақшам түсе Арафаттан аттандым – Арафат тауына барып, тілек тілеген әр мұсылман діни дәстүр бойынша сол жерде күн қызарып батқанша болып, ақшам намазын оқып барып аттанады.
*Жем жағасы – Ақтөбе облысы аумағындағы Мұғаджар тауынан басталып ағып шығатын Ақтөбе, Атырау облыстарының аумағымен ағатын тарихы мыңдаған жылдарға созылатын көне өзен аты. Әлі солай аталады.
*Ухуд тауы – Мұхаммед пайғамбарды с.а.с. жаулары өлтірем деп келгенде оның қолбасшылығымен Ухуд тауының бір биігінде мерген садақшылар сап құрап, жауларын қарсы алады. Пайғамбар с.а.с. сахабаларына: «ұрыс кезінде қызбалыққа салынып, қашпақ болып қулық ойлаған жауды соңынан қумай, бекіністе қалыңдар» деп айтқанмен, олар жауды қуамыз деп, тосқауылға тап болып, сол жерде пайғамбардың с.а.с. ең жақын достары, 70 сахаба ерлікпен қаза табады. Пайғамбар с.а.с. қатты қайғырып, олардың бәрінің жаназасын өзі шығарып, сол жерге, тауға жерлейді. Аңыз бойынша олардың денелері әлі күнге бұзылмай, сол қалпында жатыр деседі. Және Ухуд тауынан әрқашан жұпар жел соғып тұрады екен.
*қатаға – қатеге деген сөздің сәл өзгеше дыбысталуы, кей өңірлерде осылай да айтыла береді.
*зерлепті – бұл жерде ақ жуып, арулап, кебіндепті деген мағынада.
*жұмақта – Аллатағаланың пәрменімен мұсылманның бақи дүниеде болатын жері. Жұмақ сөзі кейде пейіш деп те аталады.
*тебіндеп – топырақты жарып шыққан өсімдікке қатысты айтылады. Бұл өсімдік қазақ түсінігінде қасиетті деп қабылданады.
*бүлінбей – Аллатағаланың пәрменімен адам денесінің табиғи түрде бальзамдалуы. Мұхаммед с.а.с. кебіндеп, ақ жуып қойған адам денесі өмір бақи бұзылмай, сол күйінде сақталады деген ырым-ұлағат бар.
*мүбарак – араб сөзі, таза, адал, пәк деген сөз.
*әбжад – Аллатағаланың есебіне жүгіну. Бұл есептің жұмбағы мен шешімі тек қана бір Аллаға ғана аян. Бірақ әрбір мұсылман бұл дүниеде әбжад есебімен ғұмыр кешеді.
*Жебірейіл жерге түскен кезеңнен – Алланың бұйрығымен Жебірейіл жерге түсіп, қажылық уақыты кезінде күллі шайтан қауымын шідерлеп, байлап, бұғаулап тастайды.
*ұғыныс – белгілі бір жайды адамның ділі арқылы түйсініп, ұғынуы.
*аспанды алты күнде – Құраннан жеткен ілім бойынша Алла аспанды алты күнде, Жерді жеті күнде жаратқан. Жер құлап кетпесін деп Алла оларды таулармен бекіткен.
*ғарышқа бол дегенде – Алла ғарыш әлеміне «бол» деп бұйрық бергенде көк аспанды көмкерген ғарыш әлемі пайда болған.
*атамыздың суырған қабырғасын - әйел ер адамның қабырғасынан жаралған деген аңыз бар. Атам Ата мен қалай жалғыз жүремін деп, Аллатағалаға арыз айтып, жалынған соң, Алла оның өтінішін орындап, атамыздың бір қабырғасын суырып, одан Хау Ананы жасаған көрінеді. Қазақ ұғымындағы «қабырғаммен кеңесейін» деген сөз әйеліммен, жұбайыммен ақылдасайын деген сөздің мағынасын беретіндіктен, аңыздың ақиқатқа сілтеме жасайтын жөні бар деген түсінік қалыптасқан.
*алма – Алланың Адам Ата мен Хау Анаға айтқан ең алғашқы сөзі. Бір жеміс ағашын көрсетіп, мынаның жемісін «алма» деп пәрмен бергенмен, Ібілістің алдауына түскен олар әлгі жемісті татып, масайып қалып, күнәға батқан. Мүмкін бұл бұйрық райлы етістік болуы, немесе әлгі жемістің алғашқы атауы. Қалай болғанда да бұл сөз тек қазақта ғана бар. Өлең сол туралы ишара береді.
*Жебірейіл жеткізсін жақсы хабар – жер бетіне тек жақсылық, қуанышты хабар жеткізуші періштеден жарқын жаңалық күту.
*пір – діни наным бойынша пайғамбарға қол берген, немесе оның жолын ұстанып, ерекше құрмет пен қасиетке ие болған жан. Қазақта «пірдің соңы Бекет» деген сөз бар. Бекет Ата Мырзағұлұлы, абыз әулие, Атырау облысының Жылыой ауданындағы Ақмешіт деген жерде дүниеге келген. Сүйегі Маңғыстау облысының Оғланды деген тауында жатыр. Жамағат жыл бойы тәу ететін киелі орындардың бірі.
*еп күліңдер – ретімен, әдеппен деген мағынада.
*шүлен – бәйге, сыйлық, олжа деген сөз.
*медет-жәрдем – Алладан, пайғамбардан с.а.с. тілек тілеу, шапағат күту.
*Құран-шәріп – құранның оқулық болып дін жолындағы адамға дәріс етілуі, оқулық, кітап.
*миллиардтаған – зерттеу деректері бойынша қазіргі уақытта жер жүзінде мұсылман дінін ұстанған1,8 миллиард адам бар. Тек Еуропаның өзінде қазір 20 миллионнан астам мұсылман бар.
*Әзірейіл – Алланың пәрменімен адамның жанын алатын періште.
*Исрафул – Алланың бұйрығы бойынша жер бетін астаң-кестең етіп, сілкіндіріп, қопарып, ақырзаман тудыратын періште. Ақырзаман болғанда күн батыстан шығады. Исрафул періштенің бір аяғы жерде, бір аяғы аспанда болады екен, ол кернейін тартқанда аспандағы жұлдыздар ағып, таулар сілкініп, теңіз тасып, сұрапыл сұмдық орнайды. Сұрапыл деген қазақ сөзінің төркіні осында жатса керек.
*мазаңдана – мазасыздану деген сөз.
*асфаһани – діни кітап сөзі, аспандық, көк әлемдік деген мазмұнда.
*шүмектетіп ақ терді – Алланың пәрменімен адам жаны қысылғанда шығатын тер.
*кебенек – ақ мата, бұл жерді ихрам туралы айтылып отыр. «Кебенек киген келеді» деген қазақы ұғым осы сөзден туындаған болуы керек.
*куә-дүр – мен осы бір іске анық куәмін, растаймын деген сөз.
*ассалаумағалейкум – сізге Алланың нұры жаусын деген тілек, амандасу сөзі. Бұл сөзге әдеппен, ибамен толық жауап қату әрбір мұсылманның парызы. Егер осылай сәлемдескен адамға екінші адам жауап қатпаса, оның күнәсі ауырлап, сәлем берген адамның күнәсі оған аударылады.
*зеңгі – негр тектес ұлыс.
* қыраттап – мәнерлеп, әуендетіп, көркемдеп деген сөз.
*Байтолла - әл-Харам әл-Мәсжидтің халықтық атауы.
*алғаусыз тоба – шын ниеттен айтылған тәубе, шүкірлік, қанағат.
*тәкбир – құбылаға қарап, жайнамазға тұрып, құлақ қағып, Аллаға шын ниетпен құлшылық ету рәсімі.
*дүрегей – ашық, жарқын, салтанатты деген мағынада.
*аттахият – екі рәкат намаздан соң, үшінші-төртінші рәкат алдында оқылатын аят.
*Мина тауы – мұсылмандар Арафат тауына барар алдында Мина тауына келіп, құлшылық жасап, осында үш күн қонатын жер. Минада түнеген қажы қажылықтың 9-ы күні памдат намазын оқып болғасын, Арафатқа қарай сапарға шығады.
*мәмлүктер – қыпшақ жұрты атанған ежелгі ержүрек түркі тайпалары.
*Мүбарактай билеген – адал, әділ билеген деген сөз.
*қари – Құранды өзінің биік деңгейіне жеткізіп, аса білімдарлықпен, тебіреністі мақаммен оқудың жалпы жұртшылық пен діни қауым мойындаған адамы, молдасы, маманы. Құранды жатқа білетін адам.
*Досжан сүрлеуі – қазақтың қажылыққа бару тарихында Мекке топырағын бірінші болып басып, қажылық парызын орындаған, Сыр бойынан шыққан, руы Табын, жалпы қазақ жұртының қажылық сапарының сүрлеуін салған қажы Досжан Қашақұлы.
*күпір – орынсыз кеуде керу, менменсу деген мағынада.
*түзеліппін – қажылыққа ниет білдіріп, Қағбаға келгенімді айтқаным.
*ынты-шынты – шын пейілмен, шын көңілден деген сөз.
*ақтабан – жоңғар шапқыншылығынан ел-жұрттан, туған жерден айырылып, азап көріп көшкен қазақ жұртының тарихы.
*ақтай бер – таза, сол қалпында деген мазмұнда.
*шыбынсыз жаз – Қағбада сол жердің ауасы қанша ыстық болса да, бір шыбын жоқ. Айнала аптап, ағылған жұрт, тамақ ішіп, су жұтып жатса да шыбынның болмауы адамды таңғалдырады. Сөйтсе, Қағбаның қарлығаштары бір мезетте дүркіреп ұшып шығып, оның айналасында пайда болған шыбын-шіркей, масаларды қырып жібереді екен. Бұл бір Алланың құдыретімен ғана болатын нәрсе, ғажайып оқиға.
*сағиға түсу – Қағбаны жеті айналған мұсылман одан кейін сағи рәсімін орындайды. Сағи арабтың сөзі, шапшаң жүру деген мағына береді. Бұл Ибрагим пайғамбардың әйелі Ажар анамызды баласы Исмайлмен бірге ен далаға апарып тастағаннан кейін, Ажар анамыздың баласы су іздеп жылағанда екі төбенің арасында жеті рет жүгіріп жүріп, Алладан медет-көмек тілеп, жалбарынған сәтінің куәсі болған жер. әл-Мәруа жотасы мен ас-Сафа қыратының арасымен қажылыққа келген мұсылман жеті рет жүріп өтеді. Арасында Ажар анамыздың жүгірген жерінде мұсылман жүгіріп өтуі тиіс. Ол жерлер арнайы жасыл сызықпен белгіленген. Осы рәсімді орындап болған мұсылман ортаға қойылған арнайы су құбырларынан шағын стақандарға су толтырып алып, тілек теліп, «аллау акбарын» айтып, су ішеді. Су ішкен кезде адамның жүзі құбылаға қарап тұруы шарт.
*тауарих – тарих, дәуір деген сөз.
*Адам ата мың жасапты – аңыз бойынша Адам ата мың жасаған. Бұл жөнінде діни кітаптарда көп жазылған. Ертедегі адамдар мың жылға дейін жасаған деген әфсана бар. Бұл қазіргі кезде ғылыми тұрғыдан да мойындалмаса да, жоққа шығарылмайды. Қазақ ұғымында «Адам ата ұрпағымен мың жасапты» деген де сөз бар.
*сәжде – араб тілінде «суджуд» деп аталады. Намаз оқыған кезде адамның жайнамазға еңкейіп, маңдайын жайнамазға толық тигізу жағдайы. Осы кезде адам Аллатағалаға мейілінше жақын барады деген ұғым бар. Маңдайды жайнамазға тигізіп, тәсбих айту ең үлкен парыз болып есептеледі.
*мақам – Құранның сазды, әуенді түрде оқылуы.
*жайнамаз-алаң – Қағбаның ақ мәрмәр алаңын алып жайнамаз деуге әбден келеді. Егер қолыңда жайнамазың жоқ болса, алаңның кез-келген жерінде намаз оқып, сәждеге құлауға болады.
*Бөкейхан бауырым – Бөкейхан Манақбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің жауапты қызметкері, қажылыққа екінші рет келген мұсылман.
*Жамрат – шайтандарды байлаған жер. Толық аталуы – рәми-л-жамрат. Жамрат үш тұғырдан тұрады. Біріншісіне бірінші күні 7 тас атасың. Екіншісіне екінші күні 21 тас атасың. Үшіншісіне үшінші күні 21 тас атасың. Сонда үш күнде Жамратқа 49 тас атасың. Әр тасты атқан сайын «Аллау акбар» деп дұға қайырасың, яғни тәкбир айтылады. Тасты атып болған соң артыңа қарамай жөнелу керек. Бұл жерде қайыршылар қаптап жүреді. Садақа беру шарт емес.
*қарының қармағына – ұрының деген мағынада, ұры-қары деген қос сөздің бір тармағы.
*Фатиха мен Ықылас – Құранның басты сүрелері. Бұл екі сүре тегіс Құранға тең болатын жағдайлар бар. Ол туындаған жағдаят пен жайға байланысты.
*әл Кәусар – Құранның бір сүресі.
*ғұсыл – намаз оқу алдында толық дәрет алу рәсімі. Дененің толық жуылуы. Ғұсыл алған соң дәрет бұзылса, екінші рет ғұсыл алынуы шарт.
*мәсіх – дәрет алған кезде қос қолды сулап, беттің маңдай жиегімен жүргізе отырып, екі қолды бастың артқы жағымен мойынның артқы шекелік тұсына әкеліп, басты орау рәсімі.
*дұға салу – дұға қайыра отырып, тілеген тілекті айту немесе дұға оқи отырып, өзін рухани тазарту.
*ғараптан – апаттан, оқыс оқиғадан сақта деген мағынада.
*зиярат – тәуеп ету, тағзым жасау, құрмет көрсету.
*жүрегімнен сені көрдім – Алланың бар екеніне шүбәсіз сендім деген сөз. «Алла – жүректе» деген ұлы тәмсіл осыдан шығады. Алланың шүбәсіз бар екеніне имандай сену жүректің қабылдауына байланысты.
*Құл-ху Алланың қуаты – Құран аятының түрі. Бұл аяттың қуаты барлық Құранға тең деген де ұғым бар. Ас қайырып, бата бергенде де айтылатын халықтық сөз, жамағаттық пікір.
*Әбілхаяттың суаты, суы – жұмақтың суы деген сөз.
*Садақол-лаһул-азим – құрбандық беру деген мағынада. Садақа берген кезде айтылатын дұғалардың бірі.
*Уалхамдуллахи – Алланың пәрменіне дайынмын деген мазмұнда.
*Алхамның берекесі – аят түрі, осы аяттың берекесін, шапағатын, шарафатын бергей деген сөз.
*таспих – 99 данадан тұратын тас, моншақ. Оны тартқанда Сүбіханалла деп 33 рет, Әлхамдулилах деп 33 рет, Аллау акбар деп 33 рет саналып, айтылып тартылады.
*Мағұрып-Машырық – Батыс пен Шығыс арасы.
*бөрілі байтақ – арғы тарихы көк бөрімен ұштасатын алаш жұртының тарихы, алаштың байтақ даласы.
*Ақынның туы Абайым – «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген ұлы ұстанымды қолдаған қазақ халқының данагөй ақыны Абай Құнанбай баласы.
МАЗМҰНЫ
Кітапашар немесе азғантай алғысөз......................................4-12
Азанмен әнін бастады..................................................................13
Арабстаным, Қағбалы ғажапстаным...........................................14
Шүкір, Алла, Қағбаңның қасындамын......................................15
Мұхаммедтің үмбетімін..............................................................16
Құлағымда Құранымдай сазым бар...........................................17
Жақпар тастың әжімінен сырғанап.............................................18
Мұздалифа, ұғармысың жанымды..............................................19
Жақсы-жаман мәңгі майдан, ғарасат...........................................20
Мынау кім-дүр?..............................................................................21
Бой алдырмай пенделіктің буына.................................................22
Кіші жұма. Мекке іңірі...................................................................23
Құбыладан соққан қоңыр жел.......................................................24
Алла дедім, Алла дедім, бір Алла................................................25
Парыз жыры. Қарыз жыры – телқоңыр ........................................26
Дін мен ділдің тамыры бір..............................................................27
Аппақ алаң. Ақ ниетін ұсынған........................................................28
Ұлы қала. Ұлағатты барлығы...........................................................29
Мединеде – Мұхаммед, пайғамбарым............................................30
Алхамдулила, мұсылманмын.........................................................31
Бекет атам, өзің жар бол дегенде...................................................32
Біреу бай деп мақтаймыз.................................................................33
Иә, Алла, аштым саған жүрегімді....................................................34
Не үлкен бұл дүниеде?.....................................................................35
О, Айша ана, сәлем бердім............................................................36-37
Ай ма жарық, жоқ әлде көңілім бе?................................................38
Мұсылман дос, үйден жырақ...........................................................39
Қағбада асыл ауа тұнық қандай......................................................40
Бұл сапардан не таптым мен?...........................................................41
әл-Харамның алаңы небір үнге..........................................................42
Жусан исін әкеліп маң даладан..........................................................43
Көңілімді көк аспанға бұрдым мен......................................................44
Арафат аспанында..............................................................................45
Бір ісіме әлі қатты өкінем..................................................................46-47
Пайғамбардың мешіті. Нұрлы алаңда..............................................48
Ұлылардың бейнеті де бес елі...........................................................49
Мүсәпір мен момындардың қамын жер..............................................50
Мәуліт түні...........................................................................................51-52
Күндерім көп жылымды ұрлағасын....................................................53
Әлемде өзгермейтін Жаратқаным.....................................................54
Бер тілекті, Жасаған............................................................................55
Иә, Алла, бергеніңе қанағат................................................................56
Өлең деген опасыз дос секілді............................................................57
Мың мінажат, Жасаған..........................................................................58
Мекке барам деп өреді түйелер............................................................59
Жаратқанға басымды идім, құладым.................................................60-61
Сәулелі сөзге бас ұрдым......................................................................62
Өң бе, түс пе, біле алмадым.................................................................63
Аптап ауа, боз аспан, бозаң қала..........................................................64
Адам бар ма бұл сөзге таласатын.........................................................65
Меккенің адам-боранын..........................................................................66
Жидда кенті – жезқанат...........................................................................67
Жігерленіп сөйлегенім сүредей...............................................................68
Мұнартып тұрған Минаға келдім..............................................................69
Араб жұрты, дәстүріңе бойладым......................................................70-71
Пайғамбарға пана болған бұл қала.....................................................72
Е, Алла, бергеніңе шүкір деймін............................................................73
Ықыласым, ынты-шынты тілегім............................................................74
Сақта, Аллам, сайтандардан баламды..................................................75
Қарлығаштар қағады қанаттарын............................................................76
Адам Ата мың жасапты дегенде..............................................................77
Мен – түйе, маңып жүрген маң далада...................................................78
Құлақта – Құранның қуатты өлеңі............................................................79
Жамратқа жеті тас жамыраттым..............................................................80
Фатиха мен Ықыластан бастадым..........................................................81
Сәуір таудың сырғанайды самалы.........................................................82
Болардай мәңгі-бақи ел есінде...............................................................83
Бисмиллаһи, сөз келді көңіліме..............................................................84
Күлгенім, күрсінгенім, қуанғаным............................................................85
Қул-ху Алланың қуатын бергей...............................................................86
Көгілдір әлем. Көңілім де менің көгілдір.................................................87
Жинақжабар немесе түйін-түсініктер...............................................88-96